2
2.1. «Абай жолы» романындағы қос сөздердің мағыналық ерекшеліктері.
Романдағы қос сөздердің жасалуына тән заңдылықтар сыңарларының мағыналық байланысына қатысты болып келеді. Туындыда ешбір мағыналық байланысы, бір-біріне қатысы жоқ сөздер бір-бірімен қосылып, қосарланбаған. Міне, бұл романдағы қос сөздердің жасалуында қатты сақталған заңдылық. Осыған байланысты қос сөздердің сыңарлары көбіне мағыналас, синоним, антоним сөздерден болған. Мысалы төмендегі сөйлемдерге назар аударайық Қораның ішімен ас үйдің бәрі палау басқан, сарбуға салып, балқытып ет асқан қазан-ошақтарға толды [М. Әуезов “Абай жолы” 2-кітап А. Жазушы 2002 ж. 117-б]. Тіпті ауыл маңында үрген ит те жоқ. Олар да сорпа-сүйек тимеген соң, жүдеу күздің күнінде тышқан аулап, қаңғып кеткен [3-кітап, 57-б]. Терлетпей аяңдап жүрген семіз сәйгүліктердің жал-құйрықтары қыраулатып, кекілдері шалбастанып тұр [сонда, 72-б]. Қозылары жаңа жамыраған , иттері үріп шулаған, құлын-тайы шіңгірлеп кісінеген көп үнді, даңғаза болған ауылдың үстінен шықты [сонда, 151-б]. Көрпе-жастық, асжаулық, тегене, тостаған самауырлар тасыған жас әйелдер, еркектер қарбаласады [сонда103-б].
Осы сөйлемдердегі қазан-ошақ, сорпа-сүйек, жал-құйрық, құлын-тай, көрпе- жастық деген қос сөздер өмірде бір-бірімен белгілі байланысы бар заттардың атынан яғни бір-бірімен мағыналық қатысы бар сөздерден жасалған . Мағыналық байланысы бар қос сөздер романда көп қолданылған. Мысалы қарға-құзғын, тай-құлын, аяқ-қол, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, кедей-кепшік, шаң-тозаң, қатын-бала.
Ал енді мына төмендегі сөйлемдерге назар аударайық. Үнсіз жығылған жігіттің бар сырын аңғарған, әншейінде сырлас-мұңдас Қаңбақ Исаны қатты мүсіркеп кетті [сонда, 84-б]. Оқу тәрбие мен шаһар тіршілік тәртібі бұлардың әрбір қимыл-қозғалыстарын мүлде басқа еткен Әбіш мынау [сонда, 110-б]. Алыс жолдан келген өнерлі, оқымысты қонақпен сағынысқан аға, бауыр, құрбы-құрдас, дос-жолдастар ең алғаш осылай кездесті [сонда, 112-б]. Ендеше, не керек, бетің-жүзің бар демей қарсы алысу керек [сонда, 167-б]. Көз шарасына, ақыл-санасына сыймастай алып, барлық адам ойын осы бір тынып барлап тұрған ұлы тыныштығының өзімен де кішірейіп, тозаңдай елеусіз етіп, бағындырып тұр [сонда, 181-б]. Бұл сөйлемдердегі қос сөздердің сыңарлары (сырлас-мұңдас, қимыл-қозғалыс, пішін-мүсін, құрбы-құрдас, дос-жолдас, беті-жүзі, ақыл-сана) бір мағынаны білдіреді, бірақ екі түрлі дыбысталады. Бұндай қос сөздердің сыңарлары сөйлемде бірінің орнына бірі қолданыла береді. Осы сияқты қос сөздер романда өте көп кездеседі. Оларға: қас-дұшпан, әлді-малды, өсіп-өнген, бай-бағлан, күш-қуат, ақыл-парасат, өлім-қаза, әл-қуат т.б. жатады.
Мұхтар Әуезов өзінің туындысында мағыналары бір-біріне қарама-қайшы сөздерден жасалған, яғни, антоним сөздерден болған қос сөздерді көп қолдана білген. Мысалы, Қазіргі күндерде бұлар аш-тоғын да елемейді [3-кітап, 67-б]. Сондықтан барлық еркек-әйел сол қалың қойды қоршап алып, айқай салып қамап тұр [сонда, 81-б]. Солар арқылы әр кеңсенің үлкенді-кішілі чиновниктеріне де осы күнде білікті, көзтаныс арызшы болып алған [сонда, 168-б]. Ауыл үстіндегі аттылы-жаяулы төбелеске қарамастан артына ерген Асан мен Үсен үшеуі құстай ұшып отырып жаңағы Базаралының үйіне жеткен [сонда, 198-б]. Осы сөйлемдердегі қос сөз мағыналары бір-біріне қарама-қайшы, яғни антоним сөздерден жасалған. Мұндай сөздер романда көптеп кездеседі. Мысалы: еркек-әйел, үлкен-кіші, аттылы-жаяу, ұл-қыз, аш-тоқ, азды-көпті, іші-тысы, ақ-қара т.б.
Сонымен қатар М.Әуезов романында бір сыңары мағыналы, екінші бір сыңары мағынасыз сөздерден жасалған қос сөздер де көптеп кездеседі. Мысалы; Бұншалық өктем, зорлықты күтпеген момын ауылдар қазір біріне-бірі жүгірісіп, жалғыз-жәутік, тай-тулаған мінісіп шапқыласып әбіргерге түсті [3-кітап, 65-б]. Олар ағызған бойларында айқай-сүреңін үзбей отырып, кесірлі асауларды шошыта қиқулады [сонда, 72-б]. Қайда қойшы, сауыншы, күзетші, жылқышы кем-кетік, жоқ-жітік болса солардың ғана басына арналған апат [сонда, 121-б].
Қазан-аяғына шейін жамап-жасқайтын, жасқаушысы болдым ғой [сонда, 176-б]. Осы сөйлемдердегі тай-тулағын, айқай-сүрең, кем-кетік, жоқ-жітік, қазан-аяқ, жамап-жасқайтын деген қос сөздердің бір сыңары мағыналы да екінші сыңары мағынасыз. Мұндай қос сөздер романда көп кездеседі. Мысалы, әуре-сарсаң, тығыз-таяң, шапан-шоқпыт, киім-кешек, ойын-сауық, бала-шаға, ұры-қары, аралас-құралас, тері-терсек, жүн-жұрқа, көрші-қолаң т.б.
Сонымен қатар романда екі сыңары да мағынасыз сөздерден жасалған қос сөздерді көптеп кездестіреміз. Мысалы, оқта-текте, ыңқыл-сыңқыл, саңғыр-сұңғыр, әлім-берім, быт-шыт, мең-зең, астаң-кестең, ойран-топан, тас-талқан, некен-саяқ, іле-шала, алда-жалда, ұмар-жұмар, бұрқ-сарқ, үшті-күйлі т.б.
Тіл мамандары осындай қос сөздердің кейде бір сыңары, кейде екі сыңары да мағынасыз болып келуі, тілдің даму сатысына байланысты; ол жағдай қос сөздердің жасалған кезіне қатысты емес, олардың бәрі алғаш мағыналы сөздерден жасалған дейді. Кейін келе бір сыңары, кейде екі сыңары да тілдік дамудың нәтижесінде лексикалық мағынасы солғындап, не мағынасынан мүлдем айырылып, қазіргі дәрежеге жеткен. Оған сөздің дыбыстық өзгеріске ұшырауы да қосылған деп тұжырымдайды.
М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы қос сөздердің өзіне тән жасалу заңдылықтарымен қатар өзіне тән мағыналық ерекшеліктері де бар. Романдағы қос сөздердің мағыналары бірдей емес. Қос сөздердің тұлғалық түрлері қаншалықты бай болса, мағыналық ерекшеліктері соншалықты көп. Туындыдағы кейбір қос сөздер дара мағыналы сөздерден құралып жинақтық я жалпылық мағынаны білдіреді. Мысалы, Түнгі жүрістің сырын іріккен ыңғайлы, ықшам жігіт те өне бойымен қару-жарақ, ер-тұрманымен сондай әдемі реңге ауысқан [сонда, 224-б]. Осылайша өзі қыз-келіншектерге арнап істеген жүзік-сырғасын ұсынған, қазақша кіселі белдік жасап, қыны мен пышағын түгелдеген қол ісмерлері де кездеседі [сонда, 49-б]. Бұдан бөлек қаланың Сейсекедей, Қасендей байларын ертіп, сахараның ақсақалы, ру басы, әдет-ғұрып жоқшысы болып Оразбайлар да өктеді [сонда, 90-б]. Бірақ ол тұста Әйгерімнен өздері төмен болса да, оны қызғанышпен жек көретін абысын-ажын, келін-кепшік дегендерге басқаша мінез жасауға үйреткендей [сонда, 120-б]. Әдетте, ойын-сауықта үй тола жиналған әнші болса да, бір әнге екі кісіден артық қосылып салатындар болмайтын [2-кітап, 168-б]. Күндіз-түн күйеу үйлерінде той-думан бәсеңсіген жоқ [2-кітап,17-б]. Отырғандарға сәлем беріп, Асылбай ел-жұрт, ауыл-аймақ амандығын сұрап алып, қаланың хабарын айтуға көшті [2-кітап, 220-б]. Қалада үлкен үйдің ерке келіні болғанмен, Мәкіш ағайын-туған, ауыл-аймағын ойлағанда өзгеше бір қимас ыстық жүрекпен, соншалық тілеулестікпен тебіренеді [сонда, 5-б].
Осындағы бірінші сөйлемдегі қару-жарақ деген қос сөзі бастапқы қару және жарақ дейтін жеке сөздерден қосарланып, ұрысқа қолданылатын соғыс құралдарының жалпы мағынасын білдіреді. Ал, ер-тұрман қос сөзі де жеке-жеке мағынасының жиынтығын қамтитын жалпы бір мағынада, яғни тек атқа байланысты керекті ер, тоқым, жүген, әбзел тағы басқа жабдықтарды білдіру мақсатында ғана қолданылған. Енді, кейінгі сөйлемдердегі қос сөздердің мағынасына назар аударайық. Қыз-келіншек деген қос сөзде қыздар тобы мен келіндер тобын ; жүзік-сырға – жалпы әйел затына тән түрлі тақыншақтар; әдет- ғұрып қос сөзі жалпы халқымызға тән нанымы, сенімі, салты, дәстүрі, ырымы деген жалпы бір мағынаны қамтиды. Абысын-ажын, келін-кепшік деген қос сөздер жалпы абысын мен келін атауын білдіреді. Ойын-сауық деген қос сөз қазақ халқының ұлттық ойындарын, яғни көкпар, қыз қуу, алтыбақан, асық, ақ сүйек ойындарының жеке-жеке мағынасының жиынтығын қамтитын жалпы бір мағынаны білдіріп тұр. Сол сияқты той-думан қос сөзі де жеке-жеке сөздерден қосарланып, жалпы қазақтың салт-дәстүріне тән (шілдехана, тұсау кесер, сүндет той, беташар, қыз ұзату) жалпы бір мағынада берілген. Сонымен қоса, ауыл- аймақ, ел-жұрт деген ұғым бүкіл ауыл, ел және оның айналасын; ағайын-туған деген ұғым әке, шеше, апа, аға, іні, қарындас, нағашы, жиен т.б. дегендердің жеке мағынасын қамтитын жалпы бір мағынада қолданып тұр.
Осы сияқты мағынасы екі бөлек, бірақ өзара мағыналық сыбайластығы бар екі сөзден құралып жинақтық, жалпылық мағынаны білдіретін романдағы қос сөздер мыналар: бала-шаға, әке-шеше, кәрі-жас, ағайын-туыс, үлкен-кіші, қарға- құзғын, жер-су, ат-тұрман, қозы-лақ, қыз-келіншек, жиын-думан, үй-мүлік, қатын- қалаш, қыз-қырқын, тай-тулақ, қоныс-жай т.б.
Туындыда кейбір қос сөздер жалпылау я топтау мағынасын білдіретін жеке сөздерден құралып, керісінше, жіктеу, даралау мағынасын білдіреді. Осыған байланысты романдағы мына бір сөйлемдерді алайық: Бүгін таңертеңнен бері Оразбайдың осы кең Сартөскейдегі көп аулының үстіне қалың топ-топ болып жиналып келіп кетіп жатқан әр рудан, әр қоныстардан шыққан салт аттылар сансыз көп болған [4- кітап,159- б]. Сонымен Оразбай аттандырған пәле іздеген қалың топ жаңағы сайдан лек- лек болып бытырап, буын-буын бөлінісіп ат жол тартты. Бар елдің отардағы қос-қос жылқыларына өлім араласыпты дейді [сонда, 289-б]. Ол – әлсіз, жүдеу Ералы жазығы. Сол жазықта енді будақ-будақ бүлік шаң шығады [2- кітап, 325- б]. Алайда, мұндай қос сөздер романда аз кездеседі.
М.Әуезов белгілі бір ұғымды дәл атамай екі-ұшты етіп болжау мағынасын беретін қос сөздерді де туындыда орынды қолдана білген. Мысалы, Жүргіншілер ойға, жазаң жерге келіп түскенде, бағанадан бұларға көрініп, өздеріне қарай асығып, тырағайлап шауып келе жатқан аттылардың алдыңғы екеу-үшеуі үйме-жүйме қатар жетті [сонда,106-б]. Міне, құдайға шүкір, азды-көпті алғандарыңмен сендер де қол артып отырсың [сонда,210-б]. Аралтөбенің жан- жақ маңайында үш шақырым, бес-алты шақырым, жеті-сегіз шақырым жерлерде көп ел бар [сонда,262-б].
Осы мысалдардағы екі-үш, азды-көпті, жеті-сегіз, бес-алты деген қос сөздер дәл екеу емес, үшеу емес немесе аз емес, көп емес, жетеу емес, сегіз емес, жалпы шамалап, болжап айтып тұр.
Романдағы кейбір қос сөздер белгілі амалдың бір рет емес, әлденеше рет қайталанғанын білдіреді. Мысалы; Абай тек қана сылқ-сылқ күліп, өлеңді Дәрменге беріп жатыр [сонда, 64-б]. Біріміз айдауға, біріміз байлау-матауға күңірене жүріп, көне беретінбіз. Бірақ айтып-айтып, мұңдап-мұңдап қоятынбыз [сонда, 69-б]. Жаңағы екі жылқышының өздеріне қарай төнген сойылдарын қағып-қағып жіберісті [сонда, 73-б]. Жусан, тарлау, қазотының иістері де ауық- ауық демді шалады [сонда,182-б]. Қораның сол жағында, аласа кірпіш оттықта шөп жеп тұрған екі-үш ат көкшіл бау шөпті күтір-күтір шайнай түсіп, пысқырып қойысады [4-кітап, 4-б]. Демі дір-дір еткен өксік тәрізді ауыр күйіні қалпын байқатты [сонда,111-б]. Тек қана бадырайып, шошынғандай шатынап ашылған көздерінен үнсіз жастар бұршақтай боп үзіліп-үзіліп, оқтын-оқтын тамып, төгіліп кетеді [сонда,302-б].
Осы жоғарыда келтірілген сөйлемдердегі сылқ-сылқ, айтып-айтып, мұңдап- мұңдап, қағып-қағып, ауық-ауық, күтір-күтір, дір-дір, үзіліп-үзіліп, оқтын-оқтын деген қос сөздер бір қимыл әрекеттің әлденеше рет қайталанған мағынасын білдіріп тұр.
Романдағы қос сөздердің келесі бір мағыналық ерекшелігі қимылдың я көріністің бір қалыпты емес, бірде олай, бірде бұлай құбылып отыратындығында. Мысалы, Ойлы көзі үй ішіне, Қаражан, Тәкежан жаққа жалт-жұлт қарай түседі [3- кітап,64-б]. Кейбіреулерінің білегіне ілген, үзеңгіге ілген емен сойылдары қақтығысып, сатыр-сұтыр етіседі [сонда,71-б]. Бәріміздің жиылып, тауықша шөкімдеп тауып, тергеніміз тек қана сол ішкен тамақ пен осы үстіміздегі бір-бір қабат лыпаға тақ-тұқ жетіп отырады [4- кітап, 9-б]. Жаяу базардың оқшау бір белгісі: ең әуелі, тынымсыз балдыр-бұлдыр, дабыр-дұбыр, саңғыр-сұңғыр, үздіксіз, сөйленіп жатқан үндер, сөздер естіледі. [сонда, 47-б]. Ол есікті бір қолымен баса тұрып, сол шоқпарды сырттағы арс-ұрс еткен қанды ауыз қасқырларға сілтемек те болады [сонда,79-б]. Паромның көпірін үлкен айбынмен тарс-тұрс басып, әлі де байлаулы тұрған паромға шапшаң аттап кіре берді [сонда,83-б]. Мәкен дауының ең алғаш бұрқ- сарқ еткен тасқыны бәсеңдей бере, Әбіштің сапарға аттану кезі тақап қалды [сонда,101-б]. Осы мысалдардағы жалт-жұлт, сатыр-сұтыр, тақ-тұқ, балдыр-бұлдыр, дабыр- дұбыр,саңғыр-сұңғыр, арс-ұрс, тарс-тұрс, бұрқ-сарқ деген қос сөздер қимылдың бір қалыпты емес, құбылып өзгеріп тұратынын білдіріп, амал кезектеніп отырады. Бұл сөздердің осындай мағыналық ерекшеліктері сөздің бірінші сыңарындағы ашық дауысты дыбысының екінші сыңарда еріндік қысаң дауысты дыбысқа ауысуы арқылы жасалған.
Туындыдағы келесі бір қос сөздер екі субьектінің арасындағы әрекеттің немесе қарым-қатынастың тікелей байланысы болатынын білдіреді. Мысалы; Жаңағы тазы ит иесінің сол қызға көзі түсіп сұрағанда, Педот баспа-бас айырбасқа салады [3-кітап, 67-б]. Жүзбе-жүз бет алдында ақсиған жауы ажалдай көрінсе де әлі түк те шіміріккен жоқ [сонда, 83-б]. Тайдай арлан бөрімен шаппа-шап ұстасып өлердей жағаласқаны, табжылтпай ұстап өлтірткені – бәрі де бұл өңірде, бұл заманда болмаған балғын азамат қасиеті боп тарады [сонда, 84-б]. Енді Тәкежан алдында қолма-қол тайқып салғанын екі жүзді ұсақ тақыстық, айнығыш айлакестік көрді [сонда, 92-б]. Бетпе-бет келсе, ағам бәрінің шабан-шардақ жаман ойын халыққа әйгілеп ашып та, басып та кетеді [сонда, 149-б].
Осы сөйлемдердегі баспа-бас, жүзбе-жүз, шаппа-шап, қолма-қол, бетпе-бет деген қос сөздер амал мен істің біреу арқылы емес екі субьектінің арасындағы әрекеттің тікелей болатынын білдіріп тұр.
Романдағы кейбір қос сөздер заттың түсін, көлемін я болмаса сапасын күшейту үшін қолданылған. Мысалы: Көтеріңкі қырлы мұрын, жұқа еріндері мен Абайша біткен жіп-жіңішке қара қасы Әбішті өз тұқымының ең бір сұлу жасы дегізгендей [3-кітап, 114-б]. Ерінің қолына қарсы созған жүзікті білезікті жұп-жұмсақ кішкентай саусақтары ып-ыстық боп майда тиді [сонда, 212-б]. Осының бәрі де намазға келетін азын-аулақ, кәрі-құртаң махалла халқын өсиеттеуді аз көрген [сонда, 253-б]. Бұлардың бәрі де сыртынан қарағанда тап-тұйнақтай, кісіге күні түспейтін адамсып көрінуші еді [4-кітап, 240-б]. Бұның сұп-суық бетін уқалаған кәрі шешесінің кішкентай құрысқан алақандары қойшының көз жасынан суланды [сонда, 298-б]. Абайға кейісті болған наразы көңілін әр кезде ірікпестен, ығы жөні демей, турасынан ақтара тастап отыратын Ділдә, бұл жерде де кеп-кесек қып айта салды [2-кітап, 163-б]. Шоқша сақалы шанжау-шанжау боп, тырағайлап шыққан қап-қара көмірдей [2-кітап, 248-б]. Дәл осы Балқыбек жиынының үстінде ақ адал малын түп-түгел алдарына салыңдар! [сонда, 274-б]. Келтірілген мысалдардағы жіп-жіңішке, жұп-жұмсақ, ып-ыстық, азын-аулақ, тап-тұйнақтай, сұп-суық, кеп-кесек, қап-қара, түп-түгел деген қос сөздерді заттың түсін, көлемін, сапасын күшейту үшін жазушы шығарма жазуда әрбір сөйлемде өте орынды қолданған.Үстеме буынды қос сөздердің дыбыстық та, морфологиялық ерекшеліктеріне қарай, семантикалық мағыналары бәрінен өзгеше.
М. Әуезов туындысында мезгілдік мағынаны беретін қос сөздер де жиі кездесіп отырады. Мысалы, Жаман үйінде, жыртық шоқпыт төсекте қатын-бала қасында тыныштық алып жату деген Алтыбайдың қысы-жазы қолына түспейтін арманы тәрізді [4-кітап, 291-б]. Өздері әнін үйретіп, сыйластық, құрметтестікке жеткен соң, көп ауылдардың жастары Біржан мен Абайды өз ауылдарына шақырып, үзілмеген ұзақ сауық күн-түндерін өткізген [2-кітап, 52-б]. Екеуінің кездесуі күндіз-түні талғаусыз, еркін болды [сонда, 224-б]. Әкесіне күнбе-күн оқып білген дерегін бүгін ғана емес, бұдан бұрын да айтқанды [сонда, 9-б]. Түнде жатқанда аяқ-қолым қақсағанда таңды-таңға ұрамын [сонда, 43-б].
Бұл келтірілген мысалдардағы қысы-жазы, күндіз-түні, күнбе-күн, таңды-таңға дегендер мезгілді білдіріп тұр.
Романда бір затты қомсыну, кемсіну мағынасын білдіретін қос сөздер де қолданылған және сөйлемге эмоциялық реңк үстеген. Мысалы, мына сөйлемдерге назар аударайық: Бұларды ат-матымен осы жатқан алақандай қарлы жерімен де түгел үйіріп, құйындағы қаңбақтай шырқ айналдырған сияқты [2-кітап, 205-б]. Осылардың әрқайсысы асырап отырған қызыл қарын жас бала, айналасында қолдарына қараған кәрі-құртаң, ақсақ-тоқсақ бар екен [сонда, 196-б]. Тек шай-пай ауыз тисек болды [3-кітап, 177-б].
Достарыңызбен бөлісу: |