1.2 Еріктік амалды талдау Ерік қимылы адамның даму процесінде біртіндеп жетіліп, қалыптасатын күрделі процесс екендігін төмендегі структурасынан да жақсы көруге болады. Адамның еркі алдына мақсат қоюдан басталады. Мәселен, орта мектепті бітіретін оқушының арнаулы оқуорнына түсуге талабы бар дейік. Оқушының бұл мақсатты алдына қоюына оның мәдени қажеті, білім алуға тырысуы себеп (мотив) болады.Кез келген адамнан “Сен не үшін оқисың?” деп сұрасаң, оның нендей болса да бір дәлел айтатыны түсінікті.
Адам осылай өзінің келешекте белгілі бағытта істейтін ісінің мәнін, жоспарын белгілейді. Мұны еріктік амалдың бастамасы- тілек немесе ниет деп атайды. Тілек- келешекте істейтін ісіміздің ойға бекуі. Мәселен, «газетке мақала жазсам», «өзенге барып шомылсам», «домбыра тартып үйренсем» т.б. деген сөйлемдерде адамның түрлі тілегі бейнеленген. Бұларда белгілі бір қажетті өтеу көзделген, бірақ оны орындау жолдары әлі де болса көмескі, яғни оның жоспары сызылмаған. Дегенмен осы секілді тілектерде еріктік амалға тән талғамалылық сипат бар. Ал талғау ниетке ой әрекетінің араласуын қажет етеді. Ой тезіне салу арқылы адам өзіне қажетсіз тілектерді тежейді де, қажеттілерін орындау үшін тиісті жоспар сызып, амал-айла, әдіс қарастырады. «Тілектің алдын- артын тексеріп үйренген адам балалықта ебдейсіз, еркеліктен, қиянқылықтан, есейгенде есерліктен аман болмақшы» (М.Жұмабаев). Соңғы жағдай ғана адамның тілегін нақтылы кесімді түрге келтіреді. «Жақсы ниет жарым ырыс» деп халық тегін айтпаған.
Адамның алдындағы мақсаты осылайша айқындалғаннан кейін, әрекеттің орындалу жолын қарастырады, оны жоспарлайды. Егер адам мақсат қояр кезде өзіне «Не істеу керек?» деп сауал қоятын болса, әрекетті жоспарлау үстінде «Қалай істеу керек?», «Қандай жолдармен жетуге болады?» деген сұрақтар қояды. Осы арада адам мақсатқа жетудің ыңғайлы жолын іздестіреді, айналасына көз тастап, алда тұрған қиыншылықтардың сыр-сипатын, оны жеңудің жолдарын белгілейді. Мәселен, біреудің стол жасап алғысы келді дейік. Ол алдымен бұған қандай материалдың жарайтындығын, оны қайдан алуға болатындығын, қандай құрал-сайман керектігін, жұмыстың көлемін т.б. топшылап алады. Қандай болмасын іс-әрекеттің жоспарын жасау – күрделі процесс. Ол – адамның белгілі білімін, өмір тәжірибесін, ойының орамдылығын қажет етеді.
Мақсатқа жетудің жолдары белгіленіп, жоспар жасалғаннан кейін адамның тілегі оның нақтылы қалауына көшеді. Қалау- мақсаттың айқындығы, оған жеткізетін тиісті жоспардың жасалуы, ойдың бекемдігі. Дегенмен, тілек те, қалау да өздігінен адамның ерік-жігерін толық көрсете алмайды. Өйткені бұлар кейде бір-біріне үйлесе алмай, қайшы келіп отырады. Мәселен, орта мектепті бітірген оқушы бірде педагогтық институтқа түсіп, мұғалім болып шықысы келеді. Ол сондай-ақ өзінің ауыл шаруашылығы маманы болғанын да жақсы көреді. Бұл арада оған осы екі мамандықтың біреуін қалау қажет.Ал осы мамандықтар жөнінде толық түсінігі болмаса, ол өз ойынан тайқақтайды, бұлардың қайсысын қалауын білмей, әуре-сарсаңға түседі. Міне, осындай жағдайда тілек пен қалаудың арасында үйлеспеушілік туады. Мұны психологияда мативтер күресі деп атайды. Мұндай түрлі мативтердің ішінен ақылға қонымдысы-нақты жағдайға тура келетін біреу жеңеді, тек содан кейін ғана адам белгілі бір тоқтамға келе алады.
Мотивтер күресін Н.В.Гоголь «Үйлену» комедиясында жақсы көрсеткен. Некесі қиылайын деп тұрған надворный советник Подколесин аяқ астында үйленудің тиімді-тиімсіздігін ойлап басы қатады. «Үйленбей жүрген жұрттың шетінен есуас екеніне көзім тек енді ғана жетіп отыр. Қыруар жұрттың, көрер көзге, адасып жүргені-ай десейші. Алда-жалдв бір елге патша бола қалдым ғой, қол астымда жалғыз бойдақ қоймай, жұрттың бәрі түп-түгел үйленсін деп әмір берер едім... ». Ол осы арада ойланып, ақылға салып үйленген жөн шығар, өмір бойы бойдақ болу ақылсыздық болар деген ойға келеді. Бұл оның үйлену жөніндегі бірінші мотиві. Екінші мотив- семья бақыты. «Шынында ойлап тұрсам, мінеки, әне-міне дегенше, әйелді боп шыға келгелі отырмын. Сөйтіп енді, тілмен айтып жеткізе алмайтын, тіпті айтуға лайықты сөз де табылмайтын ертегідей бір шырын-шәрбат ләззаттың дәмін де татқалы тұрмын». Кенеттен оның басында қарама –қарсы мотив туа қалады: ...әйтсе де бажайлап, қабырғама кеңесе кетсем-ақ болады, тұла бойым түршігіп сала береді. Ары айт, бері айт, өмір бойы, мәңгі-бақи қол-аяғыңа күрмеу түсіп,қайтып енді тырп ете аузыңды ашып, жазып ем, жаңылып емдеуге шамаң келмесе-шаруаңның біржола біткені ғой...». Подколесин тұрағы жоқ, жағдайдың әуеніне қарай ағатын адам. Оның ойына ар-ұят, адамгершілік дегендер кіріп те шықпайды. Некесі қиылайын деп тұрғанда осылайша әуре-сарсаңға түсуі оның қандай адам екенін жақсы байқатады. «... Шынымен-ақ, тайып кетуге болмай ма екен? Әлбетте болмайды, есік алды, кез-келген жерде сапырылысып жүрген жұрт , қайда барасың дейді ғой біреу. Жоқ, болмайды ». Осы жерде ол ашулы терезені көреді де осыдан қарғып кетсем қайтеді дейді. Жоқ болмайды, жерден алыс екен быт-шытым шығар, екіншіден, терезеден қарғу лайық емес, үшіншіден, қалпақсыз қалай қарғымақпын, лайық емес деп тұрып алады. Оның қалпағын досы Кочкарев тығып қойған. Ол ақырында: терезе онша биік емес екен, қалпақсыз қарғуға да болар деп көшеге қарай қарғып кетеді. Белгілі көзқарасы мен сенімі қалыптасқан адамда мотивтер күресі онша байқалмайды. Олар көбінесе жеке бастың мотивінен гөрі қоғамдық мәні бар мотивтерді (борыш сезімі, нәрсенің қоғамға қажеттілігін түсіну) басшылыққа алып отырады.
Сөйтіп, мақсат қою, тілек, қалау, мотивтер күресі, тоқтамға келу – бәрі жиналып еріктік қимылдың «даярлық кезеңі» деп аталады.
Еріктік амалдың ең негізгі кезеңі- қандай болмасын тоқтамды орындау стадиясы. Өзінің қандай болмасын тоқтамын іске асыратын, оны орындайтын кісіні ғана еркі нағыз жетілген адам деп айтуға болады. Талай жақсы тоқтамдардың жүзеге аспай, орындалмай қалатындары да кездесіп отырады. Бұлай болудың себебі орындалуы қиын мақсатты алға қоюдан, мақсаттың болмауынан, әлі де болса өмірге дұрыс көзқарастың қалыптаспауынан, өз ісіне сенімсіздіктен, мақсат еткен нәрсеңді жан-тәніңмен сүймеуден т.б. себептерден болады. Сондықтан адам өзінің алдына шамасы келетін, күші жететін, орындай алатын мақсаттарды қойып, осы жолда түрлі қиыншылықтарды жеңіп отыруы тиіс. Белгілі мінез-құлықтық принципі бар, өз ісінің дұрыстығына көзі жеткен адам ғана нақтылы тоқтамға келе алып, оны қалай да орындаудың тиімді жолдарын таба алады, бұл жолда орынсыз солқылдақтық, табансыздық көрсетпейді. Кейбір адамдар өзінің алдына көмескі, бұлдыр мақсат қояды да, ой таразысына жақсылап салмайды, сөйтіп оны орындай алмай қалады. Ерекше ой жұмысын керек етпейтін жеңіл мақсатты алға қою да адамның еркін енжар, әлсіз етіп жіберуі мүмкін. Сондықтан белгілі ерік күшін талап ететін, тиісті жұмыстар істеу нәтижесінде қол жететін мақсаттарды ғана алға қоюымыз қажет.