Айтыс өнерінің зердесі
Айтыс өлеңдерінің әдебиет тарихынан алатын орны мен мәні ерекше. Өйткені, бұл жанр аса бай халық әдебиетінің ертеден-ақ өнімді де арналы жеке бір саласын құрап келді. Тіпті, ол бүгінгі өмірімізді бейнелеуге де елеулі үлес қосып отыр. Сондықтан бұл жанрдың суырыпсалма (импровизация) дәстүріне қарым-қатынасы мен өзіндік табиғи белгі-сипаттарын, оның сан ғасырлар бойы даму ерекшеліктері мен бүгінгі айтысқа жалғасу жолдарын, айтыстағы шындықтың орны мен көркемдік мәселесін арнайы зерттеу қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымының басты міндеттерінің бірі болып саналады.
Айтыстың дәстүрі бізден басқа қырғыз, қарақалпақ, алтайлықтармен қатар түрік елінде де бар, дегенмен олардағы айтыс дәл біздегідей көлемдік, көркемдік биік деңгейге көтеріле қоймаған. Мұның халқымыздың ғасырлар бойғы кәсіп-тіршілігі мен салтына, әдет-ғұрпына байланысты көрініс тапқаны ешбір дау туғызбайды. Сондықтан еліміздің рухани өмірімен ертеден біте қайнасып бірге жасап келе жатқан бұл қайталанбас өнер ұлттық мақтаныш ретінде бағалануға тиіс. [8]
Аты бірыңғай айтыспен танылып мәлім болған Кемпірбай, Құлан, Бақтыбай, Қашаған, Әсет, Құлтума, Тоғжан, Сара, Ақсұлу, Рысжан, Кеншімбай, Мықан, Жәмшібай, Тезекбай, Қожабай, Құлмамбет, Майкөт, Арыстанбай тәрізді ақындар мен суырып салып айту мен жазып шығару дәстүрін қатар ұстанған Нұржан, Бұдабай, Құлыншақ, Мұсабек, Майлықожа, Серәлі, Шәді, Мәшһүр-Жүсіп, Ақмолла сияқты шайырлардың, сондай-ақ ұлы аАбайға дейінгі поэзия өкілдері Шортанбай, Мұрат, Дулат, Шернияз, Базар, Махамбет, Шал шығармаларының шығармаларының өзіне дейінгітаза фольклорлық туындылардан да, Абай негізін қалаған жазбаәдебиеттен де табиғи бітім тұлғасы өзгеше екені мәлім. Бұларға жыраулық поэзияның Асан қайғы, Марғасқа, Шалгез (Шалкиіз), Доспамбет, Үмбетей, Бұқар жырау іспеттес өкілдері мен кейінгі Біржан, Ақан сері, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Мәди, Ыбырай, Естай, Мұхит тәрізді әнші – ақындарды да қосуға да болар еді. Бұлардың сан қырлы шығармашылығы халық әдебиетімен көп ғасырлар бойы қатар, жалғаса дамып, кейінгі дәуір талабына орай М.Әуезовше айтсақ, өзіндік беті бар аралық ідебиеттің (индивидуальное творчество) негізін қалады. Сөйтіп, осы арқылы әдебиетте авторлығы мәлім, өмірді бейнелеуде өзіндік бояу-нақышы, көркемдік тәселдері менқалыпты дәстүрі бар жаңа арналы поэзия пайда болды.[3.77 бет]
Айтыс қазақ даласында негізінен ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап айырықша кең өріс алып, мол серпінмен дамыды. Бұған сол тұстағы қазақтың көшпелі өмірі мен әдет-ғұрып салт-дәстүрі басты себеп болды. Рас, жазба әдеби дәстүрі мен театр өнері,туып қалыптаса қоймаған елде айтыстың қалың жұртшылық бас қосып, ден қоя тыңдап, одан эстетикалық ләззат алатын сауықшылдық сипаты да ерекше еді. Мұның үстіне, ол қолма-қол суырып салып айтатын тапқырлық, өткірлік қасиеттерімен де дараланады. Әлеуметтік мәні ұшталған бір алуан айтыстарды («Ақсұлу мен Кеншімбай», «Молда Мұса мен Манат қыз», «Әсет пен Ырысжан», «Біржан мен Сара», «Жамбыл мен Құлмамбет» т.б.) ел өмірінің көркем шежіресі, жинақталған, энциклопедиясы деуге де болар еді. [3.79 бет]
Қазақ халқының бай қалық әдебиетімен қоса айтыс өлеңдерін ғылыми тұрғыдан жіктеп, оның халықтық сипатын жан-жақты ашып талдау бұданкейінгі жазылған зерттеу еңбектердің үлесіне тиді. С.Мұқанов «Айтыс» жинағына жазған алғы сөзінде өлеңдерін халық өмірінің көрінісі, шындықты көркем бейнелейтін әдебиеттің бір мол саласы дей келіп: «... Одан (айтыстан – М.Ж.) халықтың қуанышы да, қайғысы да, саяси, шаруашылық тұрмысы да, мәдени дәрежесі де, заман идеологиясы да, әдет-ғұрпы да, жалпы әдебиеттік және жеке адамдардың қарым-қатынастары да, заманына лайық өрбіген тартысының, формалары да көрінеді» , - дейді. С.Мұқанов өз зерттеулерінде қазақ айтыстарын: 1) әдет-ғұрып; 2) Қайымдасу айтысы; 3) Жұмбақ айтысы; 4) Дін айтысы; 5) Ақындар айтысы деп топтастырғады. Бұл жерде автор жұмбақ айтысы мен дін айтысын жеке түр есебінде алып, оны тудырушыырдың да бір кезде ақындар болғанын, бұлардың мазмұн-сипаты жағынан алғанда жалпы ақындар айтысының бір түрі екенін есекере бермеген тәрізді.
Орта мекетпке арналған оқу құралдарында Қ. Жұмалиев айтысты: 1) Бәдік айтысы; 2) Жар-жар; 3) Мал мен адамның айтысы; 4) Өлі мен тірінің айтысы; 5) Жұмбақ айтысы; 6) Салт айтысы а) қыз бен жігіт айтысы б) ру айтысы 7) Осы күнгі айтыстар – деп жеті топқа бөледі. Мұнда ақындар айтысы салт айтысына қосылып талданып, өзіндік беті айқын, өзекті сала – ақындар айтысының ара-жігі ашылмай қалған.[3.81 бет]
Қазақ айтыстарының ерекше жанр ретінде танылып, ел арасынан жиналуы, баспа бетінде жариялануы және зерттеу нысанына алуы ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастау алады. Бұл ретте академик В.В.Радловтың «Жар-жар», «Жұмбақ», «Жанақ пен Түбек», «Ұлбике мен Күдері қожа», Шортанбай мен Орынбай», «Мәнек пен Опан қыз» айтыстарын, Ы.Алтынсарин мен Я.Лютштің хрестоматияларында «Жанақ пен бала», «Орынбай мен Қожа», «Болы-Толық пен Әзілкеш», Айдос пен Қарашаш», жыр тартыстарын атап өтуге болады. Мұнан өзге Т.Сейдалин мен С.Жантөриннің, Н.И.Гродековтың, А.В.Васиьевтің, М.Ивановтың т.б. Ресейдің орталық қалаларындағы, Түркістан өлкесіндегі баспасөз беттерінде, сондай-ақ «Түркістан уалаяты», «Дала уалаяты», «Қазақ», «Айқап» сияқты төл басылымдарда жиі жарияланып отырды. Сонымен қатар Қазан төңкерісіне дейін «Біржан мен Сара», «Айқын қыз бен Жарылқасын қожа», «Жүсіпбек пен Шөкей қыз» сынды айтыстар жеке жинақ ретінде Қазан қаласынан бірнеше рет қайталанып басылып келді.
Кеңес кезеңінің алғашқы жылдарында осы жанрды жинау шараларына Ә.Диваев, С.Сейфуллин, Ш.Сарыбаев, І.Жансүгірұлы т.б. зиялы қауым өкілдері белсене араласып, жаппай басылым көруіне мұрындық болды. Аталған шаралар кейін де жалғасын тауып, жеке жинақтар ретінде жарыққа шығып отырды. Бұған «Айтыс» топтамаларының 1942 (1-т.), 1965-1966 (1, 2, 3-т.), 1988 (1, 2-т.) жылдардағы томдары айғақты дәлел болады. Оған жекелеген халық ақындарының кітаптарындағы айтыстарды қосқанда, қанша мол мұраның кейінгі ұрпаққа қайта оралғанын аңғару қиын емес. Қазақтың айтыс өнерін ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап шет елдердегі қандастардың қолындағы жәдігерлер де толықтырып, халқымыздың осынау рухани құндылығын ұлықтауға, дамытуға атсалысқаны баршаға мәлім.
Қазақ айтысының суырыпсалмалық (импровизациялық) өнердің ерекше дамыған биік шыңы екендігін, оның ұлттық сипаттарын дәлелдеу үшін жазылған зерттеулер ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап жарияланып, Ресей, Еуропа ғалымдарын таңдандырып тастаған еді. Әсіресе, олар жұмбақ айтыстарды суырыпсалма өнердегі аса ірі құбылыс деп түсінді. Мұндай жыр сайысына түсу үшін айтыскердің бойында ақындық дарынмен қатар үлкен тапқырлық, білгірлік қасиеттер қалыптасуы керек. Айтыс кезінде жасырылатын жұмбақтың қаншалық терең болғанына қарамай, оның жауабын қолма-қол, табан астында жүйелі көркем тілмен қайтару айтыс ақындарының барлығына бұйыра бермейтін биік зердені қажет етті.
Жоғарыда айтылғандай, айтыс мәтіндерін жинау, сақтау, жүйелеу, жариялау, зерттеу үрдісі Кеңес кезеңінде ерекше қарқын алды. Себебі ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін айтысты ұлттық өнер ретінде қадірлеген, ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткен осы қасиетті дәстүрді жеткізуші, дамытушы Жамбыл, Шашубай, Нартай, Кенен, Үмбетәлі, Саяділ сияқты ондаған ақындардың көзі тірі еді. Олар отызыншы жылдардағы ойранды жылдары да, ел басына күн туған Ұлы Отан соғысы тұсында да қолдарынан домбыраларын түсірмеді, отты жырлары арқылы үзіліп бара жатқан қарапайым жандардың келешекке деген үмітін жалғады. Өшіп бара жатқан өнерді қайта жандандырып, жадтарында сақталған айтыс мәтіндерін хатқа түсіртті. Осы жанашырлық әрекеттердің нәтижесінде Қазақстанның Ұлттық, Орталық ғылыми кітапханаларының, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының сирек қорларында жүздеген жәдігерлер жинақталды. [9]
Бүгінгі таңда аталған қорларда шығу төркіні үш ғасырды қамтыған бір жарым мыңнан астам айтыс пен олардың ішкі жанрлық түрлері, версиялары, нұсқалары сақталған. Бұны жүздеген жылдар бойы қалыптасып, шарықтай дамып, ұлттық мұраға айналған айтыстың оннан бір бөлшегі деп санауға болады. Себебі халқымыздың рухани құндылықтарға деген салғырт мінезі, қоғамның әр кезеңдеріндегі саяси-идеологиялық түйіткілдері олардың толық, сапалы түрде хатқа түсуіне, түпнұсқа негізінде жариялануына кедергілер келтіріп отырды. Бірақ халқымыздың жадында «барға – қанағат», «қанағат қарын тойдырар», «ештен кеш жақсы» деген ұлағатты ұғымдар жатталып қалған. Осы саланы іргелі түрде зерделеген ғалымдардың пікірлеріне қарағанда, Қазақстан мен дүниежүзінің өзге де елдеріндегі қандастарымызда сақталған мәтіндерден 20-25 том көлемінде «Айтыс» жинақтарын жарыққа шығаруға мүмкіндіктер бар.
«Қазақ халқымен ғасырлар бойы бірге жасасып, оның рухани өмірінен елеулі орын алып келген осы айтыс жанрының Қазан төңкерісіне дейін дәл қазіргідей мол жиналып, зерттелмегені жоғарыда ескертілді. Алайда, сол тұстың өзінде-ақ халық бойындағы сарқылмас суырыпсалмалық дәстүр мен айтыс өнерінің қоғамдық-әлеуметтік маңызын дұрыс бағалап, ол жөнінде алғаш ғылыми ұстамды пікір айтқан қазақтың тұңғыш ғалымы, ағартушы-демократы – Шоқан Уәлиханов еді». Бұдан кейінгі кезеңдерде орыс оқымыстылары В.В.Радлов, А.В.Васиьев, Г.Н.Потанин, Н.Рычков, А.Янушкевич, П.Н.Распопов, сондай-ақ қазақтың төл ғалымдары А.Байтұрсынұлы, Х.Досмағамбедұлы, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, С.Бегалин, З.Ахметов, З.Қабдолов, С.Қасқабасов, М.Жармұхамедұлы т.б. қалам тартып, айтыстың жанрлық сипатын, синкреттік табығатын, көркемдік ерекшеліктерін жан-жақты ашуға қол жеткізді. Әсіресе, профессор М.Жармұхамедұлы бұл салаға байланысты ұзақ жылдар іргелі зерттеулер жүргізіп, монографиялық еңбектер жазды. Ол айтыстың жанрлық сипатына байланысты бұрынғы-соңды зерттеулерді зерделей келіп, оны мынандай ішкі түрлерге жүйелейді:
1) “Салт-әдет және мысал айтыстар”: а) “Бәдік айтысы”, ә) “Жар-жар” үлгісіндегі айтыстар, б) Қыз бен жігіт айтыстары, в) Қайымдасу және қағысулар, г) Мысал айтыс; 2) Ақындар айтысы: а) Дін айтысы, б) Жұмбақ айтысы, в) Жазба айтыс. [9]
Айтыс – халықтың тұрмыс салтымен, этнографиялық болмысымен тығыз байланысты өрбіп отырғанмен, кейде қоғамдық санамен де астасып кететін өміршең жанр. Бұған бірнеше дәлелдер келтіруге болады. Біріншіден, қоғамның дамуына және сұраныстың болмауына байланысты жоғарыда көрсетілген айтыстың бірнеше түрлері қолданыстан шығып, ұмытыла бастағаны аңғарылады. Мәселен, бәдік айтысы әу баста төрт түлік малға келген ауру-індеттерге байлданысты туып, бара-бара жастардың ойын-сауық кезіндегі әзіл-қағыстарға ұласқан болса, кейінгі бір ғасыр аясында ауызға алынбай, ұмытыла бастаған. Ал үйлену салтына қатысты айтылатын жар-жар үлгісіндегі айтыстар да сипатын өзгертіп, келін түсіру кезінде жалпы тойшы қауым қосылып орындайтын қысқа жыр кейпіне түсіп қалғандығы белгілі. Қайымдасу мен қысқа қағысу айтыстары да әдетте қыз бен жігіттің, болмаса жеңгесі мен қайнысының бір-бірін дәріптеп мақтасуынан, яки әжуә-күлкі етіп тиісе қағысуынан басталады. Мұның көне үлгілерінде бастапқы екі жол екі жаққа бірдей бастан-аяқ өзгеріссіз қайталанады да, айтылар негізгі ой соңғы, шешуші тармақтарда ғана беріледі. Бұл ерекшелік қайымдасудың әуел баста түр-мазмұны жағынан тым қарапайым, жаңа талап жастарға құрастырып айтуға мейлінше жеңіл болғанын аңғартады.
Мысал айтыстардың негізі жеке авторларға тән болса да, айтушылары біртіндеп ұмытылған соң, халықтық туындыларға айналып кеткенін аңғару қиын емес. Тіпті, ХХ ғасырдың алғашқы жартысында мысал айтыстарды шығарушылары туралы мәліметтер де жиі ұшырасады. Көшпелі елдің тұрмыс-күйі мысал айтыстар арқылы сан-алуан тақырып маңында өрбіп отырады. Әдетте, халықтың әлеуметтік тұрмыс жағдайы төрт түлікпен өлшенетіні белгілі. Бұл тұрғыда жаны малының садағасы болған қазақ үшін басты жау – жыртқыштар. Адам мен қасқыр арасындағы айтыстың мол болатыны да сондықтан. Ер қанаты болған аттың иесімен сырласуы да ит-құстан кем түспейді. Барлық мысал айтыстардаң мазмұндық сипатына үңіле қарағанда, айтушының тұрмыс-тіршілігінің (кедей, жетім, жесір, қойшы, таз, т.б.) белгі-нышаны байқалып отырады. Осыған орай ақындар дәулеттілер мен билік иелеріне деген ішкі қыжылын, қарсылығын білдірудің құралы ретінде айтысты ұтымды пайдаланған.
Аталған мысалдарға қарағанда, “Салт-әдет және мысал айтыстарға” жататын жыр тартыстарының көпшілігі жастар арасында өтетіндігі, дәлірек айтқанда, келешекте ірі ақындар айтыстарында бақ сынайтын талапкерлердің өсу баспалдақтары, шыңдалу мектебі іспетті болған. Өкінішке орай бұл айтыс түрлерінің «Қыз бен жігіт айтысынан» өзгесі ұмытылып, бірнеше ұрпақтың жадынан шығып қалды. Сондықтан жанрдың осы түрлерін заман үрдісіне қарай жаңғыртып, халыққа қайтару бүгінгі ғалымдар мен мәдениеттанушылардың азаматтық парызы болып қалма бермек.
Ақындар айтысының тарихына тереңірек көз жіберсек, бұл дәстүрлі өнер Қазақ мемлекетінің тәуелсіздігіне қауіп төнген жоңғар шапқыншылығы кезеңінде ұзақ уақыт үзіліп қалғанымен, ХҮІІІ ғасырдың аяғында қайта жанданып, ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап дамудың шарықтау шегіне жеткенін көруге болады. Қазан төңкерісінен кейін де саябырсып, «балапан басына, тұрымтай тұсына» дегендей заман туғаны белгілі. [10.7]
Әр кезеңдерде осы өнердің үзілмеуіне ұйытқы болған, жанашырлық танытқан зиялы қауымның өкілдерін де ұмытпауға тиіспіз. Бұл ретте М.Әуезов, Е.Ысмайылов бастаған ғалымдардың, классик жазушылар Ғ.Мүсіреповтің, С.Мұқановтың, Ғ.Мұстафинның, сексенінші жылдардан бері айтыс ұйымдастыруға тер тегіп жүрген ақын Ж.Ерманның, қоғам қайраткерлері Ө.Жәнібековтің, Н.Оразалиновтың есімдерін ерекше атап өткен орынды.
Қай дәуірде болмасын айтыстың ішкі мазмұны сол қоғамдағы халықтың тұрмыс-тіршілігіне, саяси-әлеуметтік жағдайына, кемшіліктері мен жетістіктеріне байланысты өрбіп, көркемдігі жағынан биік белестерге көтерілді. Сөйтіп, әдебиет тарихында дәстүрлі сөз өнерінің жалғасы ретінде жазылып қалды және халқымызбен мәңгі бірге жасай беретініне ешкімнің де күмәні жоқ. [10.8 бет]
Достарыңызбен бөлісу: |