7 – ойын. «Жүйріктер жеңеді».
Ойынға қатысушылар қызыл және сары топ болып екіге бөлінеді. Әр топтың алдында қызыл және сары түсті жұлдызшалары бар қорапшалар болады. Үй тапсырмаларын қайталағанда, жаңа тақырыпты бекіту кезеңдерінде сұрақтарға жауап берген сайын әрбір оқушы өзіне қызыл және сары жұлдызшаларды ала отырып, өздеріне ұпай санын жинайды. Сабақ аяғында жұлдызшаларының санына сәйкес ұпайлары саналып бағаланады.
Ойын оқушыларды белгілі бір мақсатқа ұжымдық әрекет жасауға, шапшаңдыққа үйретеді.
8 – ойын. «Арқан тартыс».
Оқушылар екі топқа бөлінеді. Тақта алдында ұзын жіп байланады. Киіз үй жиһаздары, ұлттық киімдер, зергерлік бұйымдар, т.б. суреттер салынған конверттер ілінеді. Әрбір оқушы өзіне ұнаған конвертті қиып алып, оның ішіндегі сұраққа жауап береді. Есептер болса шығарады және сурет физикалық тұрғыдан түсіндіріледі. Топтағы оқушылар бір-біріне көмектеседі. Қай топ көп тапсырма орындаса, сол топ жеңеді. Ойын ұжымдық іс-әрекетке тәрбиелейді.
9 – ойын. «Орамал тастау».
Жастардың сүйіп ойнайтын ойындарының бірі. Ол жазда, көгалда, алаңда шөптесін жерде ойналады. Ойнаушылардың саны көп болса, ойын соншалықты қызықты болады. Ойыншылар тең екі топқа бөлінеді де, арасы он адымдай екі сызықтың бойына қарама-қарсы қатарласа тұрады. Жүргізуші қолындағы орамалын бірінші топтың оң жағындағы шеткі ойыншыға береді. Ол өзінің қарсыласының біреуіне тастайды да: «қа» деп дауыстайды. Ол қағып «ғаз» дейді, болмаса «ла» дейді. Сонда «қағаз», «қала» т.б. сөздер шығады. Бұл ойын жастардың ойын дамытып, ана тілін жетік білуге, тапқырлық қасиеттерге үйретеді.
Осы ойынды қолданып, физикалық шамаларды, өлшем бірліктерін жаттап алуға дағдыландыруға болады. Мысалы: оқушылар екі топқа бөлінеді. Бірінші топтың бір оқушысы «m» әрпін көрсеткенде, екінші топ оқушысы «масса» деп жауап береді. Ойын осылайша қайталанады. (Әр топ оқушыларының алдында физикалық шамалар мен өлшем бірліктері жазылған парақтар болады.
10 – ойын. «Ақ терек».
Халыққа кең тараған ойынның бірі. Ойынға қатысушылар кең, жазықты алаңды жерді таңдап алады да, тең екі топқа бөлінеді. Әр топ өзіне басқарушы сайлап алады. Екі топ ара қашықтығы 20-30 метрдей жерде бір-біріне қарсы қарап, қол ұстасып, тізбек құрап тұрады. Қай топтың бірінші болып ойын бастайтынын жеребе арқылы шешеді. Бірінші болып ойын бастайтын топтың басшысы қарсы тұрған топтың бір ойыншысының атын атап шақырады. Аты аталған ойыншы жүгіріп барып, өзін шақырған қарсы топтың тізбегін бұзып өтуі керек. Егер ол тізбекті бұзып өтетін болса, онда бұзып өткен жердегі бір ойыншыны өзімен бірге ала кетеді. Егер бұзып өте алмаса, онда өзі сол топқа қосылып қала береді.
Ойын жалғаса береді. Ойын бір топтың жеңісімен аяқталады.
Бұл ойынды сыныптан тыс физикалық кештерде қолдануға болады. Мысалы: бірінші топтың бір оқушысын екінші топтың бір оқушысына сұрақ қояды. Егер жауап бере алса ұпайлары екі есе артады. Жауап бере алмаса, сұрақ қойған топқа екі есе артық ұпай беріледі. Ойын осылай жалғаса береді. Ұзаққа созылып кетпес үшін, сұрақтың санын және уақытын белгілеп алу керек.
Ойын оқушылардың алған білімдерін тереңдетуге көмектеседі.
Достарыңызбен бөлісу: |