Ханкелді Әбжанов, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры



Дата28.01.2018
өлшемі155,35 Kb.
#34601



Ханкелді Әбжанов,

Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және

этнология институтының директоры,

ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі
АКАДЕМИКТІҢ АМАНАТЫ
АННОТАЦИЯ

Мақалада ҚР ҰҒА академигі М.Қ. Қозыбаевтың 1999 жылы жариялаған еңбегінің Отан тарихын зерттеуге қосқан үлесі сараланған. Автор ХХ ғасыр тарихына қатысты мифтерді сынаған еді. Сол мифтерді жою үдерісі жалғасу үстінде.

Түйін сөздер: Ұлттық ғылым академиясы, академик, М.Қ. Қозыбаев, ұлттық тарих, өркениет

Көркем шығарманы жанрға – роман, поэма, повесть, т.б. – топтастыру ежелден бар. Ал тарих ғылымында зерттеулерді түрге жіктеу түпкілікті орнықпаған күйде қалуда. Көлеміне қарай монография, мақала, кітапша деп айдарлап жатамыз. Өмірде небір таңғажайыптар болатыны тәрізді, кейде 15-20 беттік ғылыми мақала өзінің жаңалығы, нәтижелері бойынша көлемі 15-20 баспа табақ монографиядан да салмақты шығып, уақыт өткен сайын ізашар жаңашылдығымен зорайған үстіне зорая түсетініне көзіміз жетуде. Мәселен, 1893 жылғы 15 желтоқсан күні Дания азаматы Вильгельм Томсен Данияның корольдік Ғылым академиясының Президиумында байырғы түркі жазуын оқудың кілтін паш етті. Бүгінде В. Томсен ашқан жаңалықтың арқасында түркі өркениеті мойындалды, сол кілттің әлеуетін барша әлем түркітанушылары кәдеге жаратуда. Қазақстанның тарих ғылымына көз жүгіртсек, ұлы даланың қадір-қасиетін әспеттеген палеолит дәуірі, ортағасырлық түркі және парсы деректері жайлы классикалық еңбектерін археолог Х. Алпысбаев, шығыстанушы С. Ибрагимов алғашқыда ғылыми мақала түрінде жариялағанын көреміз. Қалың-қалың монография жазып отыруға бұлардың уақыты да жетпеді.

Демек, ғалымның ғалымдығы ашқан жаңалығымен, нағыз ақиқатты айта алуымен өлшенеді. Бұған 1991 жылғы 16 желтоқсанда жарияланған мемлекеттік тәуелсіздіктен кейін біржолата иландық. Шығармашылық еркіндік шын ғалымның жұлдызын жарқыратып, жасампаз қабілет-қарымын шырқау биікке шығаратынын қапысыз дәлелдеген қазақстандық тұлға һәм құбылыс – академик М.Қ. Қозыбаев (1931-2002). Азаттық тұсындағы 10 жыл 2 ай ғана ғұмыры ішінде Манаш аға оқырманның тарихи санасын жаңаша қалыптастырған, бұрын-соңды беймәлім деректер мен құжаттарға сүйенген, «ақтаңдақтар» ақиқатын ашқан ондаған монографиялар, жүздеген мақалалар жариялады. Әрқайсы тарихнамалық, деректанулық, эпистемологиялық, теориялық-методологиялық тұрғыдан арнайы талдау нысанына айналуға лайық. Осылардың ішінен 1992 жылы Бүкілқазақтық тұңғыш құрылтайда оқыған «Ата тарихы туралы үзік сыр» баяндамасын, 1999 жылы «Отан тарихы» журналының №4 санында жарияланған «Қазақстанның ХХ ғ. тарихын зерделеу проблемалары» мақаласын ғылыми танымның жұлдызды табысы деуге негіз бар. Біріншісі ұлт тарихын мүлде жаңа ұстаныммен зерделеуге есік ашса, екіншісі – академиктің ХХІ ғасыр тарихшыларына қалдырған аманаты.

Бұлай дейтін себебіміз, біріншіден, 1999 жылғы мақалада кеңестік-идеологиялық қысыммен тарихи ақиқаттан алшақ, таптық, партиялық ойлаумен құрастырылған, империялық өктемдікті жақтайтын жалған мифтерді жою міндеті күн тәртібіне қойылған. Содан бері 20 жылға жуық уақыт өтсе де, академиктің аманаты діттеген межесіне жетпегендіктен өзектілігін жойған жоқ. Екіншіден, 1989 жылы қазақ қоғамын дүр сілкіндірген «Ермак: аңыз және ақиқат» атты зерттеуі жарық көргеннен 2002 жылы дүниеден озғанша Манаш аға ұлттық тарихымызды мифтерден арылтуға «күндіз отырмастан, түнде ұйықтамастан» қызмет етті, боламын деген жанға бағыт сілтеді. Тап осы 1989 жылы әлемдік тарихта орны бар бетбұрысты оқиғалармен: Берлин қабырғасының құлауымен, социалистік лагердің ыдырауымен қазақ даласына азаттық елесі мен рухы оралды. Олардың нығаюына республика басшылығына Н.Ә. Назарбаевтың келуі, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебенің берілуі септескені сөзсіз. 1990 жылы «Казахстанская правда» газетінің үш санында жарияланған мақаласына «Истина и мифы» деп тақырып беруі де әсте кездейсоқтық емес. Үшіншіден, М. Қозыбаев әшкерелеген мифтер қатары жаңаларымен толығуда. Мәселен, қазақ қазақ болып қалыптаспаған ғасырлардағы қытайдың ақынын, моңғолдың билеушісін қазақ халқының перзенті ретінде «дәлелдеген» қалың-қалың зерттеулер жарық көрді. Демек, мифтермен күресуге шақырған аманат әзірге аманат мәртебесімен сақталуда.

Енді мақалаға оралайық. Еңбекте сегіз мифке арнайы тоқталған. Олар:


  1. Қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының статусын төмендетіп, қазақ сахарасында пролетариат қозғалысының статусын әсірелеу мифі.

  2. Қазақстан тарихында қазақ халқының Ресейдің құрамына енуінің прогрессивтік маңызын әсірелеу мифі.

  3. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысын большевиктік арнада әсірелеу мифі.

  4. Әдебиетте 1917 жылғы Ақпан революциясының болмысын тұқыртып, оның жасаған жақсылық ісін жасырып, кемшілігін асырып, Қазан революциясымен шендестіру, қарама-қарсы қою мифі.

  5. Қазан төңкерісінің заңдылығы туралы миф.

  6. Ұлт мүддесін қорғаған қайраткерлерге, кейін барша халыққа ұлтшылдық айдарын тағу мифі.

  7. Қазақ кеңестік мемлекеттік статусты әсірелеу мифі.

  8. Бұрынғы Одақтың, одан қалды Қазақстанның 70-80 жылдардағы дамуы туралы қарама-қарсы миф.

Бұлардан басқа И. Сталин туралы, Ұлы Отан соғысының сипаты туралы, Ұлы Жеңістің қозғаушы күштері туралы, соғыс шығыны туралы төрт мифке талдау жасалған. Осынау талас проблемалар Қазақстан мысалдары негізінде ғана емес, бүкіл Кеңестер Одағы тарихымен байланысты қарастырылды. Өйткені Жеңістің 55 жылдығы жақындап келе жатты.

Мақала Қазақстанның ХХ ғасырдағы тарихына арналғанмен хронологиялық ауқымы мен мазмұны бойынша XVIII-XIX, тіпті XV ғасырларға дейін қамтып жатыр. Мәселен, 1-ші мифке қарсы шыққанда алға тартқан уәжі: «Шын мәнінде, ұлт қозғалысы жұмысшы қозғалысы жоқ кезде қазақ Ресейге бодан болған күннен бастап туындады... Шет аймақтарды XVI ғ. екінші жартысынан жаулап, оны жегідей жеп, метрополия мүддесіне пайдаланған Ресейде орыс халқы отаршылық жүйесіне, жаугершілікке қатысты, отар елден түскен байлыққа кенелді, империялық рухта тәрбиеленді» деген ойлармен өріліп, оқырманды Көшім хан заманына алып кетеді. Азаттық үшін күрестің хронологиялық ауқымын кеңейткені кеше де, ертең де теориялық-методологиялық әлеуеті зор күйінде қала бермек.

Қазақ хандығындағы қиыншылықтар мен қайшылықтар Ресейге бодандықты қабылдауға итермелегенін, Ресей құрамына ену қазақ халқына тек прогрессивті емес, регрессивті де нәтижелер әкелгенін кесек-кесек айғақ-дәлелмен көрсетуі 2-ші мифтің жалғандығын дәйектейді. Осы орайда автор «дәрменсіздік», «амалсыздық», «мәжбүрлік» терминдерін бірнеше қайта қолданған. Ал «қазақ халқының күштеп шоқындырылуы, азаматтық правосының шектелуі, ұлттың рухын жаншуы, қазақ жерін бөлшектеп, ұлт территориясын орыс әкімшілік жүйесіне қосып, ыдыратуы, мұсылман қозғалысы, ұлт-азаттық күресінің үзілмей келген арқауы – бостандық, тәуелсіздік, ұлт болмысын сақтау, өркениетті елдер деңгейінде даму жолында ұлттық дискриминациядан, геноцид саясатынан құтылу жолы сияқты проблемалар ата тарихынан тыс қалды, не көмескі айтылды», деген өткір пайым-тұжырымы ұлттық тарихнамамыздың болашағын болжаған батылдық әрі ғалымдарға жүктеген аманаты.

Түптеп келгенде, осынау екі мифті тарихи сана мен зерттеулерден ығыстырмай, Ресейдің отарлау саясаты мен практикасын сындарлы зерделеу емес, ақтау орын алатын болады.

3-ші миф 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тарихы мен тағылымын большевиктік бұрмалаумен дүниеге келді. Кеңестік тарихнама ұлы сілкіністі жойдасыз саясаттанған тұрғыдан зерделеуден жаңылмады: большевизм ықпалын дәріптеді, алашшылар сатқын ретінде бағаланды, ұлтаралық қатынастың ушыққаны, патша үкіметінің геноцид саясаты «ақтаңдақ» күйде қала берді. «Шын мәнінде, – дейді М. Қозыбаев, – 1916 жыл ХХ ғасыр басында қазақ халқының саяси тәуелсіздік пен ұлттық мемлекеттігі үшін күрестің бір белесі болды. Көтеріліс басында ел сайлаған хандар, әскери жасақтардың басында ел сайлаған сардарбектер тұрды, салық жинау жүйесі қалыптасты, хан Кеңесі жұмыс істеді, басқа мемлекеттермен елшілік арқылы байланыс жүргізілді».

Мақалада жергілікті халық пен келісімсектер арасында қантөгіс шайқастар жүргені, ұлыдержавалық шовинизм жаңа белеске көтерілгені, қазақ сахарасы «от жалынға шарпылған жер мен ел» қасіретіне ұрынғаны баса көрсетілген.

Уақыт академиктің болашақты дөп басып болжай алғанын дәлелдеді. Қазақстан тарихшылары ізденетін тақырыптар – осылар екеніне көзіміз жетті. 1916 жылғы көтерілістің 100 жылдығына орай Ресей ғалымдары құжаттар жинағын жариялап, ғылыми еңбектер жазып, патшалық билік пен әскердің отар өлкедегі қанды қылмысын жасыруға, көтеріліс себептерін басқа арнадан іздеуге барын салды. Айталық, 2016 жылы Мәскеуде шыққан «Восстание 1916 года в Туркестане: документальные свидетельства общей трагедии: сборник документов и материалов» атаулы жинақтың алғы сөзін жазған Т.В. Котюкова отарлық, ұлттық езгіні көрмей, көтеріліске себеп ретінде өлкедегі басқару ақпаратының кадрлық әлжуаздығын, байырғы халықтың тілін білмегенін, неміс, түрік шпиондары Ресейге қарсы насихатымен отқа май құйғанын, түркістандықтардан бұрын переселендік деревня тұрғындары жапа шеккенін дәлелдеуге тырысқан.

2016 жылы жарияланған «События в Семиречье 1916 года по документам российских архивов» атаулы жинақтың электрондық нұсқасындағы тарих ғылымдарының докторы А.В. Ганин жазған алғы сөз де Ресейді ақтауды көздейді. Қоныс аудару саясатын сипай сынаған автор 1916 жылғы көтеріліске алыпқашпа сөзді басты себеп санайды. Байырғы халық переселендерді тонауға бейімдік танатыпты. Оның пайым-тұжырымы мынадай: «Мощным катализатором волнений стали слухи, многократно преувеличивавшие истинный масштаб событий. Среди причин беспорядков было стремление местного населения грабить переселенцев, поземельные споры в связи с активной переселенческой политикой в регионе, налоговое бремя.

Трагическому развитию событий способствовали бездейственность местной администрации, расцвет коррупции, туземная феодальная знать (ханы, беки, манапы) и духовенство, преследовавшие свои интересы, а также внешние дестабилизирующие силы».

Қорыта айтқанда, ХХ ғасыр соңында академик М. Қозыбаев әшкерелеген 1916 жылғы көтеріліс төңірегіндегі мифтің жаны сірі екен. Аманатты атқару үшін әлі көп интеллектуалды тер төгуге тура келеді.

Келесі миф 1917 жылғы Ақпан революциясының Қазақстан тарихындағы орны мен маңызына қатысты. М. Қозыбаев қазақ даласына революция әкелген жеті жақсылықты қадап-қадап көрсетеді. Оның төртеуі (жазалаушы отрядтардың кейін шақырылып алынуы, көтеріліске қатысқан қазақ азаматтарына кеңшілік жариялануы, босқын қазақтардың елге оралуы, шабылған қазақ отбасыларына мемлекеттік көмек көрсетілуі) 1916 жылғы оқиғалармен астасып жатты. Қалған үшеуі Алаш қозғалысымен, зиялы қауым тарихымен, демократиялық үдеріспен байланысты. Кеңестік тарихнамада 1917 жылғы буржуазиялық-демократиялық революция жартыкеш, шала туған, пайдасынан зияны басым оқиға мәртебесімен бағаланатын. Қайта бірінші орыс революциясына жағымды басымдық беретін. Академик ағамыз тарихи әділеттілікті қалпына келтіруді аманаттады. Біздің ойымызша, Ақпан революциясының себебі мен салдарын дұрыс тиянақтау ғана ғасырлар тоғысындағы Қазақстан тарихын тарқата талдауға мүмкіндік береді.

Бесінші миф – Қазан революциясының заңдылығы – большевиктер өктемдігімен түзілді. 1917 жылы Ресей жұмысшы табы елдегі саяси билікті қолына алуға даяр емес еді деген Г.В. Плехановтың пікіріне қосылған М.Қозыбаев социализм қазақ даласына жоғарыдан қондырылды деп қорытындылады. Әкелген нәтижесі де жан шошытарлық болып шықты: «қазақ ұлтын қансыратты».

Иә, социалистік революцияның қазақтарға жат, түсініксіз құбылыс екені рас. Соны кемел ғылыми ізденіспен дәйектейтін уақыт келді. Мақсатқа жету үшін бірінші кезекте Алаш партиясының, Алаш Орда үкіметінің, Түркістан мұхтариятының жеңілу себептерін ашу керек. Қалың бұқараның, ұлт зиялылары мен буржуазиясының миссиясындағы және өзара ықпалдастығындағы қайшылықтарды, кемшіліктерді, жаңсақтықтарды дөп басып табу алдағы күндердің еншісінде. Ең бастысы – социалистік революцияны заңдылық, заңды құбылыс ретінде дәлелдеуге мәжбүрленген тарихшылар қауымы бүкіл социалистік құрылыстың тарихын тоталитарлық өктемдік тұжырымдамасы аясында жазбасқа шамасы қалмады. Миллиондардың өмірін жалмаған ашаршылық азық-түлік тапшылығы деген, қазақтардың ана тілін ұмыта бастауы халықтардың жақындасуы деген жылтыр сөздермен рәсімделді. Қансыраған қазақ халқын еш қымсынбастан социализм бақытына бөленген халық деумен ақиқаттан алшақ пайым санаға тықпаланды. Ендеше, Қозыбаев көрсеткен бағытпен жүріп, дұрыс жол таба білу – бізге серт.

6-шы мифті жою – қазақтың ұлттық болмысын қалпына келтіру деген сөз. Ол мемлекеттік тілді шын мағынасында мемлекеттік деңгейге көтерумен, рушылдық, жершілдік, жемқорлық тәрізді кереғарлықтарды санадан, іс-әрекеттен ығыстырумен, Қазақстан халқының бірлігін және бірегейлігін нығайтумен қалыптасады. Тап қазір ұлттық тарихнамада М. Қозыбаев бекерлеген ұлтшылдықпен айыптау жоқ. Есесіне ұлтсыздық көзге түсуде. Ең ауыры – бүгiнгi қазақ өзiн-өзi iздеген, қилы тағдырмен этникалық сәйкестігі шайқалған халық. Аты да, заты да бiр қазақ өркениеттік, тілдік, рухани т.б. ұстанымдары тұрғысынан қаншаға бөлiнiп кеткенiн көзбен көрiп, жүрекпен сезiнiп отырмыз. Ал ендi соларды санап көрейiкшi: 1. Бар болмыс-бiтiмiмен нағыз қазақ қалпындағы қазақтар бар. Сақтардан жеткен мұра, байырғы түркiлердiң нақыл сөздерi, Қорқыттың күйлерi, Ақан, Бiржан, Шәмшiнiң әндерi бұларға асылдың сынығындай. 2. Кешегi өктем империяның, яғни Ресейдің сойылын соғып жүрген қазақтар аз емес. Мұндайларды Шер-ағаң: «Ұлы империяның улы жемiсi» деген едi. 3. Тiлi, дiлi орыстанып кеткенмен халқына бүйрегi бұратын қазақтарды қаперден шығармағанымыз жөн. Бұлардың бiр бөлiгiне ұлтжандылық сезiм тән. Қазақша сыңар жол өлең жазбаса да О.Сүлейменовты кiм орыс ақыны дей алады? 4. Жаhанданудың салмағына жаншылып, Америкаға, Батысқа шыбындап бас изейтiн, өзiнiкiне мұрынын шүйiретiн қазақтар шықты. 5. Басқа дiннiң ықпалына түсiп, не ол емес, не бұл емес қазақтар саны өсiп келедi. Білетіндердің айтуына қарағанда, бұлардың қарасы жарты миллионнан асып түсіпті. 6. Тарихи Отанына сағынышпен жеткенде бауырларының өзiн де, сөзiн де түсiнбей, айран-асыр күйге түскен оралмандар үлкен қауым. 7. Жүзге, руға, жерге бөлiну сияқты дерттен айықпаған "ортағасырлық" қазақтар арамызда жүр. 8. Жекешелендiру мен нарықтан қарқ болған "жаңа қазақтар" да этникалық сәйкестігімізді әрлендіре бермейді.

«Алтау ала болса, ауыздағы кетедi», деген екен бабаларымыз. Ал ондайлар алтаудан да көп болғандықтан жерiмiздiң асты-үстiндегi байлық шетел асып, қулығы мен сұмдығын асырғандардың қанжығасына байланғаны айтудай-ақ айтылды. Бұл – бiр.

Екiншiден, этностың өз iшiндегi ала-құлалық ұлттың, мемлекеттiлiктiң болашағына қатер туғызбай қоймайды. Алғашқыда ұлттық тұтастықтан, сонсоң мемлекетiнен айрылудың әкелер қасiретiн – бек ұлдардың құл болатынын, пәк қыздардың күң болатынын осыдан 13 ғасыр бұрын Күлтегiн тасына қашап жазған байырғы түркiлердiң даналығына қалайша бас имейсiз. Кеңестiк жылдары Күлтегiндей дананың айтқаны басымыздан өткенi рас қой. Ендеше Елбасымыз Н. Назарбаевтың: «Қазақтың сана-сезiмi өткендегi, қазiргi және болашақтағы – тарихтың толқынында өзiнiң ұлттық «МЕН» дегiзерлiк қасиетiн түсiнуге тұңғыш рет ендi ғана мүмкiндiк алып отыр... Бiрақ бұл мүмкiндiк қана: ол шындыққа, тек қазақтардың ғана емес, барлық қазақстандықтардың жаппай санасына орныққан фактiге айналуы қажет», деп жазуында өмiрлiк мәнi бар шындық жатыр.

Тарихнамадағы 7-ші мифтің туу себебін М. Қозыбаев кеңестік Қазақ автономиясының құрылуынан, шашылған қазақ жерінің жиналғанынан көреді. Бірақ ұлттық мемлекет құрылмады. Академиктің пайымдауынша, Кеңес өкіметі ұлт мәселесінде жарты жолда тоқтады, территориялық ұлттық автономия, кейін одақтас республика құрды, бірақ ол декаративті мемлекеттік құрылым дәрежесінде қалды.

Кеңестік Қазақ мемлекетінің «қуыршақ мемлекет» мәртебесімен өмір сүргенін тәуелсіздік тұсындағы мемлекет құрылысы тәжірибесін, басқа да үдерістерді алға тартумен тиянақтаған жөн шығар. Бәрі салыстырумен танылады. Мәселен, тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде адам құқына байланысты 60 халықаралық-құқықтық акт Қазақстанда ратификацияланыпты, адам құқығы мен бостандығы бойынша 78 заң қабылданыпты. Біздің еліміз 8 мыңнан астам халықаралық договорлар мен келісімдерді бекітіпті, 70-тен астам халықаралық ұйымдарға мүшелікке кіріпті. Кеңестік дәуірде бұлар түсімізге де кірген емес. Демек, 7-ші мифті әшкерелеу жалғасын табуы керек.

8-ші екі миф бірін-бірі жоққа шығарады. М. Қозыбаев айтқандай, «бірі – бұл жылдарды шарықтау кезеңі десе, екіншісі – тоқырау кезеңі дегенді айтады. Бұл тартыс принципке негізделген. Егер біз бірінші мифті қостасақ, Кеңес өкіметінің құлауы кездейсоқтық болуын мойындаймыз. Ал, екінші миф тарихи процесті толығымен аша алмайды, шындықты бұрмалайды».

Өкініштісі – ұлттық тарихнамада екеуі де өмір сүріп келеді. Түптеп келгенде, соңғы екі мифке байланған «ақтаңдақтарды» жою ғылыми таным үшін, әсіресе «Қазақстан – 2050» Стратегиясын, «Ұлт жоспары: 100 нақты қадам» іс-шаралар дестесін, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын жүзеге асыру үшін ауадай қажет.

Алаш көсемі Ә. Бөкейханнан жеткен мынадай аталы сөз бар: «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде, болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз». Осы қағидаттың қапысыз айтылғанына қазақ елі толық отарланған 1865 жылдан бергі тарихқа көктей шолып қарасақ, көзіміз әбден жетеді.

Ең ауыр тағдыр 1971 жылғы революциядан кейінгі ширек ғасыр ішінде туғандардың маңдайына жазылыпты. Бұлар – нағыз тозақта туғандар. ХХ ғасыр басында 6 млн-ға жеткен халқымыздан 1939 жылы республикада 3 млн-ға жетер-жетпес қана қазақ бар еді. Тозақта туып, жанкештілікпен тірі қалғаны әке-шешесінің бақыты десек, ат жалын тартып, азамат атанғаны, шынтуайтына келгенде, қазақ ұлтын сақтап қалғандар.

М. Қозыбаев кейініректе сол күндері былайша есіне алған екен: «Бізге үйдің бір бұрышы тиетін, іргесі сыз, тіпті жаз айларында дымқыл тартып тұратын. Сығырайған терезелерді сыртынан шөппен, қармен жауып, жылуды сақтауға тырысатынбыз. Мен осындай өмірден қалай тірі қалғаныма әлі күнге таңғаламын». Тоталитаризмнің қызығы мен шыжығын аз көрмеген ол тарихшы-ғалым ретінде ғасыр жүгін арқалады. Бөкейханның өлшемімен келсек, өзіне артылған жүкті тәуелсіздік тұсында жетер жеріне апарып тастаған бақытты жанның бірегейі. Академиктің аманаты ХХІ ғасыр тарихшыларының мойнында. Ұрпақтар мен идеялар сабақтастығы үзілмеуі керек. Мұнсыз даму жоқ.
Резюме
В статье прослежено влияние опубликованной в 1999 г. работы академика НАН М.К. Козыбаева на развитие Отечественной исторической науки. В том произведении автор подверг критике исторические мифы касательно ХХ века. Преодоление тех мифов продолжается.
Summary
The article traced the influence of the academician M.K. Kozybayev’s paper

(published in 1999) on the development of domestic historical science. In that paper the author criticized the historical myths about the XX th century. The overcoming of those myths is continued.





Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет