ІІ-тарау.Әдеби сөйлеудің ең басты ережелері. 1.1.Оқудағы дауыстың маңызы. Дауыс сөйлеуші адамның сөзін, өзіндік үнін, көңіл-күйін тыңдаушыға бағыттап отырады.
Дауыс сөйлеу мүшелері мен ауаның бір-біріне соқтығысуымен жасалады. Соның ішінде дауыстың ажыратылуы дауыс шымылдырығына тікелей байланысты. Дауыс шымылдырығында пайда болған үн қуыс мүшелері арқылы өткенде әр түрлі реңге ие болады.
Әр адамның өз дауысы болады, өйткені әр адамның өзінше анатомиялық, физиологиялық ерекшеліктері бар.
Мәнерлеп оқуда дауыс ырғағы – интонацияның орны бөлек.Интонация дегеніміз – сөйлеу сазы.Ол сөйлеудің ритмі мен үнін,дауыстың бірде жоғарылап, бірде төмендеуін білдіреді.Интонация мына элементтерден тұрады.Сөз екпіні және ой екпіні. Сөз екпіні – фразалық екпін,ал ой екпіні – логикалық екпін. Сонымен, көркем сөз оқушы адамның шығармадағы кейіпкерлердің көңіл-күйі, ішкі сезімін, жан-дүниесін тыңдаушыға сан алуан дауыс сазы арқылы жеткізуін интонация дейміз. Интонация дұрыс болу үшін оның элементтерін дұрыс, бір-бірімен ұштастыра пайдалануымыз керек.
Олар: дауыс күші, тембрі, екпін, пауза түрлері, сөйлеу /мелодия/ нормативтік дауыс ырғағы.
Интонацияны сақтауда кідірістерді дұрыс пайдаланудың маңызы зор. Кідірістер /пауза/ логикалық, психологиялық, грамматикалық болып 3-ке бөлінеді.
1. Логикалық кідіріс. Бұл – табиғи кідіріс. Мұнда шығарманың мән-мағынасына орай, сол шығарманың идеясын ашатын жекелеген создерге салмақ түсіріледі. Бұл кезде тыныс белгілеріне онша назар аударылмайды.
Әрбір сөйлемде айтылатын ойға негіз болатын жеке сөз, не сөз тіркестері болады. Бұл сөздер сөйлемдегі басқа сөздер мен сөз тіркестерінен көтеріңкі оқылып, тыңдаушының назарын өзіне аударады. Мұндай сөйлем ішіндегі мағына жағынан мәні басым сөздерге логикалық екпін түсіріліп, логикалық кідіріс жасалып, мәнерлі оқылуы керек. Мысалы, Сүлеймен деген патша кірпі мен қарғаға былай деп бұйрық береді: - Сен, қарға, бір күнде жер дүниені аралап, жақсы сайрайтын құс тап. /Қазақтың халық ертегісінен/.
Бұл сөйлемде логикалық кідіріс «Сүлеймен деген патша», «сен, қарға», «бір күнде» деген сөз тіркестерінен соң жасалады. Өйткені, ой екпіні осы тіркестерге түсіп тұр.
Логикалық кідіріс жасап, ой екпінін дұрыс білу үшін сөйлем мағынасын, сөйлемдегі сөздердің бір-бірімен грамматикалық байланысын таба білу керек.
Пауза сақталмай оқылса, онда мәтін мазмұны түсініксіз болады. Мысалы, «ол үй емес» деген сөйлем паузасыз айтылса, онда айтып тұрғаным «басқа» деген ұғымды білдіреді. Яғни «ол» сөзі сөйлемде «үй» сөзіне анықтауыш ретінде қолданылады. Ал «ол» сөзінен кейін пауза жасасақ, онда айтып тұрғаным «үй емес, қора немесе басқа бірдеме» дегенді білдіреді. Мұнда «ол» бастауыш қызметін атқарып тұр.