2.4. М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы қос сөздерді байланыстырушы формалар.
Қос сөздердің қай-қайсысы болмасын бір-бірімен белгілі бір формалары арқылы байланысады. Олар әртүрлі тұлғада жасалады. Қайталама қос сөздердің жасалуына келетін болсақ, “бір” сөзінің әртүрлі тұлғада қайталанып келуінен жасалған қос сөздерді үш түрлі мағыналық топқа бөлуге болады. Мәсалы: мына төмендегі сөйлемдерге назар аударайық. Бүгінгі әнші, өнерлі жастардың біріне-бірі көрсетіп жатқан құрмет ғыззат, сый-сұхбат арасындағы нәзік жарастық күй болды [4-кітап 53-б]. Қазіргі уақытта бұл ауылда бірде-бір бөгде кісі болмауы керек [сонда, 131-б]. Бір-біріне қонаққа барысу «ақсарбас, көкқасқа» айтысып, баталасу, тамырласып достасу көп. [сонда, 164-б]. Осындағы бірде-бір — ешбір деген ұғымды берсе, біріне-бірі, бір-біріне дегендер – екеуара, өзара деген ұғымды беріп, жаңа мәнде қолданып тұр. «Бірде-бір» сөзі бір және де шылауына тіркесінен қалыптасқан. Енді «өз» сөзінің әртүрлі тұлғада қайталанып келуінен жасалған қос сөздерге тоқталайық. Бұл күнге дейін арылмай келген көңіл кірбеңі түннен бері, дәл осы сәтте, өз-өзінен көзеліп жадырап кеткендей [сонда, 34-б]. Өзінен-өзі суық тартып, сұлық түсіп жүдеңдеп барады [сонда, 164-б]. Бірақ сонымен қатар, өзін-өзі күдіктенбей құптаған мақтаған сағыныш сезеді [сонда, 182-б]. Топ алдында сөзді түгел айтқызса өзіне-өзі соққы тигізгендей болатынын сезіп, Дәркембай мен баланы ықсыра қалың топтан шеттелініп шықты [сонда, 11-б]. Мұнда өз сөзіне әртүрлі жұрнақтардың жалғануы арқылы сөздің мағынасы бірде өзгеріп, бір сол қалпында мағына үстеп қолданылып тұр.
Қайталанатын сөздердің алдыңғы сыңарына –ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе жұрнағы қосылу арқылы жасалған сөздердің семантикасы тіпті бөлек. Мысалы, әкесіне күнбе-күн оқып білген дерегін бүгін ғана емес, бұдан бұрын да айтқан-ды [сонда, 9-б]. Тай бұдан құтылмақ боп, нелер қиястық жасаса, соның бәріне де сол секундта Оспан қолма-қол тәсіл жасайды [сонда, 146-б]. Ыңғайлы шапшаң табақшылар ат үстінен көсіліп кеп, табақтарының сорпа-тұздығын төкпестен ұсынып, қонақ үйлердің алды-алдына тұра-тұра қалысады [сонда, 189-б]. Көзбе-көз айтып кеткен қияссөзі әлі есімнен кеткен жоқ [сонда, 282-б]. Мен сіздің ауызба-ауыз сөзіңізді бұл шаққа қатар естімеп-ем [сонда, 142-б]. Бұндай тұлғалар грамматикаларда синтаксистік тәсілі ретінде көрсетілген. “Қазіргі қазақ тілінің сөз жасам жүйесінде” де –ма, -ме үстеу жасаудың бір жолы. Бұл жұрнақ үстеулердің алғашқы сыңарына жалғанып, оқиға әрекеттің орындалуындағы дәлдікті, жедел болған істі айқындап көрсетіп тұрады. Үстеулердің негізі көбіне зат есімді сөздерден болады: ауызба-ауыз, қолма-қол, бетпе-бет, көзбе-көз т.б. Мұндай құрылыстағы үстеу сөздер әруақытта да етістіктермен тіркесе жұмсалып, оқиға әрекеттер арасындағы тығыз байланыстылықты білдіреді. Жоғарыдағы келтірілген мысалдардағы қайталама қос сөздердің мағыналары (қолма-қол, көзбе-көз, күнбе-күн, ауызба-ауыз) жеке сыңарларының мағыналарынан мүлде бөлек, жаңа мағыналар. Осындай қайталама қос сөздердің түрлері туындыда кездесіп отырады.
Ал енді туындыдағы қосарлама қос сөздерді байланыстырушы формаларға тоқталайық. Компоненттерінің морфологиялық құрылымына қарай, қосарлама сөздерді екі салаға бөлуге болады:
а) Негізгі түбірден құралған қсарлама сөздер. Оған бала-шаға, ата-ана, үй-жай, телан-тараж, аяқ-қол, дос-жар, күш-қуат, ләм-мим, күш-қуат, ас-су, нан-тұз, тай-құлын, оқу-білім, іні-бала, құлын-тай, дау-шар, дос-жар, көш-қон, ойын-сауық, той-думан т.б.
ә) Туынды формалардан құралған қосарлама сөздер екі түрлі болады. Бірінші – екі сыңарына да бірдей жұрнақ жалғанып жасалады, екіншісі – бір сыңарына ғана жұрнақ жалғау арқылы қосарланған қос сөздер. Мысалы, туындыда мынандай қос сөздер кездеседі: атарман-шабарман, онша-мұнда, әлді-малды, көрген-күздеу, қашқын-қуғын, есітіп-білген, келген-кеткен, көрінер-көрінбес, үзіп-жұлып, ерлі-зайып, алым-салық, ішіп-жемі, жүріс-тұрыс, бірен-саран, лім-жітім, өштік-қастық т.б. Қосарлама сөздің екі компонентіне де бірдей жалғанатын жұрнақтар көбінесе бір ғана түрлі болып қосылады, кей-кейде ғана екі түрлі болады. Мысалы, мына төмендегі сөйлемдерге назар аударайық: Жас қыз кезінде Абай мен Тоғжан арасындағы жалынды сырдың азды-көпті куәсіндей болған [сонда, 53-б]. Жолды-жолсыз жердің барлығында суыққа қарсы қасқарып-ап топты бастап келе жатқан себебі де сол [сонда, 102-б].
- Балам-ай , алды-артымды орап алдың-ау осы сен ә? – деп, Сүйіндік ақырын күле түсіп, екі ойлы болып қалды да Асылбекке қарап:
- Ей, менің балаларым мына бала қонағың артымда жатыр-ау өзі, ойлаймысыңдар?-деп, жақсы жадырап, шын бейілденді [сонда, 114-б]. Құнанбайдың алдында мысықтай үндемей отырып, былай шыға бере, бала-шаға, малшы-жалшыны сықпыртып, боқтап жүру оның дағдысы болған [сонда, 114-б].Кешегі төбелес, алыс-жұлыс атаулының ор жырасының ар жағында қалып қойған, алысып тұрған – Тоғжан [сонда, 168-б]. Сол шығын өскен сайын іші ауырып, ең ақыры осы кездерде Ұлжанды абысын-ажынға да ағайын-жақын, үлкенге де, тіпті бала-шағаға да жамандай бергіш боп еді [сонда, 169-б]. Өзенді құлдап селдір тоғай ішіне кіріп, арлы-берлі жүріп көрді [сонда, 178-б]. Көрпе-жастығы қызылды-жасылды жаңа төсек тәрізді [2-кітап, 25-б]. Келісімен Әділбек суық сөз есітіп, сезіктенген бе? Жаман бүлініп жеңгелерін де, малшы-көршілерін де қатты бүріпті [сонда, 221-б]. Әсіресі Ұлжанның айналасындағы үбірлі-шүбірлі молдықты, кеңдікті сүймейтін [сонда, 241-б]. Осы келтірілген мысалдардағы қосарлама қос сөздер бір-бірімен әр түрлі формалар арқылы байланысып жасалған. Осындағы қолданылған жұрнақтар мыналар: -лы, -лі,-ды, -ді, -ты, -ті (арлы-берлі, қызылды-жасылды), -шы, -ші (малшы-жалшы), -н, -ын, -ін, -қан, -кен, -ған, -ген (ішкен-жеген, жиған-терген), -ыс, -іс (алыс-жұлыс), -лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік (өштік-қастық). Мұндай қос сөздер романда сирек қолданылған.
Сонымен, жалпы туындыдағы қос сөздер–қазақ тіліне айрықша тән құбылыстың, заттың және ұғым, түсініктің атауларын жинақтап беру үшін қолданылатын сөзжасам амалының бір түрі.
Достарыңызбен бөлісу: |