Ыбырай Алтынсариннің өздері қалауы бойынша оқыған әңгімелерінен он мәтінді мазмұндап айтудан және әр сынып бір әңгімесінен көрініс қоюдан байқау.
Іс-шараның тақырыбы: «Ыбырай Алтынсарин – білім атасы».
Байқаудың мақсаты: Оқушыларды болашаққа тарихи даму жолында жарық болып бағыт-бағдар сілтеген данышпан перзент, тұңғыш ағартушы, педагог – жазушы Ыбырай Алтынсарин атамыздың өмірі мен игілікті іс тындырған азаматтық ұстаздығы жайында айтып, шәкірттеріміздің мәнерлеп мазмұндауын тыңдап, драмалық қойылымын көріп, әділ бағасын беру.
Байқаудың көрнекілігі: Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге,
Ықыласпен тоқылық! – деп өзінің тот баспас, мәңгі озық халықтық идеясымен бүлдіршіндерді білім бағына шақыратын нақыл сөздері, кітап көрмесі, слайд.
Байқау үш бөлімнен тұрады: 1. Кіріспе.
2. Негізгі бөлім.
3. Қорытынды бөлім.
І-бөлім. Байқаудың ашылуы. «Кел, балалар, оқылық» атты кітап көрмесіне шолу. Ы.Алтынсариннің өмірбаянымен таныстыру.
ІІ-бөлім. Әр сынып Ы.Алтынсариннің он әңгімесінен мазмұндап айту және бір әңгімесі бойынша көрініс қоюдан жарыс өткізу.
ІІ-бөлім. Қорытынды. Марапаттау.
Кітапханашы: Құрметті Ұстаздар, оқушылар, ата-аналар! Бүгін Қызылжар ЖОББ мектебінде облыстық «Бір аймақ – бір кітап» акциясы аясында Ыбырай Алтынсарин атамыздың таңдамалы әңгімелерінен мазмұндап айтып, көрініс қоюдан байқау өткізгелі отырмыз. Ондағы мақсатымыз мектеп оқушыларын Ыбырай атамыздың әңгімелері арқылы адал еңбекке тәрбиелеу, белгілі бір кәсіпке, өнерге баулу, адам бойындағы адалдық пен достық, мейірімділік секілді асыл қасиеттерді ардақтау, үлкенді, ата-ананы қадірлеу, өнер-білімді байлық дәулеттен жоғары қою. Енді Ыбырай Алтынсарин атамызға арналған іс-шарамызды бастауға рұқсат етіңіздер.
І-жүргізуші: Қазақ халқының ұлы перзенті ХХІ ғасырдың ІІ жартысындағы аса көрнекті демократы, қоғамда өзгерісті жасау жолында талмай күрескен, халық игілігі үшін жан аямай еңбек етудің үлгісін көрсеткен Ыбырай Алтынсарин – қазақстандағы қоғамдық ой-пікірдің өркендеу тарихында үлкен орын алды.
ІІ-жүргізуші: Ыбырай Алтынсарин - ағартушы, педагог, жазушы, этнограф, фольклоршы, аудармашы, қазақ балалар әдебиетінің атасы, ұлы ұстаз. Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы 20 қазанда қазіргі Қостанай облысының Затобол ауданында дүние есігін ашқан. Әкесі Алтынсары ерте қайтыс болып, атасы Балғожаның бауырында өседі. Балғожа тілге шешен, сөзге ұста, би, өз ортасына белгілі, беделді адам болған. Ы.Алтынсарин сауатын мұсылманша ашып, ауыл молдасынан хат таниды. 1850 жылы Орынборда ашылған қазақ – орыс мектебіне түседі. Мектеп сабағы орыс-татар тілдерінде өтеді. Дегенмен ынталы да зерек Ыбырай мектепті 1857 жылы үздік бітіріп шығады. Мектепті бітіргеннен кейінгі екі жылында өз елінде тілмаш болып қызмет етеді.
І-жүргізуші: 1859 жылы Ы.Алтынсарин Орынбордағы шекаралық комиссияға тілмаш болып орналасады. Шекаралық комиссияның төрағасы, профессор В.В. Григорьевпен танысады. В.В.Григорьевтің кітапханасынан орыс, дүниежүзі әдебиетімен танысады. Өз заманындағы көркем шығармаларды оқиды. Әдебиет, саясат, ағарту туралы жазылған басылымдарды оқуға мүмкіндік алады. Орынбордағы әдеби, мәдени, рухани дүниелермен танысу Алтынсариннің ой-өрісінің өсуіне, өмірге көзқарасының қалыптасуына игі ықпал етеді. Ы.Алтынсарин өз халқын да білім нәрімен сусындатып,, көкірек көзін ашуды мақсат етеді. 1860 жылы Орал сыртындағы қазақтарға арналып 4 сыныптық бастауыш мектеп ашу туралы шешім шыққанда өзі сұранып, Торғай мектебінде мұғалім болады. Торғай қаласында бірден мектеп ашу мүмкін болмай, іс көпке созылып кетеді. Ы.Алтынсарин ел ішінде оқудың мәнін түсіндіріп, халықтың білімге ықыласын ояту үшін алғашқы балаларды өз үйінде оқытады. Торғайдағы Ыбырай мектебі 1864 жылы қаңтарда ашылды. Бастапқыда 14 бала қабылданады. Ыбырай Алтынсарин мектептегі оқу-тәрбие жұмысын мүлде жаңа үлгіде құрады. Сабақ ана тілі – қазақ тілінде жүре тұрып, әр пән негіздерін үйретуді мақсат етеді. Ыбырай оқушыларының ғылым мен мәдениетті игеруіне, рухани бай азамат болып шығуына қызмет етеді. 1876 жылы Ы.Алтынсарин Петербург, Қазан қалаларына барады. Орыстың мектеп, білім беру саласын зерттеп, орыс ағартушыларының еңбектерін оқиды. Сол негізінде қазақ тілінде оқу құралдарын жасауды жоспарлайды.
ІІ-жүргізуші: Ы.Алтынсарин қазақ балаларына білім мен тәрбиенің негізгі көзі – оқулық деп қарап, мазмұны бала табиғатына жақын, тақырыбы таныс, әрі қызықты кітап шығару керек деп түсінеді. 1876 жылдан «Қазақ хрестоматиясын» жазуға кіріседі. Хрестоматия 1876 жылы Орынборда басылады. Ыбырай Алтынсарин 1876 жылы Н.Н.Ильминскийге жазған хатында: «Татар тілінде жазылған кітаптардан құтылу үшін, қазақ тілінде оқуға арналған бастауыш кітабымды кеше ғана бастадым», - деп жазады. «Мысалдарды енгізгім келмейді, өйткені қатаң тұрмыста өскен қазақтарға бұдан гөрі мәндірек әңгімелер болады. Мысалдарды қазақ балалары оқығысы келмейтінін, оқыса оған күлетінін, ал олардың ата-аналары: балаларға сауысқан мен қарға сөйлеседі деген сияқты жоқ нәрсені үйретеді деп, тіпті тәжірибемнен білемін», - деп айта келіп жаңа кітапқа жұмбақтар, баланың ойын кеңітетін әңгімелер, сондай-ақ қазақ өлеңдерінен іріктелген өлеңдер енгізілетінін жазады. Ы.Алтынсарин адамдық қасиеттер жөнінен әңгімелер кіргізді. Көбін өзі жазды, бірқатарын сол кездегі орыс оқулықтарынан ел тұрмысына лайықтап аударды. «Қазақ хрестоматиясы» орыс әліпбиі негізінде жазылды.
І-жүргізуші: Ы.Алтынсарин қазақ даласында мектептердің көбірек ашылуы, таралуы туралы қазақ ойларын Н.Н.Ильминскийге, В.В.Катаринскийге жазған хаттарынан анық байқаймыз.
ІІ-жүргізуші: Қазақ арасында халықтық мектептер ашып, ағарту жұмысын белсенді жүргізудегі Ыбырай Алтынсариннің еңбегі ұшан-теңіз. Сонымен қатар көрнекті ағартушы қазақ жазба әдебиетінің негізін қалау үстінде де орасан зор үлес қосты. Ауыз әдебиетінің дәстүрінен қол үзіп, жазба әдебиетінің үлесінде сюжетті өлеңді тұңғыш жаза бастаған ақынның бірі – Ыбырай Алтынсариннің қадірлі есімі кемеңгер Абаймен қатар аталады. Жалғыз поэзия жанрында ғана емес, көркем прозаның қалыптасуына да Ыбырай Алтынсарин ат салысты.
І-жүргізуші: Ы.Алтынсариннің шығармалары алғаш рет 1879 жылы Орынбор қаласында «Киргизская хрестоматия» деген атпен жарияланды. Кейін «Махтубат» делініп 1889, 1896, 1899 жылдары арабша басылып шықты: 1906 жылы А.Васильевтің редакциясымен жарық көрді. Совет жылдарында жеке кітап болып 1935, 1948, 1955 жылдары сан рет басылды.
ІІ-жүргізуші: Ыбырай Алтынсарин туған әдебиетіміздің тарихынан көрнекті прозашы ретінде де орын алады. Өйткені оған дейін қазақ жазба әдебиетінде көркем проза әлі қалыптаса қоймаған еді. қаламгердің шағын әңгіме, новеллалары жастарды оқу-білімге ұмтылуға, өнерді меңгеруге, кәсіп үйренуге, еңбекті сүюге, отанын қадірлеуге, сондай-ақ талапты, жігерлі, кішіпейіл болуға тәрбиелейді. Жалқаулық, надандық, зұлымдық, тәкаппарлық секілді жаман әдеттерден аулақ болуға үндейді.
І-жүргізуші: Ыбырайдың «Таза бұлақ», «Бақша ағаштары», «Талаптың пайдасы», «Мейірімді бала», «Шеше мен бала» сияқты әңгімелері де – тәрбие мәселесіне арналған шығармалар. Бұдарда ол тазалық, талап, мейірімділік, рақымдылық, төзімділік, адамгершілік сияқты өнегелі қасиеттерді дәріптейді.
ІІ-жүргізуші: Ы.Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы» оқулығы 1879 жылы Орынборда басылып шықты. Ол оқулығына жазған алғы сөзінде «Бұл кітапты құрастырғанда, мен, біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш шыққалы отырған жалғыз кітаптың орыс мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын көздедім» - дейді. Ы.Алтынсарин жас буынды оқуға, білім алуға, өнер үйренуге шақырады.
І-жүргізуші: Олай болса кешіміздің ІІ бөлімі – негізгі бөліміне байланысты Ыбырай атамыздың әңгімелерін он мәтінін мәнерлеп айтып беруге алғашқы болып 4 сынып оқушыларын ортаға шақырамыз.
ІІ-жүргізуші: Кезек 3 «А» сынып оқушыларына беріледі.
І-жүргізуші: Келесі кезекте 3 «Б» сынып оқушылары.
ІІ-жүргізуші: Ендігі кезек 2 «А» сыныбында.
І-жүргізуші: Кезек 2 «Б» сыныбына беріледі.
ІІ-жүргізуші: Сайысымыздың келесі шарты Ыбырай Алтынсариннің бір әңгімесінен драмалық көрініс қою алғашқы болып 4 сынып бастап, кезек әрі қарай жалғаса береді.
І-жүргізуші: Соңғы бөлім - қорытындылау бөлімі. Сонымен бүгінгі кешті қорытындылау барысында өз өнерлерімен, білімдерімен ерекше көзге түскен оқушыларымға өз лебіздерін білдіріп марапаттау үшін, сөз кезегін мектеп басшыларына береміз.
Достарыңызбен бөлісу: |