МАЗМҰНЫ
I МӘСЕЛЕНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ МЕН ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫ
Күрделі атау, сандық ұғымдардан жасалған күрделі атаулар – сөзжасамдық бірліктер
Қазақ тіліндегі сан атауларының зерттелуі жайында
1. 3 Когнитивтік лингвистика және концепт ұғымы
ІІ САНДЫҚ ҰҒЫМДАР АРҚЫЛЫ ЖАСАЛҒАН КҮРДЕЛІ АТАУЛАР КОНЦЕПТІЛЕРІНІҢ ҚҰРЫЛЫМЫ МЕН МАЗМҰНЫ
2.1 Сандық ұғымдар арқылы жасалған күрделі атаулар концептілерінің құрылымы: аялық білім, астырт және үстірт мағына
2.2 Сандық ұғымдар арқылы жасалған күрделі атаулар концептілерінің мазмұны
К І Р І С П Е
Бүгінгі күні тіл ғылымы жаңа – антропоцентристік бағытта дамып келеді. Жаңа бағыттағы зерттеулердің дені тілді адам баласының өзін-өзі тануының құралы ретінде қарау принципіне сүйенеді. Бұған дейінгі лингвистикадағы басым бағыт – құрылымдық болса, қазіргі кезде бұл дәстүрден өзгеше дәстүр қалыптасты. Тілді тек өз ішіндегі құрылым ретінде емес, адамның ой-санасы, мұқтаждықтары, жаны мен тәнінің өзгерісіне қарай құбылып қана қоймай, дамуының жаңа кезеңдерінде тіпті адам тұлғасы мен танымын қалыптастыра алатын тірі жүйе ретінде қарастыру басшылыққа алынған. Сондықтан да қазіргі заман лингвистикасында екі ғылым шегіде дамыған социолингвистика, психолингвистика, этнолингвистика, лингвокультурология, когнитивтік лингвистика сияқты тілтанымдық ғылымдар салалары қарқынды дамып келеді. Бұл ненің көрінісі? Біздің ойымызша, бұл адамды, адам қоғамы мен олардың даму заңдылықтарын зерттейтін психология, когнитология, культурология, социология сияқты ғылымдардың өз нысандарын танып білу үшін тілдің маңызды фактор екенін сезінудің көрінісі. Яғни адам баласының барлық әрекетін, оның болмысын тілсіз танып білу мүмкін емес.
Тіл қоғамдағы тарихи, әлеуметтік, мәдени, рухани өзгерістерінің айнасы іспетті. Осыған байланысты тілдік жүйенің құрылымдық бірліктері тек лингвистиканың ғана емес, этностану, әлеуметтану, елтану т.б. нысанына алынып отыр. Ендігі кезекте лингвистика ғылымы да өзінің зерттеу нысанын әлдеқайда кеңейте түсті.
Тілдік жүйенің құрылымына тереңдеп барудың, ұлттық тілдің табиғатын шынайы танудың бір жолы – тілдік таңбаларды, оны құрайтын элементтерді, олардың мазмұндық жағы мен тұлғалық жағын тілдің өз заңдылықтары негізінде қарау болса, екінші жолы – оларды тілдік емес мәнділіктермен, яғни ақиқат өмір, ойлау, танымдық тұрғыда бір-бірімен тығыз байланыста қарау болмақ. Осы тұрғыдан алғанда тілдік бірліктер ақиқат өмірді, ойлау мен тілді ұштастыратын категория ретінде танылады.
Егемендігін алған Қазақстан халқы жаңғыру кезеңін бастан өткізіп жатқаны мәлім. Осымен байланысты рухани мәні бар көптеген құбылыстарды, соның ішінде ұлттық таным мен мәдениетке қатысты құндылықтарды қайта жаңғыртып, бағалаудың қажеттілігі зор. Кеңестік идеологиямен байланысты қазақ халқы Ресейге қосылып, отырықшылыққа көшкенге дейін өркениетті мәдениет иесі болмаған деген қасаң көзқарас қалыптасқан. Осындай қасаңдықтарды тіл деректеріне сүйене отырып қайта қарау керек. Мәселен, сан атауларымен байланысты лексика-фразеологиялық бірліктер қазақ тілінің сөз қазынасында елеулі орынға ие болған дүние. Қоршаған ортаны танып, материалдық байлықты игеру процесі кезінде, шаруашылықты игеру практикасында қалыптасатын сандық ұғымдар, олардың тілдегі атаулары тілдік ұжымның еңбек тәжірибесі, әдет-ғұрпы, мінез-құлқы, наным-сенімі, бір сөзбен айтқанда материалдық, рухани мәдени келбетін көрсететін білімдерді жинақтаушы қызмет алады. Этнос табиғи ортаны игере отырып, алған білімдерін сандық қатынас арқылы абстрактілендіре отырып, өзінің мәдениетін, басқаша айтқанда, күй-жайының тұтас дүниесі болған дәстүрлі мәдениетті жасайды және оны әрі қарай дамытады. Сөйтіп оның дәстүрлі мәдениеті тіл дүниесінен айқын көрінеді. Табиғаттағы құбылыс, заттардың мөлшерін, бір-біріне мөлшерлік, көлемдік қатынасын игеру үрдісінде пайда болған сандық атаулар халықтың әлеуметтік өмірін, кәсібін, қоғамдық құрылысы мен тарихын көрсететін индикаторлар болып табылады. Сондықтан этностың болмысы, рухани, материалдық мәдениеті, ең алдымен, тілдің лексика-фразеологиялық жүйесінде ерекше семиотикалық кодтармен таңбаланады. Осы тұрғыда әрбір халықтың болмысын, дүниетанымдық ерекшеліктерін, жинақтаған білім жүйесін оның тіл құрылымынан іздеу керектігі еш дау туғызбайды.
Қазақ тілінде өзіндік сыры бар байырғы сөздердің бірі – сан атауларына қатысты тілдік бірліктер. Бұл жерде сан атауларынан жасалған күрделі атауларды – тілдік бірліктерді ақиқат өмірдің үзігі ретінде қараудың мәні ерекше. Қазақ халқының сан ұғымдарымен байланысты қалыптасқан тілдік емес құрылымдарды (соғыс жүргізу, салт-дәстүр, діни нанымдар және т.б.) тілдік дерек негізінде қарастыру жұмыстың аса маңызды тұсы болып табылады. Жоғарыда айтылғандар дипломдық жұмыс тақырыбының ө з е к т і л і г і н танытады.
Жұмыстың н ы с а н ы – қазақ тіліндегі сандық ұғымдар арқылы жасалған күрделі атаулардың концептілері болғандықтан, құрылымдық тіл білімінің зерттеу әдістерімен қатар экстралингвистикалық фактілерге негізделген концептілік талдау әдістерін де қолданамыз. Жұмысымызда алдымен қазақ тіліндегі күрделі атаулардың лексикалық бірлік ретіндегі анықтамасына сүйене отырып, сандық ұғымдар арқылы жасалған күрделі атауларды анықтап аламыз. Оларды қазақ тілінің сөзжасамдық тәсілдері арқылы жасалған жекелеген лексикалық бірліктер ретінде тани отырып, осы бірліктерді таным элементтері ретінде қарастырамыз. Сонымен, осы процесті кесте түрінде көрсетсек былай болып шығады:
1) объективті дүниедегі зат немесе құбылыс 2) оның санада абстракциялануы 3) сандық ұғым (сан есім) 4) ақиқат дүниедегі сандық ұғым бір бөлшегі (элементі) болып табылатын басқа ұғымның танылуы 5) ұлт мәдениеті мен танымындағы білімнің бірлігі - күрделі атаудың жасалуы.
Сонымен жұмыстың жалпы сипаттамасына көшетін болсақ, «Қазақ тіліндегі сандық ұғымдар арқылы жасалған күрделі атаулар концептілері» атты дипломдық жұмыстың басты м а қ с а т ы – сандық ұғымдардан жасалған күрделі атаулардың лексикалық бірлік ретінде таным бөлшегі болуы негізінде ұлт санасында қалыптастырған білім мазмұнын (концептіні) анықтау.
Жоғарыда көрсетілген жұмыс мақсатына орай мынадай м і н д е т т е р алға тартылды:
күрделі атаулардың дефинициясының негізінде зерттеу нысанымыздағы сан ұғымдары арқылы жасалған күрделі атауларды анықтау;
қазақ тіліндегі сандық ұғымдарға қатысты жүргізілген зерттеулерге шолу жасау;
концепт бірлігі болып табылатын когнитивтік лингвистиканың басқа ғылым саларымен байланысын, негізгі ұстанымдарын көрсету;
тілдік бірліктерді таным бірліктері ретінде танытатын концепт теориясына тоқталу;
қазақ тіліндегі күрделі атаулар құрамындағы сандық ұғымдардың концептілерін көрсету;
зерттеу нысанындағы күрделі атаулардан түзілген концептілерге тоқталу.
Жұмыстың т е о р и я л ы қ ж ә н е ә д і с т е м е л і к н е г і з д е р і н е жалпы лингвистикадағы, қазақ тіл біліміндегі номинация теориясына, сөзжасамға, конитивтік әдіс пен антропоцентристік бағытқа арналған зерттеулер алынды.
Жұмыстың қ ұ р ы л ы м ы. Жұмыс екі тараудан тұрады, бірінші тарау «Мәселенің теориялық негіздері мен зерттелу тарихы», екінші тарау «Сандық ұғымдар арқылы жасалған күрделі атаулар концептілерінің құрылымы мен мазмұны» деп аталады.
1 МӘСЕЛЕНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ МЕН ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫ
1. 1 Күрделі атау, сандық ұғымдардан жасалған күрделі атаулар – сөзжасамдық бірліктер
Қазақ тіл білімінде күрделі сөздер мәселесі бүгінгі күнге дейін ғалымдардың назарынан тыс қалмай келе жатқан күрделі проблемалардың бірі. Осы күнге дейінгі зерттеулерге шолу жасайтын болсақ, қазақ тіл білімінде бұндай сөздердің табиғатына алғаш рет тілтанымдық зерттеулер жүргізген ғалым Ахмет Байтұрсынұлы болды. Ғалым күрделі сөздерді қос сөз деп атап, қазақ тілі дыбыс үндестігіне сәйкес келгенін бірге, «ауытқитынын» сызықша арқылы жазуды ұсынады. Мысалы басқұр, аққала, желкесер және жел-бау, жүк-аяқ, тілеу-бай (1, 153).
Байтұрсынұлының бұл принципінің негізгі себебін Н.Уәлиев былай түсіндіреді: «А.Байтұрсынұлы бес инвариант фонеманың әрқайсысын бір-бір әріппен белгілейді. Сөйте отырып, әлгі әріптер арқылы әр фонеманың екі түрлі әуезін (жуан, жіңішке) сол фонеманың таңбасына сыйғызып береді. Сөйтіп, инварианттың варианттары үшін бас-басына таңба алмай-ақ, дәйекші арқылы жуан немесе жіңішке (дәйекші болмауы жуан, дәйекші болуы жіңішке оқуды) әуезде оқылатындай жазу жүйесін» жасаған (2,14). Сонда дауыстылары бейүндес құрама сөздерді (жүк-аяқ, жел-бау және т.б.) әрі бұлардың құрама сөз екенін, әрі дәйекші арқылы бірінші сыңарларының жіңішке оқылатынын ескертеді.
Бұл жерде құрама сөз деген терминнің мәніне тоқтала кеткен жөн. Қазіргі қазақ тіл біліміндегі әдебиеттерде құрама сөз деп кемінде екі түбірден құралып, бір ғана зат пен құбылыстың атауы болатын, номинативтік бірлік ретінде қаралатын сөзді айтып жүр. К.Аханов тіркескен сөздерді құрама сөз деп атап, оларды сөз таптары аясында сипаттағанда қайтадан күрделі сан есім, күрделі сын есім атауларын пайдаланады. (3, 86) Ал Н.Уәлиев К.Ахановтың құрама сөз терминін біріккен сөз, қос сөз, қысқарған сөз, күрделі сөз басын құрап тұрған топтың ортақ атауы етеді. (4, 56) К.Күдеринова құрама сөз деп «синтаксистік сөз тіркесі шеңберінен шыққан лексикаланған немесе шектеулі тіркес (ортан жілік, бет күрделі орамал, қол орамал, асықты жілік), күрделі етістік, күрделі сын есім, күрделі сан есім енеді» (5, 20) деп көрсетеді. Сонымен құрама сөз термині күрделі сөздердің орфографиялық кескінделуі тұрғысынан ұсынылады, яғни құрама сөз типтерінің біреуінің бірігіп, екіншісінің дефиспен, үшіншісінің әріп, не буын қиюлы бірігуі, төртіншісінің бөлек жазылуына байланысты атаулары өзгешелніп отырады. Осыған байланысты бөлек жазылатын құрама сөздерді күрделі сөз, бірге жазылатын құрама сөздерді біріккен сөз, дефис арқылы жазылатын сөздерді қос сөздер деп атау қалыптасқан.Сонымен, құрама сөздер термині сөздердің орфографиялық кескіндемесіне қатыссыз екі сөздің тіркесінің (бірігуінің) бір күрделі ұғымды білдіретін тілдік бірлік атауы.
Осы құбылысты номинация теориясы тұрғысынан зерттеген ғалым Б.Қасым күрделі сөздер күрделі атаудың тұрпат межесі деп танып, күрделі атауға мынадай анықтама береді: «күрделі атау – туынды сөздің ішінде туынды түбірмен салыстырғанда құрамы кем дегенде екі сөз тудырушы түбір немесе негіздермен ерекшеленеді. Күрделі туынды сөздердің міндетті құралдарына мыналар жатады: құрастырушы сыңардың тұрақты орын тәртібі, ішкі мағыналық байланыс (сыңарлардың байланысы мен арақатынасы), тұрпат пен мазмұнның тұтастық бірлігі» (6, 13). Сонымен біріккен сөз, сөз тіркесі (фразеологиялық тіркес, атаулық тіркес), күрделі сөз бен қос сөз күрделі атаудың тұрпат межесі көріністері болса, күрделі атау осы айтылғандардың барлығына ортақ мазмұн меже болып отыр.
Күрделі атаудың қандай ойлау процестері негізінде туындайтынын тілші ғалымдар бүгінгі күнге дейін зерттеп келеді. Адам баласының күнделікті тәжірибесінен жинақталған білім заттар мен құбылыстардың атаулары негізінде жүйеленеді. Алдымен зат не құбылыс адамның сезім мүшелерін тітіркендіру арқылы бір әсер береді, оны атау қажеттілігі туады.
Тұтасымен алғанда ол атау процесінің барысында жүзеге асады. Атау процесінің нәтижесінде туатын аталымдарға (номинати..) тілге дейінгі экстралингвистикалық себептер мен тіл ішіндегі лингвистикалық себептердің әсер ететіні дәлелденіп отыр. Даму заңдылығы бойынша қоғамдағы заттар мен құбылыстардың пайда болуына және олардың аталуына негізіне әсер етіп экстралингвистикалық себептер болып табылады. Осы сыртқы себеп адамның ойлауына әсер етіп, пайда болған заттар мен құбылыстардың бейне-белгілері санада ұғым болып қалыптасады. Санада ұғым болып қалыптасқан белгі-бейнелер негізгі тірек болып ықшамдалып, онологиялық жолмен тілге көшіріледі. Тіл шекарасына кірген аналогиялық көрсеткіштерге (ұқсас белгілерге) осы арадан бастап тіршілік, яғни, лингвистикалық себеп ықпал жасайды. Ендігі жерде атау үрдісінде процесінде болатын құбылыстар тіл заңдылықтарына бағынады. Олардың түрлі тәсілдер арқылы белгілі бір тілдік тұлғаға (формаға) келуі тілдік жүйеде қарастырылады. Сөйтіп, нәтижесінде пайда болған аталымдар (сөздер, сөз тіркестері) сөзжасам жүйесінен өз орындарын алады. Осы арада, аталымдардың пайда болуын, салыстырмалы тұрғыдан қарап отырмыз, негізінен бұл құбылыс нәтижесі– көп уақыттың жемісі.
Заттар мен құбылыстар адам санасына әсер етіп, сәулесін түсіреді де, олардың басты белгілерінің онда қорытылып, топшыланған бейнесі– ұғым пайда болады. Ол «бейнелер» тілге сөз арқылы беріледі де, тірек уәждер (Омотивтер) нәтижесінде ыңғайланып, мағына болып бекітіледі. Зат пен құбылыс болмаған жерде, немесе олардың ұғымы болмаған жерде сөз де болмайды.
Атау үрдісінен толық өтіп аталым дәрежесіне жеткенше сөздің басынан талай өзгерістер өтеді. Ал оның қандай жағдайда, қалай өтетініне көз жеткізу өте орынды. Атау үрдісінде өзгерістер бізді, сөздің мағынасы жағынан қызмет мүмкіндігін тереңірек түсінуге жетелейді. С.Аманжоловтың «Сөз– танымдық процесс» деген пікірі де біздің осы ойымызды нақтылай түседі. Шындығында да, заттар мен құбылыстардың белгілі бір сөздермен аталып, олардың мағыналарындағы өзгерістердің мәнін ашу– сол сөздердің табиғатын толығырақ түсініп, танып білу. Бұл арада ойлау мен тілдің диалектикалық байланыс бірлігі қарастырылады (7).
Сонымен атау, аталым процесінің талдануы нәтижесінде бұларды тілдік бірлік тудыратын ойлау процестерімен тығыз байланысты екеніне көз жеткіздік. Сонда тіліміздегі күрделі атау деп алынып жүрген бірліктер жоғарыда талданған атау процесінің (номинация үрдісінің) нәтижесі болып отыр, қандай да бір тұтас ұғымды атауда адам баласы екі немесе одан көп ұғымның атауын пайдаланады, бірақ олардың жеке дербес мағыналары сақталмайды немесе өзгеріске ұшырап жаңа, тұтас ұғымды атауға қызмет етеді.
Күрделі атау, біріншіден, тұтас бір ұғымды екі немесе одан да көп ұғымдар арқылы білдіреді, екіншіден, құрамындағы ұғымдары үнемі мағыналық тұтастық қатынаста тұрады, қызметі жағынан бөлшектенбеді, үшіншіден, сыңарлары бірте-бірде өздеріне тән мағынадан айырылып, жаңа ұғымның белгілерін көрсетуші қасиетке ие болады. Осы анықтаманың мысалы ретінде атарба сөзінің күрделі атауға айналу процесін келтіруге болады. О баста ат сөзі көлік қызметін атқаратын үй жануарының дара атауы, ал арба сөзі жүк не жолаушы таситын қолдан жасалған көліктің дара атауы, мұнда арба кез келген сырт қозғаушы күштің әсерімен қозғалысқа түсетін көлік екенін ұмытпау керек. Енді арбаның атқа жегілген түрі «ат жегілген арба» тіркесімен берілсе керек. Бұл тұста «атқа жегілген арба» тіркесі тілдік жүйеде әлі де синтаксистік тіркес қасиетін сақтап тұрды, кейіннен номинация процесінің нәтижесінде бұл тіркестің мазмұн жағы да ықшамдалып, жұмырланып, өзіндік айқын белгілерге ие ақиқат өмірдің бір ұғымын білдіретіндей санадан орын алды да (дефиницияланды), осымен қатар аталған тіркестің тұрпат межесінде де ықшамдалу, қолайлы болу процесі қатар жүрді. Нәтижесінде «атқа жеккен арба» сөз тіркесі аталымға айналып, ықшам тұрпатқа, яғни «атарба» формасына, дара атау формасына ұқсас тұрпатқа ие болды. Сонда, «атарба» сөзі ақиқат өмірдегі басқа өзі тектес заттардан айырмашылығы бар нақты заттың санадағы ұғымының атауы. Бұл процестің реттілігін былай көрсетуге болады: Ақиқат өмірдегі нақты зат (бейсана өмір) – оның санада нақты ұғымға ие болуы (санадағы көрініс) - ұғымның тіл шекарасында аталымға ие болуы (тілдік сана) – аталымның қолданыста күрделі сөз арқылы нақты тілдік тұрпат алуы (вербалды қатынасқа түсуі). Сонымен күрделі атаулар мен жеке атаулардың айырмашылығы олардың әр деңгейдегі процесс болуында. Жеке ұғым атауының негізінде күрделі атау туындайды. Яғни жеке ұғым атуы алғашқы деңгейлік (первичный), ала күрделі атаулар екінші (вторичный) деңгейлік процестер.
Жоғарыдағы ойларды пысықтай түсу үшін Б.Қасымның еңбегінде келтірілген тіл біліміндегі тірек ретінде қалыптасқан күрделі атаулардың үш белгісін көрсетуге болады.
Мағыналық тұтастық белгісі. Күрделі атаулардың құрамындағы сыңарлардың мағыналық дербестігі мен грамматикалық дербестігінің күңгірттенуі немесе жойылуы күрделі атаудың бұл түрінде маңғыналы тұтастықтың пайда болуына әкеледі. Бұл белгі бойынша күрделі атаудың құрамындағы сыңарлардың әрқайсысы әр басқа лексикалық мағынаны емес, тұтасқан күйінде бір бүтін мағынаны білдіріп, жеке атау болады.
Құрылымдық тұтастық белгісі. Күрделі атау да жалаң сөз тәрізді парадигмалық қатынастарға түсе алады. Оның сыңарларының әрқайсысы бөлек-бөлек өзгермей, тұтас күйінде түрленіп, бір тұлғаға ие болады. Күрделі атаудың жеке сыңарлары өздігінен белгілі бір атаудың морфологиялық тұтастығының, сөзжасамдық құрылымдық тұтастық белгісі бір бүтін екендігін көрсетеді.
Синтаксистік тұтастық белгісі. Күрделі атаудың шығу тегін тарихи тұрғыдан қарап, оның бастау көзі сөз тіркестерімен байланыстырылады (6, 32-34). Дегенмен күрделі атаулар сөз тіркесі синтаксистік бірлігінен ерекшеленеді. Сөз тіркесі құрамындағы сөздер жеке-жеке лексема болып табылады да, күрделі атаулар бүтін бір лексема болып, сөзжасамдық тұтас тұлға болып келеді. Демек, сөз тіркесі құрамындағы сөздердің тіркесімділігі еркін сипатта болады да, күрделі атау құрамындағы тіркескен сөздердің дербестігі болмайды немесе шектеулі болады. Сондықтан да мұндай атаулар құрамындағы бір немесе бірнеше түбірден біріккен, кіріккен, тіркескен сөздер топтасып тұтас түрде дайын күйінде қолданылып, тіл иелерінің санасында біртұтас бірлік ретінде басқа да лексемалармен жүйелік қатынаста тұрады.
Сонымен, жоғарыда айтылған ойларды қорытындылайтын болсақ мынадай тұжырым жасауға болады. К ү р д е л і а т а у мен к ү р д е л і с ө з терминдерінің арасына тең дәрежесін қоюға келмейді, себебі күрделі атау қандайда бір заттың, құбылыстың санадағы аталу процесімен, ұғымның тіл шекарасына өтіп, өзінше тұрпатқа ие болуының нәтижесімен, қандайда бір білімнің бірлігі не элементі ретінде тілде белгіленіп, білімнің басқа да жүйеленген тілдік таңбалары арасынан орын алған номинативтік бірлік болса, күрделі сөз сол атаудың репрезентациясының жазуда бөлек таңбаланатын, нақты дыбысталған немесе жазуға түскен түрі. Сонымен күрделі атау мен күрделі сөз бір құбылыстың екі жағы, бірі санадағы ойлау мен тілдің қатынасын білдірсе, екіншісі осы процестің қолданыстағы көрінісі. Олай болса, келесі талдауларымызда күрделі атаудың тілдік таңбасы болып табылатын құрама сөздерге тоқталамыз.
Құрама сөздерді «күрделі сөздер» терминімен атап оған мынадай анықтама берілген: «барлық басқа да туынды сөздер сияқты сөзжасам әрекетінің нәтижесінне жатады. Анығырақ айтсақ, ол – туынды сөздер тобындағы сөздер, ал туынды сөздер лексикалық лексикалық бірлік деп танылатыны белгілі. Олай болса, аналитикалық синтаксистік тәсіл арқылы жасалған күрделі сөздер тілге белгілі бір лексикалық мағынамен қосылады. Сондықтан күрделі сөздердің әрқайсысының өзіндік лексикалық мағынасы болады» (8, 247).
Жоғарыда айтылған пікірлер құрама сөздерге қатысты барлық зерттеулердің желісін қамтымайды, себебі бұл мәселе қазіргі тіл біліміндегі ең күрделі мәселеге жатады. Мұны соңғы шыққан қазақ грамматикасының авторлары да көрсеткен болатын. Дегенмен құрама сөздерді «күрделі сөздер» деп алып, оларды былай жіктеу әбден орныққан: 1) біріккен сөздер; 2) қос сөздер 3) тіркесті күрделі сөздер; 4) қысқарған сөздер.
Осы тұста өз жұмысымызда мынадай терминдерді ұстанғанды жөн санадық. Тарауымыздың басында көрсеткендей жалпы күрделі атаулардың тілдік репрезентаттарын дәстүрлі грамматикада қалыптасқандай күрделі сөздер деп емес, ғалым Н.Уәлидің ұстанымы бойынша қ ұ р а м а с ө з д е р деп алғанды дұрыс санадық. Себебі осы күрделі атаулардың тілдік бірліктерінің барлығының бір ортақ қасиеті олардың құрамының өзгешелігінде. Мұны Н.Оралбаева да көрсетеді: «Тек дара сөздер мен күрделі сөздер құрамы жағынан ғана бір-бірінен ажыратылады» (8, 248). Олай болса құрама сөздер деп атаудың негізі бар. Ал күрделі сөздер терминімен осы құрама сөздердің ішіндегі орфографиялық рәсімделуі жағынан басқаларынан ерекшеленетін бір түрін, яғни жазылуы бөлек сөздерді атауды дұрыс санадық.
Сонымен, қазақ тіліндегі күрделі атаулардың тілдік репрезентаттарына біріккен сөздер, күрделі сөздер, қос сөздер, қысқарған сөздер жатады да, олардың барлығы да құрама сөздер болып табылып, құрамы жағынан дара сөздерге қарама-қарсы қойылады.
Жұмысымыздың объектісіне сандық ұғымдар арқылы жасалған күрделі атаулар алынғандықтан, олардың еркешелігіне тоқталған жөн. Қазақ тілінде сандық ұғымдар арқылы жасалған сандық ұғымдар біріккен құрама сөздер, күрделі құрама сөздер, кіріккен құрама сөздер, қос құрама сөздер де бар. Олардың әрқайсысын мысал келтіруге болады.
Біріккен сөздер: біраз, сегізкөз, біртоға, екібастан, Екібастұз, бесжылдық, төртбұрыш, бесенеден, бессайыс, Бесарық, бесатар, сегізаяқ, бірқатар, біршама, Жетіқарақшы, қырыққұлақ, қырыққабат, қырықбуын, қырықаяқ, мыңбас, мыңтамыр және т.б.
Күрделі сөздер: он үш, отыз екі, жиырма бес, алты мың екі жүз, үш тоғыз, бес қару және т.б.
Кіріккен сөздер: сексен, тоқсан, жиырма, бірдеме, біресе және т.б.
Қос сөздер: он-он бес, жиырма-отыз, қырық-елу, екі-үшеу, бір-бір, бес-бес және т.б.
Келтірілген мысалдар тілдің грамматикалық құрылысы тұрғысынан алғандағы күрделі атаулардың тұрпаттық көріністері. Ал күрделі атаулардың лексикалық тұрғыдан алғандағы репрезентанттары, яғни сөзжасамдық бірліктер немесе сөздік қор бірліктеріне тек қана жорғарыда көрсетілген біріккен, кіріккен, күрделі, қос сөздер мен қысқарған сөздер жатпайды, бұлармен қоса идиомалық тіркестерді де қарастырғанды дұрыс санаймыз. Себебі күрделі атау болып табылатын бұндай тіркестер лексиканың фразеологиялық деңгейінде қарастырылғанымен, тілдік қолданыста күрделі сөздер сияқты бір ұғым не құбылысты білдіріп, тұтастай, дайын күйінде жұмсалынады. Мұндай сипаттағы бес қару, үш тоғыз, он екі мүше, алпыс екі тамыр, бес жақсы сияқты идиомалық тіркестердің құрамындағы сыңарлары алпыс екі, он екі, он бес сияқты күрделі сөздерден грамматикалық құрылысы мен білдіретін мағыналарының этностық сипатымен ерекшеленеді.
Мұны кесте түрінде былай көрсетуге болады:
С ө з ж а с а м д ы қ д е ң г е й
К ү р д е л і а т а у л а р
|
Біріккен сөз
Күрделі сөз
Кіріккен сөз
Қос сөз
Қысқарған сөз
|
Фразеологиялық тіркес
Идиомаланған тіркес
|
Мысалы, он екі деген күрделі атау мен он екі мүше күрделі атауларының ұқсастықтары мен айырмашылығы мынадай:
ұқсастықтары:
екеуі де күрделі атау, яғни бір ұғымды басқа ұғымдардың атауын қатыстыру арқылы атап тұр;
екеуі де сөздердің тіркесінен жасалған;
екеуінің де тіркескен сөздеріның орын тәртібі тұрақты;
екеуі де тілдік қолданысқа дайын күйінде түсіп, дайын күйінде грамматикалық түрленімге түседі;
екеуінің де құрамында грамматикалық көрсеткішті қабылдайтын мүшесі мен өзгермейтін негізгі мүшесі болады (он екі күрделі сөзінде негізгі мүше - он сан есімі; он екі мүше идиомалық тіркесте он екі күрделі сан есімі; он екі күрделі сөзінде түрленетін мүшесі екі сөзі (он екінші, он екіге және т.б.), он екі мүше тіркесінде мүше сөзі (он екі мүшесі, он екі мүшенің және т.б.));
айырмашылықтары;
он екі күрделі сан есімі барлық тілдердің иелеріне ортақ әмбебаб сан категориясының көрсеткіші болғандықтан барлық тілде аналогы бар: мысалы, орыс тіліде двенадцать, неміс тілінде elf. Ал он екі мүше атауы білдіретін ұғым тек қазақ ұлты мен оның туыстас түркі ұлттарына таныс болмаса, жалпы адамзаттық категория емес. Әрине адамның мүшелерінің нақты саны әр ұлтта әр түрлі аталуы мүмкін, дегенмен он екі мүше тіркесінің мәнісі тілді тудырған этностың санасында ғана бейнеленген. ¤йткені мұны орыс тіліне двенадцать органов деп аударса мәнісі түсініксіз болады;
он екі сөзі күрделі сөз, он екі мүше фразеологиялық қолданыс. Екеуі де бір тілдің лексикалық қорының бірліктері болғанымен бірінде (он екі мүше) ұлттық сипат айқын көрінеді де, бедерлі қолданыс болып табылады, ал екіншісінде (он екі) астырт мағына жоқ деуге де болады.
он екі күрделі атауы таным бірлігі, ал он екі мүше күрделі атауы ұлттық таным бірлігі; ал таным бірлігіне концептінің жататын ескерсек, біздің жұмысымыздың қарастыратын объектісіне осы он екі мүше сияқты тіл бірліктері алынатыны өзінен-өзі анық болып шығады.
Сонымен, қазақ тіліндегі сандық ұғымдардан жасалған күрделі атаулардың концептісін қарастырғанда зерттеу материалы ретінде алынатын тілдік бірліктердің дені анықталды. Оларға ұлттық танымның көріністері, білімнің бірліктері болып табылатын сандық ұғымдардың қатысуымен жасалған бес жақсы, үйірімен үш тоғыз, бес қару, алты алаш сияқты тіркестер жатады. Егер концепт теориясынан шығатын болсақ, тілдегі кез келген бірлік білімнің көрінісі болып табылады. Оның барлығын жұмысымыздың нысанына ала алмаймыз. Бізді осы бірліктердің ішіндегі бедерлісі, тілімізді өзге тілдерден ерекшелеп тұратын нақыштысы ғана қызықтырады. Сол себепті концептілердің ішіндегі ұлттың дүниетанымын, ұлттың тәжірибесінде жинақталған білімді, ұлттық мәдениетті нақыштайтын түрлерін ғана қарастырамыз.
Достарыңызбен бөлісу: |