Қорытынды.
Қос сөздер түркі тілдің бәрінде бар тілдік құбылыс. Қос сөздер ең көне Орхон жазба ескерткіштерінің тілінде де болған. Содан бері қарай қос сөздер түркі тілдерінің бәрінің сөздік қорынан мол орын алып, тілде жиі қолданылатын лексикалық бірліктер қатарында келе жатыр. Қос сөздер мәселесі зерттелмеді дей алмаймыз.Ол жайында құнды пікірлер мен тұжырымдар да аз еместігін жоғарыда айтып өттік. Соған қарамастан, оны лексикалық тұрғыдан егжей-текжейлі зерттеп, тілдің әр саласына жататын жақтарын анықтап алмай, оны бір ғана құбылыс деп қарай алмаймыз. Қос сөздер мәселесі ғылымда әбден танылған, тілдік құбылыс.
Тарихи шығу төркінін, қалыптасу заңдарын топшылағанда, қос сөздер мынадай екі түрлі жолмен дами келіп, үлкен бір арнаға сыйған.
1. Қайталама қос сөздер айтылатын ойға әртүрлі экспрессиялық, эмоциялық және басқа қосымша мән беру мақсатымен әуелде бір сөзді екі рет қайталап қолдану машығынан пайда болған.
Ал, сөздің ықшамдалып келіп, бір буын түрінде қайталануы сондай-ақ, сөздің я дауысты дыбыстың қайталануы кейінгі заманда қалыптасқан формалар.
2. Қосарлама қос сөздер мынадай екі түрлі жолмен дамып қалыптасқан:
а) Қосарлама қос сөздердің бір алуаны сөйлемдегі бірыңғай мүшелердің, айқындауыш мүшелердің логикалық, интонациялық, формалық райға қарай бірте-бірте орын жағынан өзара орайласып, бір-бірімен үнемі жұпталып қолданылуына сәйкес, бірде күрделі, бір бүтін тұрақты сөз ретінде, бірде бір-бірінен ажырасатын бірыңғай мүшелер ретінде жұмсалынуының нәтижесінде қалыптасқан. Практикада әрі байлаулы, әрі еркін қолданылатын қасиет мағыналы қосарлама сөздерге тән. Сондықтан ондай қосарлама сөздердің компоненттері ауыспалы болады, бірде қос сөз құрамында қолданылса, бірде олар бір-бірінен ажырап дербес, жеке дара сөз ретінде қолданыла береді. Қос сөздердің екі сыңары да бірыңғай, яғни бір ғана сөз тобына тән сөздерден құралатын себебінің бір негізі олардың бірыңғай мүшелермен ұштастығында да болуға тиіс.
б) Қосарлама қос сөздердің бір алуаны белгілі бір төл сөзге бір рудың не тайпаның тіліндегі пар-пар я мәндес сөзді немесе көшірме, айлас-күлес отырған, я бұрынғы-соңды белгілі қарым-қатынаста болған басқа халықтардың тіліндегі балама сөзді жарыстыра, қосарлап қолдану нәтижесінде туып қалыптасқан.
Бірақ бұлардың ішінен кейбіреулерінің жеке, я екі компаненті әуелгі өз мағынасын не солғындатып, не жоғалтып, тек қосарлама сөздің құрамында ғана қолданылатын көне формаға айналған. Бұл процесте тиісті фонетикалық құбылыстардың маңызы болғаны күмәнсіз.Осыған көз жеткізу үшін романдағы мына қос сөздерді алып салыстырамыз: бала-шаға, жора-жолдас, некен-саяқ, тоқты-торым, дос-жар.
Халқымыздың классик жазушысы, қарымды қаламгер Мұхтар Әуезов өзінің төл туындысы – «Абай жолы» романында қос сөздерді орынды қолдануда түрлі әдеби тәсілдерге сүйене отырып, туындының негізгі тақырыбын аша білген.
М.Әуезов романды жазу барысында 500-ден астам қос сөздерді қолданған. Туындыдағы қос сөздерді талдау барысында байқағанымыз қайталама қос сөздерге қарағанда, қосарлама қос сөздердің саны өте көп қолданылған.
Романдағы қос сөздердің тұлғалық түрлерінің қаншалықты бай болуына байланысты, мағыналық ерекшіліктері де соншалықты бай болып келеді.
Жалпы туындыдағы қос сөздерді мағынасына қарай мынадай негізгі топтарға бөліп қарастырдық:
1. Жинақтық я жалпылық мағынаны білдіретін қос сөздер: бала-шаға, әке-шеше, қыз-келіншек т.б.
2. Жіктеу, даралау мағынаны білдіретін қос сөздер: мая-мая, қора-қора, топ-топ, қос-қос т.б.
3. Болжау мағынасын білдіретін қос сөздерге: бүгін-ертең, екі-үш, төрт-бес.
4. Белгілі амалдың бір рет емес, әлденеше рет қайталанғанын білдіретін қос сөздер: сарт-сұрт, бара-бара, қайта-қайта, қағып-қағып, мұңдап-мұңдап т.б.
5. Екі субъектінің арасындағы әрекеттің немесе қарым-қатынастың
тікелей болатынын білдіретін қос сөздер: бетпе-бет, ауызба-ауыз, қолма-қол, көзбе-көз т.б.
6. Қимылдың я көріністің бірқалыпты емес, бірде олай, бірде бұлай құбылып отыратынын білдіретін қос сөздер: жалт-жұлт, сарт-сұрт, тарс-тұрс, сақыр-сұқыр т.б.
7. Аталатын затты кемсіну-қомсыну мағынасын білдіретін қос сөздер: ат-мат, ақсақ-тоқсақ т.б.
8. Заттың түсін, көлемін я болмаса сапасын күшейту мағынасын беретін қос сөздер: сап-сары, үп-үшкір, кіп-кішкене, ып-ыстық, жұп-жұмсақ, түп-түгел, жіп-жіңішке т.б.
9. Мезгіл мағынасын білдіретін қос сөздер: бүгін-ертең, анда-санда, күндіз-түні, күнбе-күн т.б.
Сонымен қоса туындыдағы қос сөздер атауының бәрі мынадай заңдылықтар арқылы жасалады:
Қос сөздер сыңарлары кез-келген сөздерден бола бермей екі сыңары да бір сөз табынан болады: қарға-құзғын, төрт-бес, ақ-қара, кәрі-жас т.б.
Қос сөз сыңарлары мағыналас, синоним, антоним сөздерден жасалады: аяқ-қол, күш-қуат, қазан-ошақ, пішін-мүсін, еркек-әйел т.б.
Сыңарлары буын саны жағынан үндесіп келеді, яғни сингорманизм заңы сақталған: қару-жарақ, талан-тараж, у-шу, сүйек-сорпа т.б.
Туындыдағы қос сөздердің жасалуындағы бұл заңдылықтарда қайшылықтар жоқ емес, бірақ ол негізгі заңдылықтарға қарағанда әлдеқайда аз екендігін негізгі тарауда айтып өткен болатынбыз.
Туындыда қолданылған қос сөздер тек өзіміздің ұлттық тілімізде ғана емес, басқа түркі тілдерінен енген сөздер арқылы да жасалған. М.Әуезов төл туындысын жазу барысында қос сөздерді сол кездегі кезеңге сай қолданған. Мысалы; көші-қон қазақ халқының көшіп қонуына байланысты: жайлау-қыстау, қару-жарақ, әдет-ғұрып, салт-дәстүр т.б. сияқты сөздерді көп қолданып, айтпақшы болған ойын әсерлі жеткізген. Романда қос сөз сыңарлары, тұрақты сөз тізбектерінде көненің сарқытындай сақталып қалған құпия сөздер де кездеседі. Тіл мамандары көне сөздерге арнайы зерттеу жасап, көзін ашып отырса, бір кездегі болмыстан сыр аңғарып қана қоймай, бүгінгі тіл қолданысымызда «бұл қалай» деген сұраққа жауап табар едік.
Жалпы М. Әуезов туындының негізгі тақырыбын айқын аша білген және әдеби қазынамыздың дамуына өз үлесін қосты. Қазақ халқының қалыптасу, бағзы замандағы тұрмыс тіршілігі жайында баяндайтын туындыны оқыған кез-келген оқырман қазақтың бай тілінің тарихы тереңде жатқандығына көз жеткізеді. М.Әуезов туындысы қазақ әдебиетіндегі баға жетпес қазынаның бірі.
Достарыңызбен бөлісу: |