§ 35.Қазақ-орыс қатынастары
Қазақ-орыс қатынастарының ертеден келе жатқан тарихы бар. Ресейге Қазан (1552 ж.), Астрахан (1556 ж.) хандықтары және Еділ бойындағы халықтардың қосылуымен орыс мемлекеті мен Қазақ хандығының арасындағы қатынастар күшейе түсті. Ресейдің басты мақсаттарының бірі Орта Азия және Үндістанмен сауда қатынасы жолдарының қауіпсіздігін күшейту, шығыс елдерімен байланысын бекіту болды. Қазақ даласы барлық азиялық елдерге апаратын жол саналды.
Қазақ хандығы Ресеймен байланыс жасап, жоңғарлармен және Ортаазиялық хандықтарымен күресте одақтас болуға тырысты. 1687 жылы Тәуке хан Тәшім батырдың басшылық етуімен Тобылға қазақ елшілігін жібереді. Қайып пен Әбілқайыр хан Ресей империясымен сауда-экономикалық және саяси байланыстарды орнату үшін Уфа, Қазан, Тобылға өз елшілерін аттандырады.
ХVІІІ ғасырдың басында Ресей империясы оңтүстікке «қиыршық алтын» шығатын жерлерді іздеуге арнайы әскери экспедициялар жасақтайды. Бірақ бұл экспедициялар сәтсіз аяқталып Ресей үкіметі бейбіт дипломатиялық жолмен байланыс жасауға көшеді.
Ресей дипломатиясы қазақ-орыс қатынастарның жандануына қолайлы жағдай жасады. Ресей тарапынан Тәуке ханның атына хат жіберіліп, онда негізінен даулы мәселелерді келісім арқылы шешу жолдары қарастырылды. ХVІІІ ғасырдың басындағы Бекболат Екешев және Байдәулет Буриевтің басшылығымен Ресейге барған Қайып ханның елшілігі, 1716 жылдың қазанындағы Никита Белоусовтың елшілігі, 1717 жылдың аяғындағы Б.Брянцевтің елшілігі, 1718 жылдың қазанындағы Шабу және Багадур елшіліктері қазақ-орыс қатынастарын жақсартты.
ХVІІІ ғасырдың 20-жылдарында қазақ-орыс қатынастары белсенді түрде жүре бастады. Әбілқайыр ханның бастауымен кіші жүзің көптеген тайпалары Жайықтың оң жақ жағалауына шығуға тырысты. Бұл жағдай орыс бодандығындағы башқұрттар және қалмақтармен жаугершілікке әкеліп соқты. Шекаралық келіспеушіліктерді реттеу мақсатында кіші жүз басшылары 1726 жылы Ресейге елшілік жібереді.
Әбілқайыр ханның бірінші жіберген елшілігі нәтижесіз аяқталып, екінші рет (1730 ж.) елшілік жібереді. Ондағы мақсаты - Орта Азияда, қазақ халқы арасында өзінің ықпалын нығайтуды ойлады. Кіші жүздің Ресейге қосылуынан (1731-1732 жж.) кейін «қазақтарды орыс бодандығында ұстау және оларды басқару» жөніндегі жоспар жасалынды, сонымен қатар башқұрт жерлерін қорғау, сауда қатынастарын жүргізу үшін Орынбор қаласын салу жоспарланды. Ресей мен қазақстанның арасында сауда байланыстарын орнатуға қолайлы жағдайлар орныға бастады.
ХVІІІ ғасырдың 40 жылдарының аяғында Орынборда 150 сауда дүңгіршектері және қоймалары салынды, ал 1754 жылы қазақтарға және азиялық көпестерге арналған күзде, қыста жіне жазда сауда жасайтын арнайы орындар ашылды. Сонымен қатар осыған ұқсас сауда орындары Семей, Жәміш, Троицк жерлерінде де салынды. Бұл тұрақтар алғашқыда бекініс ретінде тұрғызылып, кейіннен Ресей мен Қазақстанның арасында сауда орталықтарына айналды. 1750 жылдары Ресей империясы мен қазақ елі арасындағы сауданың өсу қарқыны байқалды.
Қазақстанның экономикасында Семей, Орск, Гурьев, Орал тағы басқа бекіністер маңызды рөл атқарды. Ортаазиялық және Шығыс Түркістанның көпестері көп мөлшерде мақта-маталар, ыдыстар, көкөністер, кілемдер, қару-жарақ, нан және күріш әкеліп отырды. Көшпелілердің отырықшылыққа көше бастауына сауданың дамуы себеп болды. Енді көшпелілер қалалардағы және елді мекендердегі сауда орталықтарына, жәрмеңкелерге бара бастады. Жердің тарылуы, бекініс шептерінің көптеп салынуынан, соғыс ауыртпалығынан қазақтардың шаруашылығында мал саны күрт азайып кетті, ол көшпеліліктің құлдырауына әкеп соқтырды.
Достарыңызбен бөлісу: |