§ 36.Қазақ-қытай қатынастары
1640 жылы Қытайда билік Маньчжур әулетінің қолына көшті. Жауынгер маньчжурлар Қытайды басып алумен ғана шектелген жоқ. Маньчжурлардың үстемдігі тұсында Қытай Шығыс Түркістан, Монғолия, Жоңғария аумағында белсенді сыртқы саясат жүргізді. Мақсат осы аумақтарды империяға қосып алу еді, бұған ХVІІІ ғасырда қол жеткізілді. Қазақ тарихи деректерінде маньчжурлар «шүршіт» деп аталады.
Қазақ-қытай қатынастары Қытай Жоңғарияны талқандап, Қазақстанның шекараларына жақындаған кезден қалыптаса бастады. Бұл кезеңде Абылай бастаған қазақ көсемдері жоңғарларды қолдауға тырысты. Олар қалмақтардың соңғы ханы Әмірсананы қытайларға ұстап бермеді, тіпті қытай әскерлеріне қарсы тұруға мәжбүр болды. Қазақ билеушілері Қазақстан мен Қытай арасындағы өткел ретінде осы мемлекетті сақтап қалуға үміт артты.
Жоңғар мемлекетінің құлауы аймақтағы саяси ахуалды түбегейлі өзгертті. Орта және Ұлы жүздер басқыншылық жоспарды көздеген Цинь империясының Қазақстанға қатысты орасан зор агрессиясымен бетпе-бет келді. 1756 жылдың көктемінде Абылайға Әмірсананы ұстап беруді үзілді-кесілді талап еткен грамота жіберілді. Қазақ қолбасшыларының пікірлері екіге бөлінді, алайда Абылай батылдық танытып, Қытай талабынан бас тартады. 1756 жылы жазда Қазақстан аумағына генералдар Хадаха мен Дардана бастаған Цинь армиясы баысп кірді. Қазақ пен қытай арасындағы алғашқы соғыс 1756 жылдың мамыр айында Шаған Оба ауданында өтті. Кейін ірі шайқас Жарлы өзенінің бойындағы Қарқаралы тауында өтті. Осы шайқаста 500 қазақ сарбазы қаза тапты. 1756 жылы күзде Абылай Баянауыл тауларында әскер жинап, Шідерті өзенінің бойында болған кезекті шайқаста Цинь әскерлерін орасан зор шығынға ұшыратты. Шайқас болған жерді қазақтар «Шүршіт қырылған» деп атады. 1756 жылғы соғыстан кейін 20 мыңдық Қытай армиясынан 3 мыңға жуығы ғана қайта оралған.
1757 жылдың жазында Цинь әскерлері Тарбағатай таулары арқылы қазақ жерлеріне басып кіреді және осы жерде Аягөз маңында қазақтардың қытайларға қарсы соңғы шайқасы өтті. Қазақ билеушілері Жоңғарияны қайта қалпына келтіру үшін күрестің нәтижесіздігін түсіне бастады. Сөйтіп, 1757 жылдың қыркүйегінде Пекинге Қанжігер мен Өміртай бастаған елшілік жіберілді. Императордың қабылдауында болған қазақ елшілері, бір жағынан өздерінің 1756-1757 жылдардағы әрекеттерін қателі болды деп түсіндірсе, екінші жағынан, Алтай мен Тарбағатайды қазақтардың заңды қоныстары деп жариялады және оны қазақтарға беруді талап етті. 50 жылдардың аяғында бұл мәселелер негізінен дипломатиялық жолмен шешілді.
Қазақстанның Қытаймен арадағы бұдан былайғы қатынастары екі негізгі мәселелерге - жер аумағы және саудаға байланысты болды. ХVІІІ ғасырдың 60-70 жылдары қазақтар жоңғарлардан азат етілген өз жерлері үшін тегеурінді күрес жүргізді. Алтай, Тарбағатай тауларындағы ескі қоныстарына алдымен керей және найман тайпалары, ал Жетісуға үйсіндер ұмтылды.
ХVІІІ ғасырда қазақтарға тек өзінің жер аумағын ғана емес, сонымен бірге тәуелсіздігін де қорғауға тура келді.
Ресей Әбілқайырдың кіші жүзді қосу туралы өтінішін пайдаланып, Қазақ хандығының аумағына біртіндеп ене бастады. Абылай қайтыс болғаннан кейін Ресей өзінің шығыстағы саясатында қазақтардың тәуелсіздігін толығымен жоюға бағытталған жаңа жорықтарын дайындай бастады.
Достарыңызбен бөлісу: |