1.2 Қызығушылық деген не?
1.2.1 Қызығушылыққа психологиялық тұрғыдан талдау жасау.
Қызығу-шындықтағы заттар мен құбылыстарды белсенділікпен танып, білуге бағытталған адамның біршама тұрақты жеке ерекшелігінің бір көрінісі. Сонымен қатар, қызығуда бір нәрсені ерекше таңдап, соған зейін қойылады. Адамды еліктіріп, өзіне тартқан нәрсенің бәрі қызығудың объектісі болып табылады. Қызығудың физиологиялық негізі-«Бұл не?» дейтін рефлекс. Қызығушылық-адамның бір затты немесе бір құбылысты білейін, көрейін деп айрықша ықылас қоюы.
Қызығулар да бейімдіктер тәрізді балалардың кішкентай кездерінде ерекше байқалады. Мәселен кейбір балалар кішкентайында автомобильге, тракторға, жалпы техника атаулыға әуесқой келеді. Мұндай балалардың есі-дерті машина болып, уақытының көбін соның айналасында өткізеді, олардың маркасын жақсы айыра алатын болады. Кейін осы бала мектеп қабырғасында физика, қол еңбегі сияқты пәндерді бар ықыласымен оқиды, ал мектеп бітіргеннен кейін сол балалардың біразы жасынан өзі жақсы көретін техника саласында нәтижелі жұмыс істеп, өз қабілеттерін жақсы көрсетеді. Қызығу құбылысының табиғаты қүрделі.
Адамда сан алуан қызығулардың болуы мүмкін. Бірақ, осылардың ішінде басты біреуі, ең басыңқы қызығуы болады. Мұндай қызығулар әсіресе, оқу әрекетіне аса қажет. Оқу қызығуларының әсерлі, күшті, тұрақты, мазмұнды болуы баланың сабақ үлгеруіне, білімді терең алуына көп жәрдем тигізеді. Оқу қызығулары балаларда оқу мотивтерінің дамуына байланысты қалыптасып отырады.
1.2.2 К.Маркстің «Адамға лайықтың бәрі де маған жат емес» деген сөзінің мәні.
Адамда қызығудың жөнді көрінбеуі оның өмірін мазмұнсыз етеді. Мұндайда ол енжар болып, іші пысады, зерігіп, берекесі кетеді. Қызығудың мазмұнды, әрі кең, өрісті болуы-оның басты ерекшеліктерінің бірі. Мұнсыз адамның рухани өмірі дамымайды. К.Маркс бір сөзінде «Адамға лайықтың бәрі де маған жат емес» деген екен. Бұл қызығуы шар тарапты дамыған адамның ғана айтатын сөзі. Қызығуы тұрақты қасиетке айналған адам ғана іс-әрекеттен жақсы нәтиже шығара алады, ісі әруақытта да берекелі болады. Кейбір адамдар кез келген нәрсеге қызығады да, сайып келгенде, оның бірде біреуіне тұрақтамайды. Мұндай «көрсе қызар» әуесқойлық адамды тұрлаусыз, тұрақсыз етеді. Егер осы әдет бойға сіңіп кеткен болса, бұл-үлкен кемшілік. Қызығуы тұрақтанбаған адам қызметтің қай саласында болмасын, пәрменді еңбек ете алмайды. Тек тұрақты қызығу ғана адамның бүкіл бойын билеп, қандай бөгеттер болса да, жеңе білуге, небір ауыртпалықты көтере білуге жәрдемдеседі.
Адам объектіге түрлі мақсат көздеп қызығады. Осы тұрғыдан қызығу тікелей және жанама болып екіге бөлінеді. Тікелей қызығу айналадағы нәрселердің тартымдылығынан туады. Жанама қызығу-бұл әрекеттің түпкі нәтижесін қажетсіну. Мұндай қызығуда адам көздеген мақсатына біртіндеп, сатылап жетеді. Мәселен, оқуға, еңбек етуге қызығу осындай қызығулар. Жанама қызығу тұрақты, тұрлаулы болып келсе, адамның ісі оңға басып, ол нәрсені білген үстіне біле түсуге ықыласы кетіп отырады.
Қызығу балаларда алғашқы кезде онша ажыратылмайды. Дегенмен бөбектерде де қызығу элементтерінің барын байқауға болады. Қызығудың жақсы көрінетін жері-мектеп. Мектеп жасындағы балаларда қарапайым тану қызығулары көріне бастайды. Мектеп өмірі балаларда көптеген қызығулардың түрлерін туғызады. Біртіндеп оқу қызығуларымен қатар спорттық, оқырмандық қызығулар қалыптасады. Қызығу көбінде балалардың бір нәрсеге бейімділігіне қарай көрінеді. Қызығу пәрменді, белсенді болу үшін, бала тікелей әрекетпен айналысуы қажет. Мұғалім балалардың қызығуын тәрбиелеуде оларға әлі де онша мәлім емес кейбір жанама қызығуларын тауып, соларды тұрақтандыру жағын ойлауы керек. Сонда ғана бала рухани өмірге бай, босқа зерігуді білмейтін, еңбекті сүйетін, жан-жақты, қабілетті адам болып шығады. [3].
Достарыңызбен бөлісу: |