54. Сөз таптарының қалыптасуы мен дамуына тоқталыңыз (52 сұрақпен байланыстырып қарастыруға болады).
Бірсыпыра зерттеушілер сөз таптарының шығуын мүшелерімен байланыстырады. Мысалы, акад. И.И Мещанинов өзінің "Сөйлем мүшелері мен сөз таптары" деген кітабында былай деп жазды: "Сөйлемде зат есім - бастауыш немесе толықтауыш, сын есім - анықтауыш, үстеулер – пысықтауыш, етістіктер — баяндауыш ретінде жұмсалады. Олай болса, сөз таптары сөйлем мүшелері болу арқылы бөлініп шықты", - дейді. Бұл пікір онша дәл емес. Мүмкін кейбір сөз таптары (мысалы, үстеу) солай жасалынса, жасалған шығар. Бірақ барлық сөз табы сөйлем мүшелерінен бөлініп шықты деу әр уақыт дұрыс бола бермейді. Мәселен, зат есім, сын есім, етістік дегендер өз алдына жеке-жеке жасалуы немесе бірінен-бірі бөлініп шығуы әбден мүмкін. Ескерте кететін нәрсе: бұл құбылыс бірден бола салған жоқ. Ол тарихи даму барысында біртіндеп жасалып қалыптасты.
Көне дәуірде зат есімдер мен сын есімдердің жігі ажырамаған. Мысалы, жас, көк сөздерінің әрі зат есім (жас келсе іске, ертең көкке шығалық) , әрі сын есім (жас бала көк шөп) болуы сол көне кұбылыстың ізі екендігін көрсетеді. Тілімізде әрі зат есім, әрі сын есім болатын сөздер (ыстық, жарық, салқын, суық) ғана емес, әрі зат есім, етістік болатын сөздер де бар. Мысалы: көш (көш келе жатыр, бүрсігүні жайлауға көш) той, тоң, ық, т.б. Кейде тіпті бір сөздің өзі үш түрлі сөз табына жатуы мүмкін. Мысалы: ауыру — зат есім (ескі ауру), ауыру — сын есім (ауру жүрек) ауыру — етістік (ішінің ауыруы жанына қатты батты). Бұлар — лексикалық омонимдер. Бұлардың зат есім сыңары - зат есімдерше, сын есім сыңары — сын есімдерше, етістік сыңары —етістіктерше түрленеді, олардың әр қайсысына тән категориялармен сипатталады.
Бұл— зат есімдер мен сын есімдердің, етістіктердің, үстеулердің дамуы барысында біртіндеп жігі ажырап, дербес лексика-грамматикалық категориялар ретінде қалыптасқандығын көрсетеді. Яғни сөздер қолданылу ыңғайына, атқаратын қызметіне, мағынасына карай сараланады, топтасады. Осылайша дамудың барысында сөз таптары жасалады.
Сөз таптарының бірден пайда болмай, тілдің тарихи даму барысында біртіндеп жасалатындығын үстеулердің сөз табы ретінде қалыптасуынан да көрінеді. Мысалы: қазақ тілінде босқа, зорға, бірге (барыс сеп.); кейде, қапыда, бірде (жатыс сеп.) жүресінен, кенеттен, (шығыс сеп.); жайымен, ретімен (көмектес сеп.); орыс тілінде: вечером, порой, издавна, вплотную т.б. Бұлар — үстеулер. Олардың түбірлері — зат есімдер (қапы, жайы, реті), сын есімдер (бос, зор), сан есімдер (бір), есімдіктер (кей). Бұл есім сөздерге септік жалғаулары жалғаньш, пысықтауыш қызметінде жұмсалу барысында үстеулерге айналған. Көрсетілген үстеулердің құрамындағы жалғаулары сол сөздердің айрылмайтын бөлшегіне айналып, көнеленіп кеткен. Оларды сөздердің түбірінен бөліп алып қарастыруға болмайды. Олар түбірге сіңісіп кеткен. Сөйтіп, сөз лексикаланып, пысықтауыштық қызмет атқарып, басқа сөз табына айналған.
Қазақ тіліндегі сүзеген, тебеген, қабаған, жатаған тәрізді сөздер формасы жағынан — есімшелер. Бірақ бұлар тілдік табиғаты жағынан - сын есімдер. Өйткені олар ұдайы анықтауыш қызметінде жұмсала келіп, өздерінің есімшелік мағыналарынан айырылып калған да, сын есімдерге айналып кеткен. Сөз таптарының бір-біріне ауысуы сөздің лексикалық мағынасының өзгеруімен тығыз байланысты. Лексикалық мағынада өзгеріс болмай тұрып, бір сөз табының басқа бір сөз табына ауысуы мүмкін емес. Қазір зат есімдер болып қалыптасып кеткен егеу, көсеу, бояу, жабу деген сөздер де тұйық етістіктердің заттануынан жасалғандар. Бұл сөздер, сонымен бірге, етістік қалпын да сақтап қалған. Сондай-ақ, батыр, ер, қарт деген сын есімдер субстантивтеніп, зат есім түріңде де қолданыла береді.
Шылаулар да бір кездері жеке-дара қолданылатын дербес мағыналы атауыш сөздер, олардың кейбіреулері мағыналары солғындап, дербестігінен айырылып, көмекші сөздерге айналуы нәтижесінде бірте-бірте қалыптасты, сөйтіп, жеке категория болды. Мысалы: шейін (шек+ін), сияқты (сиық+ты), бойы (бой+ы), жөнінде (жөн+ін+де), шамалы (шама+лы) деген септеулік шылаулар есімдермен тектес, ал дейін (де+й+ін), қарай (қара+й) тәрізді септеулік шылаулар етістіктермен тектес. Қорыта келгенде, сөз таптары бірден емес, тілдің тарихи дамуы барысында біртіндеп сараланды, дамыды. Олардың әрқайсысы өзіндік жалпы категориялды мағынаға ие болады, морфологиялық жағынан тұлғаланады. Сөз тудырушы және сөз түрлендіруші арнайы формаларға ие болып, сөйлемде белгілі бір синтаксистік қызмет атқаруға икемделеді.