Қаңлылар туралы деректер. Қаңлы қоғамы Қаңлылардың астанасы – Битянь. Кейбір жазба деректерде бұл қала қазіргі Түркістан маңында болған деп көрсетеді. Ал екінші бір деректе қазіргі Таразға жақын жерде болған деп жазылған.
Қаңлы елін хан билеген. Елді басқаруға оның үш орынбасары – уәзірі көмектескен. Қаңлы елі 5 иелікке бөлініп, әр иелікті кіші хандар басқарған. Кіші хандарға бағынатын ру, тайпаларды көсемдер басқарған. Көсемдердің лауазымы мұрагерлік жолмен әкеден балаға берілген.
Құл еңбегі ұсақ малды күту, мал өнімдерін өңдеуде қолданылды. Бұдан басқа қолөнер кәсібімен, егін егумен шұғылданды. Қаңлылар арасында құлдық кең өріс алған жоқ. Өйткені көшпелі мал шаруашылығы жағдайында бір жерде жұмыс күшінің көп болуы қажетсіз еді.
Арыстың сол жағалауында 100 шаршы шақырым аумақта 20 шақты төбе жатыр. Соның бірі – Көк-Мардан қаласының орны. Бұл жерден табылған үй балшықтан соғылып, пешпен жылытылған. Үйдің екінші бөлмесі – қоймада құмандар және тары, күріш, бидай, арпа, асбұршақ сақталған балшық кеспектер орналасқан. Ошақ қасынан дәнүккіштер мен диірмен табылды.
Қытай тарихшысы Сыма Цянь “Тарих жазбаларында” көшпелілердің өмірі мен тұрмысын сипаттап жазған. Ал қытайдың “Цянь Ханьшу” дерегінде Қаңлы мемлекетінің пайда болған уақыты мен шекарасы туралы мәліметтер көрсетілген.
Археологтар қаңлылар мекендеген аудандарда қазба жұмыстарын жүргізіп, көптеген қорымдар мен қоныстар тапты. Оларды ғалымдар Қауыншы, Отырар-Қаратау, Жетіасар мәдениеттері деп атады.
Ғалымдар қаңлылар туралы жазғанда археологиялық қазба жұмыстарының қорытындысына сүйенеді. Сондай қазба жұмыстарының бірі – Жетіасар ескерткіштерінің таралу аймағы Жаңадария мен Қуаңдария аңғарларын алып жатыр.
Б.з.б. 46-36 жылдары қаңлылар Қытайға қарсы тұрған ғұндарға көмектескен.
Отырар-Қаратау мәдениеті Сырдарияның орта ағысы тұсындағы Қаратау-Талас аралығын алып жатыр.
Ал Қауыншы мәдениетінің аумағы Ташкент төңірегіндегі аймақ болып табылады.
Пұшық-Мардан қаласы маңындағы Қостөбе қонысынан б.з. I мыңжылдығының алғашқы жартысына жататын қала орны табылды. Ғалымдардың пайымдауынша, қаңлы дәуірінде пайда болған қоныстарды орта ғасырлардағы қала құрылыстарының түп-бастауына жатқызуға болады.
Қаңлылардың негізгі атамекені – Сырдарияның орта ағысы. Жазба деректерде қаңлылардың Арыс, Талас және Сырдарияның төменгі ағысында өмір сүргені айтылады. Қаңлы мемлекетінің шекарасы осы күнгі Ташкент қаласы тұрған жерден асып, Қаратау бөктерлерінен басталып, Талас өзеніне дейін созылған.
Қаңлылар оңтүстігінде Қытаймен және Үйсіндермен көршілес жатты. Ал солтүстігіндегі көршілері сарматтар мен аландар болды. Қаңлылар күшейіп тұрған кезде сарматтар, аландар оларға тәуелді болған.
Қаңлылар Сырдария арқылы Еділге қарай өтетін Ұлы Жібек жолын бақылап отырды. Олар Қытай, Рим, Кушан мемлекеттерімен саяси, экономикалық және мәдени байланыста болған.
Қаңлылар туралы қытай деректерінен білеміз. Осыдан 2 мың жыл бұрын Қытай билеушісі батысындағы елдерге елшілік жібереді. Елшілік 13 жылдан кейін қайтып оралып, жазғандарын Қытай билеушісіне береді. Бұл жазбада көптеген қалалары бар өркениетті елдер мен көшпелі тайпа одақтары баяндалып сипатталған. Арасында қаңлы елі де аталады. Қаңлылар б.з.б. 3-2 ғасырлар – б.з. 5 ғасыры аралығында өмір сүрген.
Қытай тарихшысы Сыма Цянь “Тарих жазбаларында” көшпелілердің өмірі мен тұрмысын сипаттап жазған.
Қаңлы мемлекетінде жазу болған. Қытайдан барған елшілер хан сарайында Заң жарғыларын көрген.
Қаңлы тайпалар одағында 120 мың түтін, 600 мың адам, 120 мыңға дейін әскері болған. Ежелгі қытай хроникасында қаңлылардың екі астанасы (жазғы және қысқы) болған деп көрсетілген.
Б.з.б. 6 ғасырда жазылған ежелгі Иранның қасиетті кітабы “Авестада”: “Вэсаканың ер жүрек ұлдары ең биік, бәрінен жоғары тұрған Канха қамалының алдында құрбандық берді” - деп жазылған. “Канха”, “кангүй” сөздері Қаңлы атауына ұқсас.