Оқыту әдістері
Дене шынықтыру пәні оқыту барысында оқытудың әр түрлі әдіс – тәсілдерін қолданады. Бұл әдістерді біріктіріп, мынадай үш топқа бөлуге болады:
а) сөздік ( түсіндіру, әңгімелеу, бұйыру, нұсқау);
б) тәжірибелік ( жаттығулар, жарыстар) әдіс – тәсілдер бір – біріне тығыз байланыста болады. Әдіс – тәсілдер үйлесімділігі қажетті дене шынықтырумен қамтамасыз етеді.
Сөздік әдіс
Түсіндіру әдіс барлық сыныптарда қолданылады. Түсіндіру қысқа және оқушының білім деңгейіне лайықты бейнелі салыстырмалы сөздермен берілуі керек. Мысалы: баланың неғұлым биік секіруін талап ету үшін мұғалім биік лақтырған доппен салыстырады. Келіңдер, допша секірейік , немесе бүгілген аяқпен үнсіз жүруді, Мысықша басайық аяқты , т.с.с. Түсіндіру барысында балалар көптеген жаңа сөздерді меңгереді. Сап, қатар, отырып – тұру, т.с.с. Түсіндіруге ұқыпты дайындық керек. Дұрыс және әдеби тілмен дауыс мәнерін таңдай біліп түсіндіру қажет. Күрделі жаттығуды түсіндіру кезінде балалардың зейінін негізгі мәселеге аудара білу қажет.
Түсіндіру – оқытудің ең негізгі түрі, себебі оқу материалы туралы басты білімді оқушы осы тәсіл арқылы алады.
Әңгімелеу – оқушылардың дене жаттығуының жаңа түрімен таныстыру кезінде, жаңа мазмұнды ойынды үйрену барысында қолданылады. Әңгімелеудің – әдіс ретінде құндылығы, оның жаңа материалды хабарлау, баяндау арқылы берілетіндігінде. Тақырыптық әңгімелер Оқушылар жазы , Күн кестесі , Демалыс лагеріндегі бір күн , Пойызбен саяхат қызықты және пайдалы мәліметтер береді. Әңгімелесу барысында мұғалім әр түрлі жаттығу түрлерімен таныстыра алады (сапқа тұру, сапқа қайтадан тұру, жүру, жүгіру, секіру, лақтыру, өрмелеу, тепе – теңдік сақтау, шынығу жаттығулары, ойындар).
Әңгімелеу әдісі бастауыш сынып оқушыларымен жұмыс барысында негізгі әдіс ретінде қолданылады. Бұл әдіс өте көп дайындықты талап етеді және тиімділігі де жоғары. Әңгімелеу әдісіне қойылатын талап: жинақылық, мазмұндаудың әр түрлігі және мәнерлі әңгімелеу. Әңгімелеу әрқашан түсіндірумен байланысты болады.
Әңгімелесу әдісі сұрақ – жауап түрінде болады. Мұғалім сұрақ арқылы оқушының өткен материалды қалай меңгергенін, әр бір оқушының өз ойын біледі. Әңгімелесу әдісі оқушы мен мұғалімнің тіл табысуының ең ыңғайлы тәсілі. Бұл әдісті өткен материал мен жаңа сабақты байланыстыру үшін, өткен материалды бала қаншалықты меңгергенін білуге тиімді. Әңгімелеу барысында мұғалім оқушыны жақсырақ танып біледі. Әңгімелеу әр қашан қызықты және жинақты болуы қажет. Бұл әдіс бастауыш мектептің барлық сыныптарында қолданылады.
Бұйрық беру әдісі. Дене жаттығуларын орындау мен сабақ өту барысында мұғалім бұйрық беру әдісін қолданады. Бұл әдісті барлық сыныптарда қолданады. Әсіресе бірінші сыныпта бұйрық беру әдісі, бұйруқ берудің қажетті кезеңі болып табылады. Дене шынықтыру сабағына керекті құрал – жабдықтар (доп, секіртпе, жіп, таяқ) дайындау үшін мұғалім бұйрық береді. Мұғалімнің барлық бұйрығы нақты және анық болуы тиіс. Бұйрық орындалуын талап ету арқылы мұғалім оқушыларды тәртіптілікке және сынып ұжымында ұйымшылдыққа үйретеді. Дене жаттығуларын орындау үшін берілетін бұйрықтар барлық сыныптарда қолданылады. Мұғалімнің берген бұйрықтары барлық оқушылар үшін бір деңгейде болуы керек.
Нұсқау барлық сынып оқушыларына жаттығуды орындау барысында беріледі ( “Деніңді тік ұста! ” “Басыңды жоғары көтер!” т.б.). Нұсқау жалпы сыныпқа, жәке топқа, не жеке оқушыға берілуі мүмкін. Өз уақытында және орынды берілген нұсқау жаттығудың дұрыс орындалуына негіз болады. Нұсқау қысқа, дәл және талапқа сай болуы тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |