Хх ғасырдағЫ Қазақ Әдебиеті дамуының алғАШҚы кезеңі электронды оқу құралы



Pdf көрінісі
бет3/109
Дата08.02.2022
өлшемі2,83 Mb.
#119301
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   109
Байланысты:
treatise124489

КІРІСПЕ 
 
Қазақ әдебиетінің даму тарихында ХХ ғасыр әдебиеті үлкен орын 
алады. Жаңа ғасырмен бірге қазақ даласында рухани мәдениеттің 
өркендеуіне мүмкіндіктер туды. Соның бір көрінісі ретінде жазба 
әдебиет те ерекше екпінмен дами бастады. Ол жанрлық тұрғыдан 
салаланып, көркемдік тұрғыдан жетіле түсті. 
Әдебиет – замана тудырған асыл сөз. Сондықтан да ХХ ғасырдағы 
Қазақстандағы тарихи-қоғамдық жағдайлардың өзгерістеріне сай 
әдебиет те өз кезегінде солармен үндесе келіп, замананың көкейкесті
мәселелерін көтеріп, қоғамдық өмірдің көркем суретін жасауға
ұмтылды. Осыған орай, электронды оқулық материалдары кезеңдерге
бөлініп, «ХХ ғасырдың бас кезіндегі әдебиет», «ХХ ғасырдың 20-30 
жылдарындағы әдебиет» деген тақырыптарда шолулар беріліп, сол
қарсаңдағы қоғамдық-әлеуметтік өмірдің жай-күйі және оның әдебиет
дамуына тигізетін әсері айқындалды. 
ХХ ғасырдың әдебиетін сөз еткенде ең алдымен, ғасырдың бас 
кезіндегі қазақ әдебиетін ерекше атауымыз қажет. Өйткені, ол – Абай
дәстүр еткен ұлы үрдістен жалғасын тапқан басқа кезеңдерден 
бөлекше, қоғамдық ой-сананың қаймағы бұзылмай тұрғанда туған 
әдебиет. Сондықтан да бұл кезең әдебиеті қазақ даласындағы 
әлеуметтік қайшылықтарды ашып, халық өмірін сыншылдықпен де, 
шыншылдықпен де суреттей алды.
ХХ ғасырдың бас кезіндегі әдебиет сыншыл реализм айқын 
бедерленген кезең болып табылады. Сыншыл реализм ерекшеліктері 
М. Сералин, С.Торайғыров, С. Көбеев, т.б. шығармаларынан нақты 
көрініс тапты. Сөйтіп бұл кезеңде Абай реализмінің дәстүрі дами
түсті. Сондай-ақ осы кезеңдегі қазақ әдебиеті тарихи-әлеуметтік
қайшылықтарды көрсетіп қана қоймай, отаршылдыққа қарсы 
бағытталған күрескерлік ұлт-азатшыл идеяларды да алға тартты. 
Әдебиет дамуының бұл ерекшеліктерін Ахмет Байтұрсынов, 
Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, т.б. шығармаларынан
байқаймыз. Олардың шығармалары ресейлік отаршылдыққа, қоғам
өміріндегі надандыққа, әлеуметтік теңсіздікке қарсы бағытталды.



Жыраулардың 
жауынгерлік 
поэзиясындағы, 
Махамбет 
толғауларындағы ерлік пен күрескерлікті жырлау дәстүрі Ахмет 
Байтұрсынов бастаған ақын-жазушылар шығармаларынан жаңаша
жалғасын тауып, ерекше көзге шалынады. 
ХХ ғасырдың бас кезіндегі әдебиет күрделі саяси-әлеуметтік
мәселелерді алға шығарды, себебі, бұл кезде қазақ қоғамының
алдында өзінің болашағын таңдау, тәуелсіздікке қол жеткізу күн 
тәртібіндегі басты мәселе ретінде алға шыққан еді. Әдебиет осы
өзекті мәселені айта білді. Қазақ әдебиеті өзінің дәстүрлі
классикалық сипатында дамығанымен жаңашыл әдебиет өкілдері 
Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Бернияз Күлеев, т.б. оған
өзгеше леп қосып, жаңашылдықпен байытып, көркемдік мәнін 
биіктетті. Олар өздерінің эпикалық шығармаларында, лирикалық 
туындыларында халық өмірін кеңінен суреттеп, жан-жақты ашты. 
Бостандық пен азаттық аңсаған қазақ халқы замана өзгерісіне орай 
Қазан төңкерісінен, Кеңес өкіметінен көп жақсылық күтті. Қоғамдағы
осынау жаңаша даму барлық саяси-әлеуметтік қайшылықтарды 
экономикалық қиындықтарды шешеді деп білді. Сондықтан да 20-
30 жылдардағы қазақ әдебиеті қоғамдағы өзгерістерді жырлап, 
толыққанды көрсетуге ұмтылды. Осы кезеңде әдебиеттің жаңа буын
өкілдері Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, т.б. 
шығармашылықтары қазақ әдебиетінің биік деңгейін таныта алды. 
С.Сейфуллин Қазан төңкерісі негізінде келген ұлы өзгерістерді 
ерекше шабытпен жырлады. Осы тұста аса өнімді еңбек еткен Б. 
Майлин өз әңгімелері мен пьесаларында қазақ аулындағы кедейлер 
санасының өзгерісін терең ашып көрсетуге тырысты. Қазақ 
поэзиясының дүлдүл жүйрігі І. Жансүгіров сайын даланың тарихи 
образын жасап, өнер және өнерпаз жөнінде тебірене жыр төкті. 
20-
30 жылдардағы әдебиетте кейіпкерлердің көбі әлеуметтік
қайшылық және саяси күреспен астарланған тартыс арқылы 
көрсетілді. Сөйте тұра Жүсіпбек Аймауытов, Б. Майлин т.б. 
жазушылар шығармаларынан кейіпкерлердің нағыз реалистік 
сипаттағы табиғатын тануға болады. Олардың өзіне ғана тән



тағдыры, сүйініші мен күйініші, мінез-құлықтары, жан-дүниесі
шынайы ашылады.
ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті дамуының алғашқы кезеңінің 
тарихына арналған бұл электронды оқу құралында өткен ғасырдағы 
ұлттық әдебиетіміздің ұлы тұлғаларының шығармалары сөз болып, 
әдебиет дамуының үлгісіне баланар көркемдік-эстетикалық сапасы
жоғары туындылар іріктеліп алынып, рет-ретімен жүйеленіп 
ұсынылды. Олар 1900-1920 жылдар аралығы, 1920-1940 жылдар 
аралығы деген шартты түрдегі кезеңдерге бөлініп, сол кезеңдердегі 
әдебиеттің биік деңгейге көтерілуіне зор үлес қосқан 
шығармашылық тұлғаларға жеке тараулар берілді. 
Қорыта айтқанда, ХХ ғасырдың қырық жылдай уақытын қамтитын
кезеңде қазақ әдебиеті барлық жанрда жазылып, көркемдік-
эстетикалық тұрғыдан жоғары деңгейде дамыған әдебиет деп тануға 
лайық. Ол өзінің ұлттық сипатында гүлденген және бүкіләлемдік
мәдениеттен нәр алған қуатты әдебиетке айналды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   109




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет