Тәуелділік – адамның ерекше ішкі күйі. Ол ылғи жеке тұлғаның, сол немесе өзге дәрежеде, адамның басқа жанды мақұлықтан бөлінетін өзекті қасиет - ерік бостандығының жойылуымен сипатталады.
Құмарлық ойындарға тәуелділік бойында құмарпаздық, еліктегіштік басым, өз еркін билеу дәрежесі төмен мінез-құлықты адамдарды тез меңдейді. Бұл тәуелділік, жалпы алғанда, өмірдің басқа салаларына қанағаттанбауды білдіреді. Құмар ойынға тәуелділік себептерінің қатарына интернет пен онымен тығыз байланыстағы виртуалды ортаны жатқызуға болады. Бүгінгі жастарға қауіп төндіріп тұрған зиянды әдеттердің бірі виртуалды тәуелділік болып табылады.
Бүгінде компьютер адамзаттың өмірін жеңілдетіп, ақпаратты тез алуға ғажап мүмкіндік береді. Алайда уақыт өте келе компьютер алдында көп отырудың көз жанарына, адамның қан айналымына кері әсер ететінін былай қойғанда, ол ойын құралына, онда да адам жүйкесін бұзатын құмар ойын құралына айналды.
Қазіргі уақытта жастар, әсіресе балалар үшін компьютерлік ойындар – көңіл көтерудің ең бір кең тараған түрі. Компьютер ойнына тәуелділіктің арақ, шылым, есірткіге тәуелділік сияқты адамға денсаулығына қауіпті жақтары да бар. Тіпті компьютер басында отырып инфаркт, инсульт алған ойынқұмарлар да аз емес. Сондай-ақ компьютер адам генофондына кері әсер ететін, электромагнитті сәуле шашатын радиация көзі екенін де ұмытпау керек.
Ғалымдар интернетке тәуелділіктің тұжырымдамасына келгенде әрқилы пікірде болғанмен, интернетке тәуелділіктің белгілерін төмендегідей көрсетеді: интернетте жиі әрі бас алмай (ішіне кіріп кеткендей) отыру; Бақылауды жоғалту (белгілеген уақытынан көп отыру); айналасындағы адамдарға деген қарым-қатынасының бұзылуы (оларды елемеу, байланысын үзу); жұмысын қысқартып, оны тастап, интернетке ұмтылып тұру; интернетте отыруды әдетке айналдыру; интернетті пайдалануға кедергі туа қалғанда жүйкесінің қозуы.
Сондай-ақ, компьютердің алдында шамадан тыс көп отыру мынадай зиян шектіреді: отырғанда денені дұрыс ұстамау, омыртқа мен мойынға күш түсіреді; ұзақ әрі үзіліссіз отыру көздің көру қабілетін нашарлатады; интернетте көп отыру бас ауруы мен биоритмнің бұзылуына алып келіп соғады; кейбір адамдарда қан айналым жүйесі мен салмаққа қатысты қиындықтар тууы мүмкін. Әрине интернет күнделікті өміріміздің маңызды қажеттіліктерінің бірі болып табылады. Дұрыс қолданылса, адамға өте көп пайдасы бар. Олай болса сабырлы, салмақты, үйлесімді болу жастардың жан дүниесі үшін өте маңызды ерекшеліктер болып табылады. Сондықтан виртуалды дүниені тәрбиеге, ұлттық және адамдық құндылықтарға сай түрде жасауымыз керек.
Жалпы жастардың бос уақытын өткізу аясында ұлттық, салт-дәстүрлерге деген қызығушылығы, рухани жан дүниені байыту аясында ешқандай іс - әрекеттер мен ұмтылыстарды көріп жатқан жоқпыз. Жастардың бос уақыт дегеннің өзін дұрыс түсінбеуі, бос уақыттарын қалай болса солай өткізуі айқын көрініп тұр. Жастардың бос уақытын дұрыс өткізуіне айтарлықтай бақылау жасасақ, бос уақыт жалпы мәдени, шығармашылық, жағымды мінез бен әдеп т.б құндылықтарымен толықтырылар еді. Бос уақытты тиімді өткізу деңгейі жоғары болса, бұл өз кезегінде мемлекеттің тұрмыстық жағдайы ғана емес, рухани, мәдени жағынан да дамуына үлесін тигізер еді. Себебі, жастар біздің мемлекетіміздің айнасы мен болашағы.
Достарыңызбен бөлісу: |