(Г.Кузнецов, ғалым)
«Телевизия жағдайында комментатор бірнеше журналистік мамандықтың басын біріктірген адам болуға тиіс. Ол – жүргізуші, интервьюер, хроникер тілші және сонымен қатар, белгілі бір салада кең білімді адам, жалпы маман комментатор болуы керек» (Ю. Владимирский, өнер зерттеуші)
«Журналист – дискуссияның тікелей ұйымдастырушысы, ұйытқысы. Қазір әңгіме репортерлер, интервьюерлер, әңгімеші, дискуссияға құрылған рубрикаларды жүргізушелер жайлы болып отыр» (С.Муратов сыншы)
Демек, телевизиялық журналиске жүктелетін ең жауапты әрі абыройлы міндет халық шаруашылығының, мәдениетінің, қоғамдық өмірдің көкейкесті мәселелерін терең сезініп, ол туралы тұжырымды пікір айту, осы мәселеге қатысы бар мамандардың мазмұнды, тартымды әңгімесіне мұрындық болу, көпшілік ойын белгілі бір бағытқа бұру.
Осы ережелерді өз тәжірибесінен өткенен соң барып, мына біздерге, яғни, болашақ журналистерге тайға таңба басқандай етіп «Көгілдір экран –өмір айнасы» атты туындысында нақты мысалдармен келтіріп көрсеткен.
Совет Масғұтов теледидар әлеміне әлі қанаты қатаймаған, қауырсыны жетілмеген журфактың студенті болып жүрген кезінен, яғни, 1960 жылдан бастап араласты. Бастапқыда Қазақ телевидениесінің корреспонденті, кейін дикторы, редакторы, аға редакторы болды. «Қайырлы кеш, қадірлі достар!» деп басталатын алғашқы лебізден кейін-ақ эфир алаңында көзге көрінбес қызу айқас басталатын. Міне, Совет алғашында жаңалықтар бөлімінің жүргізушісі болды. Күн сайын әрі сан-саладан эфирден өтіп жатқан «Жаңалықтар» әлемінің есігін ашу кім-кімге де үлкен сын. Ел көлеміндегі мемлекеттік деңгейдегі саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік саланың қат-қабат тірлік-тынысын эфирге берудің жауапкершілігі ол кезеңде мол болатын. Техниканың тапшылығы әрі маман кадрлардың жетіспеушілігі, көріністердің аздығы мен сүреңсіздігі адым аттаған сайын алдыңнан шығып отырды. Егер осыған жүргізушінің салдыр-салақтығы мен ұқыпсыздығы әрі таяздығы қосылса, бұл – экран үшін қиянат, көрермен үшін обал. Сондықтан да эфирде «сұлу мүсін» атанған Сәбеңнің келісті әрі көркем келбеті мен тартымды қоңыр үні кейбір олқылықтардың жымын білдірмей жіберетін. Жан жары Шолпан апайдың «Совет эфирден хабар жүргізеді деген күні қыз-келіншектер үйлеріне ертерек қайтуға асығатын. Ондағы ойлары, Советті эфирден көру ғой» деп азаматының ерен қасиетін тебірене әрі сағына еске алады. Сол бір шақтарда сұлу қазақ – сұлу сәттің күн сайын дерлік эфирден қайталанып жатқанының көрерменге бергені де мол болды.
Білімді де білікті Совет Масғұтов бес жылдан кейін салалық редакцияның, кейінірек телевидение студиясының бас редакторлығына дейін жоғарылады. Білімі мен білігі қатар тоқайласқан тұлға өзгелерге өзінің тәжірибесі мен тәлімін үйрете жүріп, өзі де олардан жалықпай үйренді. Әсіресе, ол әдебиет пен мәдениет мәселесінде өте алғыр болатын. Телеэкраннан әдеби хабарлар мен көрнекті тұлғалардың шығармашылық портреттерін де өзі көптеп жасады. Республикамызда өткен Азия және Африка елдері жазушыларының V конференциясында С.Масғұтов телевизиялық баспасөз тобының жетекшісі болды.
Редактор қаламына ілінген дүниеден уақыт үніне сай ортақ үндестік іздегенде, оның сол кезеңмен астарласа, жаңалықты бар қырынан жарқырата ашқандығына ден қойған дұрыс. Редактор-суреткер өз жан-дүниесіне әлем әлдилеген әсемдікті сіңіре отырып, қарапайымдылық пен қырағылықты жанына серік етіп, мол біліммен жан-жақты қаруланған кезеңде ғана сол уақыт жүгін иығына салған салиқалы да тегеурінді дүниелер өмірге келеді. Бәрі де сенің өмірге соншалықты құштарлығың мен оны шексіз сүйгендігіне, адамдық келбеті мен адалдығыңа, парасат-пайымың мен биік интеллектуалдылығыңа байланысты.
Кейіпкер өмірінің сыр мен сымбатын ашып отырып, экранда жаңа, толыққанды бейнелерді ойланта да, ойната да бере білу шын шеберлікке байланысты. Осы орайда, шеберлік қырларының жан-жақты танылуын телебағдарламалардың өн бойынан іздеу заңдылық. Аудиторияға ұсынылған бағдарламаның тартымдылығы сонда, біз экран өмірдің кездейсоқ жайларымен, қоғамдағы жекелеген кейіпкерлермен, нақтылы фактілермен ғана емес, шын мәнінде қайнаған өмір, қуаныш пен қайғы, үміт пен күдік, махаббат пен үзілген армандар, ең бастысы тіршілік атаулының үзілмес жалғастығымен тоқталмайсыз. Кезінде Қазақ теледидарынан көрсетілген Орта Азияның төрт республикасы мен Қазақстанның тыныс-тіршілігін қамтитын «Достық экраны» хабары, алуан тағдырлар жайында сызылтып сыр шертетін мазмұнды да мәнді «Сырласу», өмірдің өткелдерінен өту кезінде өзіндік ерекшеліктері көп ғұмыр жолдарының мәнді тұстарын айта отырып, жалпақ жұртты бір-бірімен табыстыратын «Мың да бір рахмет!» топтамаларының, «Пай, пай, жиырма бес» телеклубтарының сол кездегі шығарылымдары қай-қайсысында болмасын майталман маманның шексіз қиялы мен орынды қисынының тұтас бір әлем болып құйылып түскендігін сол дәуірдің көгілдір экран көрермендері жақсы біледі. Осы хабарды жасаушылардың және жүргізішілердің бірі ретінде Совет Масғұтов өз еңбегінде былай деп жазыпты: «Зеркүл Күдербекова жайы айтылған әсерлі, ақиқат сөздерге зал сілтідей тынып, сүйсініп отыр. Осы бір қарапайым қазақ әйелінің бастан кешкен қиын тағдырына, кіршіксіз адалдығына, еңбексүйгіштігіне көзі жеткен жұрт бір кезде жаңғырықтыра қол соқты».
Хабардың өн бойында желі тартқан сюжет, драматургиялық қақтығыстар, режиссерлік, операторлық көркем шешімдер, музыкамен әрлеу, жүргізушінің сөз мәйегін қайталанбас екпінді, әсерлеу, мәнді жеткізе білу үшін теледидардың көркем құралдарын толық та, ұтымды пайдалана білудің маңызы айрықша. «Жалпы кадрларды ретін дұрыс құра білу телевизия режиссерінің қолындағы аса қуатты құрал. Өйткені, ірі көріністе көрсетілген адамның бет-жүзі, жекелеген қиықтар, үзіктер экранда айтылып жатқан әдемі сөздердің бағасын аспанға көтеруі де мүмкін, керісінше, аяқ асты етуі, түгін қоймай жоққа шығаруы да ғажап емес». Экрандағы автор идеясы мен ойының тоғысынан туындаған нұсқалар мен көріністердің орын-орнымен қадағалануы, оның аражігін білдірмей қабыса қиюласуы, әрі оған өзіндік үн дарыта отырып, келісті де келбетті түр іздеу де режиссердің көрегенділігіне байланысты. «Жүргізуші Зеркүлдің бастамасына үн қосқан ізбасарының орнынан тұруын сұрады. Залдағы орындықтардың екі қатарын алып отырған Зеркүлшілер түгел орындарынан көтерілді. Оларға ілесіп... әсерлі әңгімеге еріксіз еліткен Зеркүлдің жұбайы да түрегелді. Ірі көрініс осы сәтті тап басып, уақтылы көрсетті». Осы бір көріністің ғана бас кейіпкер бейнесін ашудағы бағалылығы ерекше. Себебі, монтаж кезінде кадрлардың үйлесімділігін таба білу әрі оларды бір-біріне сәттілікпен қабыстыра байланыстыру режиссер мен автордың ой-идеясынан туындайтын жайттар. Ал, ортақ шеңбердің бүтіндігінен келіп жаңа бір тың дүние өмірге келеді. Жетпісінші жылдардың орта шенінде көрермендер ықыласына бөленген «Мың да бір рақмет!» хабарының өмірге келуіне де Совет Масғұтов қолдау білдіреді.
1967 жылы Сәбең Мәскеуден берілетін «Отанымыздың бір сағаты» атты бағдарламада «Интервидение» арқылы туған республикамыздың тыныс-тіршілігі жайлы өрнекті сюжеттерімен көзге түссе, 1969 жылы «Союз» ғарыш кемесінде топталып ұшқан ғарышкерлер құрметіне арналған «Жұлдыздар эстафетасы жаңалықтарында» республика атынан қатысқан тұңғыш жүргізуші болды. 1967–1972 жылдары Орталық теледидардың «Алтын дән мерекесі» бағдарламасының тұрақты жүргізушісі атанды. Осының бәрі де оның талантының ел көлемінде ғана емес, Одаққа танымалдығына дәлел болғандығын танытатын ерекше қасиеттері болатын.
1977 жылы «Атамекен» хабарының кезекті саны Алматының іргесіндегі «Калинин» колхозынан түсірілді,- деп еске алады Қ.Игісінов. Хабарға автор жазған сценарийдің көлемі 30 беттей. Совет пен редакцияның бас редакторы Сәнгерей Тәжіғұлов екеуі сценарийді кезектесіп оқып болғаннан кейін, Совет Масғұтов маған қарай мойнын бұрып «көбірек жазғаның дұрыс болған, артық жері болса жол-жөнекей өзі-ақ түсіп қалады. Тілің орамды, ойларың жүйелі, сөздерің орнықты, деп көңілімді бір көтеріп тастады. Бірі студияның, бірі редакцияның бас редакторынан мұндай марапатты есту кім-кімге де ғанибет. Осы сәтте Совет Масғұтов тағы да әрбір хабар сайын өзінің бір тың идея айтатын әдетіне басып, Құсыман «әрбір хабардың мазмұнына сай арқалаған әлеуметтік жүгі болады, сондықтан сценарий соңын есте қаларлықтай етіп аяқтаңдар. Ол үшін сол хабар түсірілген жерден көрермендермен қосылып «Атамекен» хабарының құрметіне арнап аллея жасап, ағаш отырғызыңдар. Мәңгілік ешкім жоқ», деп өз ойын келте қайырды.
Алла аузына салды ма, әлде біреу құлағына сыбырлады ма, мына қызықты қараңызшы! 2006 жылы сол «Калинин» колхозынан маған балерина Ғалия Абаева деген орта жастардағы әйел келді. «Аға, мен «Калинин» колхозын ұзақ жылдар басқарған Абаевтың қызымын. Сіздердің «Атамекен» хабарын жүргізген кезде отырғызған ағаштарыңыз бұл күнде алып шыршаларға айналды. Күн ыстықта ауыл адамдары сол ағаштардың саясында отырып дем алады, шүйіркелеседі, әңгіме-дүкен құрады. Сол кездегі осы бір игілікті істеріңіз үшін рахметімді білдіргім келеді»,-дейді. Қандай ғанибет, қандай ыстық ықылас. Шіркін-ай, дейсің, сол бір кездегі осындай жақсы істердің басында тұрған Совет Масғұтов секілді азаматтар көп болғанда ғой, әлем бұдан да нұрланып, дүние бүгінгіден де өзгеше болар ма еді. Әттең «дүние жалған деген осы ғой!?».
Төл телевизиямыздың тарихында алғашқы «бейнефильм» жасауды қолға алған да С.Масғұтов болатын. Бұның өзі оның жаңашылдыққа ұмтылысы мен бойында көптеген қырларының барына дәлел. Атақты күрiшшi Ұлбала Алтайбаева туралы «Октябрьден нәр алған, республика!» атты бейнефильмi, екi мәрте Еңбек Ерi Ыбырай Жақаев, шопан-ата Жазылбек Қуанышбаев, т.б. жайындағы әсерлi әрi мазмұнды телехабарлары автордың ерен шеберлiгi, өзгеше қолтаңбасы және айшықты өрнектерiмен көрермендер есiнде қалды. Автордың кейіпкер бейнелерiн толғаныста, қуаныш пен ренiште аша отырып, әңгімелесушінің психологиялық көңiл-күй ауысуын хабардың өн бойында ерiксiз уысында ұстайтын тапқырлығына да тәнтi боласың. Дегенмен, күн сайын эфирден өтiп жатқан саналуан бағдарламалардың көрермендерiн толғақты ойларға жетелейтiн биiк интеллектуалды, әсем өрнектелген жайттар неге аз? Кемшіліктер сыры неде? Осы бiр елеулі әрi бүгiн де маңызды сұрақты зерделi Советтік кезеңнiң өзінде-ақ бей-жай қалдырмағанына оның соңына қалдырған құнды кiтаптарын ақтара түскенде көзiмiз жете түседi.
«Ең алдымен бұл хабардың авторлармен, режиссерлермен бірлесіп жұмыс істеген операторлар тобы болмады және алдын ала жаттығу өткізілмеді. Бұл телевизиялық творчествоға жасалған қиянат тәрізді болатын. Ал операторлардың бәрінің бірдей хабардың мәнін, мазмұнын түсіне алмағандығынан, залдағы көрермендер аудиториясының құрамына сәйкес әрбір психологиялық шырқау сәттерде кімнің қандай көңіл күйге түсетін күні бұрын болжанып, алдын-ала режиссерлік жүйелі жоспар жасай алмағандықтан, көрермендерді шын тебірентетін кейбір жайттар кадрден тыс қалады». Хабар процесіне бастан-аяқ қатысқан әріптестің, осыдан елу жылдан астам уақыт бұрын қинала тұрып қайғырған, тебірене тұрып теңселген сәттеріндегі өзекті өртейтін ащы зары күні бүгін де алдымыздан шығып отырады. Биік талғамды, озық ойлы топтың тамшылата төккен ащы терлерінің экранда қайтарымы болмағанына жаны күйзеледі, қабырғасы қайысады.
Бағдарламаның қызықтылығы мен кейіпкер бейнесіні бар қырынан ашылуында операторлық топтың орны ерекше. Білгір де білікті оператор камера көзіне ілінгенді талғаусыз әрі талғамсыз түсіре берсе, оның аудиторияға берері де аз болмақ. Тұшымы жоқ монтаж кезіндегі ретсіздік пен жүйесіздік қосылса, онда оның көрерменге айтары да мардымсыз болады. Автор ойының мәнділігі сонда, ол көрерменге көмектесіп, ойын оятып, оның өмірінде қандай да бір өзгерістерге жол ашса, ол өзіне жүктелген міндет пен уақыт үдесінен шыққан болады. Керісінше, көрермен оны немқұрайлы қабылдап, оның әсері төмен болса, онда бұл теледидар қабырғасынан ұзап шыға алмаған қажетсіз әрі арзанқол дүниелер болып шығады.
Өнер және әдебиет әлемінің жасампоздары Ш. Айтматов, О. Сүлейменов, Е. Серікбаев, К. Қожабековтермен өмір мен өнер жайында емін-еркін сырласулар, қарапайым еңбек адамдарының жан әлеміндегі бұлқыныс пен бұла күшті әп-сәтте оята білушілік оның әрбір хабарын тартымды әрі көрікті ететін. Әсіресе, спорт хабарын жүргізудегі өзгеге ұқсамайтын шешендігі мен әдемі тіркестерін естіген замандастары күні бүгін де аңыз етіп айтады. Сол кезде өзімен теледидарда қоян-қолтық қатар істеген, бүгінде «Білім» баспасының директоры Жарылқасын Нұсқабайұлы, «Сәбең спорт репортажын жүргізе отырып, бір жағы ойыншылардың әдемі ойын өрнектерін қызықтап әрі жерлестерінің сүреңсіз ойындарына жаны ашығандай болған сәттерде «Қайрат қақпасының алдында қарбалас қиын қыстау сәт туды», «Допты қақпашы қағып алып, қақпа алдындағы қаупі сейілген кезде бәрі орнында, доп Касенковтың қолында» деп жанкүйерлерді сабасына түсіріп отырды. Касенков деп отырғанымыз сол кездегі Қайрат командасының қақпашысы. Совет Масғұтов, әсіресе, шайбалы хоккейді ерекше сүйетін әрі теледидардан өтетін спорт жарыстарын үзбей көруге тырысатын. Бұл оның хоббиіне айналған дүние еді
Алпысыншы жылдардың орта шенінде проблемалық репортаждар саласында еңбек етіп жүрген телевизия қызметкерлерінің Таллиде өткен семинарына қатысқан Совет Масғұтов телеэкран өнерінің танымал зерттеушісі Э. Багировтың «Тележурналистің өмірді зерттеу әдістері жайлы» пікіріне орай өзінің осы бағыттағы талғам таразысының сүзгісінен өткен кейбір ойларын ортаға салады. «Әдетте журналистің творчестволық қызметі тақырып таңдаудан басталатыны белгілі. Ал тақырып қайдан туады?» деген келелі мәселені ортаға ой тамызық ретінде тастай отырып, зерттеуінде өзінің ойын жүйелі әрі нақты дәлелдермен дәйектей түседі. «Қалай болған күнде де тақырып болашақ хабардың арқауы, лейтмотиві, діңгегі ғана. Міндет - соны жеріне жеткізе зерттеу, барлық қыры мен сырын тану, жан-жайын терең ашу, анықтау». Бүгінгі күннің өткір мәселесін, өмірдің проблемалық жайларын өзегіне арқау еткен тақырыптың аудиторияға берері де мол. Тақырып неғұрлым өмірдің қыры мен сыры қатар тоғысқан тұсынан келіп шықса, оның айтары да, берері мол мәнді болмақ. Сондықтан тартымды әрі маңызды тақырыптың телевизия атты «алып конвейердің» тамырына қан жүгіртуі, көрерменге ой тастауы шынайы шеберлік. Бұл идея кеше де мәнді болған, ол бүгін де өзінің маңыздылығын жойған жоқ».
Қазiргi таңда да эфирден өтiп жатқан тақырыптардың iшi мен тысын қатар аршу, оның қыры мен сырын зерделеу, оған комментаторлық көзқарас тұрғысынан тұщымды да мағыналы баға беру жағы тым ақсап жатыр. Телехабарлардың көркемдiк деңгейiнiң төмендiгi де, айтылар ойдың таяздығы да, көрсетілер көрiнiстердегi жайттар мен кадрден тыс мәтіннің алшақтығы да көрермендi мезi етуде. Мiне, жас ғалым күн тәртібінен ешқашанда түспеуге тиiс мәселеге алыстан ой iздейдi, оны табудың, жүзеге асырудың жолдарын көрсетедi. Ойға азық, iзденiске жол бастайтын түрлер тоғысына келiп, ол жайлы өзiнiң келелi ой, кесiмдi пiкiрлерiн айтады.
Енді бірде «журналистің өмірді зерттеу әдістерін» де, не болмаса, «сұрақ қою» түрлерін де тілге тиек ете отырып, өзі соған толымды әрі тұшымды жауап қайтарады. Совет Масғұтов ғалым ретіндегі ұтымды тұстарының бірі қай мәселеге де тұспалдап келмей, төтесінен жол табатын турашылдығы мен ойын дәлдікке әрі ықшамдыққа құратын шеберлігі. Мәселен «Өмір әдетте ресми жағдайда бір түрлі информация береді де, жұмыстан тыс жерде оған мүлде қарама-қайшы пікір білдіруі де мүмкін. Мұндайда жаңсақ пікір жетегіне ілесіп жүре бермей, ақиқат қайсысы екенін анықтау журналистиканың міндеті», деген ойларының астарында қаншама салмақты қағидат, кім-кімді де ойлантатын ойшылдық жатыр.
С.Масғұтов өмірден ерте озарын білді ме, әлде бір нәрсені сезді ме бір сөзінде былай депті: «... Журналистің зерттеу әдістерін, телевизия үшін хабарлар әзірлейтін, экранда жұмыс істейтін журналистердің жұмыс әдістерін, творчестволық тәсілдерін жинақтап, қорытып, ортақ заңдылықтарын ашып анықтау, терең зерттеу – кезек күттірмейтін, келелі міндеттердің бірі». Телеөнер саласынан өзімен қатарлас әрі замандас М.Барманқұлов, С.Қозыбаев, Қ.Аманбаев, Р.Сағымбеков сынды әріптестеріне, кейінгі толқын ізбасарларына қарата айтылған аманат ойдың ұлттық телеөнер әлемінде ізінің шын талантты әрі толағай зерттеушілерін көптеп таба алмай жатқаны күні бүгін де ойлантады. Бұл пікірге ұзақ әрі тыңғылықты ізденіс, салиқалы да салмақты толғаныс, тереңнен қаза зерттейтін зерделілік керек. Осы жағы бізде әлі де ақсаулы күйінде. Әсіресе, қазақ телеөнерінің корифейі атанған, мол білімді Марат Барманқұлов арамыздан кеткеннен кейін бұл саланың салмағы жеңілдеп, айтары да азайып қалғандай. Кей шақтарда бірі ана тілінде, бірі өзге тілде қатар қалам тербегенде, күні бүгінге дейін қаншама дүниелерге әділ баға беріліп, қаншама жылымықтарға жол жабылар еді ғой дейсің?! Таллинде телеөнердің қабырғалы қайрат керлерімен бас қосудан кейін Совет КСРО-дағы таңдаулы теледидар жүргізушісі атанып, Орталық теледидарға қызметке шақырылды. Оның есімі «Красная Звезда» газетінде Одаққа танымал халықаралық шолушы Фарид Сейфул Мулюковпен қатар аталды. Сол мезет көпшілікке кең танымал, аузымен құс тістеген әрі әлемдік аренада ысылған, тәжірибелі Ф.Сейфул Мулюковпен экранда иық теңестіру Сәбеңнің қай саладан болса да осал еместігін танытты. Бұған аса терең білімпаздық, асқан адуындылық, терең ойшылдық әрі эфирде жай отындай жарқылдаған талант керек. «Тұлпарды тай кезінен танитын» қырағы мәскеуліктердің С.Масғұтовқа осыншалық сенім көрсетуі де жайдан-жай емес - ау?!
Демек, бұл хас таланттың жоғары кәсібилігі мен шын шеберлігіне көрсетілген зор құрмет болатын. Орталық теледидардағы «Уақыт» ақпараттық бағдарламасынан Сәбең түйдек-түйдегімен салиқалы репортаждар, ойлы сұхбаттар жүргізіп, бүкіл ел көлеміне танымал бола бастады. Қазақ перзентінің Одақ төрінен айтқан әрбір сөзі мен сөйлемінің орамында телегей тереңдік пен хас таланттың жүрек табының ізі айқын байқалып жатты. Білім мен білік қатар қойындасып, ой мен идея етене қабысып, көрініс пен сөз қатарласа қолтықтасып, осылар көріністен сұлулықты, сөзден ғибрат аларлық дәмділікті туындатты.
Тағы бір қыры ана тіліне деген ерекше құрметі. Тіл тазалығын, туған тілінің қадірін Совет Масғұтов экранда бір адамдай қорғап бақты. Оған жазушы Мағзом Сүндетов айтқан мына пікір куә. «Сонау тоталитарлық заманда, қазақ телестудиясы жаңа шаңырақ көтеріп жатканның өзінде, дикторлыққа кім болса соны алмаушы еді. «Жүзден жүйрікті» таңдап, талғап қабылдайды. Беделді сол комиссияның бел ортасында белгілі диктор Әнуарбек Байжанбаев отыратын. Бәлки, сондай терең талап қойып қабылдаудан ба, диктордың бәpi сымбатты, үндері ашық, әр сөзді анық, майын тамызып жеткiзетiн. Әсіресе, Совет Масғұтовтың орны бөлек еді». Сәбең жер-су аттарын «Медеу», «Көкшетау», «Маңғыстау» деп қазақ мақамымен атап, тігісін бiлдiрмей, көрермендi әдемi қоңыр үнімен, сымбатты болмыс-бiтiмiмен тәнтi етушi еді».
Совет Масғұтовты биік еткен, оны осыншалық тұлғаландырған да әкенің асқақтығы мен анасының ақ сүті болар-ау! Жан азабы мен тән азабын қатар тартып жатқан кезеңде әкесіне өлеңімен құрмет көрсеткен:
«Ел ұлы бол, ата ұлы болма, балам», Өмірге сізден сондай жолдама алғам. Орындамай осы айтқан зор талапты, Жерге жетпей жығылып, жолда қалман - деп, ой тиегін ағытыпты. Әке тілегін бәрінен де жоғары қоя білген әрі оны өмір соқпағында тұмар етіп ұстанған асыл азаматтың биіктігіне тәнті боласың. Сегіз қырлы, бір сырлы телемаман ғана емес өмірде де осындай өлең шығаратын өнері бар. Жарыққа шыққан 30-ға жуық туындылары 2019 жылы «Теледидардың дарабозы -Совет Масғұтов» атты еңбекте басылған.
Достарыңызбен бөлісу: |