Хор орындау негіздері, құрамды хор және хор сыныбы


,4 - тақырып: Студенттерді қазақ және шетел сазгерлерінің озық шығармаларымен сондай – ақ халық әндері мен халық сазгерлерінің шығармаларымен таныстыру



бет16/40
Дата06.02.2022
өлшемі0,53 Mb.
#79390
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   40
Байланысты:
Хор жүргізу кітабы

3,4 - тақырып: Студенттерді қазақ және шетел сазгерлерінің озық шығармаларымен сондай – ақ халық әндері мен халық сазгерлерінің шығармаларымен таныстыру
Жоспар:

  1. Қазақ халық әндерінің ерекшелігі

  2. Қазақ сазгерлерінің хор жанрындағы шығармаларына тоқталу

  3. Халық әндерінің тақырыптық мазмұны.

Кез- келген халық музыкасының фактуралық мазмұнын таңдай білу және халық әндерінің үн ерекшелігін сақтап келтірудің мәнісі зор. Қазақ халқы өмірінде ән өнері халық тұрмысында кеңінен пайдаланылған, сонымен қатар, рухани айнымас серігі болып келеді. Мәселен, халқымыз жиын- тойларда қосылып ән салуға селқос қарамаған. Өзіндік тұрмыс- салт дәстүрлеріне, әдет- ғұрыптарына байланысты халық әндерінің көптеген жанрлары бар: бесік жыры, тойбастар, жоқтау, беташар, сыңсу, жарапазан т. б. Бұл қарапайым әндер жеке дауыста ғана емес, музыкалық жанрлардың күрделі формасында да өз орнын тапқаны бәрімізге мәлім. Олардың алғашқы бастамасын қалаған халқымызға еңбегі сіңген белгілі сазгерлер Е. Брусиловский, Л. Хамиди, А. Жұбанов, Б.Байқадамов, М. Төлебаев т.б жасады.
Қазақ сазгерлерінің шығармашылығында операда халық әндерін қолдану XIX ғ. орта шенінде етек жайған. Оның маңызына тоқталар болсақ, ұлтымыздың музыкалық өнеріне тән дәстүрлі жанрларына жазылған халық әндері операға жаңа идеялық-эстетикалық мазмұн берген туындылар. Сондықтан болар, хорға өңделген ән жаңа бір бояуға ие болады, маңызды орын алады.
Опера өзінің драматургиясы бойынша лиро- эпикалық шығармаларға жатады. Музыкалық-сахналық дамуының негізгі өзегінде лирикалық драма жатыр. Ал эпикалық бастамасы, ертеде өткен оқиға ретінде драманы көмкеріп тұрады. Операдағы хорлар үлгісі көбінесе халықтың ырқын, оның мінез- құлқын және көпшіліктің қалауларын суреттейді.
Халық әндерін өңдеу сазгерлер үшін өте үлкен іздену, үйрену мектебі болғаны сөзсіз. Қазақтың профессионалдық музыка өнері 1926 ж. тұңғыш драма театры ұйымдасуынан басталады. Көп дауысты хор коллективі де алғаш осы театрда ұйымдасты. Халықтың бай музыка қорын шығармашылықпен меңгеріп, профессионалдық музыкаға арқау ету – ешбір шектелмейтін, тоқталмайтын процесс. Республика сазгерлері халық әндері мен күйлерін өңдеудің небір тамаша үлгілерін жасады. Олардың кейбіреулерінде сазгерлік еркін өңдеудің ең біржоғары түріне ден қойып, тілін, тұлғасын, күрделеніп жазылу және айтылу стилін аспаптық шығармаларға теңейді. Мәселен, «Харарау», « Майра», «Айттым сәлем Қаламқас» т.б сияқты ежелден жеке дауыспен айтылып келген көптеген әндер кезінде жаңа бір реңге ие болды. Кейде сазгерлер әндердің жалпы стилін мұқият сақтауларымен қатар, кейбір айырықша, интонациялық ұтымды жерлерін түрлі хор нюанстары арқылы ерекше көрсетеді. Сазгерлер әнді өңдеген кезде түрлі ұлттық дәстүрден туатын шағын әуез, қайталау, кейде саздық бөлшек буындарынан тарайтын әуендік ерекшеліктеріне де назар аударады./1/
Отызыншы жылдар басында аспаптық (фортепиано) сүйемелге жазылған халықтық ән өңдеулері арасынан кәсіби деңгейі жоғары, шынайылығымен ерекшеленетін полифониялық құрылымдағы төрт дауыстылықпен кейін енгізіліп , қазақ әндерінің жақсы үйлесетіндігін көрсетті. Тәжірибе полифониялық формадағы әдістің тиімділігін сол кездің өзінде дәлелдеді. Полифониялық тәсілдердің кең түрде негізделген көпдауыстылыққа арналған өңдеу кезеңдері отызыншы жылдардан бастап, күні бүгінге дейін жалғасын табуда.
Халық әндерін өңдеуді сазгерлер мен хор жетекшілері еш уақытта тоқтатқан емес. Қазіргі кездің өзінде халық әндерін өңдеу барысында шығарманың жалпы стилін, характерін мұқият сақтай отырып, көркемдік мәнерліліктің қажетті құралдарының бірі- екпін, ырғақ, ағымға, әуендік, саз күшіне көңіл бөледі./3/
Халық әндерін аса сәтті өңдеп, хор үнділігіне айтарлықтай жаңалық енгізуде сазгерлер тынымсыз еңбек жасады. Мәселен, белгілі сазгер Б. Байқадамовтың шығармашылығында хорға арналған музыка маңызды орын алады. Ол бейнелеудің нақтылығымен, тартымдылығымен, мәнерлеу мүмкіндігімен композиторды еліктіреді. Барлық хор жанрларының ішінде Б. Байқадамов аспаптық сүйемелсіз орындалатын хорларға көбірек назар аударды. Әсіресе, қазақтың халық әндерін негізіне ала отырып шығарған сюиталарыөте қызыкты.Мысалы:«Той базар»,« Майраның әні»,« Жариям-айдай», «16 қыз», « Жеңеше- ай», « Ахау», « Семей», « Құдаша- ай », «Егигай» әндері. Халық әндері хорға өңдеу арқылы әсерлі әуезділігін күшейтеді.
«Жариямайдай» әнінің әуені сопранода берілген, басқа дауыстары оны әсерлеп, байыта түскен. әсіресе, ең төменгі бас партиясы жүрдек келеді, ал тенор сопраноның әуендік фразаларына еліктейді. Б.Байқадамов хорға өңдеген көптеген халық әндерінде көп дауыстың әр қырлы мүмкіндіктерін орынды пайдалана білді. Өңдеген әндері халық арасына кеңінен тарады./2/
Осы ретте Қазақстан опера өнерінің көрнекті тұлғаларының бірі М. Төлебаевтың операсы музыка мәдениетінің алтын қорына кірді.М. Төлебаевтың «Біжан- Сара» операсындағы халық әндерінің мәні ерекше. Онда «Харарау», «Гүлдер-ай», «Шұбар ағаш, ой жайлау», «Сұрша қыз», «Гаухар қыз», «Сапар», т.б. халық әндері кейіпкерлерді бейнелеумен қатар, шығарманың негізгі идеясын айқындай түседі. Ән үнінің дамуы арқылы музыкалық көріністердің өзгеру процесін көрсетеді.
I ші көріністегі Біржан партиясындағы «Харарау» әнін кейіннен IV ші көріністе Естайдың партиясы естіледі. Естай- нағыз халық әнші- ақынының кейіпкері. Мұндай сарынды байланыс Біржан мен халық бейнелерін бірлестіріп тұрады. Ал басқа жағдайда керісінше: Жаяу Мұсаның «Құлбай» әні халықтан Біржанға ауысып, жақын бейнелерді бірлестіруге көмектеседі. III-ші көріністе тұрмыстық жанрды байқататын халық әндерінің тікелей мәнісі зор. «Біржан- Сара» операсындағы ән, музыкалық материал есебінде кейіпкерлерді бейнелеп, олардың қарым- қатынасын нығайтады десек те қателеспейміз. Кейбір әндер лейтмотивті тақырыпқа айналып, драматургиялық жағдайды ашады. Халық әндері композитордың түпкі ойының негізгі элементі. Сондықтан, «Біржан- Сара» операсын – опера-ән ретінде сипаттайды.
Опера өнеріне айтарлықтай үлес қосқан, белгілі сазгер Ғ. Жұбанованың «Еңлік- Кебек» операсында да халық әндерінің маңызы үлкен. Бірінші көріністе Еңліктің әуенімен ұштасқан халық әні « Туған жер» махаббат әуенімен жақындасады. Төртінші суретте халықтың ырқын, сезімін білдіретін қасіретті хор үні естіледі. Еңліктің лирикалық бейнесі халық сарынына жақын және халық әндеріне негізделген әуендер арқылы суреттеледі. Хордың ерекше драматургиялық рөлі халықтың жоқтауында, реквиемінде анық көрсетіледі. Жоқтау фугато ретінде құрылған.
Халық әндерін хорға өңдеуде зор еңбек жасаған, әрі дирижерлық қызмет еткен өнер қайраткері –Д. Мацуцин. Тамаша, сәтті шыққан өңдеулерінің бірі « Сұржелеңге» халық әні аспақтық сүйемелмен айтылатын аралас дауысты хор шығармаларына айналуы. Сазгер бұл шығармада тұрақты фактуралы гармониялық аккорд негізімен әуенді ерекшелеп көрсетуді мақсат етеді. 1933 ж. Д. Мацуцин М. О. Әуезовтың «Еңлік –Кебек» пьесасына оннан астам халық әндерін өңдеп жазады. Бұдан басқа да «Дудар-ай», «Майраға» т.с. с. шығармалары қазіргі күннің өзінде сахана төрінен түскен емес./5/
Халық әндерін өңдеуде Б. Ерзакович есімін де айта кеткеніміз жөн. 1933-1934 жылдары екі дауысты әйелдер хорына арналған «Кең сарай» және «Уридай» халық әндерін өңдеді. Автродың өңдеуіндегі «Ақбақай», «Бір бала», «Қара торғай», «Шапибай-ау» әндері де тамаша өңдеуден өткен.
Белгілі сазгер С. Мұхамеджановтың хорға лайықтап өңдеген халық әндері халық әндерін өңдеуде зор мәнге ие. Мәселен, «Жұмбақ қыз» операсындағы «Тартыңдар, садақты тура көздеп!», сонымен қатар «Тұтқындар зары» т.б әндері тамаша өңдеулерден өткен.
Қазақ халық әндерін хорға лайықтап өңдеуде Қазақстан сазгерлерімен қатар басқа да ұлт өкілдерінің сазгерлері ат салысты. Полифониялық тәсілді кең ауқымда қолданған сазгер Л. Хамидидің «Харарау» әніне жасаған қысқаша музыкалық талдауынан- ақ шығарманың күрделі екені байқалады. Оның «Сәулем-ай», «Айнамкөз», «Шіркін-ай», «Ахау», т.б. халық әндерін өңдеуі шеберлік пен мәнерліліктің белгісі іспеттес.
Е.Брусиловскийдің өңдеген «Баянжан», «Ақтамақ», «Қараторғай», «Бипыл» әндерінде қазақтың халық музыкасының ән-әуен, ырғақ оралымды творчестволықпен пайдаланып, кәсіби музыкаға тән даму әдістері кеңінен қолданылған. Халық әндерін хорға лайықтап өңдеуде Тен Чу есімінің де маңызы ерекше.
А.В.Затаевичтың бүкіл шығармашылық жолы қазақ халық музыкасымен тығыз байланысты. Орыс музыкасындағы хор өнерінің қайраткері, сол кездегі Ленинград (қазіргі Санкт- Петербург) мемлекеттік консерваториясының профессоры А.А. Егоров отызыншы жылдардың бас кезінде А. В. Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні»жинағынан «Гүлзейнеп», «Ардақ», «Әншіге», «Махаббат» әндерін әйелдер және аралас хорға лайықтап өңдеді. Сазгер қазақ әуенінің сырын терең түсініп, олардың ұлттық бояуы мен түрлі әуез ерекшеліктерін сақтай білді. 1925-1930 жылдары «Миниатура формасында өңделген қазақ әндері», 1932 жылы « Қазақстан әндері» атты жиырма пьса енген жинақтары басылып шықты. Жаңа жанрлық өзгерістерде қазақ музыкасы өзіне ғана тән құрымын бұзбай полифониялық және саздық ерекшеліктерді кең пайдаланды.
Операға енгізілген музыкалы- поэтикалық жанрлар- халық айтысы, жоқтау, бесік жыры, той бастар, жар-жар т.б.ерекше поэтикалық шабыт туғызады.
Сұрақтары:
1. Қазақ халық әндерінің ерекшелігі неде?
2. Қазақ сазгерлерінің шығармаларына талдау жасау?

  1. Халық әндерінің тақырыптық мазмұнын әңгімеле.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Ахметова М. М. Ән өнері және уақыт

  2. Ахметова М. М. Қазақ әндері

  3. Әсембекова К.А.Хорға арналған шығармалардың кейбір ерекшеліктері

  4. Ерзакович В.Г. Қазақ халқының мәдениеті

  5. Жұмақова І. Т, Китегенова А.Ж. Қазақ музыка әдебиеті

  6. Бодауова Б.Қ. Қазақ халық әндерінің хорға арналған өңдеулері





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   40




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет