Ибрагимова М. Н. 1, Нусупбаева С. А



Дата15.09.2017
өлшемі105,43 Kb.
#32684
ӘОЖ 378

Ибрагимова М.Н.1, Нусупбаева С.А.2
1Оқытушы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті,

Алматы, Казақстан

е-mail: ibragimova.meruert@mail.ru

2Аға-оқытушы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті,

Алматы, Казақстан

е-mail: N.Salta_82@mail.ru
ШЕТЕЛДІК ТЫҢДАУШЫЛАРҒА ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫН ОҚЫТУДА ҚОЛДАНЫЛАТЫН КЕСТЕЛЕР МЕН ТІРЕК-СЫЗБАЛАРДЫҢ МАҢЫЗЫ
Annotation. Efficient application of different methods at history lessons is examined in this article.
Тірек сөздер: технология, инновация, кесте, тірек-сызба, әдіс.
ХХІ ғасыр озық және жаңа технологиялар ғасыры болғандықтан, бүгінгі таңда білім жүйесінде де осы технологияларды заман талабына сай, кеңінен қолдану сапалы білімге жетелейді. Әсіресе халықаралық деңгейдегі кредиттік жүйеге өткен жоғарғы оқу орындарында білім алушыға инновациялық үрдісте білім берудің жаңа жолдарын ашары сөзсіз. Ал «инновация» деген ұғымға қысқаша тоқталатын болсақ, бұл нақты қойылған мақсатқа, ойға алынған жаңа нәтиже.

Инновация терминіне Қазақстан ғалымдары 2005 жылдары ең алғаш рет назар аудара бастады. Инновация терминіне бірінші анықтама берген Немеребай Нұрахметов болды. Ол «Инновация, инновациялық үрдіс деп отырғанымыз білім беру мекемелерінің жаңалықтарды жасау, меңгеру, қолдану және таратуға байланысты бір бөлек қызметі»-деген анықтаманы ұсынды.

Осы жылдардан бастап Қазақстан елінде әлеуметтік-экономиканың жан-жақты саласында инновация мәселесі талдана бастады.

Бұл мәселені педагогика саласында Н.А.Асанов., А.Қ.Мыңбаева, Н.Р.Юсуфбекова, Ш.Т.Таубаева, С.Н.Лактионова, З.М.Садывақасова, Г.Д.Урастаева зерттеген.

«Инновация» деген ұғымды кейбір авторлар «жаңалық», «жаңа әдіс», «өзгеріс», «әдістеме», «жаңашылдық» деп атауға болатындығын атап көрсетеді[1, 133]. Демек инновациялық технологияларды пайдалану дегеніміз тек қана жаңа әдіс ойлап табу деген сөз емес, сонымен қатар бұрын қолданып келген әдістерге жаңаша түр беру немесе сол әдіске өзгеріс енгізу болып табылады.

ҚазҰУ-дың жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің ерекшелігі – мұнда шетелден келген қазақ диаспорасы өкілдері мен шетел азаматтары оқитындықтан тарих сабағын оқытуда жаңаша әдіс-тәсілдерді пайдалануды талап етеді. Мысалы, шетелдік қазақ диаспорасы өкілдерінің негізгі бөлігі Қазақстан тарихынан мүлдем бейхабар. Сонымен қатар өзіміздің Қазақстан азаматтарымен салыстырғанда олар еліміз тарихының беттерін жаңадан ашады. Сондықтан оларға Қазақстан тарихын жеңіл әрі түсінікті тілмен және неғұрлым көрнекі құралдарды қолдана отырып түсіндіру қажет. Тыңдаушының есінде фактілерді, мерзімдерді, кезеңдерді бекіту тәсілдерінде слайдтар түрінде жасалған кестелер, тірек-сызбалар маңызды рөл атқарады. Тыңдаушыларға тарихи терминдерді, деректерді, кестелерді, тірек-сызбалар мен тақырыптарға қатысты суреттерді проектор арқылы слайдтармен көрсету арқылы түсіндіру оқытушы мен тыңдаушының уақытын үнемдейтіндігі белгілі. Сонымен қатар тыңдаушыға түсіну оңайға соғады және ой-өрісінің кеңеюіне, тұлға ретінде қалыптасуына зор ықпалын тигізеді.

Мәселен ежелгі Қазақстан тарихы бойынша «Сақтар тарихы» тақырыбына тоқталатын болсақ, мынадай төмендегідей тірек-сызбалар мен кестелерді қолданған өте тиімді.



1-тірек-сызба

  1. Сақтардың жазба деректерде аталуы


Парсы патшаларының тастағы сына жазбалары

Грек-авторларының шығармалары

Иран жазбалары



Онда сақтарды «құдіретті еркектер» деп атаған

Онда сақтарды «азиялық скифтер» деп атаған

Онда сақтарды «жүйрік атты турлар» деген

2-тірек-сызба

  1. Сақ тайпаларының қоныстануына қарай бөлінуі


2. Сақ-парадарайа тайпалары



1. Шошақ бөрікті сақтар (тиграхауда)

3. Сақ-хаумаварга



Орналасқан жерлері



Жетісу, Тянь-Шань таулары, Сырдария өзенінің ортаңғы ағысы

Хаома сусынын жасаушылар. Мұғраб аңғары (Түркіменстан)



Қара теңіздің солтүстігі, Арал теңізінің бойы мен Сырдарияның төменгі ағысы

3-тірек-сызба

  1. Сақтардың қоғамда бөлінуі



Сақ қоғамы үш топтан тұрды:



Жауынгерлер

Малшылар мен егіншілер



Абыздар



ақ түсті киім киді

қызыл және сары қызыл киім киді

Сары мен көк түсті киім киген



ерекше баскиім киді, қолында тостағаны болды

үнді-иран тілінде «арбада тұрғандар» деп аталған

парсы деректерінде «сегіз аяқтылар» деп аталған


Шетелдік тыңдаушыларды оқытуда біздің алдымыздағы басты міндет – пәндерді оқытудың ең қолайлы амал-тәсілдерін таңдап алу. Шетелден келген қандастарымызға Қазақстан тарихын түсіндірудің түрлі тиімді әдістерін қолдана отырып сабақ түсіндіру арқылы тыңдаушыны тоғыз айда кешенді тестілеуге дайындаймыз. Еліміздің тарихымен енді ғана таныса бастаған тыңдаушыларды аз уақыт ішінде тестілеуге дайындау оңайға соқпайтыны белгілі. Дегенмен осындай түрлі әдістерді қолдану тыңдаушының тез арада тарихты меңгеруіне жол ашады деген сенімдеміз. Сабақ барысында кестелерді қолданудың да маңыздылына тоқталатын болсақ, мұнда тақырып жайлы негізгі ақпар беріледі.

1-кесте.

Сақтардың саяси тарихы бойынша хронологиялық кесте

уақыты

оқиға

салдары

Б.з.б. 530 жылы

сақтар жеріне парсы әскерлерінің басшысы Кир басып кіреді

Бұл кезде сақтардың билеушісі патшайым Томирис ( б.з.б. 570-520 жж.) болды. Оның баласы Спаргапис анасына айтпай, Кир әскеріне бірінші болып соққы бермекші болады. Алайда Кирдің арбауына түсіп қалып тәжірибесіздігінен қаза табады. Оны естіген Томирис ашуға булығып Кирге қарсы өзі шығып, парсы әскерлерін жеңеді. Кирдің басын шауып, қан толы торсыққа салады

б.з.б. 519-518 жылдары

парсылардың патшасы Дарий І қайта шабуыл жасайды

Дарий І Скунха атты көсем бастаған сақ әскерлерін жеңіп, Сырдариядан бері өтеді. Сонда олардың алдынан сақтардың Шырақ есімді малшысы шығып, оларды алдап, адастырып, сусыз шөлге алып барады. Дарий көптеген әскерінен айырылып, Персияға кетуге мәжбүр болады

Б.з.б. 490 жылы

Марафон шайқасында парсылар мен сақтар бірігіп, гректерге қарсы соғысады

Парсылар мен сақтар одағы бұл шайқаста жеңіледі

Б.з.б. 4 ғасырда

Александр Македонский бастаған грек әскерлері Орта Азияға басып кіріп, Сырдария өңіріне қарай аттанады

Оларға қарсы Спитамен атты сақ жауынгері үш жыл партизандық соғыс жүргізеді. Соңында гректер артқа қайтуға мәжбүр болады. Сақтарға жасалған осы жорығында Македонский Сырдария бойына Александрия Эсхата (Шеткі Александрия) деген қала салғызады

2-кесте.

Сақтар жайлы деректер жазып калдырған авторлар



жазба авторлары

жазбалары

1

Герадот – грек авторы


Сақтар туралы дерек қалдырған. Сақтарды массагеттер деп атаған. Сақ жерінде Кирдің өлтірілгенін және «Киімі мен өмір сүру дағдысы скифтерге ұқсас» деп жазған

2

Ктесий – грек авторы

«Сақ әйелдері ержүрек келеді, соғыс қаупі төнгенде ерлеріне көмектеседі» деп баяндаған

3

Страбон – грек авторы

«Сақтар құдай деп күнді есептейді және оған жылқыны құрбандыққа шалады» деп жазған

4

Помпей Трог – Рим тарихшысы

Томирис пен Кир шайқасы туралы жазған. Томирис жайлы «әйел болса да қорыққан жоқ» деп жазған

5

Полиэн –

грек тарихшысы



Сақ малшысы Шырақ туралы суреттейді


6

Арриан –

грек тарихшысы



Сақтардың А. Македонскийге қарсы ерлік күресі туралы жазған

Жоғарыда атап өткеніміздей біздің факультеттің ерекшелігі – 5-11 аралығында өтілетін материалды 8-9 ай көлемінде тыңдаушыға түсіндіріп, әрі оларды кешенді тестілеуге дайындап шығу. Сонымен бізде оқитын тыңдаушылардың негізгі құрамы шетелден келген қазақтардан тұратындықтан, тарихты оқытудың жеңілдетілген түрден күрделіге қарай үйрету әдістері қолданылады. Мысалға әлі қазақша әріп тани білмейтін, дәрісті көшіре алмайтын тыңдаушыларға түсіндірушілік-көрнекілік әдісі қолданылады. Оған жоғарыда көрсетілген тірек-сызбалар, кестелермен қатар карталар, презентациялық лекциялар, суреттер, видиофильмдер жатады. Тыңдаушы ақырындап бейімделе бастаған соң өз бетінше ізденіп, белгілі бір тақырыптар бойынша дайындалып, жұмыс істей бастайды. Біз көбінесе тыңдаушының ізденіс қабілетін арттыру мақсатында оларға тақырып бойынша сайыс ойындарын ұйымдастыруға, баяндамалар дайындап келуге, тірек-сызбалар құрастыруға тапсырма береміз. Үй тапсырмасы ретінде кейде тақырып бойынша кестелерді түрлендіруге немесе өз бетінше басқаша тірек-сызбалар құрастыруына болады. Талапкерлерді жоғары оқу орнына түсу үшін дайындық баланы жалықтырмайтын, шаршатпайтын тәсілдермен жүргізілгені дұрыс. Үнемі тест жаттап, кітаптан басын алмайтын талапкерлерімізді дұрыс бағытта дайындауды қажет етеді. Қазақстан тарихы пәні бойынша білімалушының есте сақтау қабілетін арттыру мақсатында сабақта тиімді әдістер қолданудың орны ерекше.

Шетелден келген өзге ұлт өкілдеріне тарихты лекция түрінде ғана оқыту бұл қателік. Өйткені тарихымызға қатысты дүниелердің барлығын құр сөзбен айтып жеткізе алмаймыз. Сондықтан неғұрлым көрнекіліктер көбірек қолдану керек. «Көрнекі құралдар қашанда педагогтің ауызша айтқан сөздерін нақтылайтын, бекітетін оқыту әдісінің тиімді түрі болып табылады. Көрнекіліктердің ішінде карта, диаграмма, кесте, таблица, плакат немесе борды пайдалану керектігін айтпасақ та жеткілікті»[2, 90].

Қорыта келсек, Отан тарихын түсіндіруде кестелер мен сызба-нұсқаларды пайдалану – оқытушыға сабақты жоғары сапада өткізуге пайдалы және тыңдаушының түсінігіне орасан зор әсерін тигізіп, білім сапасын жоғары деңгейде көтереді. Сонымен қатар тыңдаушыларды оқуға ынтыландыруға, олардың үлгерімі мен қызығушылығына ықпал етеді.


Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Ибадуллаева Ы.М. Қазақстанда білім беруде компьютер және ақпарат технологиясын қолдану. // Гуманитарлық ғылыдар Академиясы Хабаршысы, № 1(11), 2005, 133-137.

2. Жаппасов Ж.Е., Тасилова Н.А. Жоғары оқу орындарында «Қазақстан тарихы» пәнін оқытуда көрнекі құралдарды пайдаланудың маңызы мен тиімділігі.// Заманауи білім берудің тиімді әдістемелері: республикалық ғылыми-әдістемелік семинар материалдарының жинағы. Алматы: Ғылым ордасы, 2014.-376.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет