Азаматтық іс жүргізу құқығы - мемлекет белгілеген құқықтық нормалардың соттардың азаматтық істерді қарау және шешу тәртібін, басқаша айтканда, азаматтық істер бойынша сот әділдігін, сондай-ақ сот қаулыларын мәжбүрлеп орындау тәртібін реттейтін жиынтығы немесе жүйесі.
Азаматтық іс жүргізу құқығы жеке, дербес құқық саласы болып табылады, оның да дербес нысанасы және реттеу әдісі бар. Азаматтық іс жүргізу құқығының реттейтін нысанасы сот пен процеске қатысушы тұлғалар, яғни азаматтық сот ісін жүргізуге қатысушылар арасында туындайтын қоғамдык қатынастар болып табылады. Бұл қатынастар азаматтық істі жүргізу процесінде туындайды, Азаматтық іс жүргізу құқық қатынастарының басты, міндетті субъектісі мемлекеттік билік органы (бірінші сатыдағы, апелляциялық, кассациялық, бақылау сатысындағы) сот болып табылады, басқа субъектілер соттан қорғау сұраған тұлға немесе іске қатысуға жауапкер ретінде не куә, сарашпы және т. б. тұлғалар болуы мүмкін.
Азаматтық іс жүргізу құқық қатынастарының субъектілері арасында іске катысушы тұлғалар ерекше бөліп көрсетілген. Казақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің 44-бабына сәйкес оларға мыналар: тараптар, үшінші тұлғалар, прокурор, мемлекеттік басқару органдары, кәсіподақтар және заңда көзделген жағдайда басқа адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғайтын басқа да қоғамдық ұйымдар жатқызылған. Олар іске өз атынан қатысады, өздерінің субъективті құқықтары мен мүдделерін (тараптар, үшінші тұлғалар), не басқа тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін (прокурор, мемлекеттік басқару органы) қорғайды. Бұлар — өздерінің іс жүргізу әрекеттерімен істің қозғалуына, істің бір сатыдан екінші сатыға өтуіне және істі жүргізудің қысқартылуына (талап-арыздан бас тарту, тараптардың бітісу келісімін жасасуы) ықпал ететін тұлғалар.
Азаматтық іс жүргізу құқығын реттеу әдісі императивтік-диспозитивтік сипатта болады. Соттың іс жүргізу әрекеттері (оның шешімдері, ұйғарымдары, нұсқаулары билік сипатында жасалады, олар өздері арнап шығарылған тұлғалар үшін міндетті, өйткені оларды мемлекеттік билік органы шығарады және мәжбүрлеу күші бар құқық нормасына негізделген. Іске қатысушы тұлғалар (тараптар) жасайтын іс жүргізу әрекеттері диспозитивтік сипатта болады. Азаматтық іс талап қоюшының талап-арыздан бас тарту туралы арызы бойынша немесе тараптардың бітісу келісімін жасасуы себепті қысқартылуы мүмкін. Азаматтық істің өзіндік ерекшелігі осында.
Азаматтық іс жүргізу құқығы жалпы және ерекше бөлімдерден тұрады. Жалпы бөлімге сот әділдігі принциптерін, азаматтық істердің сотқа қарастылығы (соттың қарауына жататындығы), сот құрамын, қарсылық білдіруді, іске қатысушы тұлғалардың құрамын, олардың іс жүргізу құқығы мен міндеттерін дәлелдеу, талап қою және басқаларын баянды ететін нормалар енеді.
Азаматтық іс жүргізу құқығының ерекше бөлігі - құқықтың осы саласынын жекелеген институттарын, процесс сатыларын реттейтін құқық нормаларынын жиынтығы (бірінші сатыдағы, апелляциялық, кассациялық, бақылау сатысындағы сотта іс жүргізу және басқалар).
Азаматтық құқық қатынастары әдетте: а) мүліктік және мүліктік емес; ә) абсолютті және салыстырмалы; б) заттық және міндеттемелік деп ажыратылады.
Бұлайша бөлудің негізіне әртүрлі белгілер алынғандықтан, бір ғана құқық қатынасы бір мезгілде мүліктік, абсолютті, заттық (мысалы, меншік құқық қатынасы) не мүліктік, салыстырмалы, міндеттемелік (мысалы, заем шартынан туындайтын құқық қатынасы) және т.б. болуы мүмкін.
Азаматтық құқық қатынастары мүліктік қатынастар мен мүліктік емес қатынастарға бөлу мынаған негізделген: мүліктік құқық қатынастарының белгілі бір экономикалық мазмұны бар, сонымен бірге мүліктік емес құқық қатынастарының мұндай мазмұны болмайды және жеке адамның кейбір материалдық емес мүдделерін (есімін, ар-ожданын және басқаларын) қамтамасыз етеді.
Азаматтық құқық негізінен алғанда мүліктік қатынастарды реттейтіндіктен, азаматтық құқық қатынастарына қатысушылар көбінесе мүліктік құқықтардың иелері ретінде әрекет етеді. Ондай құқықтарды, әдетте, беруге болады, яғни олар басқа адамға берілуі мүмкін не оған жалпы құқықтық мираскорлық тәртібімен ауысуы мүмкін. Мүліктік құқықтың жеке, оларды иеленушілердің жеке басынан ажырағысыз, басқаға берілмейтін болуы жиі кездеседі. Оларды басқа адамға беруге не оған жалпы құқықтық мұрагерлік бойынша ауыстыруға болмайды. Мысалы, атақ, ар-ождан құқын, авторлық құқық осындай болады.
2. Құқық қатынастары тағы да абсолютті және салыстырмалы болып бөлінеді. Бұлайша бөлу қатысушылардың байланысы белгісіне негізделген. Субъективті азаматтық құқығы бар тұлғаларға міндетті тұлғалардың беймәлім тобы қарсы тұратын құқық қатынастары абсолютті құқық қатынастары деп аталады. Мүліктік (мысалы, меншік құқық қатынастары) және жеке мүліктік емес құқық қатынастары (мысалы, туындыға немесе өнертабысқа авторлықпен туындыға құқық қатынастары) абсолютті болуы мүмкін. Бұл арада меншікті заттың бір субъектісі, туындының немесе өнертабыстың авторы басқаруға құқықты болып табылады. Қалған тұлғалардың бәрі міндетті болады. Олардың негізгі міндеті келеңсіз болып табылады және меншік иесінін өз құқығын жүзеге асыруына, автор құқығын бұзбауға және т.б. келіп саяды.
Басқаруға құқықты адамға алдын ала белгілі адамдардың белгілі бір айқын тобы қарсы тұратын құқық қатынастары салыстырмалы деп саналады. Олар бірнешеу болуы мүмкін, бірақ олар әрқашанда дәл анықталған болады. Мысалы, азаматтар немесе занды тұлғалар жасасқан шарттан туындайтын құқық қатынастары салыстырмалы.
3. Заттың және міндеттемелік құқық қатынастары. Профессор М.И.Брагинскийдің атап көрсеткеніндей, Рим құқығынан бастау алатын «заттық» немесе «міндеттемелік» болып бөлу ең алдымен құрлықтағы елдердің заңдарында маңызын сақтап қалған. Егер де институциондық жүйе бойынша жасалған кодекстерде (мысал - Француз азаматтық кодексі) бұлайша бөлу онша айқын көрінбесе, павдектілік үлгіні пайдаланған кодекстерде (Герман азаматтық зандар жинағынан Ресей Федерациясынының кодексіне дейін) оның негізгі маңызы бар.
Мейлінше жалпылама түрінде заттық және міндеттемелік құқық қатынастары арасындағы айырмашылық мынадан аңғарылады: заттық құқықтық мәселені зат, абсолютті сипатта болады, затпен байланысты болғандықтан, соның ізінен шықпайды және, ақырында, құқық иесінің белсенділігін және сонымен бірге өзіне қарсы тұрғандардың енжарлығын керек етеді. Міндеттемелік құқық қатынастарына олардың мәселесі белгілі бір адамның (борышкер) іс-әрекеті болуы тән, олар салыстырмалы болады, борышкерден қалмайды және құқықты адам - несие берушіге қарсы тұратын сол борышкердің белсенділігін керек етеді. Мүлікті беру, ақша төлеу, жұмыс орындау және т.б. сондай іс-әрекет болуы мүмкін.
Азаматтық іс жүргізу құқығының қайнар көздері
Азаматтық іс жүргізу құқығының деректемелері азаматтық істер бойынша сот әділдігін жүзеге асыру тәртібін реттейтін нормалар баянды етілген нормативтік актілер болып табылады.
Ең алдымен азаматтық іс жүргізу құқығының деректемесі сот әділдігін жүзеге асыруды сот органдарына ғана жүктеп, сот әділдігінің салааралық принциптерін, судьялардың тәуелсіздігін және олардың тек заңға бағынуын; барлық соттарда істердің ашық қаралуын, заңдылықты және т. б. нығайта отырып, сот жүйесін анықтайтын Қазақстан Республикасының Конституциясы болып табылады.
Азаматтық іс жүргізу құқығының келесі бір аса маңызды деректемесі 1999 жылы 13 шілдеде қабылданған Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі болып табылады. Онда азаматтық істер бойынша сот ісін жүргізу егжей-тегжейлі регламенттелген. Азаматтық іс жүргізу кодексі жалпы және ерекше бөлімдерден тұрады. Жалпы бөлімге азаматтық процестің барлық түрлері мен сатыларына қатысты нормалар енгізілген.
Құқықтың осы саласының нормалары Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасындағы соттар және судьялардың мәртебесі туралы» 1995 жылғы 20 желтоқсандағы конституциялық заң күші бар Жарлығында. «Қазақстан Республикасының Прокуратурасы туралы» 1995 жылғы 21 желтоқсандағы заң күші бар Жарлығында, «Мемлекеттік баж туралы» Заң мен басқа зандарда баянды етілген.
Азаматтық іс жүргізу құқығының деректемелері арасында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумынын түсіндірмелері ерекше орын алады. Ғылымда бір авторлар басшылыққа алынатын түсіндірмелер нормативтік сипатта болады деп санайды, басқалары өзгеше пікір ұстанады.
Мемлекетте заң шығарушы және атқарушы билікпен бірдей үшінші билік ретінде соттардың рөлін нығайту Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының басшылыққа алынатын қаулыларын құқық нормалары бар нормативтік актілер деп санауға негіз береді.
Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сот қорғауының кеңейтілуі азаматтық іс жүргізу құқының нормаларын қамтитын заң актілерінің шеңберін ұлғайтады, атап айтқанда, сотқа қарасты мәселелер материалдық құқықтың түрлі салаларының заңдарына енгізілген.
Жалпы алғанда, қылмыстық іс жүргізудің сотқа дейін болатын және істің сотта өтетін кезеңдері ажыратылады. Дегенмен, қылмыстық іс жүргізуді толық түсіну үшін ол осындай кезеңдерден тұрады деп қарау жеткіліксіз. Дәлірек айтқанда, қылмыстық іс жүргізу басқа да бірнеше кезеңдерге бөлінеді. Олар қылмыстық іс жүргізудің сатылары деп аталады. Ол сатылар былайша аталады: 1) қылмыстық іс қозғау; 2) алдын ала тергеу (анықтама және алдын ала тергеу); 3) бірінші сатыдағы сотта іс жүргізу; 4) кассациялық (апелляциялық) сатыда іс жүргізу; 5) үкімді орындау. Бұл аталғандар қылмыстық іс жүргізудің негізгі сатыларына жатады, яғни, жалпы ереже бойынша, әр қылмыстық іс осы сатылардан өтеді. Аталған сатыларды қылмыстық іс жүргізудің жеке кезеңдері деп түсінуге болады және олардың әрқайсысының өзіне тән міндеттері мен ерекшеліктері бар. Сондықтан ол сатылардың әркайсысына бөлек тоқталу қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |