Негізгі әдебиет: 1.[1.7:5]; 2.[1.7:6]; 3.[1.7:21]
Қосымша әдебиет: 1.[1.7:6]; 2.[1.7:10]
№13 лекция тақырыбы: Әдебиет сабақтарында көркем шығармамен жұмыс істеу кезеңдері
Лекция тезисі: Мұғалімнің алдына қойған оқу-тәрбие мақсаты, көркем шығарманың өзіне тән ерекшелігіне қарай кіріспе жұмыстары әр түрлі.
Кіріспе жұмыстары өтілгелі отырған тақырыпқа оқушыны қызықтыру, эмоцияларына әсер ету мақсатында жүргізіледі. Оны әңгімелеу, сол тақырыпқа байланысты қызықты қосымша материалдарды, көрнекіліктерді пайдалану арқылы немесе кинофрагменттерді көрсету, музыка(ән, күй) тыңдау т.б. жұмыстар негізінде ұйымдастыруға болады.
Кіріспенің мақсаты – белгілі бір мәтінді оқып түсінуге жеңілдік тудыру, балаларға бағыт беріп, оларды істелетін істің мазмұны мен тәсіліне қанықтыру.
Кіріспе әдебиеттік оқудың басты элементі емес, көбіне мәтінді оқуға апаратын жол, дайындық болғандықтан, оның көлемі де 5-6 класта 3-4 минуттан басталып, 7-8 кластарда 5-6 минуттық уақытқа шақталады.
Кіріспе жұмыстарды Ә.Қоңыратбаев үш салаға бөледі:
заман, қоғам тірлігі жайындағы тарихи түсінік;
жазушының өмірбаяны мен творчестволық жолы(көзқарасы) жайындағы түсінік;
мәтін тұсында берілетін тақырыптық-текстологиялық(сөздік) түсінік.
Кіріспе жұмыстар кезінде мұғалім сөзіне елеулі мән беріледі. Кіріспе сөз логикалы, әдебиет пәні мақсатына шақ, қысқа да көркем, сөзге сараң, ойға толы, ұғымды, табиғи болуы шарт. Дайын тіркестерді қайталау, орынсыз ділмарлық, көп сөзділік, схемашылдық кіріспе сөздің мәнін кетіреді.
Кіріспе сөзге В.Голубков бірнеше түрлі талап қояды. Олар: а) кіріспе сөздің идеялылығы, принципшілдігі; ә)оның әдеби курсқа, тақырыпқа байланыстылығы; б) нақтылығы, көрнекілігі; в) білімдік-логикалық арқауының берік болуы; г) әдеби тілмен айтылуы.
Дауыс ырғағына шеберлік керек. Сөз жылдам айтылып, дауыс жамырап, құлақты жарса, оқушының зейіні сөз, ой, фактіге емес, шулы дауысқа ауып, кіріспе сөздің әсері кемиді. Сондықтан кіріспе сөздің өзін көркем әңгіме стилінде жай айтқан жөн.
Кіріспе сөз ылғи баяндау тәсілі емес, сұрақ-жауап(әңгіме) әдісімен де жүргізіледі. Мысалы, Ғ.Мүсірепов шығармаларын бастамас бұрын 11-сынып оқушыларына төмендегідей мазмұндағы сауалнама таратылып беріледі:
Ғ.Мүсірепов туралы не білесің?
Төменгі сыныптарда оның қандай шығармаларын оқыдыңдар?
Өз бетіңмен не оқыдың?
Ғ.Мүсірепов шығармасы өзіңе ұнай ма, ұнаса, неге ұнайды?
Көркем туындыны оқу - әдебиетті оқытудың ең негізгі мәселесі. Әдебиетті оқыту көркем шығарманы оқудан басталады. Балаға көркем туындыны оқытпай, әдебиеттен білім беру мүмкін емес. Көркем туындыны жай оқып шығу емес, одан алған әсері, туынды оқушы жүрегіне, сезіміне әсер етті ме, соны білу – мұғалім үшін мақсат.
Көркем шығарманы оқу үйде, сыныпта жүргізіледі. Бірақ екеуі бір-бірімен тығыз байланыста іске асып отырады. Мысалы, көркем туындыны түгелдей сыныпта оқуға уақыт жетпейді, сондықтан мұғалім қалауы бойынша ең негізгі, маңызды бөлімдер сыныпта оқытылып, қалған бөлімдері үй тапсырмасы ретінде беріледі.
Түсіндірмелі(комментарий) оқу арқылы шығарманың алғашқы бөлімдері оқылады, тәжірибеде осы тәсіл жиі кездеседі. Көркем туындыны оқуда мәнерлеп оқу, әр сөзді айқын, түсінікті оқу, жинақы оқу, дауыс естілімінің де ашық болуы талап етіледі.
Ә.Қоңыратбаевтың айтуы бойынша, методистер бірінші оқу(мұғалім), екінші оқу(балалар), үшінші оқу(көркемдеп оқу), төртінші оқу(жаттау, теріп оқу) деп бірнеше салаға бөледі.
Көркем туындыны оқуды ұйымдастыру, әрі бақылау жасауда баланы баланы жалықтырмау, қажытпау керек.
Мұғалім мақсаты – талдау кезінде шығарма негізінде жатқан проблема, оның басты ойы, тілі, көркем туындыны құрап тұрған көркем компоненттер туралы сөз қозғау болып табылады. Көркем туынды оқу сияқты, оны оны талдау да әдебиетті оқытудың маңызды, күрделі жұмыстарының бірі.
Талдау мұғалімге байланысты дүние ғана емес, оқушыларға да тікелей байланысты(көркемтуындыны қабылдауы, дүниетанымы мен ой өрісі, сезім дүниесіне де байланысты).
Достарыңызбен бөлісу: |