Халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы № 165 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 13 мамырда № 11038 тіркелді
«Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» 2008 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы 8-бабының 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Мыналар:
1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Халықты әлеуметтік қорғау саласында стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарты;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Халықты әлеуметтік қорғау саласында жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарты;
3) осы бұйрыққа 3-қосымшаға сәйкес Халықты әлеуметтік қорғау саласында үйде қызмет көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарты;
4) осы бұйрыққа 4-қосымшаға сәйкес Халықты әлеуметтік қорғау саласында уақытша болу жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарты бекітілсін.
2. Әлеуметтік қызметтер департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны мерзімді баспа басылымдарда және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі С.Қ. Жақыповаға жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау және әлеуметтік
даму министрі Т. Дүйсенова
КЕЛІСІЛДІ
Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
____________ А. Сәрінжіпов
2015 жылғы 7 сәуір
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрінің
2015 жылғы 26 наурыздағы
№ 165 бұйрығына 1-қосымша
Халықты әлеуметтік қорғау саласында стационарлық жағдайда
арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарты
1. Жалпы ережелер
1. Халықты әлеуметтік қорғау саласында стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарты (бұдан әрі – стандарт) «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» 2008 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді.
2. Осы стандарт стационарлық жағдайда тәулік бойы тұрақты немесе уақытша тұруға арналған, мемлекеттік және мемлекеттік емес меншік нысанында стационарлық үлгідегі ұйымдарда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің көлемін және шарттары мен тәртібіне қойылатын талаптарды белгілейді, медициналық-әлеуметтік ұйымдар (бұдан әрі – МӘҰ) қызметінің тәртібін, медициналық-әлеуметтік ұйымдарға:
1) психоневрологиялық ауытқулары бар мүгедек балаларды (бұдан әрі – балалар);
2) тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларды (бұдан әрі – ТҚА бұзылған балалар);
3) психоневрологиялық аурулары бар он сегіз жастан асқан мүгедектерді (бұдан әрі – он сегіз жастан асқан адамдар);
4) бірінші және екінші топтағы мүгедектерді (бұдан әрі – мүгедектер);
5) егде жасына байланысты өзіне қызмет көрсетуге мүмкіндігі жоқ адамдарға (бұдан әрі – қарттар) МӘҰ қабылдау, ұстау, шығару (шығарып жіберу), уақытша шығу және ауыстыру шарттарын айқындайды.
Жоғарыда аталған санаттар бірлесіп қызмет алушылар болып аталады.
3. Стационар жағдайында қызмет алушылардың тәулік бойы тұрақты немесе уақытша (үш айға дейінгі мерзімге) тұруына арналған медициналық-әлеуметтік мекемелер (ұйымдар) стационарлық үлгідегі ұйымдар (бұдан әрі – стационарлық үлгідегі ұйымдар) болып танылады.
4. Осы стандартты меншік нысанына қарамастан стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін барлық субъектілер сақтайды.
5. Қызмет көрсетумен байланысты шығындар бюджет қаражаты есебінен өтеледі.
6. Стационарлық үлгідегі ұйымдар:
1) мыналардың:
барлық дәрежедегі ақыл-ой кемістігі, оның ішінде арнайы білім беру түзету ұйымдарының арнайы (қосымша) сыныптарында оқуды қиындататын жүріп-тұру функцияларының өрескел бұзылуының (қозғалу қиындығына орай бөгде адамның көмегінсіз қозғалып жүре алмайтын, өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын, жеке күтімді қажет ететін) болуы;
барлық дәрежедегі ақыл-ой кемістігімен зағиптығы (нашар көру) немесе кереңдігі (нашар есту), оның ішінде мамандандырылған мектеп интернаттардың қосымша сыныптарында оқуды қиындататын жүріп-тұру функцияларының өрескел бұзылуының болуы;
жарыместігі болғанда айына төрт реттен жиі емес ұстамасы бар (оның ішінде симптоматикалық) эпилепсия;
өнімді симптоматикасыз дефектісі айқын білінетін шизофрения;
бас миының органикалық зақым алғаннан кейінгі жарыместігі салдарынан стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге мұқтаж үш жастан он сегіз жасқа дейінгі балалардың.
Стационарлық үлгідегі ұйымдарда балалардың тұруына медициналық қарсы көрсетілімдер:
өнімді симптоматикасы бар шизофренияның;
жиі ұстамалы (айына бес реттен артық), жиі ұстамаға, эпилептикалық статусқа, ақыл-есі қарауытқан, дисфорияға бейім эпилепсияның;
кез келген нозологиялық тиістілік шеңберіндегі психопатияға ұқсас симптоматиканың;
балалар мен айналасындағылар үшін қауіпті, мінез-құлқы мен қызығушылығының өрескел бұзылуына ұштасатын психикалық аурулардың;
белсенді процесс сатысындағы туберкулездің, карантиндік инфекциялар, тері мен шаштың жұқпалы ауруларының, венерологиялық аурулардың, жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының (бұдан әрі – ЖИТС);
мамандандырылған медициналық ұйымдарда стационарлық емдеуді қажет ететін басқа да аурулардың болуы болып табылады.
2) стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге мұқтаж интеллектісі сақталған, үш жастан он сегіз жасқа дейінгі ТҚА бұзылған балалардың.
ТҚА бұзылған балалардың стационарлық үлгідегі ұйымдарда тұруына медициналық қарсы көрсетілімдер:
психикалық аурулардың;
барлық дәрежедегі ақыл-ой кемістігінің;
жиі эпилептиформалық ұстамалардың (айына бес реттен артық);
мінез-құлықтың психоұқсас бұзылушылықтарының;
қайтымсыз гидроцефалияның;
жіті психотикалық симптоматикалы нашақорлық пен алкоголизмнің;
мінез-құлықтың психоұқсас түрлері мен (немесе) интеллектілік-мнестикалық бұзылушылықтарының;
белсенді процесс сатысындағы туберкулездің, карантиндік инфекциялардың, тері мен шаштың жұқпалы ауруларының, венерологиялық аурулардың, ЖИТС-тің;
мамандандырылған медициналық ұйымдарда стационарлық емдеуді қажет ететін басқа да аурулардың болуы болып табылады.
3) мыналардың:
барлық дәрежедегі ақыл-ой кемістігі, оның ішінде жүріп-тұру функцияларының өрескел бұзылуының (қозғалу қиындығына орай бөгде адамның көмегінсіз қозғалып жүре алмайтын, өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын, жеке күтімді қажет ететін адамдар) болуы;
барлық дәрежедегі ақыл-ой кемістігімен зағиптығы (нашар көру) немесе кереңдігі (нашар есту), оның ішінде жүріп-тұру функцияларының өрескел бұзылуының болуы;
жіті психотикалық симптоматикасының болмауымен, жарыместігі немесе психикалық кемістігінің өрескел көрінуімен сипатталатын психикалық аурулардың созылмалы түрлері;
психотикалық симптоматикасы күшеюден тыс, жеке адам дефектісі айқын білінетін шизофрения;
жарыместік белгілері мен айына төрт реттен артық емес тырыспа және эквиваленттері бар эпилепсияның түрлі нысандары;
жарыместік белгілері бар бас мидың жұқпалы және басқа да органикалық аурулары (энцефалиттер, туберкулезді менингиттер, менингоэнцефалиттер, ми сифилисі және т.б.);
айқын білінетін жарыместік белгілері бар тұрақты алкоголизм;
айқын білінетін психомоторлық мазасыздығы жоқ және есінің өзгеру жай-күйінің ұзақ немесе қайталанатын жарыместік белгілері жоқ қан-тамыр және сенильдік аурулар салдарынан стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге мұқтаж психоневрологиялық ауруы бар он сегіз жастан асқан бірінші, екінші топтағы адамдардың.
Он сегіз жастан асқан адамдардың стационарлық үлгідегі ұйымдарда тұруына медициналық қарсы көрсетілімдер:
белсенді процесс сатысындағы туберкулездің, карантинді инфекциялардың, тері мен шаштың жұқпалы ауруларының, ЖИТС-тің, жыныстық жолмен берілетін аурулардың;
мамандандырылған медициналық ұйымдарда стационарлық емдеуді қажет ететін басқа да аурулардың;
жіті және қатты сатыдағы психикалық аурулардың;
созылмалы психикалық аурудың асқыну жағдайының;
айқын білінетін психотиялық симптоматикамен, қызығушылығы мен мінез-құлқының өрескел бұзылушылықтарымен сипатталатын, қамқорлық көрсетілетін адамның өзіне және айналасындағыларға қауіпті психикалық аурулардың, атап айтқанда мамандандырылған медициналық ұйымдарда стационарлық емдеуді талап ететін ұстамалы түрдегі немесе жиі өршімелі немесе аурудың жиі декомпенсациялы қайталамасы бар прогредиендті өтетін кез келген психикалық аурулардың;
эпилепсия және басқа этиологиядағы жиі ұстамалы (айына бес реттен артық), жиі ұстамаға, эпилептикалық статусқа, ақыл-есі қарауытқан, дисфорияға бейім тырыспалы синдромның;
тұрақты алкоголизм, нашақорлық, тұрақты алкоголизмнен немесе нашақорлықтың кез келген түрлерінен асқынған басқа да психикалық аурулардың;
түрлі генездегі айқын білінетін депрессиялық және қияли жай-күйлер, созылмалы реактивті жай-күйлердің;
айқын білінетін психопатқа ұқсас синдромдар, эксплозивті, параноидті, паранояльдік, қояншық ауруларының болуы болып табылады.
4) «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексіне (бұдан әрі – Кодекс) сәйкес өздерінің ата-аналарын, жұбайын (зайыбын) асырап-бағуға және оларға қамқорлық жасауға міндетті еңбек етуге қабілетті кәмелетке толған балалары, жұбайы (зайыбы) жоқ немесе объективті себептер бойынша (бірінші, екінші топтағы мүгедектігінің, онкологиялық, психикалық ауруларының болуына, бас бостандығынан айыру орындарында отыруына, наркологиялық диспансерде есепте тұруына немесе елден тыс жерге тұрақты тұруға кетуіне, қосымша жұбайы (зайыбы) үшін – егде жаста болуына байланысты) оларды тұрақты көмекпен және күтіммен қамтамасыз ете алмайтын еңбек етуге қабілетті кәмелетке толған балалары, жұбайы (зайыбы) бар, өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын және денсаулық жағдайына байланысты стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге мұқтаж мүгедектердің;
5) «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен, өзіне қызмет көрсете алмайтын және «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес өздерінің ата-аналарын, жұбайын (зайыбын) асырап-бағуға және оларға қамқорлық жасауға міндетті еңбек етуге қабілетті кәмелетке толған балалары, жұбайы (зайыбы) жоқ немесе объективті себептер бойынша (бірінші, екінші топтағы мүгедектігінің, онкологиялық, психикалық ауруларының болуына, бас бостандығынан айыру орындарында отыруына, наркологиялық диспансерде есепте тұруына немесе елден тыс жерге тұрақты тұруға кетуіне, қосымша жұбайы (зайыбы) үшін – егде жаста болуына байланысты) оларды тұрақты көмекпен және күтіммен қамтамасыз ете алмайтын еңбек етуге қабілетті кәмелетке толған балалары, жұбайы (зайыбы) бар қарт адамдардың тәулік бойы тұрақты немесе уақытша (үш айға дейінгі мерзімге) тұруына арналған.
Мүгедектер мен қарттардың стационарлық үлгідегі ұйымдарда тұруына:
белсенді процесс сатысындағы туберкулездің;
психикалық аурулардың (соматикалық ауру кезіндегі невроздарды, неврозға ұқсас жай-күйлерді, ақыл-ес кемістігі мен жеке басының айқын білінетін өзгеруі жоқ, сирек ұстамасы бар (2-3 айда бір реттен артық емес) этиологиясы әртүрлі тырыспалы синдромдарды қоспағанда);
карантиндік инфекциялардың, тері мен шаш жұқпалы ауруларының, венерологиялық аурулардың, ЖИТС-тің, сондай-ақ мамандандырылған медициналық ұйымдарда емдеуді қажет ететін аурулардың болуы медициналық қарсы көрсетілімдер болып табылады.
7. Стационарлық үлгідегі ұйым заңды тұлға болып табылады, оны құрылтайшы құрады және өз қызметін құрылтай құжаттарына, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
8. Стационарлық үлгідегі ұйымдар:
1) психоневрологиялық ауытқулары бар мүгедек балаларға арналған медициналық-әлеуметтік мекеме (ұйым);
2) психоневрологиялық ауруы бар мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекеме (ұйым);
3) қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекеме (ұйым);
4) тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға арналған медициналық-әлеуметтік мекеме (ұйым);
5) тәулік бойы тұру жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге арналған өзге ұйымдар түрінде құрылады.
2. Стационарлық үлгідегі ұйымдардың міндеттері мен функциялары
9. Стационарлық үлгідегі ұйымдардың негізгі міндеттері:
1) қызмет алушыларға үй жағдайына жақындатылған, жасы мен денсаулық жағдайына барынша барабар тыныс-тіршілік жағдайын жасау;
2) стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтерді осы стандартта белгіленген көлемге сәйкес көрсету;
3) қызмет алушылардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, олардың жеке даму, әлеуметтену және кірігу деңгейін арттыруға бағытталған арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету;
4) көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасы мен тиімділігін арттыру;
5) кемсітушіліктің барлық түрлерінен, физикалық және психикалық күш көрсетуден, қорлаудан, дөрекіліктен қорғау болып табылады.
10. Стационарлық үлгідегі ұйымдардың негізгі функциялары:
1) қызмет алушыларды қабылдау және олардың ауруларын, жағдайының ауырлығын, жасын ескере отырып орналастыру, оларды жаңа жағдайға бейімдеу бойынша іс-шаралар жүргізу;
2) қызмет алушылардың жеке басының қол сұғылмаушылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
3) стационарлық үлгідегі ұйымдарда қолайлы моральдық-психологиялық жағдай жасау;
4) осы стандартқа сәйкес сауықтыру және әлеуметтік-оңалту іс-шараларын жүргізуге бағытталған қажетті арнаулы әлеуметтік қызметтер кешенін ұсыну арқылы қызмет алушыларға жан-жақты көмек көрсету;
5) қызмет алушылардың тұру жағдайларын жақсарту, келушілерді қабылдау жағдайларын қамтамасыз ету;
6) қызмет алушылардың жеке және құнды заттарының сақталуын қамтамасыз ету;
7) қызмет алушыларды және олардың отбасы мүшелерін арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудің көлемі мен түрлері, стационарлық үлгідегі ұйымдардағы ішкі тәртіп ережесі туралы хабардар ету;
8) еңбекті ұйымдастыруды жетілдіру және персоналдың біліктілігін арттыру;
9) қамқорлыққа немесе қорғаншылыққа мұқтаж қызмет алушыларға қатысты стационарлық үлгідегі ұйымның әкімшілігіне жүктелген қамқоршылық және қорғаншылық функцияларын Кодекстің 122-бабының 4-тармағында, 125-бабында белгіленген тәртіппен орындау;
10) стационарлық үлгідегі ұйымдардың қаржылық-шаруашылық қызметін жүзеге асыру;
11) стационарлық үлгідегі ұйымдардың құрылтай құжаттарына сәйкес өзге де функциялар болып табылады.
3. Стационарлық үлгідегі ұйымға қабылдау шарттары
11. Бюджет қаражаты есебінен арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін қызмет алушыларды стационарлық үлгідегі ұйымдарға облыстардың, Астана және Алматы қалаларының халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органдары (бұдан әрі – уәкілетті орган) қызмет алушының тұрғылықты жері бойынша аудандық (қалалық) уәкілетті жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар органдары арқылы жүзеге асырады.
12. Арнаулы әлеуметтік қызмет бюджет қаражаты есебінен ұсынылатын жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік емес меншік нысанындағы стационарлық үлгідегі ұйымдар қызмет алушыларды қабылдауды шарт негізінде жүзеге асырады.
13. Арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілді көлемін ұсыну үшін өмірлік қиын жағдайда жүрген адам (отбасы) тұрғылықты жері бойынша ауданның (облыстық, республикалық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органына мынадай құжаттарды беру жолымен жүгінеді:
1) қызмет алушының жазбаша өтініші, ал кәмелетке толмаған және әрекетке қабілетсіз адамдар үшін – заңды өкілінің (ата-анасының біреуінің, қамқоршының, қорғаншының, асырап алушының, патронат тәрбиешінің және «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес қамқор болуды, білім беруді, тәрбиелеуді, баланың құқықтары мен мүдделерін қорғауды жүзеге асыратын басқа да алмастыратын адамдардың, он сегіз жастан асқан адамның) осы стандартқа 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жазбаша өтініші немесе медициналық ұйымның қолдаухаты;
2) қызмет алушының жеке сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі – ЖСН) бар жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
3) мүгедектік туралы анықтаманың көшірмесі (қарттар үшін талап етілмейді);
4) осы стандартқа 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша медициналық карта;
5) мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасынан үзінді көшірме (қарттар үшін талап етілмейді);
6) он сегіз жастан асқан адамдар үшін – соттың адамды әрекетке қабілетсіз деп тану туралы шешімінің көшірмесі (болған кезде);
7) зейнеткерлік жастағы адамдар үшін – зейнетақы куәлігінің көшірмесі;
8) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілген адамдар үшін – Ұлы Отан соғысының қатысушысы мен мүгедегі және оларға теңестірілген адам мәртебесін растайтын куәліктің көшірмесі.
Аудандық (қалалық) уәкілетті жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар органы ауданның (облыстық, республикалық маңызы бар) жергілікті атқарушы органы арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну туралы шешім шығарғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде қызмет алушының тұрғылықты жері бойынша уәкілетті органға стационарлық үлгідегі ұйымға жолдама беру туралы сұрау салу жолдайды. Уәкілетті орган стационарлық үлгідегі ұйымға жолдама беру туралы сұрау салуды алған сәттен бастап бір жұмыс күні ішінде аудандық (қалалық) уәкілетті жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар органына стационарлық үлгідегі ұйымда кезектілік болмаған жағдайда жолдама не кезекке қою туралы хабарлама жібереді.
Егер кезекке қою туралы хабарлама берілген күннен бастап бір айдан астам уақыт өтсе, онда жолдаманы ресімдеу кезінде аудандық (қалалық) уәкілетті жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орган алушыны қайтадан медициналық тексеріп-қараудан өту қажеттігі және осы стандартқа 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша медициналық картаны ұсыну туралы хабардар етеді. Қызмет алушыда медициналық қарсы көрсетілімдер болған жағдайда, жергілікті атқарушы органның арнацлы әлеуметтік қызметтер ұсыну туралы шешімі қызмет алушы онда медициналық қарсы көрсетілімнің жоқ екені туралы куәландыратын осы стандартқа 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша медициналық картаны ұсынғанға дейін тоқтатыла тұрады.
Уәкілетті органнан жолдама алған сәттен бастап бір жұмыс күні ішінде қызмет алушының тұрғылықты жері бойынша аудандық (қалалық) уәкілетті жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар органы бюджет қаражаты есебінен арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсынатын стационарлық үлгідегі ұйымға мынадай құжаттарды жолдайды:
1) жергілікті атқарушы органның арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну туралы шешімі;
2) уәкілетті органның жолдамасы (арнаулы әлеуметтік қызметтерді бюджет қаражаты есебінен ұсынған кезде);
3) қызмет алушының ЖСН-і бар жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
4) мүгедектік туралы анықтаманың көшірмесі (қарттар үшін талап етілмейді);
5) осы стандартқа 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша медициналық карта;
6) мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасынан үзінді көшірме (қарттар үшін талап етілмейді);
7) он сегіз жастан асқан адамдар үшін – соттың адамды әрекетке қабілетсіз деп тану туралы шешімінің көшірмесі (болған кезде);
8) зейнеткерлік жастағы адамдар үшін – зейнетақы куәлігінің көшірмесі;
9) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілген адамдар үшін – Ұлы Отан соғысының қатысушысы мен мүгедегі және оларға теңестірілген адам мәртебесін растайтын куәліктің көшірмесі.
Стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге мұқтаж он сегіз жастан асқан адамдарды және (немесе) үш жастан он сегіз жасқа дейінгі балаларды стационарлық үлгідегі ұйымның әкімшілігіне тапсырған кезде заңды өкілдерінің бірі (ата-анасының біреуі, қамқоршы, қорғаншы, асырап алушы, патронат тәрбиеші және «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес қамқор болуды, білім беруді, тәрбиелеуді, баланың құқықтары мен мүдделерін қорғауды жүзеге асыратын басқа да алмастыратын адамдар, он сегіз жастан асқан адамдар) мынадай құжаттардың түпнұсқаларын ұсынады:
он сегіз жастан асқан адамдар үшін – ЖСН-і бар жеке басын куәландыратын құжат, соттың адамды әрекетке қабілетсіз деп тану туралы шешімі (болған кезде);
балалар үшін – ЖСН-і бар туу туралы куәлік және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6697 болып тіркелген) бекітілген нысан бойынша профилактикалық егу картасы.
14. Құжаттардың көшірмелері түпнұсқаларымен бірге ұсынылады, салыстырып тексерілгеннен кейін медициналық картадан басқасы өтініш берушіге қайтарылады.
4. Стационарлық үлгідегі ұйымдарда тұру жағдайлары
15. Стационарлық үлгідегі ұйымдар санитариялық-эпидемиологиялық нормаларға, ғимараттардың қауіпсіздігіне, оның ішінде өрт қауіпсіздігіне қойылатын талаптарға сәйкес келеді.
16. Құрылтайшы стационарлық үлгідегі ұйымдарды қазіргі заманғы техникамен жабдықталуын қамтамасыз етеді.
17. Стационарлық үлгідегі ұйымдардың ғимараты құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес онда тұру ыңғайлылығы мақсатында, оған кедергісіз кіріп-шығуды, орынжай ішінде және ғимаратқа іргелес жатқан аумақта жүріп-тұруды қамтамасыз ету мақсатында арнайы құрылғылармен жабдықталады.
18. Қызмет алушылар бөлмелерге денсаулық жағдайына, жасы, жынысы және психологиялық үйлесімділігі ескеріліп орналастырылады. Стационарлық үлгідегі ұйымдарда тұратындар қатарындағы ерлі-зайыптыларға бірге тұру үшін жеке орынжай бөлінеді.
19. Стационарлық үлгідегі ұйымдарда тұру тәртібі стационарлық үлгідегі ұйымның басшысы бекітетін ішкі тұру тәртібі ережесінде айқындалады.
20. Қызмет алушылардың стационарлық үлгідегі ұйымдарда уақытша болу жағдайында тұруы стационарлық үлгідегі ұйымның басшысы қызмет алушымен не оның заңды өкілімен жасасатын келісімшартпен ресімделеді, онда уақытша болу мерзімі, қызметтердің көлемі мен түрлері айқындалады.
5. Қызмет алушылардың арнаулы әлеуметтік қызметке
сұранысын айқындау және жеке жұмыс жоспарын әзірлеу
21. Арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті (түрлері мен көлемін) әлеуметтік қызметкерлер, дәрігерлер, педагогтар және стационарлық үлгідегі ұйымдардың мамандары (бұдан әрі – стационарлық үлгідегі ұйымдардың мамандары) айқындайды. Стационарлық үлгідегі ұйым персоналының штаттық нормативтері бюджет қажеттіліктері мен мүмкіндіктері ескеріліп, осы стандартқа 3-қосымшада белгіленген стационарлық үлгідегі ұйымдардағы персоналдың ең аз штаттық нормативтері сақтала отырып қалыптастырылады.
22. Қызмет алушылардың қажеттілігін бағалау негізінде мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасын ескере отырып, стационарлық үлгідегі ұйымдардың мамандары әрбір қызмет алушыға бір жыл мерзімге осы стандартқа 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жеке жұмыс жоспарын (бұдан әрі – жеке жоспар) әзірлейді.
23. Қызмет алушылардың жеке жоспарлары қызмет алушыларды стационарлық үлгідегі ұйымдардың мамандары бақылағаннан кейін стационарлық үлгідегі ұйымға түскен күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде немесе алдыңғы жеке жоспардың қолданылу мерзімі аяқталған күннен бастап бір күн ішінде әзірленеді, кейінгі бес жұмыс күні ішінде толтырылады және стационарлық үлгідегі ұйымның басшысы бекітеді.
24. Жеке жоспарда көрсетілген оңалту іс-шараларын стационарлық үлгідегі ұйымдардың мамандары жеке жоспарда бекітілген мерзімде жүргізеді.
25. Қызмет алушылардың жай-күйіндегі өзгерістерді стационарлық үлгідегі ұйымның мамандары тоқсан сайын (қажет болғанда ай сайын) қарауға тиіс.
26. Өткізілген іс-шараларды және тоқсан сайынғы мониторинг қорытындыларын стационарлық үлгідегі ұйымдардың мамандары осы стандартқа 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жеке жоспардың (мониторингтің) орындалуы жөніндегі журналда/электрондық картотекада (бұдан әрі – журнал/электрондық картотека) көрсетеді. Журнал/электрондық картотека әрбір қызмет алушыға жеке жүргізіледі.
27. Стационарлық үлгідегі ұйымдардың мамандары мониторинг қорытындысы бойынша қажет болғанда қызмет алушылардың жеке жоспарларын түзетеді.
28. Әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман жеке жоспарды және журналды/электрондық картотеканы әзірлеу жөніндегі жұмысты үйлестіреді, олардың сапалы толтырылуын және орындалуын бақылауды жүзеге асырады.
29. Стационарлық үлгідегі ұйымдардың мамандарының жұмыс сапасын стационарлық үлгідегі ұйымның басшысы немесе уәкілетті орган:
1) отбасыларға қайтарылған (берілген) және (немесе) жартылай стационарлық және үйде қызмет көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер алатын;
2) тұрмыстық және еңбек қызметіне тартылған қызмет алушылар санының алдыңғы жылғымен салыстырғанда көбеюі бойынша бағалайды.
30. Стационарлық үлгідегі ұйымдарға қажетті мамандар болмаған жағдайда жеке жоспарды әзірлеу, оңалту іс-шараларының немесе консультациялардың нәтижелігін бағалау үшін келісімшарт негізінде басқа да ұйымдардан мамандарды тартуға болады.
31. Стационарлық үлгідегі ұйымның әрбір маманы лауазымдық нұсқаулыққа және жеке жоспарға сәйкес арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге қатысады.
Оңалту іс-шараларының нәтижелері тоқсан сайын журналға/электрондық картотекаға белгіленіп отырады.
32. Стационарлық үлгідегі ұйымның әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы ай сайын аурудың терминалды (соңғы) сатысында тұрған паллиативтік көмек қызметі мен мейірбикенің күтімі қажет жазылмайтын ауруларды анықтау мониторингін жүргізеді.
33. Стационарлық үлгідегі ұйымның әкімшілігі стационарлық үлгідегі ұйымның барлық мамандарына қатысты қызметтік міндеттердің сапалы орындалуына тұрақты бақылауды жүзеге асырады.
6. Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету шарттары
34. Стационарлық үлгідегі ұйымдарда әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсетуге:
1) денсаулық жағдайына байланысты әдеттегі, оның ішінде, төсектен тұру, төсекке жату, киіну және шешіну, жуыну, тамақ ішу, сусын ішу, дәретхананы немесе дәрет ыдысын пайдалану, қозғалып жүру, тісін немесе жағын күту, көзәйнекті немесе есту аппаратын қолдану, тырнағын алу, ер кісілерге – сақал-мұртын алу сияқты күнделікті рәсімдерді орындауға қабілетсіз қызмет алушыларға жеке қызмет көрсету және гигиеналық сипаттағы әлеуметтік-тұрмыстық қызметтерді көрсету;
2) тұрғын жай беру, оның ішінде бір балаға, ТҚА бұзылған балаға кемінде төрт шаршы метр және он сегіз жастан асқан адамға, мүгедекке, қартқа кемінде бес шаршы метр жатын бөлмелерін беру;
3) оңалту, емдеу, білім беру, мәдени іс-шараларына, діни рәсімдерді жасауға, емдік еңбек қызметін ұйымдастыруға, өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын, тұрмыстық бағдарлау негіздеріне үйретуге арналған жиһазбен және (немесе) мамандандырылған жабдықтармен жабдықталған орынжай беру;
4) денсаулық жағдайына байланысты жұмыс істеуге болатын мүгедектерге және он сегіз жастан асқан адамдарға арналған жұмыс орындарын ұйымдастыру үшін жағдай жасау;
5) бөгде адамның көмегіне сүйенбей тұрмыстық мұқтаждықтарын жүзеге асыруды қамтамасыз етуге бейімделген орынжайлар мен айлабұйымдар ұсыну;
6) дағдарыс палаталарын, паллиативтік көмек палаталарын (бөлімшелерін) жасау үшін интенсивтік күтім және терапия жүргізуге арналған жабдықтармен жабдықталған орынжайлар ұсыну;
7) отбасында тұратын және уақытша арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге мұқтаж қызмет алушыларға жергілікті атқарушы орган бекіткен тәртіппен ақылы келісімшарт негізінде стационар жағдайында уақытша (алты айға дейін) болу үшін орынжайлар ұсыну;
8) санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкес тұру жағдайларын сақтау жөнінде қызметтер көрсету;
9) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 69-бабының 2-тармағына сәйкес бекітілген интернат үйлерінде, оңалту орталықтарында, мүгедек балаларға арналған оқу орындарында, аумақтық әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында, әлеуметтік бейімдеу орталықтарында қызмет көрсетілетін адамдар үшін заттай тамақтану нормаларына сәйкес диеталық тамақтандыруды қоса алғанда, тамақ ұсыну;
10) осы стандартқа 6-қосымшада көзделген көлемнен кем емес жұмсақ мүкәммал беру;
11) тұрмыстық қызметпен қамтамасыз ету (кір жуу, кептіру, үтіктеу, іш киімді, киімді, төсек-орын жабдықтарын дезинфекциялау);
12) қалалық телефон байланысы қызметін ұсыну;
13) емдеуге, оңалтуға, оқуға, мәдени және тынығу іс-шараларына қатысу үшін тасымалдау кезінде көлік қызметін ұсыну;
14) хат жазуға және оқуға көмек көрсету;
15) әдеттегі шаштараздарда қызмет көрсету қиын немесе мүмкін болмайтын жағдайларда қызмет алушыларға шаштараз қызметін көрсету;
16) жерлеу қызметін ұйымдастыру (қайтыс болған туыстары (заңды өкілдері) болмаған немесе олар жерлеумен айналысқысы келмеген кезде) жатады.
35. Әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсетудің сапасына қойылатын талаптар:
1) берілетін тұрғын үй орынжайлары көлемі мен басқа да көрсеткіштері бойынша (ғимараттар мен орынжайлардың жай-күйі, олардың жайлылығы) санитарлық-гигиеналық нормалар мен талаптарға сәйкес болады және қызмет алушылардың тұруына қолайлылықты қамтамасыз етеді.
Тұрғын орынжайларға (бөлмелерге) қызмет алушыларды орналастыру кезінде олардың денсаулық жағдайы, жас ерекшеліктері, физикалық және психикалық хал-жайы, әдеттері, психологиялық үйлесімділігі, жеке даму және әлеуметтену деңгейі ескеріледі;
Барлық тұрғын, қызметтік және өндірістік орынжайлар санитарлық нормалар мен ережелерге, қауіпсіздік талаптарына, өртке қарсы талаптарға жауап беретін телефон байланысымен жабдықталады және коммуналдық-тұрмыстық жабдықталудың барлық құралдарымен қамтамасыз етіледі және қызмет алушыларға олардың талаптары бойынша көрсетіледі. Орынжайлар персоналдың, қызмет алушылардың денсаулығына және ұсынылатын қызметтердің сапасына кері әсер ететін әртүрлі факторлардың әсерінен (ауаның жоғары температурасынан, ауа ылғалдығынан, шаң-тозаңнан, дірілден және тағы да басқа қолайсыз жағдайлардан) қорғалған болады.
Оңалту іс-шараларын, емдеу-еңбек және білім беру қызметін, мәдени және тұрмыстық қызмет көрсетуді ұйымдастыру үшін ұсынылатын орынжайлар көлемі, орналасуы мен конфигурациясы бойынша қызмет көрсетілетін қызмет алушылардың ерекшелігін ескере отырып, жоғарыда аталған барлық іс-шараларды өткізуді қамтамасыз етіледі;
2) стационарлық үлгідегі ұйымдардың мамандарының кабинеттері қажетті жиһазбен және мамандандырылған жабдықтармен жабдықталады.
әрбір мамандандырылған кабинетке ерікті нысанда ресімделген паспорт толтырылады;
3) қызмет алушылардың пайдалануына берілетін жиһаз, жабдық, жұмсақ мүкәммал Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын техникалық реттеу саласындағы стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарға сәйкес болады;
4) қызмет алушылардың пайдалануына берілетін жиһаз бен төсек-орын жабдықтары қызмет алушылардың физикалық жай-күйін және жасын ескере отырып таңдалып, заманауи дизайн талаптарына жауап береді;
5) қызмет алушыларға берілетін киім, аяқ киім, іш киім және бірінші қажеттіліктегі басқа да заттар киюге ыңғайлы, қызмет алушылардың жынысына, бойы мен өлшемдеріне сәйкес келеді, мүмкіндігінше олардың сұраған фасоны мен түсіне, сондай-ақ санитарлық-гигиеналық нормалар мен талаптарға жауап береді;
6) ыстық тамақ, оның ішінде диеталық тағамдар сапалы тағамдардан әзірленуге, теңгерімділігі мен калориялық талаптарына жауап береді, санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкес болады және қызмет алушылардың денсаулық жағдайын ескеріп ұсынылады.
Стационарлық үлгідегі ұйымдардың басшысы маусымға қарай (көктем-жаз, күз-қыс) ағымдағы апталық мәзірді және екінші аптаға перспективалық мәзірді бекітеді;
7) бақылаудағы, төсек режиміндегі және денсаулық жағдайына байланысты өзін-өзі күтудің қарапайым рәсімдерін орындай алмайтын қызмет алушыларға жеке қызмет көрсету және гигиеналық сипаттағы әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсету олардың денсаулығына қандай да бір зиян, физикалық немесе моральдық азап және қолайсыздық тудырмай орындалады (мұндай қызметті көрсету кезінде қызмет көрсетуші персонал қызмет алушыларға ерекше сыпайылық танытуы қажет);
8) шаштараз қызметін көрсету санитарлық-гигиеналық талаптар сақтала отырып арнайы жабдықталған кабинеттерде жүзеге асырылады;
9) созылмалы дамушы аурулар жағдайындағы немесе терминалды (соңғы) даму сатысындағы он сегіз жастан асқан адамдарды, мүгедектерді, қарттарды үздіксіз бақылау мақсатында паллиативті көмек палаталары (бөлімшелері) құрылады;
10) өзіне дене зақымын келтіруі мүмкін және (немесе) айналасындағыларға қауіп тудыруы мүмкін және осы себептермен қосымша күтімге, күшейтілген бақылауға және (немесе) шұғыл медициналық көмекке мұқтаж балалар мен он сегіз жастан асқан адамдар үшін дағдарыс палаталары (бөлімшелері) құрылады;
11) жеке және әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіруге мүмкіндік беретін қол шеберлігі мен еңбек дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ жұмыс орындарын ұйымдастыру үшін қызмет алушылардың ауруының және/немесе мүгедектігінің сипаты, физикалық жай-күйі ескеріліп, тиісті жағдай жасалады және тәрбиелеу мен оқыту процесінде оларға қажетті жайлылықты қамтамасыз етеді;
12) балаларды және он сегіз жастан асқан адамдарды өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларына, тұрмыстық бағдарлау (ас әзірлеу, дастархан жасау, ыдыс жуу, бөлмені/орынжайды күту және өзге де дағдылар) негіздеріне үйрету үшін қажетті тұрмыстық техникамен және жиһазбен жабдықталған әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлы кабинеттер құрылады;
13) қызмет алушыларды емдеу, оқыту, мәдени іс-шараларға қатысу үшін автомобиль көлігімен тасымалдау кезінде автокөлік құралдарын пайдалану нормативтері мен ережелері, жол жүру қауіпсіздігінің талаптары сақталады;
14) тұрмыстық қызмет көрсетумен қамтамасыз ету (іш киімді, киімді, төсек-орын жабдықтарын жуу, кептіру, үтіктеу, дезинфекциялау) сапа талаптары мен оның уақтылығына жауап береді;
15) діни ғұрыптарды орындау үшін жағдай жасау кезінде қызмет алушылардың діни наным-сенімі, жасы, жынысы, физикалық жай-күйі, әртүрлі концессияларда қабылданған діни салттардың ерекшелігі қатаң түрде ескеріледі;
16) жерлеу қызметін ұйымдастыру қайтыс болған қызмет алушының діни наным-сенімі ескеріліп жүзеге асырылады.
36. Стационарлық үлгідегі ұйымдарда көрсетілетін әлеуметтік-медициналық қызмет көрсетуге:
1) медициналық-әлеуметтік тексеруді ұйымдастыру және жүргізу (қажет болған кезде денсаулық сақтау ұйымдарының мамандарын тарта отырып);
2) дәрігерге дейін көмек көрсету;
3) медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізуге жәрдемдесу;
4) тегін медициналық көмектің кепілді көлемін алуға жәрдемдесу;
5) дәрігерлердің қорытындысы бойынша дәрі-дәрмекпен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз етуге жәрдемдесу;
6) мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес санаторлық-курорттық емдеумен, техникалық қосалқы (орнын толтырушы) құралдармен, міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етуге жәрдемдесу;
7) қызмет алушыларға техникалық қосалқы (орнын толтырушы) құралдарды және міндетті гигиеналық құралдарды пайдалануды үйрету;
8) мүгедектердің жеке оңалту бағдарламаларына сәйкес протездік-ортопедиялық және есту-протездік көмек алуына жәрдемдесу;
9) әлеуметтік-медициналық мәселелер бойынша, оның ішінде жасына қарай бейімделу мәселелері бойынша консультация беру;
10) арнайы маманның, оның ішінде денсаулық сақтау ұйымы маманының медициналық консультация беруіне жәрдемдесу;
11) денсаулыққа байланысты рәсімдерді жүргізу (дәрі-дәрмек қабылдау, дәрі тамшылату және басқа рәсімдер);
12) емдік-физикалық жаттығулар жасауға көмек көрсету;
13) алғашқы медициналық тексеру және алғашқы санитарлық тазалау жүргізу;
14) денсаулық жағдайына байланысты қызмет алушылардың күтімін қамтамасыз ету;
15) алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету;
16) санитарлық-гигиеналық қызметтерді көрсету (сүрту, жуу, гигиеналық шомылдыру);
17) денсаулық сақтау ұйымдарына жатқызуға және ілесіп жүруге жәрдемдесу;
18) емдеу-сауықтыру іс-шараларын, оның ішінде денсаулық сақтау ұйымдарында ұйымдастыру;
19) әлеуметтік-медициналық сипаттағы оңалту іс-шараларын, оның ішінде дәрі-дәрмектік емес терапия қызметін жүргізу;
20) диспансеризациядан өтуін ұйымдастыру;
21) емдеуші дәрігердің тағайындауына сәйкес медициналық рәсімдерді жүргізу (тері асты және бұлшық етке дәрілік препараттарды жіберу, компресс қою, қайта орау, ойылған жерлерді, жарақат бетін тазалау; тазалау клизмаларын орындау, зертханалық тексеру жүргізуге қажетті материалдарды алу, катетерді және басқа да медициналық бұйымдарды пайдалануға көмек көрсету);
22) медициналық көрсетілімдер мен жас ерекшеліктеріне қарай «денсаулық топтарын» қалыптастыру және оның жұмысын ұйымдастыру;
23) балаларға, он сегіз жастан асқан адамдарға, қарттар мен мүгедектерге паллиативтік көмек қызметтерін көрсету;
24) балаларға және он сегіз жастан асқан адамдарға психиатриялық, психотерапевтикалық көмек қызметтерін көрсету жатады.
37. Әлеуметтік-медициналық қызмет көрсетудің сапасына қойылатын талаптар:
1) қызмет алушылардың әлеуметтік-медициналық қызмет алуына көмек көрсету олардың ауруының сипатын, медициналық көрсетілімдерін, физикалық және психикалық жай-күйін ескеріп, қызметтердің уақтылы және қажетті көлемде ұсынылуын қамтамасыз етеді;
2) тегін медициналық көмектің кепілді көлемін алуға жәрдемдесу Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген барлық медициналық рәсімдер мен іс-шаралардың толық, жоғары сапалы және уақтылы орындалуын қамтамасыз етеді;
3) қызмет алушылардың денсаулық жағдайын ескеріп стационарлық үлгідегі ұйымдарда күтуді қамтамасыз ету қызмет алушының денсаулық жағдайын күнделікті бақылау (дене ыстығын, артериалдық қысымын өлшеу және т.б.), емдеуші дәрігерлердің тағайындауына сәйкес дәрі-дәрмек беру, қызмет алушының қозғалуына (қажет болғанда) және басқа да әрекетіне көмектесу сияқты қызметтерді қамтиды;
4) медициналық рәсімдерді (тері асты және бұлшық етке дәрілік препараттарды жіберу, компресс қою, қайта орау, ойылған жерлерді, жарақат бетін тазалау; тазалау клизмаларын орындау, зертханалық тексеру жүргізуге қажетті материалдарды алу, катетерді және басқа да медициналық бұйымдарды пайдалануға көмек көрсету), сондай-ақ денсаулыққа байланысты өзге рәсімдерді (дәрі-дәрмек қабылдау, дәрі тамшылату және басқа рәсімдер) жүргізу қызмет алушыларға қандай да бір зиян келтіріп алмай, барынша мұқияттылықпен және сақтықпен жүзеге асырылады;
5) дәрігерге дейін көмек көрсетуді ұйымдастыру уақтылы жүргізіледі және алғашқы диагнозды айқындауға, дәрі-дәрмекті дұрыс таңдауды және алуды, шақыртылған дәрігер келгенше оларды қабылдау тәртібін айқындауды қамтамасыз етеді;
6) психотерапевтік көмек қызмет алушылардың өмірлік қиындықтары мен жеке бас шиеленістерінің негізінде жатқан ауыр психологиялық жара салу немесе стресс жағдайларын жеңу, өмірі мен тұрмысының өзгермелі әлеуметтік-экономикалық жағдайына әлеуметтік бейімделу сияқты және басқа да проблемаларды тиімді шешуіне жәрдемдеседі;
7) емдеу-сауықтыру іс-шараларын ұйымдастыру қызмет алушылардың соматикалық жай-күйін, оның жеке қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып жүргізіледі;
8) қызмет алушыларды денсаулық сақтау ұйымдарына жатқызу немесе жатқызуға жәрдемдесу, сондай-ақ балаларға, қарттар мен мүгедектерге оларды емдеу-алдын алу мекемелеріне немесе санаторлық-курорттық емдеуге жіберуге жәрдемдесу жедел, уақтылы жүргізілуге тиіс және қатаң түрде медициналық көрсетілімдер бойынша жүзеге асырылады;
9) қамқоршылықтағы адамдарды денсаулық сақтау ұйымдарына жатқызуға жәрдемдесу және онда бірге баруды әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман және (немесе) медицина қызметкері жүзеге асырады;
10) әлеуметтік-медициналық мәселелер жөнінде консультация беру қызмет алушыларға, олардың алдында тұрған әлеуметтік медициналық проблемаларды (тамақтану және тұрғын үй гигиенасы, артық салмақтан, зиянды әдеттерден арылу, әртүрлі аурулардың алдын алу, психосексуалдық консультация беру, жасына байланысты бейімделу, жасына байланысты өзгерістер және т.б.) дұрыс түсінуге және шешуге білікті көмек көрсетуді қамтамасыз етеді;
Қызмет алушылармен зиянды әдеттердің алдын алу және олардан арылу, мүгедектерді отбасы құруға және баланың туылуына дайындау жөніндегі жеке жұмыс зиянды әдеттердің (алкоголь ішу, есірткі пайдалану, темекі шегу және т.б.) қауіптілігін, олар әкеп соғатын кері нәтижелерді түсіндіруге бағытталады және нақты жағдайға байланысты бұл әдеттердің алдын алу немесе олардан құтылу бойынша қажетті ұсынымдар беріледі;
11) стационарлық үлгідегі ұйымдарда паллиативті көмек және мейірбике күтімі қызметтері қажет болған сәттен бастап өмірінің соңғы күніне дейін көрсетіледі.
Паллиативті көмек палаталарында (бөлімшелерінде) дәрігердің ұйғарымы бойынша медициналық персоналдың (мейірбике) тәулік бойы бақылауы белгіленеді, күтім жөніндегі әлеуметтік қызметкерлер тағайындалады, дәрі-дәрмекпен, құралдармен және техникалық қамтамасыз ету, сондай-ақ медициналық бұйымдар мен науқасы ауыр қызмет алушыны оңалту және күту құралдарына қажеттілік айқындалады.
Денсаулық сақтау ұйымдарымен паллиативті көмек көрсету және мейірбике күтімі мәселелері жөніндегі өзара іс-әрекетті әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман мен жетекші дәрігер жүзеге асырады;
12) медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізуге жәрдемдесу, қызмет алушыларға «Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы» 2005 жылғы 13 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 2-тармағына сәйкес бекітілетін тәртіппен организм функциясының тұрақты бұзылуын тудырған тыныс-тіршілігінің шектелуін бағалау негізінде әлеуметтік қорғау шараларына қажеттілікті айқындау мақсатында куәландырудан өту үшін құжаттарды дайындауда көмек көрсету;
13) оңалту іс-шараларын жүргізу қызмет алушылардың денсаулық жағдайына қарай жүзеге асырылады, әлеуметтік-орта бағдарына және әлеуметтік-тұрмыстық бейімделуге және т.б. бағытталған өзі үшін қолайлы медициналық іс-шаралар кешенін орындауды қамтамасыз етеді;
14) емдік-дене жаттығуларын орындауға көмек көрсету қызмет алушылардың денсаулығын нығайту үшін жүйелі орындау мақсатында олардың қолжетімді және денсаулыққа қауіпсіз дене жаттығулары кешенін меңгеруін қамтамасыз етеді;
15) диспансеризациядан өтуді ұйымдастыру денсаулық жағдайын тереңдетіп және жан-жақты тексеру үшін қызмет алушылардың барлық ұйғарылған маман дәрігерлерге баруын қамтамасыз етеді;
16) медициналық-әлеуметтік тексеруді, білікті консультация беруді ұйымдастыру, бастапқы медициналық тексеруді және бастапқы санитарлық тазалауды жүргізу, дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету, бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді;
17) протездік-ортопедиялық көмек, техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдарды, сондай-ақ күту және оңалту құралдарын алуға жәрдемдесу қызмет алушылардың практикалық қажеттіліктеріне сәйкес жүзеге асырылады;
18) техникалық (орнын толтырушы) көмекші құралдар мен міндетті гигиеналық құралдарды пайдалануды үйрету қызмет алушылардың осы құралдарды өздігінен пайдалана алу практикалық дағдыларын дамытады;
19) санитарлық-гигиеналық қызметтерді көрсету қызмет алушылардың денсаулық жағдайы мен хал-жайының жақсаруына жәрдемдеседі, жағымсыз қолайсыздық сезімін жоюға мүмкіндік береді;
20) медициналық көрсетілімдер мен жас ерекшеліктеріне қарай «денсаулық топтарын» қалыптастыру және оның жұмысын ұйымдастыру қызмет алушылардың жеке қажеттіліктері мен олардың денсаулық жағдайларына қарай жүзеге асырылады;
21) дәрігерлердің ұйғарымдары бойынша дәрі-дәрмекпен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз етуге жәрдемдесу қызмет алушылардың ауруларының уақтылы алдын алуға және жоюға ықпал етеді;
22) арнайы мамандардың, оның ішінде денсаулық сақтау ұйымдары мамандарының медициналық консультация беруіне жәрдемдесу қызмет алушыларға бастапқы диагноз қоюды қамтамасыз етуге көмектеседі.
38. Стационарлық үлгідегі ұйымдарда көрсетілетін әлеуметтік-психологиялық қызметтерге:
1) психологиялық диагностика және жеке адамды тексеру;
2) әлеуметтік-психологиялық патронаж (жүйелі бақылау);
3) мүгедектермен және қарттармен психологиялық алдын алу жұмыстары;
4) психологиялық консультация беру;
5) шұғыл психологиялық (оның ішінде телефон бойынша) көмек;
6) қызмет алушыларға психологиялық көмек көрсету, оның ішінде әңгімелесу, қарым-қатынас, тыңдау, көңілін көтеру, белсенділікке ынталандыру;
7) психологиялық тренингтер;
8) қызмет алушыларды психологиялық түзету;
9) өзара қолдау топтарында және қарым-қатынас клубтарында сабақ өткізу жатады.
39. Әлеуметтік-психологиялық қызмет көрсетудің сапасына қойылатын талаптар:
1) психологиялық консультация беру қызмет алушыларға жанжалдың алдын алу және жою үшін тұлғааралық қарым-қатынастарды жақсарту бойынша білікті көмек көрсетуді қамтамасыз етеді;
Психологиялық консультация беру қызмет алушыдан алынған ақпараттар мен туындаған әлеуметтік-психологиялық проблемаларды онымен талқылау негізінде ішкі ресурстарды ашуға және жұмылдыруға және осы проблемаларды шешуге көмектеседі;
2) қызмет алушылардың психологиялық диагностикасы стационарлық үлгідегі ұйымның басшысы бекітетін психодиагностикалық пакет негізінде жүзеге асырылады.
Тұлғаны психодиагностикалау және тексеру қызмет алушылардың мінез-құлқындағы және айналасындағы адамдармен қарым-қатынаста ауытқушылықтарға әсер ететін олардың психикалық жай-күйін және жеке тұлғалық ерекшеліктерін анықтау мен талдаудың нәтижесі бойынша түзету іс-шараларын жүргізудің болжамын жасау және ұсынымдарды әзірлеу үшін қажетті ақпарат беруге тиіс;
3) белсенді психологиялық ықпал ретінде психологиялық түзету қызмет алушылардың мінез-құлқындағы, эмоционалдық жай-күйіндегі ауытқушылықтарды (жекелеген адамдардың эмоционалдық жауап қайтару және мінез стереотипінің жайсыз формалары, жайсыз қарым-қатынастар және мінез-құлқындағы басқа да ауытқулар) жеңу немесе бәсеңдетуді қамтамасыз етеді, бұл аталған көрсеткіштерді жас нормалары мен әлеуметтік орта талаптарына сәйкес келтіруге мүмкіндік береді;
4) белсенді психологиялық ықпал ретінде психологиялық тренингтердің психологиялық жара салу жағдайларының, нервтік-психологиялық шиеленістердің салдарын жоюда, тұрмыс-тіршіліктің бейәлеуметтік нысанын жеңуші адамдарды әлеуметтік құнды нормаларға дағдыландырудағы, өзгермелі жағдайларға бейімделу үшін тұлғалық алғышарттарды қалыптастырудағы тиімділігімен бағаланады;
5) әлеуметтік-психологиялық патронаж қызмет алушыларды жүйелі тексеру негізінде психикалық жайсыздық, тұлғалық (тұлғаішілік) немесе тұлғааралық жанжал және қызмет алушылардың қиын өмірлік жағдайын одан әрі қиындата түсетін басқа да жағдайларды уақтылы анықтауды және оларға осы сәтте қажетті әлеуметтік-психологиялық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді;
6) қызмет алушыларды өзара қолдау топтарында, қарым-қатынас клубтарында сабақ өткізуге тарту қызмет алушылардың жайсыздық жағдайынан шығуына, психикалық денсаулығын сақтау және нығайтуды, стреске төзімділігін, ең алдымен тұлғааралық байланыс және қарым-қатынас саласында психологиялық мәдениет деңгейін арттыруға көмек көрсетуді қамтамасыз етеді;
7) шұғыл психологиялық көмек қызмет алушыларға дереу психологиялық консультация беруді, дағдарыс жағдайынан шығу үшін олардың физикалық, рухани, тұлғалық, зияткерлік ресурстарын жұмылдыруды, туындаған проблемаларды өздігінен шешу және қиындықтарды жеңу, өзіне деген сенімін нығайту үшін қолдануға болатын құралдардың диапазонын кеңейтуге жәрдемдесуді қамтамасыз етеді;
8) психологиялық алдын алу жұмысы мүгедектер мен қарттарда психологиялық білімге және оларды өзін түзеу және өз проблемаларымен жұмыс жүргізу үшін пайдалану ықыласына қажеттілігін қалыптастыруға, тұлғаның әрбір жас кезеңінде толыққанды психикалық дамуы үшін жағдай жасайды, тұлғаның қалыптасуы мен дамуындағы ықтимал бұзылушылықтардың уақтылы алдын алуға жәрдемдеседі;
9) әңгімелесу, қарым-қатынас жасау, тыңдау, көңілін көтеру, белсенділікке ынталандыру, өмірлік тонусын психологиялық қолдау қызмет алушылардың психикалық денсаулығын нығайтуды, олардың стреске төзімділігі мен психикалық қорғалуын қамтамасыз етеді.
40. Стационарлық үлгідегі ұйымдарда балаларға, ТҚА бұзылған балаларға, он сегіз жастан асқан адамдарға әлеуметтік-педагогикалық қызметтерге:
1) әлеуметтік-педагогикалық консультация беру;
2) балалардың дене мүмкіндіктері мен ақыл-ой қабілеттеріне сәйкес арнайы оқу бағдарламалары бойынша білім алуына жәрдемдесу;
3) ТҚА бұзылған балалардың жалпы білім беретін мектептерде білім алуына жәрдемдесу;
4) балаларды және он сегіз жастан асқан адамдарды тұрмыстық бағдарлау және қол еңбегі дағдыларының негіздеріне үйрету;
5) өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын, жеке гигиена, тұрмыста және қоғамдық орындарында өзін-өзі ұстауды, өзін-өзі бақылауды, қарым-қатынас жасау дағдыларын және тыныс-тіршіліктің басқа да нысандарын қалыптастыру жөніндегі қызметтер;
6) баланың, оның ішінде ТҚА бұзылған баланың және он сегіз жастан асқан адамның жеке тұлғасына, даму деңгейіне педагогикалық диагностика жүргізу және тексеру;
7) балаларды, оның ішінде ТҚА бұзылған балаларды педагогикалық түзету;
8) балалардың дене мүмкіндіктері мен ақыл-ой қабілеттерін ескере отырып, арнайы оқу бағдарламалары бойынша оларды оқытуды ұйымдастыру;
9) есту қабілеті бұзылған балалар мен мүгедектердің, сондай-ақ олардың ата-аналары мен басқа да мүдделі адамдардың ымдау тілін үйренуіне жәрдемдесу;
10) ымдау тіліне аудару қызметтері жатады.
41. Әлеуметтік-педагогикалық қызмет көрсетудің сапасына қойылатын талаптар:
1) әлеуметтік-педагогикалық консультация беру қызмет алушыларға олардың алдында тұрған әлеуметтік-педагогикалық проблемаларды дұрыс түсінуде және шешуде білікті көмек көрсетуді қамтамасыз етеді;
2) адамды педагогикалық диагностикалау және тексеру заманауи аспаптарды, аппаратураны, тестілерді пайдалана отырып жүргізіледі және дағдарыс немесе шиеленіс жағдайына тап болған қызмет алушыға белгіленген диагнозына сәйкес тиімді педагогикалық көмек көрсету үшін, балалардың, ТҚА бұзылған балалардың, он сегіз жастан асқан адамдардың зияткерлік дамуын айқындау, олардың бейімділіктерін зерттеу және т.б. үшін балалардың, ТҚА бұзылған балалардың, он сегіз жастан асқан адамдардың тұлғасын жан-жақты зерттеу негізінде оның жай-күйінің шынайы бағасын береді;
3) балаларды және он сегіз жастан асқан адамдарды оқытуды ұйымдастыру білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен арнайы оқу бағдарламалары бойынша жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, жеке қажеттіктер негізінде әзірленетін авторлық бағдарламалар (үлгілер) бойынша қызмет алушылардың өзіне-өзі қызмет көрсету, жеке гигиена дағдыларын, қозғалу, сенсорлық және когнитивтік дағдыларын қалыптастыру бойынша қызметтерге де жол беріледі.
Авторлық бағдарламалар (үлгілер) қандай да бір қызмет алушының тәрбие дағдыларын немесе оқу материалын қабылдау және меңгеруге қабілеттігін ескере отырып құрылады;
4) әлеуметтік дағдыларды қалыптастыру және түзеу-дамыта оқытуды жүргізу үшін балаларды, ТҚА бұзылған балалар мен он сегіз жастан асқан адамдарды, олардың жас ерекшеліктерін әлеуметтік дағдылары мен когнитивтік дамуын ескеріп, (үш жастан бес жасқа дейін, алты жастан сегіз жасқа дейін, тоғыз жастан он үш жасқа дейін, он төрт жастан он сегіз жасқа дейін, он сегіз жастан жиырма үш жасқа дейін және қажеттігіне қарай одан үлкен) топтарға, оларды кейіннен толықтыра отырып бөлу жүргізіледі:
өзіне-өзі қызмет көрсетудің және жеке гигиенаның қарапайым дағдылары болмаған жағдайда (өздігінен жүріп-тұра алмайтын және өздігінен тамақтана алмайтын), үнемі бөгде адамның күтіміне мұқтаж алты адамнан асырмай;
қалыптасқан (ішінара қалыптасқан) өзіне-өзі қызмет көрсету және жеке гигиена дағдылары болған жағдайда, үнемі бөгде адамның бақылауына мұқтаж сегіз адамнан асырмай;
қалыптасқан (ішінара қалыптасқан) тұрмыстық дағдылары болған жағдайда он адамнан асырмай;
қалыптасқан қолымен жұмыс істей алу дағдылары болған жағдайда он екі адамнан асырмай (еңбек бағдары бағдарламасын іске асыруға арналған топ алты адамнан тұратын кіші топтарға бөлінеді) бөлінеді.
Арнайы оқу бағдарламалары бойынша білім алуға жәрдемдесу балаларды, ТҚА бұзылған балалар мен он сегіз жастан асқан адамдарды оқыту нысанын айқындауды және олардың әлеуметтік-педагогикалық бейімсіздену дәрежесін, білім деңгейін, физикалық және психикалық жағдайын ескере отырып, оқытуды ұйымдастыруда практикалық көмек көрсетуді қамтиды.
5) тұрмыстық бағдар негіздеріне оқыту көрнекі және тиімді болып табылады, нәтижесінде қызмет алушылар ас әзірлеу, киімді ұсақ жөндеу, тұрғын орынжайды күту, аумақты тазалау және жайластыру және т.б. сияқты тұрмыстық рәсімдерді толық көлемде үйренеді;
6) ымдау тілін игеруге жәрдемдесу және ымдау тіліне аудару жөніндегі қызметтер қызмет алушылардың стационарлық үлгідегі ұйымның мамандарымен өзара қарым-қатынасын орнатуға жәрдемдеседі.
7) стационарлық үлгідегі ұйымдардың балаларға, ТҚА бұзылған балаларға, он сегіз жастан асқан адамдарға сабақ өткізу ұзақтығы осы стандартқа 7-қосымшада көрсетілген.
42. Стационарлық үлгідегі ұйымдарда он сегіз жастан асқан адамдарға, мүгедектер мен қарттарға көрсетілетін әлеуметтік-еңбек қызметтеріне:
1) қызмет алушылардың бойындағы еңбек дағдыларын зерттеп-тексеру жөнінде іс-шаралар жүргізу;
2) емдеу-еңбек қызметін жүргізу;
3) ТҚА бұзылған балаларды, мүгедектерді кәсіптік бағдарлау;
4) бейіні бойынша еңбек дағдыларын қалыптастыру;
5) қол жетімді кәсіптік дағдыларға үйрету жөніндегі іс-шараларды жүргізу;
6) қарттар мен он сегіз жастан асқан адамдардың бойындағы жоғалған тұрмыстық дағдыларды қалпына келтіру жөніндегі қызметтер жатады.
43. Әлеуметтік-еңбек қызметін көрсетудің сапасына қойылатын талаптар:
1) еңбек дағдыларын, білім мен шеберлікті қалыптастыру мақсатында он сегіз жастан асқан адамдарға, мүгедектер мен қарттарға, олардың жеке қажеттіліктеріне қарай қызмет алушылардың жеке және әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіруге жәрдемдесетін қолжетімді кәсіптік дағдыларға үйрету жөніндегі іс-шараларға белсенді қатысуын қамтамасыз ететін еңбек қызметінің түрлері тағайындалады;
2) емдеу-еңбек қызметін жүргізу арнайы ұйымдастырылған кабинеттерде (шеберханаларда) жүзеге асырылады және стационарлық үлгідегі ұйымдарда қызмет алушыларды олардың денсаулық жағдайын ескеріп, тыныс-тіршіліктің әртүрлі нысандарына тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасауды қамтамасыз етеді;
3) он сегіз жастан асқан адамдар мен мүгедектерде шамасы келетін еңбек дағдыларын қалыптастыру үшін, сондай-ақ қарттар мен он сегіз жастан асқан адамдардың жойылған тұрмыстық дағдыларын қалпына келтіру бойынша фронтальді және жеке сабақтар ұйымдастырылады;
4) қолжетімді кәсіптік дағдыларды оқыту, тұлғалық және әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар арнайы жабдықталған кабинеттерде жүргізіледі;
5) мүгедектерді кәсіптік оңалту олардың кәсіптік дағдыларын барынша ықтимал қалпына келтіруге және жаңа кәсіптерді меңгеруге мүмкіндік береді;
6) ТҚА бұзылған балаларды, мүгедектерді кәсіптік бағдарлау оларға кәсіп таңдауға көмек көрсететін іс-шаралармен бірге жүргізіледі;
7) қызмет алушылардың еңбек дағдыларын зерттеп тексеру жөніндегі іс-шаралар олардың жеке ерекшеліктерін, мүмкіндіктерінің шектелу дәрежесін, қызмет алушылардың физикалық және психикалық жай-күйін ескеріп жүргізіледі.
44. Стационарлық үлгідегі ұйымдарда көрсетілетін әлеуметтік-мәдени қызметтерге:
1) мерекелер мен тынығу іс-шараларын ұйымдастыру;
2) клуб және үйірме жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу;
3) қызмет алушыларды тынығу іс-шараларына, мәдени іс-шараларға қатысуға (экскурсиялар ұйымдастыру, театрға, көрмелерге, концерттер мен басқа да іс-шараларға бару) тарту жатады.
45. Әлеуметтік-мәдени қызмет көрсетудің сапасына қойылатын талаптар:
1) мерекелер, мерейтойлар, туған күндер өткізу, экскурсияларға, театрларға, кинотеатрларға, көрмелерге, концерттерге бару және басқа да мәдени, тынығу іс-шараларын өткізу стационарлық үлгідегі ұйымның басшысы бекіткен тоқсандық жоспар бойынша жүзеге асырылады;
2) көркемөнерпаздар үйірмелерін ұйымдастыру қызмет алушылардың әлеуметтік-мәдени және рухани қажеттіліктерін қанағаттандыруға, қарым-қатынас саласын кеңейтуге бағытталады;
3) қызмет алушыларды концерт бағдарламалары мен өткізілетін іс-шаралар сценарийлерінің жобасын әзірлеуге тарту қызмет алушылардың жалпы және мәдени ой-өрісінің кеңеюіне, шығармашылық белсенділігінің артуына жәрдемдеседі;
4) қызмет алушыларды тынығу іс-шараларына қатыстыру стационарлық үлгідегі ұйым ұжымының қоғамдық өміріне қатыстыру арқылы әлеуметтік және коммуникативтік байланыстарын жөнге салуға жәрдемдеседі.
46. Стационарлық үлгідегі ұйымдарда көрсетілетін әлеуметтік-экономикалық қызметтерге:
«Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» 1997 жылғы 16 маусымдағы, «Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» 1999 жылғы 5 сәуірдегі, «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» 2001 жылғы 17 шілдедегі, «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» 2005 жылғы 28 маусымдағы Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес тиесілі жеңілдіктерді, өтемақыларды, алименттер мен басқа да төлемдерді алуға, тұрғын үй жағдайын жақсартуға жәрдемдесу жатады.
47. Әлеуметтік-экономикалық қызмет көрсету сапасына қойылатын талаптар:
қызмет алушыларға жеңілдіктерді, жәрдемақыларды, өтемақылар мен басқа да төлемдерді алуға жәрдемдесу олар үшін қызығушылық тудыратын мәселелерді шешуде уақтылы, толық, білікті және тиімді көмек көрсетуді қамтамасыз етеді.
48. Стационарлық үлгідегі ұйымдарда көрсетілетін әлеуметтік-құқықтық қызметтерге:
1) арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласында және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік көмек алу құқығымен байланысты мәселелер бойынша заңгерлік консультация беру;
2) заңды мәні бар құжаттарды ресімдеуге көмек көрсету;
3) арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсететін және қызмет алушылардың заңды құқығын бұзатын немесе шектейтін ұйымдардың әрекетіне немесе әрекетсіздігіне өтініш дайындауға және беруге көмек көрсету;
4) заңнамада белгіленген жеңілдіктермен басымдықтарды, әлеуметтік төлемдерді алуға заңгерлік көмек көрсету және жәрдемдесу;
5) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген тәртіппен жәрдемақыларды, басқа да әлеуметтік төлемдерді сенімхат бойынша алу;
6) құқығы мен мүддесін қорғау үшін сотта өкілдікті қамтамасыз ету;
7) «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алу, қамқоршылыққа және қорғаншылыққа алу мәселелері бойынша заңгерлік консультация беру жатады.
49. Әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсетудің сапасына қойылатын талаптар:
1) қызмет алушыларға арнаулы әлеуметтік қызметтер алу және өздерінің мүдделерін қорғау құқығымен байланысты мәселелер бойынша консультация беру заңнамада белгіленген құқықтар мен ықтимал бұзушылықтардан қорғау тәсілдері туралы толық түсінік береді;
2) қызмет алушыларға әлеуметтік-құқықтық мәселелер (азаматтық, тұрғын үй, отбасы, еңбек, зейнетақы, қылмыстық заңнама және т.б.) бойынша консультация беру оларды қызықтыратын заңнамалық актілер мен көтерілген мәселелердегі құқықтары туралы толық түсінік беруге, осы мәселелерді іс жүзінде шешу үшін қажетті құжаттарды (өтініш, шағым, анықтама және тағы да басқа құжаттар) дайындау және тиісті адресатқа жіберуде қажетті көмек көрсетеді;
3) мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызмет алушылардың заңды құқықтарын бұзатын немесе шектейтін лауазымды тұлғаларының әрекетіне немесе әрекетсіздігіне шағым дайындауда көмек көрсету оларға шағымдарында шағымданатын әрекеттің мәнін, жол берілген заң бұзушылықты жою талабын заң тұрғысынан сауатты жазуға және шағымды адресатқа жіберуге көмек көрсетеді;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құжаттарды (жеке басын куәландыратын, заңнама бойынша алуға тиесілі жеңілдіктерді, жәрдемақыларды және басқа да әлеуметтік төлемдерді алуға, балаларды, ТҚА бұзылған балаларды асырап алуға және отбасы тәрбиесінің басқа нысандарына алуға) ресімдеуде заңгерлік көмек көрсету қызмет алушыларға қажетті құжаттардың мақсатына қарай мазмұнын, құжаттар мәтінінің баяндалуын және жазылуын (қажет болғанда) немесе нысанды бланкілердің толтырылуын, ілеспе хаттардың жазылуын түсіндіруді қамтамасыз етеді;
5) Кодекске сәйкес қамқоршылық немесе қорғаншылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарға балаларды, оның ішінде ТҚА бұзылған балаларды асырап алуға, қорғаншылыққа, патронатқа, қамқоршылыққа алуға жәрдемдеседі.
7. Қызмет алушыларды стационарлық үлгідегі ұйымнан шығару,
Достарыңызбен бөлісу: |