АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВ
Қазақ салты
Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған,
Сахара-көлге қонып салқындаған.
Бір өртке қаудан шыққан душар болып,
Не қалды тәнімізде шарпылмаған?
Алаштың адамының бәрі мәлім:
Кім қалды таразыға тартылмаған?
Дегендер "мен жақсымын" толып жатыр
Жақсылық өз басынан артылмаған.
Тықылдап, құр пысықсып сөйлейтін көп
Екпіндеп ұшқыр атша қарқындаған.
Бос белбеу, босаң туған бозбала көп
Киіздей шала басып қарпылмаған.
Еңкеңдеп ет аңдыған шалдар да көп
Телміріп бір тойғанын ар қылмаған.
Ақ көңіл, алаң-бұлаң адамдар көп
Есептеп азын көпке, аңқылдаған.
Қайырсыз неше сараң байлар да бар
Қайықтай толқындағы қалтылдаған.
Бәрінен тыныш ұйықтап жатқандар көп,
Ұмтылып, талап ойлап талпынбаған.
Солардың қатарында біз де жүрміз,
Мәз болып құр түймеге жарқылдаған.
Не пайда өнерің мен біліміңнен
Тиісті жерлеріне сарп ұрмаған?!
Бұл бір сөз қасірет етіп хатқа жазған,
Қалмаған түк қасиет, қазақ азған.
Байға - мал, оқығанға - шен мақсұт боп,
Ойлайтын жұрттың қамын адам аздан.
121
Достарыңызбен бөлісу: |