2.2. «Абай жолы» раманындағы қос сөздердің жасалуы.
Тіл-тілдегі күрделі сөздердің, атап айтатын болсақ қос сөздердің пайда болуы кездейсоқ құбылыс емес. Тілдегі қос сөздердің жасалуына қатысты заңдылықтарды қос сөздердің түрлеріне байланысты нақтылы материалдарға сүйене, соған талдау жасай отырып айқындауды жөн санадық.
Жалпы айтқанда, романдағы қос сөздер өзіне тән бірнеше заңдылықтар арқылы жасалған. Туындыда қос сөздердің сыңарлары кез-келген сөзден бола бермей, екі сыңары да бір сөз табынан жасалған. Мысалы, Сол көштің алдында ұзаңқырап кеткен мынау бір топ аттылар – Абай мен оның жас достары, кей ақын-әншілер, [3-кітап, 4-бет]. Бұл отырғандар өз шаңырақтарына немесе іні-туысқандарына шығынды салмайды [сонда, 30-б]. Құзғындар таласы боп кеткен айла-тәсілдерінің сойыл-шоқпары етпек болады Базаралыны [сонда, 43-б]. Ішінен осы сияқты зәр аралас қошемет-құрметті ұнатқан да жоқ [сонда, 45-б]. Бұл шақта сақал-шашы ғана емес, қабақ түгіне шейін ақ араласып, тікие сояуланған Дәркембай насыбайын иіскеп, ауыр ойлы есті басын изей түсіп отыр [сонда, 54-б]. «Қарғаның көзін қарға шоқымас» деп, ел атаулыны өзінің жемі көретін қарға-құзғындар бірін-бірі екілендіріп жүр [сонда, 95-б]. Алыс жолдан келген өнерлі, оқымысты қонақпен сағынысқан аға, бауыр, құрбы-құрдас, дос-жарандар ең алғаш осылай кездесті [сонда, 112-б]. Абайдың үй-жайын, ауыл-аймақ, ел-жұртының амандығын байыптап сұрады [ 4-кітап, 4-бет]. Ол өзгенің, достарының құрбылас қыз-келіншектің араларындағы достыққа, ынтазарлық махаббатқа барынша тілеулес [сонда, 74-б].
Осы жоғарыда келтілірген сөйлемдердегі ақын-әнші, іні-туысқан, сойыл-шоқпар, айла-тәсіл, қошамет-құрмет, сақал-шаш, қарға-құзғын, құрбы-құрдас, дос-жаран, ауыл-аймақ, ел-жұрт, үй-жай, қыз-келіншек деген қос сөздердің екі сыңары да бір сөз табынан, яғни зат есімнен жасалған. Туындыда ең көп ұшырайтын сөз таптарының бірі – зат есімдер.
«Қазақ грамматикасында» қосарлы зат есімдерді қазақ тіліне тән айрықша құбылыс және заттың, ұғымның, құбылыстың, түсініктің атауларын жинақтап беру үшін қолданылатын сөзжасам амалының бірі дей отырып қосарлы зат есімдерді: а) Көне замандардан қалыптасқан тілдік бірліктер. ә) Тілдің даяр нұсқасы. б) Сөзжасамның аналитикалық тәсілімен жасалатын құнарлы түрі деп көрсетеді.
Романда зат есімдерден басқа да сөз таптарынан жасалған қос сөздер кездеседі. Бірақ бұл сөз таптардың саны зат есімдерден жасалған сөздерге қарағанда айтарлықтай көп емес. Туындыда сын есімдерден жасалған қос сөздердің мағыналарының көпшілігі, бір-біріне қарама-қарсы болып келеді. Мысалы, Кәрі-жасынан тегіс бір адамгершілік дос көмекті көресің. [3-кітап, 52-бет]. Ол әлеумет азаматы болған ақын Абайдың өзіне де, алыс-жақынға да сынмен, әділ талаппен қарайтын ойынан туады [сонда, 172-б]. Бұл кеште намазға келген адамдар көбінше шала оқыған, намазға ден қойған боп жүрген қаланың алыпсатары, әр түрлі ауқаты бар, осы мешітке жақын жерде үлкенді-кішілі үйлері бар қазақ саудагерлері [4 кітап, 17-б]. Бірақ сонымен қатар Әбіш әкесінің жүзіне қараса, оның ақ-қарасы әлі де айқын шошақтау біткен көздерінде салқын күлкі ащы бір мысқыл аралас отырғанын байқайды [сонда, 97-б]. Бұдан былайғы тірлікте Дәрмен мен Мәкеннің қолында тұрса, олармен тату-тәтті болмақтан бөтен ой, басқа мінез өзінен шықпайтынын саналы әйел жақсы аңғарды [сонда, 116-б]. Ат кекіліне, жал құйрығына, қызыл-жасыл әлем байлаған, кең шанаға кілем орнаған жүргіншілер [сонда, 136-б]. «Бата оқи келген әр алуан алыс-жақын ауылдың басты-еркектері болмаған соң, әр түрлі жаңағыдай ірік-шірік сөздер тастап кететін көрінеді» деп отырып, Ақылбай Абайға және бір удай ауыр сөзді айтты [сонда, 148-б]. Бірдеме айтқысы келсе, тек ұйқылы-ояу адамның қалпындай ақырын сыбырмен айтып та қояды [сонда, 146-б]. Ескіден келе жатқан ақ-қараны өзінше таныған түсінігі бар халық [сонда, 255-б]. Осы мысалдардағы қос сөздердің біразының жеке мағыналары бір-біріне қайшы болып келеді. Туындыдағы қайшы мағыналы сын есімнен жасалған қос сөздерге мыналар жатады: кәрі-жас, алыс-жақын, үлкен-кіші, ақ-қара, ұйқылы-ояу. Ал, мағыналас қос сөздерге: тату-тәтті, қызыл-жасыл, ірік-шірік жатады.
Сонымен қатар романда күшейтпелі шырай формасын беретін қосарлы сын есімдер де көптеп кездеседі. Мысалы мына сөйлемдерді қарайық: Арық құп-қу беттерінде аштық тағы да бар. [3-кітап, 60-бет]. Бойы да ұзын тіп-тік сұңғақ біткен [сонда, 114-бет]. Тұп-тұнық, таза шыныдай мөп-мөлдір мол су жатыр [сонда, 152-б]. Қап-қара боп түтігіп кеткен жүзінде түгінің бәрі сояулап, үдірейіп кеткен жүзінде түгінің бәрі сояулап, үдірейіп шыққан-ды [сонда, 162-б]. Ақ қызғылт мұрнында, ұялы келген үлкендеу қой көздеріне, сопақтау бетінде әр тұқымның араласынан туғандай келбет бар [сонда, 251-б]. Көкбараздаған аппақ, тап-таза кимешек-шаршысын аса сәнді етіп тартқан Дәмежан үлкен таза самауырдың қасына отырды [4-кітап, 6-б]. Әбіштің қоңырқай қызыл тартқан, тотыққан жүзі қып-қызыл боп кетті [сонда, 31-б]. Қазір Өтегелді жап-жалғыз, басшысыз кіріп келгенге, оның осал сырын біліп, бұрын күліп қалған әйелдер мен Әбіш енді таңданып отыр [сонда, 46-б]. Абайды бұлайша оп-оңай, дәл осылай жуасиды деп ойласқан жоқ еді [сонда, 62-б]. Сырманов маңайдағы ноғай көршілерден де қатынастан тыйылып, айналасын тап-тұйнақтай қымтай жүретін [сонда, 94-б]. Оның жұп-жұқа, сұлу майда жүзінен ауыр қайғы, улы жас көріп тұрса да: «Жұбата алмаймын, қымбаттым, жалған айта алмаймын сізге көгершінім! Ғабдрахимның саушылығы қуантпайды, не шара, не шара!?” – дейді [сонда, 135-б]. Ұзын бойлы, ұзын қара сақалды шұбар қазір сұп-сұр болып алыпты [сонда, 205-б]. Абайдың үлкен алақанын екі бірдей ап-арық, құп-құрғақ, сұп-суық қолдарымен ұстап сипап жатып өз сөздерін сыбырлап, баяу сөйлеп жеткізген [сона, 301-б]. Осындағы құп-қу, тіп-тік, тұп-тұнық, мөп-мөлдір, қап-қара, түп-түзу, тап-таза, қып-қызыл, жап-жалғыз, оп-оңай, тап-тұйнақтай, жұп-жұқа, жіп-жіңішке, сұп-сұр, ап-арық, құп-құрғақ, сұп-суық сияқтылар сын есімнің шырай формасынан жасалып тұр. Мұндай қос сөздерді профессор А.Ысқақов бір сыңары ықшамдалып қайталанатын қос сөздер қатарына жатқызып, қос сөздердің бұл түрін үстеме буынды немесе күшейтпе буынды қос сөздер деп атайды. Сонымен қоса бұл сөздің үстеме буындары сын есімнің әуелгі толық компонентінің әрі ықшамдалып, әрі соңына «п» дыбысын жамап алып, бір тұйық, бір бітеу буынға айналуынан пайда болған дейді.
Романдағы қос сөздер сан есімдерден де жасалған. Алты-жеті кісі боп, жаңағы оқшау отырған елу басылардың екінші жағынан Құнанбай балалары отырған жақтың қарсы қанатынан келіп орын алысты [ 3-кітап, 37-б]. Бірақ ендігі дауыс елу басы ішінен жалғыз Омарбектен шыққан жоқ, қатар отырған жігітек, Бөкеншінің үшеу-төртеуі бірауыздан бір-ақ кісіні атады [сонда, 38-б]. Қораның сол жағында, аласа кірпіш оттықта шөп жеп тұрған екі-үш ат көкшіл бау шөпті күтірлетіп шайнай түсіп, пысқырып қойысады [ 4-кітап, 4-бет]. Әр бөлменің легені, құмғаны, майлық-орамалы әзірленіп, осы байдың приказнигі, тілхаты малайы есебінде жүретін жеті-сегіз жігіт күтушілері де әр бөлмеде қонақ тосумен болды [сонда, 27-б]. Осыдан әрі Сейіт Айсаның үйіне жетіп, атын ұстатып алғанша, кедей ауылға жиырма-отыз сойыл, шоқпар, арқан, шылбыр алған қызба бос, құтырған жігіттер шауып келді [сонда, 218-б]. Осы сөйлемдердегі алты-жеті, үшеу-төртеу, екі-үш, жеті-сегіз, жиырма-отыз деген қос сөздер есептік және жинақтау сан есімдерінен жасалып тұр.
Туындыда қос сөздердің біразы етістіктен де жасалған. Мысалы, Ол төрттік жырды төрт ақын болып, іліп-қағып айтатын бір дәстүр [3-кітап, 4-б]. Әзімбай тағы қатты боқтап кеп, қамшымен тартып-тартып жіберді [сонда, 15-б]. Таңертеңгі шайдан бері кіріп-шығып жүрген Зылиқадан екі рет: - Күн қалай? Бұл қалай?
- Күн ашылатын реңі бар ма? – деп сұрай берген [сонда, 19-б]. Сұлу жүзді, қиылған қара мұртты, ақ сұр жігіт домбыраны шешен сарнатып отырып-отырып барып, жортып бастап кетті [сонда, 50-б].
- Кедей жорығының жолы болсын тарт! Ұрып таста! Ұрып таста! – деді де, ақ боз атқа қамшыны басып-басып жіберді, «кеу-кеу!» деп, жауға тиердегі қайратты ерлер сүренін салып, жосыта жөнелді [3-кітап, 72-б]. Үлкен қойды алып соққан өлекшін тыпырлаған қойлардың тамағын орып-орып жіберіп жайратып тастап, енді басын көтере беріп еді, дәл осы шақта үнсіз жеткен Иса шоқпарын құлаштап көтеріп ап ақ қасқырды дәл қара тұмсықтан періп кеп кетті [сонда, 81-б].
- Әй, шырағым-ай, ата кәсіп аздырып-тоздырып болды ғой [сона, 158-б].
Осындағы қос сөздер тек етістіктерден жасалған. Туындыда негізінен етістіктерден жасалған қос сөздердің саны өте көп кездеседі. Романдағы етістіктен жасалған қос сөздерге мыналар жатады: іліп-қағып, тартып-тартып, кіріп-шығып, отырып-отырып, басып-басып, орып-орып, азып-тозып, көрген-білген т.б.
Абай кітап оқыса да тыстағы күннің райын анда-санда шаңыраққа қарап, жиі барлайды [3-кітап, 19-б]. Ал дұрыстығына келгенде, осы жайларға құран беретін жауап, бұрынғы-соңғы ойшылдар айтқан жауаптардан кем соққаны қалай? [сонда, 25-б]. Қазіргі шақта Базаралы келгелі бір жұмадай болса да, оны қала ішінде қарсы алған көңілдес ағайын күндіз-түн қонақ етеді [сонда, 41-б]. Арада оқта-текте ғана кездескен топ үйлер бар [сонда, 67-б]. Мұндағы қос сөздер үстеуден жасалып тұр. Туындыда үстеуден жасалған қос сөздер мыналар: анда-санда, бұрынғы-соңғы, күндіз-түні, оқта-текте, бірен-саран, әрлі-берлі, қысы-жазы т.б.
Сондай-ақ романда екі сыңары да еліктеуіш сөзден болған қос сөздер де кездеседі. Мысалы, Енді Шұбарға қарап қарқ-қарқ күледі [3-кітап, 11-б]. Жай кірмей, секіріп кірген тұсаулы аттар маңдайшаға биік ерлерінің алдыңғы қостарымен сарт-сарт ұрып кіріп жатыр [сонда, 32-б]. Бірде қызумен, бір көңілді әзілмен айқын ашылып, жалт-жұлт етіп отыратын шошақтау үлкен көздері де әсерлі [сонда, 36-б]. Ырғызбай Құнанбайды бөктіріп, бұрқ-сарқ еткізіп, тулатып жатқан тартысқа Ақшоқыдағы ауыл қатысқан жоқ [сонда, 90-б]. Жаяу базардың оқшау бір белгісі: ең әуелі, тынымсыз балдыр-бұлдыр, дабыр-дұбыр, саңғыр-сұңғыр, үздіксіз сөйленіп жатқан үндер, сөздер естіледі [4-кітап, 47-б]. Ол есікті бір қолымен баса тұрып, сол шоқпарды сырттағы арс-ұрс еткен қанды ауыз қасқырларға сілтемек те болады [сонда, 79-б]. Бұл мысалдардағы қарқ-қарқ, сарт-сарт, жалт-жұлт, бұрқ-сарқ, саңғыр-сұңғыр, арс-ұрс деген қос сөздер еліктеуіш сөздерден болып тұр. Еліктеуіш сөздердің қатарына мына қос сөздерді де енгіземіз: шарт-шарт, сылқ-сылқ, тақ-тұқ, тарс-тұрс, қарш-қарш т.б.
Туындыда бір қатар қос сөздер есімдіктерден жасалған. Мысалы, Бір күнде топ баласының ішінен оққа ұшқандай үш баласы мұрттай түскенде ол ес-түсінен айырылып, анау-мынау ыстық істеп беруге де жарамай қалыпты [4-кітап, 322-б]. Таңертеңгі астарын өзді-өз отауларында ішкен Мағаш, Ақылбайлар мен қонақтар енді ғана Абайдың үстіне келіп, кірісіп жатыр [3-кітап, 19-б]. Романда есімдіктің бір түрі өздік есімдігі өте көп қолданылған.
Сонымен романдағы қос сөздер барлық сөз таптарының құрамында кездеседі. Бірақ бір айта кететін жайт, романда одағай мен шылаудан жасалған қос сөздер мүлдем жоқ.
Романда қос сөздердің жасалуындағы тағы бір заңдылық-ол қос сөздердің сыңарларының буын саны жағынан үндесіп келуі. Романдағы қос сөздердің 80% буын саны жағынан тең буынды сөздерден жасалған. Мысалы мына сөйлемдерді қарайық: Әлді ауқаттыны қорғап қалып, қайда момын, жалғыз-жәутік, қайратсыз, қорғансыз шаңырақтар болса, соларды атап, бір де түңілігін тастамастан үлес береді [3-кітап, 30-бет]. Қысы-жазы мұның қолын Қаражан сондай үздіксіз істен босатқан емес [сонда, 85-б]. Жаз шыға бергенде Тәкежен жылқыларына екі бестіден айып-жаза тартып, зорға құтылды [сонда, 104-б]. Бұнда талас-тартыстың жиыны болмақ емес [сонда, 105-б]. Екеуінің де беттері, аяқ-қолы күнге мейлінше күйген [185-б]. Қазіргі әскерлік оқу тек жалаң құрал болатын, патшалықтың қатал құдіретін, таж-тахтын ғана қорғайтын топас жандар әзірлейді [сонда, 220-б]. Осы мысалдардағы жалғыз-жәутік, қысы-жазы, айып-жаза, талас-тартыс, аяқ-қол, таж-тах деген қос сөздер буын саны жағынан тең болып келген (жал-ғыз – жәу-тік, қы- сы – жа-зы, ай-ып – жа-за, та-лас – тар-тыс екі сыңары да екі буынды; аяқ-қол, таж-тах бір буынды сөздерден жасалған). Романда жалпы қос сөздердің бір буынды, екі буынды, үш буынды сөздерден жасалғанын көруімізге болады. Бір буынды қос сөздерге: жым-жырт, көп-көп, арс-ұрс, жер-су, мән-жай, қол-аяқ, сарт-сұрт, ұл-қыз, дір-дір, тіп-тік, мең-зең, дос-жар, шаң-шұң; екі буынды қос сөздерге: бала-шаға, сүйек-сорпа, үлкен-кіші, сырлас-мұңдас, қысы-жазы, қуғын-сүргін, көрпе-жастық, ата-ана, оқта-текте, бөліп-жарып т.б; үш буынды қос сөздерге: үзілді-кесілді, ерсілі-қарсылы, қызылды-жасылды, үлкенді-кішілі, таршылық-тапшылық, аздырып-тоздырып деген қос сөздер жатады. Бір буынды және екі буынды сөздерден жасалған қос сөздер туындыда өте көп қолданылған. Ал үш буынды сөздерден жасалған қос сөздер аз қолданылған, төрт буынды сөздерден жасалған қос сөздер тіпті кездеспейді.
Буын саны тең сыңарлы қос сөздердің жасалуы, олардың айтылуы да үндесімділігін көздеуден туған деуге болады. Өйткені романдағы қос сөздердің басым көпшілігінде буын үндестігі яғни сингорманизм заңы сақталған. Мысалы, Дәл қазір екі абысынды оңаша қалдырып, ендігі тың сөзді емін-еркін сөйлеттіруге де сырттан үйшік құрып жүрген Әзімбайдың өзі [сонда, 232-б]. Қылмыстардың атын санасақ: ұрлық, өтірік, куәлік, талан-тараж, кісі өлтіру, үлкен шайкалар жасап, бір елден шығып екінші елге барып, мал талап қайту [сонда, 280-б]. Тілмаштарға берген паралары арқылы қыбыр-сыбырды алдын ала біліп жүрген сақ, пысық болыстар мына жаңалықты елден бұрын аңғарыпты [284-б]. Осындағы емін-еркін, пішін-бітім, талан-тараж, қыбыр-сыбыр деген қос сөздер не бірыңғай жуан, не бірыңғай жіңішке сөздерден жасалған. Романда мұндай қос сөздердің саны көптеп кездеседі. Олар: ауыл-аймақ, айна-тарақ, азын-аулақ, тамыр-таныс, үзілді-кесілді, ерсілі-қарсылы, айқыш-ұйқыш, алыс-жақын, ірік-шірік т.б. Алайда романдағы қос сөздердің жасалуындағы бұл заңдылықтарда қайшылықтар жоқ емес, бірақ олар негізгі заңдылықтарға қарағанда өте аз. Романда қос сөз сыңарларының буын саны жағынан тең болмайтындары да бар. Олардың іштей ерекшеліктері мыналар:
1. Таза мағыналық байланыстан туған сыңарлардың буын соңының теңсіздігі: қыз-келіншек, ер-азамат, ер-тоқым, әл-қуат, би-болыс, бай-бағлан, қыз-бозбала, той-думан, ар-ождан т.б. Мұндай қос сөздер сыңарларының мағына байланысының күштілігі негізінде жасалған сияқты.
2. Романдағы қос сөздердің жасалуындағы келесі бір қайшылық буын үндестігіне байланысты. Әдетте, қос сөздердің екі сыңары да не бірыңғай жуан не бірыңғай жіңішке сөздерден жасалған. Осы заңдылықтарда қайшылықтар жоқ емес – бар құбылыс. Мысалы, оқта-текте, ерсілі-қарсылы, қайыр-мейір, асты-үсті, жүзік-сырға, аман-есен, тату-тәтті, күтіну-сақтану, жүріс-тұрыс, арлы-берлі, алқа-жүзік дегендер сингорманизм заңына бағынбай, қосарланып жасалған. Осылай сыңарлары жуан-жіңішке сөздердің аралас келуі арқылы жасалуы мағынаға тікелей байланысты. Қос сөздердің бұл түрлерінің бәрінде олардың сыңарларының арасындағы мағына байланысы өте күшті. Туындыдағы мұндай қос сөздер мағыналық байланыс негізінде жасалған.
3. Романдағы кейбір қос сөздердің бір сыңарының қосымшамен келуі арқылы сыңарларының буын саны теңдігінен айырылған. Мысалы, өзімен-өзі, біріне-бірі, қолма-қол, көзбе-көз, жүзбе-жүз, шаппа-шап, бет-бетімен, тұс-тұстан, бетпе-бет, аз-аздап т.б.
Сондай-ақ М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы кейбір қос сөздер күрделі сөз бен жалаң сөздердің қосарлануынан жасалған. Бала шағынан бері елге келіп жүріп, дәл қазіргідей жүдеу жүз, жадау көңіл ағайын-бауыр аулын да білген жоқты [сонда, 171-б]. Бүгін-ертең келіп қалар [сонда, 194-б]. Осы мысалдардағы ағайын-бауыр дегендегі ағайын-аға іні, бүгін-ертең дегендегі бүгін сөзі бұл күн деген екі сөздің бірігуі арқылы күрделі сөзден жасалған. Мұндай қос сөздердің саны романда өте аз кездеседі.
Сондай-ақ романдағы қос сөздердің көпшілігі араб, парсы тілдерінен енген сөздер арқылы жасалған. Мысалы мына сөйлемдерді алайық: - Сонда бар дүние-мүлік қолыңнан кетіп қалғанда, сенің табатын олжақ қайсы! – деп, бұны да шенеп қояды [3-кітап, 231-б]. Дүние – қазақ тіліне араб тілінен енген бүкіл әлем, бүкіл жер жүзі деген мағынаны береді. Мүлік сөзі де араб тілінен енген. Меншікті бұйым, дүние, дәулет мағынасында жұмсалады. Асауды құлақтан басып мойындатқандай, демді құртқан қауіп-қатер болса да, Мағаш қайтыс болғалы Дәрмен үшін дәл осы жалғанның бір үлкен жарымы көшіп, өшіп кеткендей болды [4-кітап, 304-б]. Мұндағы қос сөздер сыңары араб тілінен енген. Қауіп – (арабша хәуіор) – қорқыныш, қатер, құт қашу, зәре ұшу. Қатер (арабша-хәтар) – қауіп, қорқыныш, бақытсыздық, төніп келе жатқан пәле. Ендігәрі кісілерің өлсе жайшылықтай емес, молла-қожаны шақырмаңдар, көп жұртты жиып ас бермеңдер [сонда, 36-б]. Молла (мулла) сөзі – араб тілінен енген. Ислам дінінің рухани қызметкері. Қожа (худжә, хадже) – парсы тілінен енген. 1). Бас, басшы, бастық. 2). Ұстаз, тәрбиеші, дін иелері. 3). Төре нәсілі, ақ-сүйек. 4). Дін ұғымы бойынша Мухамбет пайғамбардан кейінгі төрт халипалардан тараған ұрпақтардың атағы. 5).Кісі аттарында кездеседі, құрметтеу мағынасын білдіреді. Қолымнан келсе, ақыл-парасатым жетсе өз кеудеме ақ көрінген әділетті айтқым келеді [4-кітап, 194-б].
Бұл қос сөздер араб тілінен енген сөздер арқылы жасалған. Ақыл (ғәқыл) – адамның ойлау қабілеті. Парасат (фәрасәт) – ақыл-ой, ес, сана-сезім, көрегендік.
Жын-пері араласып кетсе, молда береке болмайды, - деген [3-кітап, 71-б]. Осы мысалдағы жын (джен) – сөзі араб тілінен енген. Адам санасындағы еріктен тыс күш, дию, пері, шайтан. Пері (пәри) – парсы тілінен енген. 1. Ертегілер мен аңыз, қиссаларда сиқырлы сұлу әйел түрінде қос сөздер араб-парсы тілдерінен енген сөздер арқылы жасалып тұр.
Қылмыстардың атын санасақ: ұлық, өтірік, куәлік, талан-тараж, кісі өлтіру, үлкен шайкалар жасап, бір елден шығып екінші елге барып, мал талап қайту [3-кітап, 280-б]. «Талан-тараж» деген қос сөзі де парсы тілінен (талан-тарадж) енген. Мағынасы: талаушылық, бүлінушілік деген мағынаны білдіреді.
Қазіргі әскерлік оқу тек жалаң құрал болатын, патшалықтың қатал құдіретін, таж-тақтын ғана қорғайтын топас жандар әзірлейді [сонда, 220-б]. Бұл қос сөз парсы тілінен енген. Таж (тадж) – 1) Өкімет белгісін көрсететін патшалардың қымбатты бас киімі. 2) Айдар, кекіл; 3) Дәруіштердің басына киетін сопақ киіз қалпағы. 4) Кісі аттары ретінде кездеседі (Тәжібай, Тәжігүл). Тақ (тәхт) – 1) Патшалардың отыратын салтанатты орны, орындығы. 2) ауыспалы мағынасы: Мәртебесі биік, шоқтығы биік.
Сол себепті: «Жігітек масайрап, шат-шадыман боп жатыр [1-кітап, 167-б]. Мысалдағы қос сөздің бірінші сыңары шат –араб тілінен енген, көңілді, қуанышты, шадыман деген ұғымда жұмсалады. Екінші сыңары шадман – парсы тілінен енген. Көңілденген, қуанған, масайраған деген ұғымын береді. Бұл қос сөздер арап және парсы сөздерінің қосарлануынан жасалып тұр. Осы сияқты араб-парсы тілдерінен енген сөздер романда көптеп кездеседі. Осы сөйлемдердегі араб және парсы элементтерінің қатысуымен жасалған қос сөздердің құрамдас компоненттері: араб-араб, араб-парсы, парсы-парсы, парсы-араб, арабша-қазақша болып жұптасып келген.
М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы қос сөздер қолданылу сипаты жағынан әртүрлі болып келеді. Олардың көбі халықтың сипаттағы, ұлттық дүниетаным ерекшеліктерін ашып көрсететін қос сөздер. Мысалы, Олардың ат көрпелеріне, ер-тұрмандарына қарағанда дағдылы еркек ер-тоқымдарынан көрі, әйел мінетін қоқан ерлер молырақ, қастарын жалпақ күміспен, неше түрлі ақық тастармен безендірген қыз-келіншек ерлері көп сияқты [2-кітап, 49-б]. Осындағы «ер-тоқым» - ер-тұрман жабдықтарының бірі болып саналады. Тоқым киізден екі қабаттап пішіліп тебінгілігі төзімді мата немесе былғарымен қапталып, өрнектеле сырылып айнала шеті көмкеріліп жасалады. Бір уақыттары тоқымның қаптал тоқым, күміс тоқым, ойма тоқым, желдік тоқым, кестелі тоқым және Дулат тоқым Арғын тоқым, Найман тоқым, қырғыз тоқым деп аталатын түрлері болған екен. Ерте заманда қазақ халқы қыз-келіншектеріне арнап тоқымды былғарымен тұтас қаптап, қақ күміс бүркеншікті мықтарымен әшекейлеген, кейде түрлі-түсті жіптермен кестелеген. Солар тобы қалың күшпен еңсере қайрат еткенде, ауыз үйдің уық-керегесі шықырлай сынды, сығылысып, ішке қарай жапырылды [сонда, 127-б]. Осы сөйлемдегі «уық-керегі» қос сөзі халқымыздың дәстүрлі тұрмыс-тіршілігіне байланысты қолданылған киіз үй жабдықтарының бірі.
Бұл әнді қой шетінде күзетші, ат үстінде жылқышы, ойын-сауық, той-думанда қыз-келін, жігіт-желең, балаға шейін айтатын болады [сонда, 283-б]. Осы сөйлемдегі «той-думан» деген қос сөзі қазақ халқының ұлттық дүниетанымына байланысты өзіндік әдет-ғұрып дәстүрі болып саналады. Қазақ халқының өмірінде той ежелгі заманнан үлкен орын алады. Адамның дүниеге келуі, үй болуы, неше түрлі қуанышты кезеңдерін атап өтетін дәстүрлі той аталып келеді. Мысалы, шілдехана, наурыз, бесік той, үйлену, қыз ұзату, ұрын бару тойлары. Бұл тойлардың бүгінде мүлдем ұмыт болған түрі – ұрын тойы. Күйеудің алғаш рет ресми түрде қалықдықты көру мақсатымен қайын жұртына баруын «ұрын бару», қайын жұрты оның бұл сапарын «ұрын келу» деп атаған. Қазақ халқының бір ерекшелігі – қыз ұзату, үйлену, сүндет тойларында: ат шаптыру, жамбы ату, қыз қуу, айгөлек, ақсүйек, қыз кәде, балуан күрес, сайыс, көкпар т.б. көптеген ойындар өткізілген. Тойдың жақсы дәстүрлері бүгін де сақталған. Мысалы, үйлену тойында жар-жар айтылып, түрлі ұлттық ойындар ұйымдастырылады.
Сонымен қатар романдағы қос сөздердің көбі тақырыптық жағынан да әр алуан: ұғым-түсініктің, тұрмыс-тіршілікке қатысты жабдықтың, қажетті бұйымдардың жинақтық атауларын білдіреді. Мысалы мына сөйлемдерге назар аударайық: Азықтар көрпе-жастықтар, әлденеше қабат жазғы, қысқы киімдер болсын, барлығы да күймеге түгел салынып болғанды [2-кітап, 13-б]. Қора-жай мен той үйлердің салыс үлгісін берген Абайдың өзі еді [сонда, 163-б]. Сонымен Абай қайта қайтқанда, отаудағы қонақтардың аттары ерттеліп, кермелердің бәріне байланыпты, жарау жүйріктер, найқалған құр аттар, күдір бел жорғалар күлік ер-тұрмандарымен, қызылды-жасылды ат көрпелерімен ауыл үстін жаңғыртып тұр еді [сонда, 64-б]. Шағын үйдің ортасын қазан-ошақ алғандықтан бұл күнде Абай кітабын дөңгелек үстел үстіне салып оқымайды [сонда, 184-б]. Осы келтірілген мысалдардағы көрпе-жастық, қора-жай, ер-тұрман, қазан-ошақ деген қос сөздер тұрмыс-тіршілікке қажетті бұйымдар. Дүние ойран болсын, ата-ана, ағайын-туған жат көрсін. Абай осы байлауға бекіп отыр [сонда, 37-б]. Сыбаға әкелген қадірлес абысын-ажын, бәйбіше-келін Ұлжан аулын басып жатқан болу керек [сонда, 40-б]. Абай осы бүгінгідей етіп өз аулына Тобықтының әнші, күйші жасынан жігіт-желең, қыз-келіншегінен талайын талай рет жинаған [сонда, 56-б]. Манас ағайын-туыстың Абайды көп ойлайтынын айтты [сонда, 145-б]. Бұл уақыттарда ол абақтыдан шығып келгендіктен, аға-іні, шеше-жеңге, жанкүйер жақын - барлығына ыстық болған [сонда, 162-б]. Оспан өзінің аға-бауырларының бақ-дәреже қуанышын, сол аңқылдақтық бойынша Абайдан аулақ демейді [сонда, 252-б]. Осындағы ата-ана, ағайын-туған, абысын-ажын, қыз-келіншек, жігіт-желең, ағайын-туыс, аға-іні, аға-бауыр сияқты қос сөздер жалпы туыстық қатынасты білдіріп тұр. Осындай қос сөздерді М.Әуезов өзінің туындысында өте шебер қолданған.
Достарыңызбен бөлісу: |