Байланыстырып сөйлеуге үйрету жұмысы. I сынып оқушылары сөйлеу сөйлемнен тұратынын біледі. Олар сөйлемді сөзге бөледі. Бір сөйлемде қанша сөз бар екенін анықтайды, өздері екі-үш сөзден сөйлем құрайды. Ертегіні қайталап айтқанда, әнгімелескенде олар сөйлеммсн сөйлейді. Әрине, бұлар сөйлем туралы тек алғашқы мәліметтері, бұл мағлұматтары кейін грамматика сабақтарында нақтылана түседі.
Әліппе кезеңіндегі негізгі міндет — балаларды ауызша сөйлем құрауға үйрету. Әліппедегі картинкалардың, көпшілігі балаларды сөйлем құрауға үйретуді және олардың сөйлеу қателіктерін түзетуді көздейді.
Байланыстырып сөйлеуге үйрету сұрақ-жауап түрінде жүргізіледі. Ол (сұрау) әңгіменің жоспары іспеттес болуы керек.
Логикалық байланыстырып сөйлеуге үйрету үшін деформациялық мәтіндер алған жақсы.
Байланыстырып сөйлеуге үйретуде диафильм, мультфильм немесе балалардың ойыны, сондай-ақ мектептегі қандай да болмасын бір оқиға жөнінде де әңгімелесу тиімді нәтиже береді.
Сөйлеуге үйретуде дыбысты дұрыс айтып және оны дәл қабылдаудың маңызы зор. I сынып оқушыларының бірқатары дыбысты дұрыс айта алмайды (р, л, с, ш, з, ж, щ, ц).
Дыбысты бұзып айту бірқатар жағдайда оны дәл қабылдай алмағандықтан болуы мүмкін. Мысалы, ұяң дауыссыздарды қаттылау айту, айтылуы ұқсас дауыссыздарды ажыратпай, түсініксіз айту (с-ш, ж-з, ч-щ, т. б.). Мұндай жағдайды балаға осы дыбыстардан қос буын құратып айтқызса, (па-ба, ба-па, ка-га, га-ка, жа-за, за-жа, жа-ша, ша-жа) оңай білуге болады.
Дыбыстарды бұзып айту сөзді дыбыстық талдау процесінде де көрінеді. (Мысалы, шаш, шана сөздерінен »ш» дыбысын бөліп көрсеткенде т. б.). Баланың сөйлеу кемшілігін жөндеу әрбір баламен үнемі жеке жұмыс жүргізуді талап етеді.
Егер баланың сөйлеуі анық болмаса және ол түзеле қоймаса, мұндай жағдайда оны маман мұғалімге-логопедке жіберу керек.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Сауат ашу кезеңінде балалардың тілі мен ойын дамыту жұмысының міндеттерін айтыңыз.
2. Байланыстырып сөйлеуге үйрету жұмысы қалай жүргізіледі?
3. Дыбысты дұрыс айтуға және қабылдауға қалай үйретуге болады?
4. 1- сынып оқушыларының тіл мен ойын дамытуға арналған бір жаттығу, бір тапсырма жасаңыз.
Достарыңызбен бөлісу: |