Конвенционалды белгілер, аты айтып тұрғандай, адамдардың өзара келісімге келуі нәтижесінде қалыптасқан белгілер. Ол белгілерді басқашалай, шартты белгілер деп те атай аламыз. Мысалы, мектептегі қоңырау үні, зілзала кезіндегі дабыл соғу, шіркеу звонницасының үні, жұма намаз алдындағы азан шақыру, жедел жәрдем мәшинесінің үстіндегі қызыл айшық крест және т.т. Конвенционалды белгілерді өз алдына тағы да сигнал, индекс деп тарамдатып жіберуге тағы болады. Сигнал, немесе ишаралар әрбір мәдениетке сай қалыптасады. Оларды адам бала шағынан көріп-біліп, үйреніп өседі. Мысалы, біздер үшін бас шайқау ишарасы – әлденемен немесе әлдебіреумен келіспеу дегенді білдірсе, болгарлар үшін ол, керісінше, мақұлдау ишарасы болып табылады. Ал индекстер – ақпаратты сығыңқы түрде орналастыру үшін белгілі бір жағдайларда арнайы пайдаланылатын белгілер. Әдетте, атауынан-ақ, біз пошта индексін еске түсіреміз, карталардағы, схемалардағы, графиктердегі белгілерді де индекске жатқызамыз.
Дәріс №3 Мәдениет семиотикасы
1.Семиотика ұғымы
2. Мәдениеттің семиотикалық концепциялары: Ф. Соссюр
3. Мәдениеттің мәтіндік концециялары: Р. Барт, Ю. Кристева.
4.Ұлттық мәдениеттің мәдени кодының қайталанбайтындығы
1.Семиотика ұғымы Семиозис – семиотиканың пәні. Ендеше, семиозис деп әлденебір нәрсенің белгі, таңба ретінде тіршілік ету процесін айтады. "Семиотика – семиозис туралы ғылым" [127, 37 б.], ал семиозис – таңбалау түрлері (қоғам, ойлау және т.б.) мен таңбалау заңдары. Семиотика “не ғылым бола алмайды, не ілім, не доктрина да емес, ол – антидогматикалық, сыни белгілер теориясының нақты істегі көрінісі” деп Е. Росси-Ланди [35, 334 б.] анықтаған екен деп семиотиканың логика мен лингвистикаға сүйеніп туындаған пәнаралық ғылым екендігін айтпасқа тағы болмас. Онда “әлем” мен “мәтін” бір бірінің өзіндік көрінісі болып табылады әрі мәтін – тілге аударылған әлем деп қарастырылады.
Семиотика тәсілі – аксиоматика тәсілі, яғни оны не дәлдеп болмайсың, не жоққа шығара алмайсың, бірақ негіздеп беруге болады. Құрылымдық-семиотикалық талдау ұстанымдар саналуандығы мен мәтінді талдаудың бәсекелестігі жағдайын моделдеуді мақсат тұтады. Семиотика, Ю. Кристеваның түсінігінде, толықтай модель өндірісі болып табылады.
Тіл туралы болсын, сол тілге түгелдей негізделген мәдениет туралы болсын семиотикалық тұрғыдан қарау заңды, өйткені адами әрекеттің қай түрінен болсын таңба-белгілік, рәміздік табиғатты көруге болады. Оның басты себебі тілдің, яғни таңбалық жүйенің айнала қоршаған шындықты құрастыратындығында болып тұр. Кезінде Л. Витгенштейн менің тілімнің шекарасы менің өзіндік әлемімнің шекарасы болып табылады деген еді. Ол формуланы таза өмірлік утилитарлы тиімділік тұрғысынан адам қаншалықты көп тіл білсе, соншалықты көп әлем ашады деп тұжырымдауға болады. Сонымен қатар, ол формуланың бейпрагматикалық, яғни философиялық мәні бар екендігін де айта кету керек. Ол қоршаған нақты шындықтың тілмен жанамалай негізделетіндігі туралы, тілдің объективті шындықты өз жүйесінің ішінде бөлшектеп, қайта құрастыратындығы туралы, сөйтіп барып белгілі бір мәдениетке, белгілі бір тілге ғана тән әлем бейнесін жасап шығаратындығы туралы тұжырым. Әрине, бұл – тіл физикалық шындықты да өзі құрап шығады деген сөз емес, бұл – тілдің әлгі шындықты социумға бағыштайтындығында деген сөз. Демек, тілді адам өмірінің жеке мәселелерін – қарым-қатынас пен ойлау мәселелерін шешетін құрал деп қана емес, одан кеңірек, яғни өзімізді қоршаған шындықты бізге түрлендіре жеткізуші, біз бен нақты әлемнің ортасын белсенді қатынасымен жалғастырушы таңбалық жүйе деп қарастыру керек. "Тіл дәйектері сол тілде сөйлеушілер үшін олардың күнделікті тәжірибесінің бір бөлігін құрастырады және сондықтан да ол тексеру мен сынай қараудан өтпейді. Ендеше, кімде кім, табиғи қисындылыққа сүйене отырып, зерде туралы, логика туралы және дұрыс ойлау ережелері туралы пайым құратын болса, ол, әдетте, оның өз тіліндегі немесе тілдер тобындағы оның күнделікті тәжірибесінің бір бөлігі болып табылатын таза грамматикалық фактілер желісіне еріп отырады. Бірақ оның басқа тілдер үшін де дәл солай болуы міндетті емес, демек, ойлаудың ортақ негізі бола алмайды деген сөз" [13, 206 б.].
Осының нақты тілдік материалдағы көрінісін Бенджамен Уорфтың "Отношение норм поведения и мышления к языку" [128] деген шығармасындағы ортаеуропалық стандарт тілі (SAE – Standard Average European) мен хопи тілін салыстыру барысында, ондағы дерексіз ұғымдар туралы түсініктер айырмашылығын келтіру барысында, тілдің мәдениет пен психологияны негіздеуін көрсету барысында табамыз.
Мәдениет семиотикасы туралы біраз ойлардың негізін қалаған ұлы орыс лингвисті, эстетигі және философы А. Потебня (1835-1891) болды. Оның пікірінше, тіл адамдардың іс-әрекетін басқарушы, олардың өзін-өзі танушы және қоршаған дүниені игеруші құралы. Тілдің негізінде эстетикалық фактор жатыр, себебі тіл қашанда шығармашылық күй кешеді, қашанда адам рухының тұрақты әрекеті болып көрінеді. А. Потебня үшін тіл біздің күнделікті түсінігіміздегі сөздер жиынтығы емес, ол – өзіндік философиялық және ғылыми жүйе. Белгілі бір тарихи кезеңдерде тіл өзімен ғылымды да алмастыра алады. "Кейде тіл өзіне ғана тиесілі құралдар арқылы ойды жалпылайды және абстрактылайды. Кейінірек дәл осы жолмен ғылым да жүріп отырады" [129, 38 б.].
Жоғарыда аталған терминдер қатарынан анықталмағаны семиология болып тұр.. Енді семиотика мен семиология арасындағы өте нәзік айырмашылыққа тоқталатын кез жетті. Сонымен, семиотика белгілер туралы жалпылама теориялық ғылыми пән болса, семиология – қоғам шеңберінде белгілер өмірін зерттейтін ғылым.
2. Мәдениеттің семиотикалық концепциялары: Ф. Соссюр Тілдің таңбалық сипаты туралы мәселенің тарихы ұзақ. Алайда, бұл мәселенің кең көлемде қойылуы Фердинанд де Соссюрдың "Жалпы лингвистика курсы" деген кітабының жарыққа шыққан кезінен басталады. Ол тілді таңбалар жүйесі деп есептейді де, оны таңбалардың кез келген жүйесімен қатар қойып, солармен барабар деп қарайды. Тіл тек коммуникативтік құрал емес, сонымен бірге, адам болмысының, оның мәдениетінің көрінісі, өйткені мәдениет таңба, белгіден тысқары, яғни тілден тысқары өмір сүре алмайды. Адамды түгелдей дерлік таңбалық әлем қоршаған, өйткені адам болмысының өзі таңбалық, тілдік болмыс. Адам бір мезгілде таңбаны тудырушы да, оны талдаушы да, оны пайдаланушы да.
Тілдің таңбалық табиғаты мәселе ретінде көтерілгенде сөздің лексикалық мағынасын аттап өту мүмкін емес. Сөздің екі жағы бар: Ф. де Соссюрдың терминологиясы бойынша, оның бірі – таңбалаушы, екіншісі – таңбаланушы. Жалпы, лингвистикада дәстүрлі түрде белгіні (таңбаны) белгілеуші-таңбалаушы (означающее) мен белгіленуші-таңбаланушы (означаемое) бірлігі ретінде анықтап келген болатын. Фердинанд де Соссюр белгіні екі беті бар қағаз парағымен салыстыра қарастырған. Қағаздың бір беті – белгілеуші, ал екінші беті – белгіленуші болып елестетілмек. Таңбалаушы – сыртқы жақ, ол – дыбыстар тіркесінен тұратын сөздің дыбыстық жамылғышы, ал таңбаланушы – ішкі жақ, ол – мағына, мазмұн, ұғым. Соссюрдың, осы екі ұғымды мәнге қатысты ғылымдардың барлығы үшін қажетті деп білгені де орынды.
Сонымен, Ф. де Соссюр тілді белгілер жүйесі деп санайды, әрбір белгінің екі жағы бар: білдіруші, белгілеуші және белгі арқылы білінуші, белгіленуші дегенді айтып кеттік. Осыны басқашалап айтар болсақ, тілдік белгі өз құрамына дыбыстық бейнені (белгілеушіні) және де мән-мағынаны (белгіленушіні) енгізді. Ендеше, бұл тезистен тіл дегеніміз форма, кез келген мазмұнды сипаттаушы құрал болып шығады.
Достарыңызбен бөлісу: |