Экзистенциализм - ең алдымен адамның дербес нақты өмір сүруіне мән береді және материализмнің, сциентизмнің үстемдігін жоққа шығарады. Бірінші орынға сезімді, тек жай сезім емес, сезіну, уайымдауды қойды. Қысқаша уақытта сезіну орына ұзаққа созылған сезімдер: қайғыру, жалғыздық, қорқу, т. б. қойылады.
Адамның табиғи (биологиялық) және қоғамдық (әлеуметтік) мәні. Адам «табиғи жаратылыстың дамуы» арқылы осы күнгі дәрежеге жетіп, күрделі феномен ретінде қалыптасты. Саналы адам (Home sapens) 50 мың жыл өмір сүріп келе жатқан болса, адамның жалпы тарихы шамамен 3-3,5 миллион жылдай болады.
Ақылды адамның пайда болу негізі неде? Адамның еңбегі арқылы пайда болған заттар (жасанды табиғаттың) мен тілдің пайда болуында. Еңбек, сана, ойлау және тіл - бір-бірімен тікелей байланысып жатқан процесс. Бұл жерде антропогенез (адамдардың шығу тегін зерттейтін антропологияның бір бөлігі), антропосоциогенез (әлеуметтік себептерді анықтау) деректері көп жәйді анықтайды. Мәдениет жоқ жерде - жетілген қоғам жоқ, қоғамсыз - жетілген адам жоқ.
Жан-жануардан адамның ерекшелігі неде?
1. Еңбекке икемделген өзгеше денесі мен келбетi бар.
2. Санасы, ойлау мүмкіндігі бар.
3. Өзінің негізгі діні, сенімі бар.
4. Адамдар арасындағы қарым-қатынасты қолдап, дамытады.
5. Өндірістің пайда болуына, өзгеруіне байланысты өзін-өзі қамтып, өзгере білуінде.
Сондықтан еңбек өндірісі қоғамның, оның дамуының негізі болып есептеледі. Адамның негізгі айырмашылығы – құрал-сайман жасай алатындығы. Артефакт (алғашқы қару) - немесе алғашқы зат. Тастан жасалған садақтың ұшынан бастап, ғарыш корабліне дейін қару мен заттардың бәрі де адам ойы мен еңбегінің нәтижесі.
Ең алғашқы құрал: аң аулау, өзін қорғау үшін қолға ұстаған тас, таяқ және басқа заттар. Лақтыруға, соғуға ыңғайлы болу үшін адамдар оны өңдеп икемдеген. Ондай қару кімге қажет болған? Икемсіз әлсіз не жүгіре алмайтын адамдар, күш иелеріне қарсы тұру үшін қолға қару ұстауды жөн көрген. Ф. Ницшенің пікірінше, «адам деградацияға ұшыраған хайуаннан шыққан».
Кейін қаруды басқаларды өзіне бағындыру үшін, үйірін қорғау үшін құрал-саймандарды еңбек ету тәсіліне айналдырады. Еңбек құралы, қару табиғаттан дайын түрде берілмейді, оларды жасау, қолдануды жас ұрпаққа үйрету үшін сөз керек, тілді дамыту қажеттілігі туады. Ал сөз абстракциялық ойлаудың көзі.
Адам – белгілі-бір дәрежеде биологиялық және әлеуметтік тіршілік иесі. Биологиялық - тірі адам, тірі организм, және оның әлеуметтік қоғамдық мәні бар. «Адам мәні – Маркс айтқандай, оның сақалы мен бойында емес, оның әлеуметтік орны мен атқаратын ісінде».
Адамның биологиялық сипаты неде? Ертедегі дүниеде адам өмірінің ұзақтығы 20-22 жас болды. Бірте-бірте адам өмірінің жақсаруына байланысты ұзара бастады. Медицина ғылымының дамуы, денсаулықтың жақсаруына алып келді. Ғылыми-техникалық революцияның жемістерінің арқасында жылы үйлер, азық-түлікпен қамтамасыз етудің ұтымды тәсілдері, адамның білімі мен тәрбиесінің жас кезінен жолға қойылуына жеттік.
Адам дамуына кедергі болатын жағдайлар: ауа райы, экология, жердің улануы, көлдердің, жануар, өсімдік түрлерінің жоғалуы, т. б. Алғашқы кезде адамдар хайуандар секілді үңгірде тұрған. Ол кезде жыныстық қатынастар реттелмеген болатын. Оны эндогамия (endog- іштей, games- жыныстық, некелік қатынас) деп атайды. Ол адамзаттың денсаулығына, тұқымның өсіп дамуына зиянын келтірді, түрлі жазылмайтын аурулар адамзаттың келешегіне қатер туғызды. Сондықтан адамдар жақындар арасындағы некелік қатынасқа ерте бастан тыйым салған. Экзогамия (гр. exo - сырттан) пайда болды.
Үйленуге адамды тыс жерден, сырттан, басқа ру ішінен іздеу тәртібі қалыптасты. Бұл адамзаттың қоғамдық дәрежеде дамуының алғашқы қадамы болды.
Қоғамдық болмыстың әсерінен қалыптасатын адамдағы үшжақты мағына:
1. Жеке адам, пенде (индивид).
2. Индивидуальность (даралық, ерекшілік).
3.
Тұлға, кісі (личность).
1. Жеке адам - жалпы адамзаттың өкілі. Көптің бірі ретінде адамға тиісті қасиетке, келбетке ие болуы керек.
2. Индивидуальность (ерекшелігі) - адамзаттық қасиеті дараланып көрінетін әрбір жеке адамның өзіне ғана тән дауысы, жүріс-тұрысы, білімі, бет-пішіні, бұл ерекшеліктері қайталанбайтын феномен. Адам – таза қағаз емес, онда мәдениет өзінің жазуларын түсірген: ол тіршілік иесі, күш-қуаты, ақыл-ойы, сезіну-күйінуі бар және сонымен бірге нақты ұйымдасқан, сыртқы жағдайларды өзіне сәйкес өзгерте білетін жан.
3. Тұлға, Кісі (личность) - ержеткен, бұғанасы қатқан, ақылы толған, өз ісіне өзі жауап бере алатын, өзінің дүниеге көзқарасы бар адам. Кісі әлеуметтік іс-әрекет иесі ретінде өндірістің, қоғамдық қатынастың, қоғамдық сананың субъектісі болып табылады. Тұлға - әртүрлі дәрежедегі қоғам топтарының да жауапкершілігін өзіне ала алатын кісі.
Адамның туып өскен, тәрбиеленген қоғамы қандай болса, оның өзі де сондай болады. Дүниеде қанша адам болса, сонша мінез, сипат болады. Әр адам ең алдымен бүкіл адамзат қауымының мүшесі. Яғни, онда шыққан нәсілінен, ұлтынан, табынан, жынысынан, туған жерінен тәуелсіз есті және тәрбиелі адамның барлығына ортақ қуану, қайғыру; балажандық, ананы сүю, махаббат, әділеттілікті ұнату сияқты адами қасиеттер болады. Адамның ақыл-ойы мен сезімі өте күрделі биологиялық, психологиялық, әлеуметтік құбылыс. Күшті сезім, зерде, яғни интелекттің, еріктің араласқан түйіндері арқылы, әлеуметтік өлшем психологиялық қасиетке ұласады.
Тән мен жан бірлігі, адам жанының ерекшілігі – оны табиғат әлемінен бөліп тұр. Қазіргі заманда «жанның» орнына, синонимы ретінде «психика» деген сөз қолданылады. «Психика» дегеніміз – «адамның ішкі дүниесі», «адамның рухани әлемі». Адам ерекшілігінің негізінде рухани дүние жатыр. Адамның биологиялық және әлеуметтік өлшемдерінің өзара диалектикалық байланысын, бір-біріне тәуелділігін сөз еткенде, адамның хайуандық қалдықтардан бірте-бірте арылып, «әлеуметтену» (социализация) процесіне кіретінін ұмытпау керек.
Маркс: «Аштық қашанда аштық, бірақ пышақ пен шанышқының көмегімен піскен етті жеу арқылы жоюға болатын аштық бір бөлек те, қолдың, тырнақтың, тістің көмегімен жұлқылап, шикі ет арқылы жойылатын аштық бір бөлек», - деген.
Қазіргі замандағы антроптық принциптің фундаментальдық (негізгі) қағидасы философия мен ғылымға көп ене бастады. Ол әлемді күрделі, әрі өздігінен ұйымдасқан жүйе және адамды ондағы негізгі элемент ретінде қарауды талап етеді. «Бірқалыпты адам», ерекше объект деген көзқарасты қалыптастыра отырып, адам әлемді бақылаушы және өзіндік реттеушісі ретінде, әлемнің физикалық параметрі әр алуан түрінің құрылымымен, әртүрлі дәрежесімен байланыс орнатты. Ғылымда (оның ішінде жаратылыстануда), адам қызметінде субъекті мен объекті арасындағы ажыратуды жеңу, табиғат пен адамның жақындасуын көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |