Хх ғасырдың 20-жылдарында бүтін бір қазақ ұрпағының рухани, әдеби шамшырағы Абай еді



Дата19.12.2016
өлшемі287,71 Kb.
#4104
Кіріспе
ХХ ғасырдағы қазақ романы - әдебиетіміздің үлкен табысы, классикалық үлгідегі шынайы көркем туындылар. Әдебиеттің негізгі басты объектісі – адам. Сондықтан әдебиет кезеңдерінің дамуы - адамның психологиялық көркем толысуы деуге болады. Бұл тұрғыдан алғанда, көркем шығарманың қай түрі болса да, адамның іс-әрекетінің себеп-салдарын, сезім дүниесін өрбітеді, жан дүниесінің құбылыстарын көркем сөз құдіретімен өрнектеп, кейіпкердің өз заманына сай жай-күйін көрсетеді.

Роман – дүние жүзі әдебиетінде де жоғары бағаланатын күрделі жанр. Өмір құбылыстарын кеңінен көрсететін, қым-қиғаш әлеуметтік оқиғаларды адам тағдырымен байланыстыра суреттейтін роман - әдебиеттің нағыз шыңы, ең жоғарғы түрі. Роман жанры батыс елдерінде ХІХ ғасырда биік шыңға көтерілген еді.

ХХ ғасырда қазақ романы қалай қалыптасты, қалай дамыды? Реалистік роман жанрының мүмкіндігі де мол, стиль байлығы жөнінен де прозаның ең бір шоқтығы биік, күрделі түрі деуге болады. Ол өлеңге қарама-қарсы емес. Бірақ роман жанрында өлең фрагменттері де, тіпті өлеңмен жазылған роман да болады. Мысалы: А. С. Пушкин «Евгений Онегин», С.Торайғыровтың «Қамар сұлуы», «Кім жазықты?» атты шығыармалары осыған дәлел емес пе?!

Қазақ романы тақыр жерде, бір күнде пайда болған жоқ. Ол халықтың баяндау, әңгімелеу дәстүрінің бай үлгілері негізінде қалыптасқан. Ел өмірінің шынайы суреттерін бейнелеп, қоғамның әлеуметтік өмірінің әр қырынан сыр шертетін бұл шығармалар, әдебиет тарихынан лайықты орын алған туындылар деуге әбден негіз бар.

М. Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» (1910), Ж. Аймауытовтың «Қартқожа», «Ақбілек» (1926-1928ж.ж.) романдары –осы жанрдың жарқын үлгісі. Әдебиетіміздің кейінгі дәуірлердегі өркендеуіне жол көрсеткен, көркем прозаның дамуына өз дәрежесінде ықпал жасай білген, халықтың мәдени өміріндегі оң өзгерістердің алдыңғы сапында болған қаламгерлер шығармашылығының маңызы өте зор болды.

ХХ ғасырдың 20-жылдарында бүтін бір қазақ ұрпағының рухани, әдеби шамшырағы Абай еді.

М. Дулатов, Ш. Құдайбердиев, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, М.Әуезов шығармалары – нағыз класикалық әдебиет туындылары: жекелей ерекшеліктері, стилі, көркемдік жағынан бір-біріне ұқсамайтын, хас шебердің қолынан шыққандай ерекше дүниелер. Әдебиетіміздің саны емес, сапасы жағынан жаңа белеске көтерілген кезеңі еді. Адам жаны, оның арман-мүддесі, не үшін өмір кешті, неден қиналды, неге ұмтылды, кейіпкердің іс-әрекеті неге солай болды, не сезінді, қандай күйді кешті деген сансыз сұрақтарға жауап берген осы шығармалар арада жылдар өтіп халқымен қайта қауышты. Бұл –қайта оралған әдебиет. Бұл - шыншылдығымен, сыршылдығымен, сөз кестесінің әсемдігімен, көркем бояуымен сәтті шыққан дүниелер. Көркемдік стильдік ерекшелігімен, сөзімен ғана есте қалмайды, адами құндылықтардың мәселесімен есте қалады, бағасы да сонымен өлшенеді.

Қайта оралған жазушылардың стилі де бір күнде пайда болған жоқ. Қазақ прозасының жанрлық және стильдік дамуы ғасырлар бойы дайындалған, сұрыпталған, яғни бұдан бұрынғы қазақ эпостық жанрының дамуымен байланыста қалыптасқан. ХХ ғасырдағы қазақ прозасын жаңа белеске көтерген қаламгер Ж. Аймауытов шығармашылығы әдебиетіміздегі психологиялық роман жанрының бастапқы үлгілерінің негізін қалайды.

Ғасыр басындағы шиеленісті күрделі оқиғаларды игеруге талпыныс жасаған роман - ұлт-азаттық көтерілістің қазақ даласын дүр сілкіндіруін ғана емес, халықтың рухани дүниесінің жаңғыруын бейнелеген шығарма.

Жаңа заманның жаңа кейіпкерлерін бейнелеуде роман жанрының мол мүмкіндіктері бар еді.


ХХ ғасырдағы қазақ романының дамуы
«Қартқожа» романы 1926 жылы Қызылордада жарияланды. Әдебиет-тегі алғашқы қадамдарын ақын ретінде бастаған Ж. Аймауытовтың өз өмірі де, Қартқожа сияқты бас кейіпкер өмірі де үндесіп жасқан сияқты. Жазушы өзі туралы сауалнамасында: «Ақат ағамыз екеуіміз әрі молда, әрі етікші алғашқы, шимайшы, домбырашы болып өстік» - деп баяндайды. Сондықтан да роман сюжетіндегі оқиғалар өмінінің өзіндей нанымды, шыншылдығымен шырайлы, жазушының білімі, стильше бірлігі айқын көрінеді.

«Жүсіпбектің «Қартқожа», «Ақбілек», «Күнекейдің жазығы» сияқты көлемді прозалық туындыларының кейіпкерлері - әлеуметтік арпалыстар кезінде, тулаған толқынның үстінде өзіне жол тауып, жаңа өмірді жасауға ұмтылған жаңа қаһармандар. Қартқожа – жасынан қағажу көріп өскен, теңсіздіктегі ортадан шыққан қарапайым қазақ ұлы» деп жазады академик С.С. Қирабаев.

«Мен мұндай шешен, сөзге бай, ұшқұр жазушыны ешқашан көрген емеспін... Өз басым қазақта мұндай білімді. Жан-жақты дарынды жанды әлі кездестіргенім жоқ. Мен білетін Жүсіпбек тамаша жазушы, тұңғыш роман жазған драматург, ақын, аудармашы, режиссер, әнші, музыкант, ғалым, сынның негізін салған дарын» деп бағалайды Б. Майлин.

Жүсіпбек Аймауытов - шығармашылық еркіндікті жақтаған қаламгер еді. Сонымен қатар жазушының өмір сүрген дәуірі- тар жол, тайғақ кешкен қатерлі кезең, алмағайып, аласапыран уақыт еді.

Сол себепті Ж. Аймауытов та саяси қуғын құрбаны болды, ондаған жылдардан кейін, қайта құру идеясы нәтижесінде ақталған болатын.

Жүсіпбек Аймауытовтың «Қартқожа» романының көркемдік ерекшеліктері туралы талдамас бұрын, роман жанры туралы әдебиет зерттеуші ғалым, Алаштың ардақтысы, ұлт көсемі А.Байтұрсыновтың сөзіне жүгінелік. «Ұлы әңгіме, яки роман деп, тұрмыс сарынын түптеп, терең қарап әңгімелеп, түгел түрде суреттеп көрсететін шығармаларды айтамыз. Ұлы әңгіме жазушы көркем сөздің әуезі, толғау, айтыс – барша түрін де жұмсайды. Ұлы әңгіме жазуға үлкен шеберлік керек -деп айқындайды ғалым.


«Қартқожа» романындағы әлеуметтік теңсіздік мәселесі.
«Қартқожа» романының басты тақырыбы, көтерген мәселесі – ХХ ғасырдың басында қазақ даласында болған әлеуметтік, саяси төңкерістер, екі дәуірдің тоғысындағы қазақтың басынан кешкен сан қилы тағдыры. Жазушы өз романын: «жалынды жастарға арнаймын» деген эпиграфпен бастайды. Он бір жасар бала ауыл молдасынан хат танып, сауатын ашады. Жасына қарамай соншалық ұстамдылығына автордың өзі де қызыға қарайтындай. «Қартқожа» аты да жас балаға лайық та емес қой.» (25 б.). Қартқожаның үй-іші, отбасымен, әкесі Жұманның шыққан тегімен таныстырады. Есін біліп, көзін ашқаннан-ақ бала әлеуметтік теңсіздікті көріп, тұрмыс тауқыметін тартып, ерте есейеді. Еріккен бай балалары реті келсе болды, Қартқожаға әлімжеттік жасайды. «Әттең менің кедейлігім-ау? Әйтпесе солардың менен ақылы артық па? Зейіні артық па? Артық болса малы артық. Дүние шіркін-ай! Кегімді алатын күн болар ма екен?» деп, ішінен зығыры қайнап жүрді. Балаға жаны ашып отырған жазушыны осы жерде айқын танисың. Автордың өз кейіпкеріне деген сенімі де зор. Ол дүниеге де сол кейіпкер көзімен қарайды, соған арқа сүйейді, соны тірек ететін секілді. Сол Қартқожамен бірге мұңайып, бірге қуанады. Қартқожа аз ғана оқуын тамамдап, үлгілі ауыл молдасы атанады, құдайға барынша сеніп, дін уағыздарын да қатаң сақтайды. Бірақ қанша тырысқанымен әкесін де, өзін де кедейліктен құтқара алмады. Баяндаушы өз кейіпкерімен әлеуметтік бір сатыда тұрғандай. Бірақ біз романды оқи отырып Қартқожаның жаны таза, арманшыл, өзгеге де, өзіне де адал екендігіне сенеміз, жазушы бізді сендіреді. «Ол былтыр крестьянский нашалнктің перуатшігін көрген. Ол қандай еді? Үсті-басы аппақ! Сары ала түйме! Шашын қайырған».(28 б.)Бұл - көз алдымызда есейіп, өсіп келе жатқан сергек, еті тірі баланың сөзі.Қартқожа өз жолының айқындығын, дұрыстығын тағы бір дәлелдеп, өмірлік мақсаты – орысша хат тануды арман қалай армандайтынын көрсетеді. «Қартқожа» романы – классикалық үлгідегі тәрбиелік мәні бар романның тамаша үлгісін еске түсіреді. Мәселен ондай туындыларға С. Мұқановтың «Өмір мектебі», Л. Толстойдың «Детство», «Отрочество», «Юность» сияқты роман үлгілерін айтуымызға болады.

Бұл романдардың ерекшелігі сол, адамның тиянақты түрде ер жетуінің, саналы азамат ретінде қалыптасуының эволюциялық даму жолын көрсетеді. Көпшілік романдарда кейіпкерді жетілген, дайын, қалыптасқан шақтағы басты қаһарман етіп көрсетіді. Ал Жүсіпбек Аймауытовтың басты кейіпкері - аяқ астынан әкесіз қалған ауыл кедейінің өмірін, отбасын асырау үшін підияға қатысқан он үш жасар баланың басына түскен ауыртпашылықтарды, кедейлер көтерілісі сияқты аумалы-төкпелі жағдайларды бастан кешеді. Роман оқиғалары оның тағдырын да өзгертеді, қоғамдағы орнын да өзгертеді. Кейіпкер үнемі өсу, өзгеру үстінде. Қартқожоның сана-сезімі өзгеріп, іс әрекет үстінде есейеді. Уақыт пен заман Қартқожа өмірі мен тағдырында бетбұрыстар жасайды. Бұл - адамның қалыптасуы туралы роман. Ж.Аймауытов дүние мен адам өмірінің үндесуін, кейіпкердің өмір тәжірбиесінен үйренуін, сол өмірдің қатал мектебінен қалай шыңдалғанын, суреттейді. Бәрі де сол заманның, сол уақыттың шындығынан өрбиді. Жүсіпбек Аймауытов романының ерекшелігі қошаған өмір кейіпкердің сол заманға сәйкес бейімделуін, өмір заңын, өмірді тану мәселесін жан-жақты қамти алғандығында. Кейіпкердің есюімен қатар, қоршаған өмірі де өзгеріп отырады. Қартқожа өмірдің өзімен бетпе-бет қалыптасады, сол өмірдің де салтанат құруына игі әсер етеді. Роман кейіпкері де, автор да - екі дәуірдің тоғысында, яғни бірінен-екіншісіне өту дәуірінде өмір сүрген жандар.


Кейіпкер тұлғасы: есею, ер жету, жетілу жолы
Кейіпкеріміз өзінің дәуіріне сай жаңа тип ретінде қалыптасады. Адам санасының өсуі - жаңа қоғамдық қатынасқа сәйкес келеді. Жазушы 1916-20 жылдардың оқиғаларын тізбектеп сипаттайды. Біздің алдымызда бір қоғамдық құндылық талқандалып, жаңа, әлі түсініксіз құндылықтардың жинақтала бастағаны баяндалады. Ревалюция туралы ашық ештеңе айтпайды, басқа жазушылар секілді бір жақты идеяларды ұсынбайды. Бұл дәуірдің ұлы оқиғалары Қартқожаның сезінуі арқылы өтелі.

Осыдан барып прозалық шығармада ерекше лирикалық психологизм: жеке бастың әр түрлі өткеруі, жеке уайым-қайғы, тербелістер, толқулар орын алған. Жалаулаған әсіре ұрандарға, патриоттық декларацияға шама да болған жоқ. Оларға өмірді түсінудің өзі де оңай болған жоқ. Қартқожа үнемі кедейлік құрсауынан қалай шығуды ойлап қамығады. Жоқшылық пен қорлықтан қамығады. Сол қамығу, жабығу бара келе оны шыңдап, ширықтырып, шынықтырып, өз өмірі үшін батыл шешімдер қабылдауға қадамдар жасатады.

«Іздесең, табасың» деген нақыл оның ойында үнемі тұрады. Қартқожа қазағын, елін сүйеді. Барлық адам баласының мінез-құлқын, жүрегін бір қалыпқа соғып шығаруға, сірә, бола ма?...

Адамдарды тұрмыс, күн көріс талқысы билеп, басын қосады, жаңа белестерге біріктіреді. Қол бостық, жатып ішер, жалқаулық емес, еңбек, бейнет, түзетер – деп, тағы ойға батып, тағы кітапқа үңілген Қартқожа ақыр аяғында надандықты жеңіп, «еңбекті елге қылуға» дайын, толымды кейіпкер болып қалыптасады.


Диалог және монолог
Өмір құбылыстарын кеңінен көрсеткен, әлеуметтік маңызы зор шығарманың көркемдік ерекшелігін де ауқымды талдауды керек етеді. Романда монолог, диалог, пейзаж, портрет, драма, лирика бірімен-бірі тығыз қабысып, шеберліктің әр алуан үлгісін бейнелейді. Жазушының портрет жасау, диалог құру шеберлігі оқырманды бірден-ақ баурап алады. Диалог үлкен шеберлікті керек етеді. Әр кейіпкердің, әр адамның өзіндік тілі бар және оны дер кезінде тоқтату бар. Диалог-кейіпкердің ішкі өмірін ашатын ой түйіні, оқиғаны әрі қарай дамытып отыратын күш. Шығармаға ерекше энергия, қуат береді. «Жайланып отырған соң Нұрмағамбет би иегін көтереді. Ол көтерген соң, бір нәрсе айтқалы отырғанын сезіп, жұрт та көтереді.

- Қойдың ғой? Қапың жоқ па?– деді қысық көз, қу жақ қара сұр жігіт.

- Қойғанда қайда қоясың?– деп қоңқақ мұрын, секпіл бет жігіт, тасты бармағына қыстырып, қолы дірілдеп отыр екен.

- Қорықпасаң қойшы!– деп өршеленді қара сұр жігіт күлімдеп.

- Нығыман, қойып-ақ жіберші!– деді қасындағы біреу.

Ал қырын кетсең де, қойдым,– деп Нығман тырс еткізіп ұзын үйге бір басты. Қара сұр жігіт мұртын бір ширатып, жымың етті де, дауысын созып:

- Қо-ош енді! Қойсаң, мен сенің әкеңді танытайын!- деп дойбыға төніп, қоқиланды.

- Омай шіркін! Таныта ғой!..

- Алай барамын, былай барамын...- деп қара сұр жігіт қолын шошайтын, план құрды ды: «Же мынаны!» деп, бір тасты сақ ете түсірді.

- Ойбай, оңдырмады! Кетті күріш базарына!- деп шуласып қалды жігіттер. –Тұра тұр!.. Не дейді!- деп Нығман сасқалақтап, қойған тасын қайта ұстады.

- Қозғама қайтыс жоқ.

- Жоқ, қайтпаймын... қайтпаймын...- деп Нығман тасты орнына қойды.

- Көшен, сайранды салсайшы!- деді бұ жақтан біреу.

- Салғанда, мен салайын!- деп Көшен күліп, көзі жұмылып кетті.

- Мынау не қылайын деп отыр, ә?- деп Нығман бөгелейін деп еді.

- Же, же! Қоңқиған ит! Атаңның басына айналамысың?- деп гуілдесіп алды. Еркіне қоймады, жегізді. Нығман тағы бір жүрді. Енді жүргенде Көшен екі беріп, үш алып биге шықты. Жігіттер ду ете түсті. Нығманның басын уқалап жатыр.

- Ой, мұрның құрсын! Ой, аңғал ит!- десіп жатыр.

- Шақша қайда? Шақшаны әкел!- Шақша ұстаған қара жігіт шақшаны Көшенге берді. Насыбайдан айырылып, Нығман шоңқиды. Жігіттер олжа насыбайды таласып атысып, қарық болды.

- Ой, мұрның құрсын! Ой, аңғал ит! десіп жатыр.

-Уа, бозбалалар! Түстерің бұзылып, жүректерің алқынған көрінесіңдер. Шырықтарым, алқынбаңдар, аптықпаңдар. Жүректеріңді басыңдар! «Ашу кәпір, ақыл дос» - деген. Аптыққан адам ақыл таба алмайтын... – деп бір қойды. ... «Қайтіп ел-жұрт боламыз?...деп келе жатқанда, манағы сары ала қамшылы қара сұр жігіт ұшып түрегелді:

- Майда тілдің бізге бір тиынға керегі жоқ! Кінеге қайда? Спесік қайда? Қолымызға берсін! – деді.

- Кінегені берсін! – деп топ ду етіп түре келді...

- Кінегені неге көрсетпейді?

- Байлардың баласы наге жасын бұзады?

- Біз де бұзамыз, өзіміз жасырамыз.

- Болсы қайда? Алдымен соның басын мүжу керек. Кінегені қолымызға берсін!... Көреміз! Өртейміз! – деген дауыстар тұс-тұстан күжілдеді. Анда-санда ақсақалдардың да дауысы шығады.

- Жарықтарым-ау! Кінегені түзеткен кісі жоқ.

- Болыстың басы екеу дейсіңдер ме?

- Не қыл дейсіңдер?

- Болмайтын жұмысты айтпаңдар! Ақылға түсіңдер! Жігіттер тоқтамайды.

- Қан төгілсін демесе, кінегені қолымызға берсін! Қырғын қылымыз!...

- Нұрмағамбеттің баласы бара ма екен?

- Қабылдың інісі нешеде екен?

- Болыстың баласы неге бармайды? – деп шулайды жігіттер. Ақсақалдардың аузына құм құйылды.»

-«Е, әйда! – деп Қартқожаны дедектетіп ортаға алып барды. Кінегені қолына ұстатты. Қартқожа судыратып кете алмады. «Посемейный список» деген жазуды әрең дегенде тасымалдап шығарды.

- Сыртын қойып, ішін оқы! Менің атым бар ма екен? Мені қарашы! – деп жабырласты. Қартқожа ішін ашты. Киліккен жерден оқыды.

- Жылқайдар Малбагароп...

- Жылқайдар бар ма? Жылқайдар... – деп дауыстады қасындағы жігіттер. Жоқ. Қартқожа: Жненя... Күн... Жамал...

- Күнжамал бар ма?

- Қатынның аты емес пе? –Қартқожа: «Мат... Жения...»

- Тәйірісі, қатынды қойып, еркенті оқысайшы! – деп жігіттер анталап, алқымнан алды...

- Бәсе, Жұманның баласы қайдан жетіліп қалды десем...

- Осы не білуші еді... десті жұрт.»

Романда осындай жанды суреттер, өткір де ұшқұр диалогтар көптеп кездеседі. Жазушы диалогтың ең жанды жерін береді де, сөз жалғасын өзі саптайды. Диалогтар адам характерін, кейіпкер бейнесін ашудағы тімді де, сәтті шыққан сөз жүйесі екендігі айқын да анық көрінеді. Небір шебер әңгімешіге, яки баяндаушыға да осындай жанды диалогтың берері мол.

Жүсіпбек Аймауытов кейіпкеріне манологты да ретімен бере білген, оған дәлел Қартқожаның майданнан қайтқан сәтіндегі алып ұшқан, көңіл күйі, туған елге, үй ішіне деген сағынышты, леп үрген жүрек... Ертісті бойлап кемеде келе жатқан жас жігіттің жан дүниесіне автор да қосылғандай, лирикалық тебіреніспен толғайды.

«Туған жердің қадірін туғалы түзге шықпаған елдегі адам қайдан білсін?... Ыстық қой, шіркін туған жер! Туған жерге жеткенше қайтып дәтің шыдайды? Кім сағынбас өз қағын? Кім сүймес өз жерін? Сүймесе сүймес зердесіз, шерсіз жүрек, тілеуі бөлек жетесіз... Туғалы түзге шықпаған, бауырмал, әжесінің бауырында еркелеп өскен, үлбіреген балапан жүрек, Қартқожа қайтіп сүймесін?» Кең далада еркін өскен қазақ жұрты ел десе ішкен асын жерге қояды. Жүсіпбек Аймауытовтың кейіпкері де елжанды, қаны да, жаны да қазақты ту еткен адал адам.


Жазушының пейзаж жасау шеберлігі
Романның көркемдік ерекшелігінің бір қыры – жазушының пейзаж суреттері. Қартқожаның әкесі Жұманның аяқ астынан қайтыс болуының алдындағы қыстың басталуы-ақ бір сұмдыққа бастағандай сыңай танытады. Табиғат...

«Жаз өтті. Жауындатып, қара желдетіп, шөпті қуратып, жапырақты сарғайтып, елді әбігер қылып, ала сапырандатып күз өтті. Үсті-басы қырауытып, қылышын сүйретіп шықыр-шықыр етіп қыс келді. Биылғы қыс қатал болды. Боқырау болды, боқ қатты. Қарашаның қарын қаңтарға қосты. Ұдайымен алай-түлей ақтүтек боран соқты. Боран ашылса, шартылдаған саршұнақ аяз қысты. Жер сіреу қар. Жер көк сең,... малдың аяғын қызыл жосын қылып қиып тастады. Күн құлақтанып, шаңытқан ақ пердеге жасырынып, жаңа түскен келіндей ақ дидарын көрсетпеді.» Жыл мезгілдерінің суреті бір ырғақпен, бір әуезбен, теңеу, эпитет, ассонанс, аллитерациялық өрнектермен жып-жинақы, әрі шымыр жасалған сурет жазушының шын дарын иесі екендігін тағы бір көрсетеді. Көтеріліс алдындағы түнді жазушы: «Ай, қараңғы. Бұлт. Желтең қолды күпінің ішіне алын, бұйығып, күзетшілер тәтті ұйықтайтын жақсы түн. Қартқожа да ескі күпісін айқара жамылып, басын тұйықтап қорылдап жатыр еді.» - деп сипаттайды. Шырт ұйқыда жатқан жұрттың ойламаған жерден көтеріліске кісісуі де адам өмірінің табиғатпен етене үндестігін бейнелейді. Табиғат адам баласының өмір сүру ортасы десек, жазушының пейзаж жасау ерекшелігі халықтық сипатында жатыр. Қазақ халқы – табиғатқа өте жақын, оны тез түсінетін, табиғатпен тығыз байланыста өмір кешкен халық. Жазушы да сол табиғатты халық тілімен сипаттап, халықтың ойымен талдап,табиғат құбылыстарына халықтың көзімен қарайды.

Жүсіпбек Аймауытов жан-жақты зерделі адам ретінде, романда қазақ халқының жұлдызшылық, есепшілік қасиеттерін де ретімен бейнелеген. Жазушы жұттың боларын алдын-ала болжайтын, халықтың көнекөз білгірлерінің, түс жорығыш сәуегейлерінің сөзімен нанымды етіп баяндайды. «Қас қараяр-қараймаста, күнбатыста шатынаған, шақшиған, жалғыз көзді жан алғыштан жаман жарық жұлдыз шығады, күннен-күнге шарықтап, көкке өрлейді, жел қасарып, Темірқазықөтан таймай ызғырады да тұрады.

Енді жұт болмаған несі қалды?

Биыл жұт болады деп, күні бұрын есепшілер де айтқан: шөптің шығысы жаман, серейген-серейген еркек шөп, бидай бас, көде, боз қаптап кетті. Тышқанның шөп жинауы бұзық, інінің төңірегін тап-тақыр қып тастапты. Құмырсқаның илеуінің ортасы шұқырайып кетіпті. Сиыр далаға түнеп, жусамайды, кеш болса, ауылға жүгіреді. Жылқы ақырайып, тыраңдап жатпайды. «Малдың ындыны құрып барады, атау кересін» жеуге ассыққан немеше. Адал құс «ерте» қайтты... Биылғы жыл «Қоян» екенін де білді.»

Ала жаздай алаңсыз болып, қысқа дайындық жасамаған ел жұтқа ұшырайды. Табиғаттың осы тосын мінезі Қартқожаның да басына қара күн тудырып, әкесіз қалдыратындығын күні бұрын сездірген хабаршыдай болды. Оқиға желісі нанымды, ешбір боямасыз суреттерге, кейіпкердің басынан кешкен оқиғалардың шынайылығына шүбә келтірмейсің. Халықтың зердесі, бақылампаздығы, алғырлығы, дүние танымы оқырманға да ой салады.

Қазақ әдебиетінде пейзаждың классикалық үлгісін жасаған ұлы Абайдың әсері, өзіміз талдап отырған романда да «кездесіп», ел өмірінің суреттерін көз алдыңа әкеледі. ... «Шілде. Шағала көлдің ин тірескен ауыл, бықырлаған мал, жердің жүзін, көктің түрін сары, қызыл алтынға бояп, жаздың нұрлы қызыл күні белеңнен асыа, шеті қылтиып барады. Шаңдатып, топырлатып, жылқы шауып суға түсті. Жамыраған қой, азынаған сиыр, өкірген бұқа, айқайлаған бала, ауқаулаған қатындардың дауысы қосылып, көлдің басы ың-жың, у-шу, ауыл –ауылдың түтіні ұрандасып, ұласып, көл арнасын көк тұман басып тұр.

Жадыраған жаз елді де жаңғыртты. Ел мужыраған. Елде ес жоқ.» Ауыл өмірі, ауыл суреті үнемі қозғалыста, тіршілік қозғалысында.

Көшпелі тұрмыстың, еркіндіктің қазақ жұртының өтіп кеткен өркениетінің үздік бір суретін жазушы осылай сипаттайды.

«Батыстан шыққан шекпендей қара бұтл желді ішіне тартып, уілдей бастайды.

Торғай ұясына, тышқан ініне тығылып, жан-жануар бас сауғалау қамында... Жаулығы басына тірелген қатындардың айғайын дауыл жұлып әкетеді... Қозылар айрылып, бұзаулар бұға бастады. Иттер арба астында, ашамайдың панасына кірді... Жауын сабап тұр. Қартқожаның үйі жайрап жатыр... Төгілген айран, жарылған қарынды иттер жеп жатыр...» Осы үзіндіде жасаққа қосылған жігіттердің де басына қара күн туып, майданға қара жұмысқа алынатынын, қазақтың басына да қара бұлт үйіріліп келе жатқанын табиғаттың дүлей құбылысымен қатар алады.

«Қартқожа» романындағы сәтті жасалған деталь – жазушының портрет жасау шеберлігі.

«... Жасы 10-11 шамасы болар ма екен, қалай... Екі жеңі сауыс, бетінің бір жағы да сатпақ, көзінің бұлшығы да тазармайды. Сол баланың қақ-соқпен шаруасы жоқ, момақан, аңқау, көзі бажырайып, аузын ашып, мұрны қоңқиып отырғаны. Жасында болпиған, сүйкімді бір бала болады ғой, тап сол бала осы еді. Құдай оңдап, аты да түріне сай бола кетер ме? Қартқожа...»

Сол бала Қартқожа айналасын да бағдарлай біледі, көкейге әр нәрсені тоқи да біледі. Жазушының сипаттап отырған кейіпкері Әбілда перуатшік Қартқожаның көзімен баяндалады.

«Үсті басы аппақ! Сары ала түйме! Шашын қайырған. Аяғында әмірқан етік. Нашалніктің алдында аузы-аузына жұқпай судыратқанда, кісілер таң қалмаушы ма еді?! Әбілда перуатшіктің стражникті жеңіп кеткеніне Қартқожа қатты сүйсінген. Қазақта да мұндай жетік, орысшаға судай жетік кісі болады екен ау! – деп таңданған... Оның таза көрпе, жастықтың үстінде шынтақтап жатқаны, шылымын бұрқыратып, шай ішкені де бір керемет болып көрінген. Оның аты жоқ қолындағы алтын жүзігі де, ақ желеткесінің омырауындағы сағатының күміс бауы да, омырау қалтасынан қылтиып көрініп тұрған қара тарағы да бір түрлі жат болып көрініп, есінде қалған» -деп, арманшыл Қартқожаны Әбілда перуатшікке қаратып, қызықтыра түседі.
Портрет – кейіпкер жан дүниесінің айнасы
Жазушы портретті тек сипаттау үшін, сырт бейнені көрсету үшін емес, кейіпкердің ішкі жан дүниесін ашу үшін пайдаланады. Көркем портрет соған «көмектеседі». «Ай далада аттарын тұсап жіберіп, кітап оқудың қызығына түскен Қартқожа бейнесінде жазушы кейіпкерін тағы бір қырынан көрсетеді... Қартқожа сайын далада киімін шешіп, жайрап, көйлекшең, жалаң бас, көк шөпке бауырын төсеп, күнге қарап, қошқыл маңдайының тері шып-шып шығып, кітәбін оқып жатыр. Оның кітапқа ынталанғаны сонша, жан-жағына қарамайды, анда-санда мұрнын да тартып қояды, демін де білдірмей алады... ауылын да, басқа дүниені де ұмытқан. Оқыған сайын ажарланады, бет-аузы балбырап, иегін созып, көзін қадап, қағазды жеп қоятын тәрізді...» Оқуды арман етіп, сол мақсатын естен еш уақытта шығармайтын адал, ақ жүрек Қартқожаның жан дүниесі сондай сезімді бір қазыққы байланғандай, үмітін үзбей «оқимын» деп тағы да түйіндейді.

Кейіпкер оқырманды да өмірдің жақсылығына, қара түнектен кейін ағарып арайлы таң ататынына сендіргісі келеді, келешекке жетелейді.

Әдебиеттің адамға берер ұлы күші де осында болуға тиіс.

Роман кейіпкерлері бір-біріне ұқсамайтын, қайталанбас бейнелер. Қартқожаның әкесі – Жұман, Жүніс, Шәмкеш, Мұқаш, Нұрмағамбет би, Имақан, Дәрмен, Шәкіман, Өмірзақ, Әдепбай, Андрей, Әбден, Қасен, Гүлсім, Сұлтанмахмұт, Бәтіш тағы басқалары.

Жұманнан бастасақ, «Жұман – аз, нашар атаның тұқымы, момын адам, бес уақыт намазын оқып, шүкіршілік етер, иманды адам...

Нұрмағамбет би – сезімтал, сабырлы, қара басын алыстан ойлайтын, қу...»

Міне, осындай әркімге де өзіне лайық түр, сипат берілген.
«Қартқожа» романындағы психологизм
Әдебиетте сыртқы форма, ішкі мазмұн секілді түсініктер бар. Жүсіпбек Аймауытов романы - психологиялық роман. Романның стильдік өзгешелігі адамның жан дүниесі, ішкі дүние құрылымы тереңнен қамтылғандығында. Драмалық шиеленіс ширыққан шығармада кейіпкердің сезім толқындары қозғалыста, үнемі өзгерісте, дамуда, жетілуде беріледі.

Уфадан келе жатқан шәкіртке Шідербай оны-мұны ұсақ сұрақтарды жаудырта кісімсіп отыр еді, Қартқожа: «Құдайдың құдіреті-ау» Оған қалың берген , бермегені Шідербайға неге керек? Әншейін сөз таба алмағандық-ау!» деп ойлап отыр. Себебі оған оқу, мектеп жайлы сөздер жағымды еді, оның жетіле бастаған ой-санасы үнемі іс-әрекет үстінде көрініс табады.

Әкесі Жұман шаңырағының құт-берекесі болған, көк биесі өлген соң –ақ бірінен соң бірі қырсық шала береді. «Әкесі төмен қарап: «Қол-аяғымызды кестің бе?» деп еңкілдеп қоя беріп еді... «таңдайды бір жола ағартайын дегені ғой» деп, тағы да егіліп, зарланып жылап жіберді. Кімге айтылған? Аллаға ма? Өліп бара жатқан жануарға ма, болысқа ма? Өсіп келе жатқан Қартқожа көз жасын көрсеткісі келмейді, үйді айнала барып жылайды...

Бұл – мінездің қалыптасу кезеңі, ерте есею, жанындағы жақындарының осалдығын түсіну, сыйлау еді, яғни басқа адамның жан дүниесін білуге сергек қарайтын, нәзік жанның ерекшелігі. Ол кездегі прозада бұндай кейіпкер бола бермейтін.

Жазушы, яғни, баяндаушы романда өмірге өзінше бір жеке оқиғаның куәгері ретінде Қартқожаның сөзімен, Қартқожаның көзімен қарайды. «Ауыл маңы отта жүрген ерттеулі аттар. О жер, бұ жерде үйме-жүйме топтанысқан,бүкшеңдеп дәрет алысқан кісі... Дәуде болса, Әлімбайдың кемпірі тырапай асқан болар. Айтамын ғой, әнеки, кемпірді арулап, сүйекті қатындар алып бара жатыр. Мінеки, бақайына сүйінген шынжау ала жабағыны ала жіппен жетелеп, тоқты, торпақ арық саулықтарын сүйретіп, міне, біреулер де киіз үйге таман келе жатыр». (38) «Олардың артынан солбырайып,... бала мода жүрді. Аяғын баспай, неден құты кетіп барады? Кемпірдің өлгені осыған бата ма?... Ол не ойлап келеді? (38) Міне, сезімтал, мұсылманша білім алған Қартқожа «підияға» қатысқысы келмейді. «Ол қазыр сексенге келген кемпірдің күнәсін мойнына көтермек... кемпір болғанда қай бір жөні түзу, сүйкімді кемпір? Ауылды безер қылған бір қақпас. Япыр-ау, шынымен осы мыстанның күнәсін арқалағаны ма?» Осындай стильдік суреттер, кейіпкердің ішкі жан дауысын, оның өз-өзімен іштей құрған диалогы да бар: «Підиясы» құрысын! – отырмай қойсам қайтер еді? Онда бірақ үй-іші ұрсады-ау. әттең кедейлік-ай! Осы күнгі оқырманға ой салар небір салттардан көріністер берілген.

«Кемпірдің серейген сүйектері білеуленіп, сорайған түрінен шошып бала молда кіруін кірсе де, босағада қалшиып тұрып қалды... Ала сақалдың нұсқаған орнына, кемпірден аулағырақ, қоқиып отырды. Көзі бажырайып кемпірге қарап шығып барады. Қартқожаның балаң көңілі орнығып, енді өзінің молдалық міндетін мойындап, өзіне-өзі сеніп, тек өзі ғана осы сәтте жауапты екенін сенеді.»

Жазушы оқырманын естен бір сәтте шығармайды, оны бағалайды, оған сенеді. Кейде сол Қартқожа бастан кешкен дүние - әңгімешінің де өз басынан өткені, өзінің күйінгені, сүйінгені Қартқожа арқылы берілетін сияқты. Кейіпкер арқылы жаңа дәуірге белсене араласа бастаған қазақ интеллегенциясының қалыптасуын, даму, жетілу жолдарын баяндайды. Оқырман да «ардақты оқушылар» ретінде шындықтың көркем суреттерінің белсенді қатысуышысына айналып отырады.

Жүсіпбек Аймауытов Жүніс мұғалім мен Шәмкештің түнгі кездесуіне «көмек көрсетіп» екі жас үшін жанын «шүберекке» түйгендей болып «А-құдайлап!» Қартқожа отырғанын әрі сүйсіне, әрі қалжыңдай суреттейді.

Қартқожаның жан дүние серпілісі де, өмір құбылысын қабылдауы да -өзінше бір дүние.

«Түнгі дауыс жаңғырып, қандай анық естіледі! Қартқожа құлағын түрді. Анда-санда бір жерін естіп қалады «Патша жарлығы», «Ой, алла-ай!», «Бұ не деген сұмдық?» деген дауыстар естіледі. «Айқай молайды» (43). Жазушы өзі баяндап қана қоймады, жанды оқиға кейіпкерлерінің дауысымен сөйлейді. Майданға жігіттер алына бастаған кезде: «Қартқажа ойланды, өңкей қылқан кескендей қыршын жасты әкеткенде, бала-шаға, шал-кемпір неге тұлға болады?... 19-бен 31… Менің жасым кінегеде әлде нешеде жүр… 18… 19-ға таяу тұр-ау өзі… Тұңғышбай екен ғой, ол 25-те. Ойпырым-ау, ол кетсе, не болдық? Жоқ бірге туған бауыры, қуаты… ағасы өлмеу керек… Құда-ай! Сақтай гөр! Жаман сұмдықты ойламайыншы…» (46)Біздің алдымызда жай ғана баяндау ғана емес, ізденгіш, ойшыл жанның жүрек сөзі.

Жазушының шыншылдығы да сыршылдығы да осылай өрбиді. Кейіпкердің іс-әрекеті мен ішкі жан тербелісі, ой - пікірлері қабысып қатар өріледі. Кейіпкер жақсылыққа шақырып, үміт отын сөндірмейді.
«Қартқожа» романының тіл ерекшелігі
Қазақ әдебиетіндегі роман жанрының жүгін өз дәрежесінде көтерген «Қартқожа» романы – тіл байлығы мол, көркем туынды. Шығарманың стильдік құрылымы, көркем сөз кесте-өрнектері ұлттық тіл байлығын барынша шеберлікпен пайдаланған. «Қартқожа» романының өзіндік ерекшеліктері мол. Бұған дейін жарық көрген М. Дулатовтың «Бақытсыз Жамалын», Тайыр Жомартбаевтың «Қыз көрелік» , С. Көбеевтің «Қалың мал» , С. Торайғыровтың «Қамар сұлу» сияқты шығармалардан Жүсіпбек Аймауытов романы мүлде өзгеше дүние.

Өзгешелігі тек оқиға сюжетте емес, осы тіл байлығы мен баяндау стильінде,кейіпкерлерінің сөйлеу мәнерінде.

Жазушы характерді ашу мақсатында көбінесе сөз бояуын кейіпкердің өз аузымен, өз сөзімен келтіреді.

Жүсіпбек Аймауытов алғашқылардың бірі болып ұлттық сананың оянуын осы романға арқау еткен.

Өмір шындығын барынша көркемдеп жеткізуде жазушы да кейіпкерге өзіне лайық «сөз береді». Бозбала жігіттің сөзі баяндаушының, ересек адамның сөзінен айрықша. «Солдат алатын болыпты» деген суық хабарды естіген жігіттердің сөздері өздеріне лайық, жанып тұр. «Жар қабақтау келген жаурынды қара сұр жігіт, көзі қасқырдың көзіндей қып-қызыл, омырауын ашып, келдектей сары қамшысын білеп:


  • Егер бермеді бар ғой, қамшының астына алыңдар! – деді… Жігіттер болыстан кінегені тартып алуға бел байласты, шу етіп ашулы,. Ал ел ағасы Нұрмағамбет би:

  • Он сегіз мың әлемді билеуші бір құдай. Дүниеде құдай күшті. Құдайдан соң патшаның әмірі күшті… Арыстан айға шабамын деп, аяғын сындырыпты»… Бұл бір көпке келген селебе. Азамат басына түскен ауыртпалық. Бәрің де тістің суындай, көздің қарашығындай, жаңа пісіп келе жатқан көк өрім азаматсыңдар, баламызсыңдар, інімізсіңдер. Сендер кетсеңдер қабырғамыз қайысады, бүйіріміз бүгіледі… Саулық қойдың жасындай жасымыз бар, мына отырған бурыл сақалдар неге тұлға боламыз?» - деп келе жатқанда, манағы сары ала қамшылы қара сұр жігіт ұшып түре келді:

  • Майда тілдің бізге бір тиынға керегі жоқ! Кінеге қайда? Спесік қайда? Қолымызға берсін! – деді.»

Міне, желдей гулеген жігіттердің «аузына құм құйылған ақсақалдардың» сөздері оқиғаның драмалық тартысын ширата түседі. Қарап отырсақ, Нұрмағамбет бидің сөзі де орынды, нанымды, имандылық сөзі, әрі көркем, мақалдап, небір теңеу, шендестірулермен бұлқынған боздақтарға басу айтады. Бірақ жүген-құрық тимеген асау мінез қырдың баласы «майда сөзге» құлақ аспайды, дүниені төңкеріп тастауға әзір, от-жалын боп шарпиды.

- Сабыр етіңдер! Болысқа айтайық,! Айтқандарыңды істейік, - деп, топты тоқтатып болыстың үйіне кетті. Жігіттер желдей гулейді, судай толқиды, ду-ду етеді.» Жазушының стильдік ерекшелігі: халықтың мінез-құлқы, тілі мен ділі, ұлттық рухани дүниесін көркем бейнелейді. Сөз саптау, сөйлем құрұлысында иірімдері дәлдігімен, өткірлігімен жинақылығымен ерекшеленеді. Қазақ тілінде жиі кездесетін «отыр, тұр, жүр, жатыр» деген көмекші етістіктер жағаласып көп қолданылмайды. Жүсіпбек Аймауытовтың эстетикалық талғамы, тілінің байлығы қайнаған халықтың өз аузынан алынғандай, ара-тұра юмор, жеңіл сатираға да орын беріп қояды. Мысалы, Әлімбайдың «тырапай асқан кемпірі», «Оңбағанның саяғы түзде жүріп тебіседі» деген жолдар ауыл қазағының мінез-құлқын бейнелейді.

Романда халықтың өмір салты да нанымды бейнеленген. Әрі әнші, әрі балуан Дәрменнің өнеріне ел қызығады, батылдығы, ер мінез өрлігі қазаққа тән қызулығы қайды жатыр! Сол сияқты сапарға аттанған жігіттерге бата беру, аруақтарға дұға арнау, тасаттық беру сияқты жоғарғылардың суреттері бар. Жазушы «Жауынды күні ит пен бала құтырады», «Ел құлағы елу», «»Көппен көрген ұлы той» деп тағы сол сияқты мақал-мәтелдерге де орын береді. Табиғат көрінісін сипаттаудың бұрынғы әдістері авторды қанағаттандырмайды. Сондықтан жаңаша бір бояулар енгізеді, өрнектер-өреді. «Шағала көлдің беті айнадай. Сұлу құшқан жігіттей ай сәулесін құшақтап, көл жымың-жымың етеді. Көлді біреу көшіріп кететіндей, әлсін-әлсін қиқылдап, әлек болып қызғыш жүр. Кабинетінде отырып әмір еткен комисарша маңғазданып, оқта-текте аққу сұңқ-сұңқ етеді. Кәдеге таласқан қатындарша ию-қию болып, бажылдасып қаздар жартыр.»

Нәзік иронияға келгенде жазушының «ептілігі» байқалмай қоймайды. «Бұрынғы Қартқожа емес. Сымдай орысша киім, аяқта қу табан, Әбілдә тілмәш тәрізденіп шашын қайырып қойыпты. Орысша тілді де біліпті. Көшеде өтіп бара жатқан орыстарға қалпағын алып «іздрәсти» деп амандасып жүр, танымал кісідей олар да Қартқожаға басын шұлғып барады.» Сол сияқты, «Қара тақтайсыз мұғалім – тебенсіз кемпір... Үшкөлдің қара тақтайы болушы еді… Соны мен қай үйден көрдім? – деп ойшылар ойға жүгіртті.

- Кәзибенің апасы үлкен қазанына қақпақ қылдырып алған… – деді бір бала.

-Бәсе, сол үйде көрдім! Кәзибенің апасының үлкен қазанның қақпағын қазынаға алуға тура келді», - деген жолдарын нағыз қазаққа тән қалжың деп түсіну керек.

Қорыта келгенде Жүсіпбек Аймауытов роман арқылы халықтың жаны таза, арманшыл, «еңбекті сүйген, елі үшін күйген, ізгі тілек, ер жүрек» өкілдерінің бірі Қартқожа бейнесін жан-жақты, толымды етіп сомдаған. Сол Қартқожа арқылы әділетсіздік пен зұлымдыққа қарсы, надандыққа, жікшіл-рушылдыққа, қорлық пен зорлыққа қарсы тұра білген, қанша момын, төзімді болса да күні туғанда дүр сілкініп, сойқан мінез де көрсете білетін еркіндікті сүйген, сұлулықты бағалайтын, батыл, батыр, (Дәрмен сияқты) ақын жанды, тәңірі сиы деп білетін әншілікті, серілікті серік еткен қазақтың бейнесін ашып көрсеткен. Роман авторы ән өнерін ерекше бағалап, тәңірінің сиы деп түсінеді. «Ол қазақтың еркін күнін, ескі дәстүрін жоқтады, бұрынғы өткен ерлерді, батырларды, билерді жоқтады. Ол күндегі байлықты, берекені, бірлікті, ерлікті, серілікті өлеңге қосты.» (68) Жазушы халық тағдырына алаңдайдайды. Бір жағынан қазақтан шыққан жақсылар елдің қамын ойламай, шенге, шекпенге мастанып, елді қанап, пара жиып, жауыздыққа салынғанына кектенеді». Әңгімешінің сөзі арқалы автор көкейіндегі небір мұң-шерімен бөліседі. Жүсіпбек Аймауытов ойлары бүгін де көкейтесті мәселе емес пе?!

Халықтың болашағы, елдің ертеңін ойлайтын кімдер? «Жұрт жер шұқып қалыпты... Аузын ашып, қалшиып, көзінен аққан жасы бетін жуып отыр.» Бұл – рухани тазарудың белгісі.

Жүсіпбек Аймауытовтың «Қартқожа» романы – қазақ әдебиетіндегі роман жанрына қосылған үлкен үлес,өз заманының жүгін абыроймен көтере білген, уақыттың сынынан сүрінбей өтіп, халқымен қайта қауышқан асыл қазына.


Қорытынды
Ойымды түйіндей келсем, Ж. Аймауытов ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі ерекше құбылыс – психологиялық роман жанрының негізін қалаған шебер суреткер.

«Қартқожа» романы дәуірдің аумалы-төкпелі тарихының көркем көрінісі, әдемі жанры, тылсым сыры секілді. Басты кейіпкер Қартқожаның өмір жолы қарапайым қазақ баласының басынан кешкен хал-ахуал, жаңа заман адамының қалыптасу жолы. Жазушы өз кейіпкерін үлгі ете отырып, оны қоршаған ортаның да сыр-сипатын барынша нанымды түрде танытады. Әр заманның өз геройы бар. Халықтың қамын ойлайтын, жоғын жоқтайтындар кімдер? «Ел үшін күйген, еңбекті сүйген» Қартқожа, Дәрмен сияқты жаны таза, арманшыл, иманды, батыр, батыл жастар қалай қалыптасады?

Азаттықты асыл деп бағалайтын, әншілікті тәңір сиы деп, серілікті серік еткен сахараның еркін ұлдары қандай еді? Көшпелі өмір өркениетінде алаңсыз күн кешкен қазақтың жаны - ән, өнер. Сол рухани өзектің жарқын сәулесі де осы «Қартқожа» романында жарқырап тұрғандай.

«Екі» дәуір тоғысында есейіп, толысып, өз өміріне өзі басшы болып қалыптасқан жаңа заман адамы ретінде Қартқожа – үлгі-өнеге боларлық бейне.

20-30 жылдардағы қазақ интеллигенциясының өз халқына көрсеткен өлшеусіз еңбегі бар. Ж. Аймауытовтың басты табысы – қазақ жұртының тарихи кезеңдегі рухани тыныс-тіршілігін қаз-қалпында ешбір боямасыз мәндерінде көркем етіп суреттеуінде. «Әдебиетті өмір танытатын қуатты құрал» деп бағалаған А. Байтұрсынов сөзі осыған айқын дәлел болып табылады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі


  1. С. Қирабаев «Әдебиеттің ақтаңдақ беттері» Алматы 1995ж.




  1. Оқушы анықтамасы –« Ж. Аймауытов»




  1. А. Байтұрсынов «Әдебиет танытқыш» (280б.)

4. www.Google.kz.


5. А. С. Исмакова «Казахское художественное произведение», «Политика, жанр, стиль.» «Начало ХХ века и современность.»

Алматы «Ғылым» 1998ж.



Мазмұны

Кіріспе ---------------------------------------- 1-2


ХХ ғасырдағы қазақ романының дамуы --------------------- 2 -3

«Қартқожа» романындағы әлеуметтік теңсіздік мәселесі --- 3


Кейіпкер тұлғасы: есею, ер жету, жетілу жолы --------------- 4
Диалог және монолог --------------------------------------- 4-6
Жазушының пейзаж жасау шеберлігі ------------------------- 7-8
Портрет – кейіпкер жан дүниесінің айнасы ------------------- 9
«Қартқожа» романындағы психологизм -------------------9 -11
«Қартқожа» романының тіл ерекшелігі -----------------11 - 13
Қорытынды --------------------------------------- 14
Пайдаланылған әдебиеттер --------------------------------------15

Аннотация
Ғылыми жұмыстың тақырыбы: «Жүсіпбек Аймауытовтың «Қартқожа» романының көркемдік ерекшеліктері».
Ғылыми жобаның мақсаты: Жүсіпбек Аумауытовтың «Қартқожа» романындағы көркемдік ерекшеліктерді, бас кейіпкердің саналы азамат ретінде қалыптасу эволюциясын ашу.
Ғылыми жобаның болжамы: ұлттық мінез-құлық, болмыс, ұлттық дүниетаным, көзқарас, қазақ қоғамындағы әлеуметтік өзгерістер, сананың жаңаруы, рухани серпілістің маңызы.
Зерттеу кезеңдері:

  1. ХХ ғасырдағы қазақ романының дамуы

  2. «Қартқожа» романындағы әлеуметтік теңсіздік мәселесі

  3. Жас бала мен ересек адамның психологиясы

  4. Романның адамға психологиялық әсері.

  5. Адамгершілік қасиет – оны сақтап қалу оңай ма?



Ғылыми жобаның өзектілігі мен жаңалығы: Жүсіпбек Аймауытовтың «Қартқожа» романы бойынша жазушының тілдік ерекшеліктерін әдебиет тану тұрғысынан түсіндіру, әдіс-тәсіл шеберлігін көрсету, психологиялық роман туралы талдау.
Нәтижесі мен шешімі: қазақ прозасында халқымен қайта қауышқан, қайта оралған әдебиет ұлттың рухани өзегі болып табылады. Әдебиеттің адам таныту құралы ретіндегі рөлін ашуда жазушының сөз байлығына, тіл мәдениетіне үңілу.

Алматы қаласы Алатау ауданы №149 ЖББ мектептің 11 «А» сынып оқушысы Ташкенова Назираның «Жүсіпбек Аймауытовтың «Қартқожа» романының көркемдік ерекшеліктері» атты ғылыми жобасына



Пікір
Назира Ж. Аймауытовтың «Қартқожа» романның мазмұнымен танысып, талдай отырып, жас адамның қалыптасу, есею, шыңдалу жолының философиясын аша білген, бас кейіпкердің әрдайым өзіне, жақсылыққа сенуі, өмірге адалдық көзқарасын айқын ашқан. Жүсіпбек Аумауытовтың «Қартқожа» романындағы көркемдік ерекшеліктерді, бас кейіпкердің саналы азамат ретінде қалыптасу эволюциясын аша білген.

Ғылыми жоба романның көркемдік ерекшелігіне нақты мысал, үзінділер арқылы талдап, дәлелдеуге неізделген.

Жобамен жұмыс жасай отырып, оқушы көркем сөз, әдебиетте адами құндылықтарды бағалауға бейімделгені байқалады.

Ізденушінің тілі жатық, көркем сөз шеберлігі байқалады, ғылыми әдебиетті тиімді пайдаланған.

Назираның тіл мәдениетін, туған халқына деген сүйіспеншілікті бойына сіңіре білген, жаңа заманға лайық азамат болатындығына сенімдімін.
Ғылыми жетекші: Мүкеева Мәруар Қайыржанқызы.

11 «А» сынып оқушысы Ташкенова Назираның «Жүсіпбек Аймауытовтың «Қартқожа» романындағы көркемдік ерекшелігі тақырыбы бойынша жүргізген ғылыми зерттеу жобасының

ЖУРНАЛЫ



21.08.08


Ғылыми жоба тақырыбы Ташкенова Назираға берілді




10.09.08


Кітапханаға барып, материал жинақтау





07.10.08

Кіріспе бөлімімен жұмыс



18.11.08

Ж. Аймауытов туралы мәлімет



23.12.08.


Ж. Аймауытовтың «Қартқожа» романын оқып шығу





07.01.09

Негізгі бөлімін компьютерге теру



19.02.09.


Зерттеу бөлімімен жұмыс




25.03.09


Белгілі ақын, жазушылардың еңбектерін қарап шығу





16.04.09

Ақындардың сайтын қарау





07.06.09


Жарнамалардан, газет-журналдардан зерттеу бөліміне қатысты материалдар іздеу.




08.07.09

Зерттеу жұмысына байланысты суреттер іздеу


13.08.09

Зерттеу жұмысын қорытындыдау



20.09.09


Жобаға пікір жазу




28.10.09



Зерттеу жұмысын өңдеп, компьютерге теру



15.11.09

Жұмысты жүйелеп, тексеріп шығу



10.12.09

Ғылыми жобаға дайындық жұмысын жүргізу










Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет