4 Композиция туралы түсінік
Композиция (лат. composition) – элементтердің жазықтықта немесе кеңістікте бірігуі мен байланысынан құрылған жүйе. Көркемдік пішіннің ең басты элементі ретінде композиция бұйымға бірлік пен тұтастық береді, оның компоненттерін өзара бағыныңқылыққа және тұтастыққа келтіреді.
Киім дизайнында композиция пішін құрылымының жалпы заңдылықтарын айқындайды. Композиция мақсаты – конструктивті, функционалдық, эстетикалық құндылығы бар утилитарлық аяқталған заттың пішінін жасау.
Киім композициясы – киім бөліктерінің бейнелі, көркем-идеялық мағынасын аша отырып, тұтастығын біріктіру. Костюм құрастыру өнерін сәулет өнерімен теңдестіруге болады. Сәулет өнерінде түрлі сәндік элементтерге жарты колонна, пилястр, ою-өрнекті фриздер кіреді. Ал костюмге көркемдеу, фурнитура, кесте, ою-өрнек , т.б. жатады.
Киім композициясының негізін киім бөліктерінің көлемі, арақатыстығы, киімнің жалпы пропорциясы және силуэті құрайды. Киімде әр пішіннің пропорциялық дене бітімімен арақатынастары маңызды рөл атқарады. Олар пішінге, яғни силуэтке белгілі сипат береді. Мысалы, киімде тік пішіндер сымбаттылық пен жеңілдікті көрсетсе, көлденең сызықтар дене бітімді аласа, ауырлау ете түседі.
Киім бөліктерін пішінге келтіру процесі құрастыру арқылы іске асырылады. Пішін күрделі болған сайын, құрылымды сызықтар да әрқилы болады.
Костюм композициясында басты пішіндер ретінде киім негізін құрайтын нымша, белдемше, жеңді және модельді әрлендіріп байытатын пішіндер түрін ерекше атауға болады. Оларға; кестенің декорациялық элементтері болып саналатын шілтер, күлте, желбіреуіш, үлбір, сонымен қатар киім бөліктері – жаға, қалта, қаттама, қақпақша, т.б. жатады.
Пішіннің бірінші түрі – басты пішін, екіншісі – сәндік – костюмдік деп аталады. Сәндік-костюмдік пішін жеке өзі қызмет ете алмайды. Сонымен, киім компоненттеріне пішін (форма), силуэт, конструктивті және декоративтік сызықтар, түс, киімнің жеке бөліктері, декор жатады. Композициялық әдістерге пропорция, статика, динамика, симметрия, асимметрия, ырғақ, қарама – қайшылық жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |