§ 29.Қазақ халқының қалыптасуы
Қазақ халқының қалыптаса бастауы б.з.д. ІІ-І мыңжылдықтардан басталады. «Қазақ» сөзінің шығуы туралы алуан-түрлі ғылыми болжамдар мен көзқарастар болды. Бірақ әлі де нақтылы толық дәлелденген пікір айтыла қойған жоқ. Дегенмен ол пікірлер мен болжамдардың кейбірі көңіл аударуға тұрарлықтай. Көне түрік тіліндегі деректерге қарағанда, «қазақ» деген атау Орхон, Енисей жазбаларындағы «қазғақ оғлұм» деген сөздегі «ғ» әрпінің түсіп қалу нәтижесінде тұрақтанған. Алай түрік тілінің заңдылықтары бойынша бұл пікір де қолдау таппады. Түркі тілдерінің қыпшақ-ноғай тармағынан қазақ тілі ХІV-ХV ғасырларда бөлініп шықты. Қазақ халқының көп ғасырлық құрылу процесі мен этникалық территориясының анықталуы ХV-ХVІ ғасырларда аяқталды. Саяси жағынан шашыраңқы этникалық туыстас топтардың басы қосылып қазақ рулары мен тайпаларының бірігуіне Қазақ хандығының құрылуы әсер етті. Ежелгі Сібір тайпалары тілдерінде «қазақ» сөзін «мықты», «берік», «алып» мағынасында берілген. Шығыс Дешті Қыпшақта «қазақ» атауы ІХ-Х ғасырларда әлеуметтік мағынада қолданылса, ал ХІ-ХІІ ғасырларда осы аттас этникалық әлеуметтік топтардың болғандығы байқалады.
«Қазақ» ХІІІ ғасырдағы хорасан түркімендері арасында да кездеседі. Кейбір деректерде сақ, хазар тайпаларының атынан шыққаны айтылады. Тарихшы Б.Е.Көмековтың айтуы бойынша «қазақ» сөзі бұлардың арасында этникалық сипатта қолданылған тәрізді. Сонымен «қазақ» сөзі көне түрік дәуірінде пайда болып, ХІІІ ғасырға дейін бостандық сүйгіш «еркін адамдар» деген мағынада қолданылып келген. Рузбиханның өзбек ұлысында (ХV ғ.) үш халықтың болғандығы, оның ішінде ең көбі, ержүректері қазақтар екені айтылған. Ақыр соңында өзбек ұлысынан немесе Әбілхайыр хандығынан Жәнібек пен Керей сұлтандар қазақ аталып жүрген тайпалармен бөлініп көшкенде, оларға алғаш «өзбек-қазақ» деген ат тағылған, кейін ХV ғасырдың екінші жартысында қазақ халқының құрылуына байланысты «қазақ» атауы біржола этникалық сипатқа ие болды.
Қазақ жүздері. «Жүз» деген атау тарихи шаруашылық-аймақ деген мағынаны береді. Жаңадан қалыптасқан қазақ халқы Қазақстан жеріне түгелдей тарап қоныстанды. Қазақ халқы мекендеген бұл жерлерде 3 түрлі шаруашылық аймақ қалыптасты. Осыған байланысты сол өңірлерді мекендеген халықтар үшін жүзге бөлінді.
Ұлы жүз.
Мекендеген өңірлері: Оңтүстік Қазақстан, Жетісу (Іле, Шу, Талас).
Тайпалар: дулат, албан, үйсін, қаңлы, суан, жалайыр, шапырашты, сіргелі. Ұлы жүзді Ақарыс деп те атайды.
Орта жүз.
Мекендеген өңірлері: Орталық және Шығыс Қазақстан (Ертіс, Есіл, Нұра, Тобыл, Сарысу өзендерінің бойы).
Тайпалар: арғын, найман, керей, уақ, қыпшақ, қоңырат. Орта жүзі Бекарыс деп те атайды.
Кіші жүз.
Мекендеген өңірлері: Батыс Қазақстан, Сырдарияның төменгі ағысы (Орал, Ырғыз, Торғай, Еділ өзендерінің бойы).
Тайпалар: әлім, байұлы, жетіру, солардан тарайтын табын, адай, шөмекей, жағалбайлы, шекті, төртқара, тама, серкеш т.б. Кіші жүзді Жанарыс деп те атайды.
Достарыңызбен бөлісу: |