11-класс Биология зертханалық жұмыстар.
№1 зертханалық жұмыс
«Иммобилизациялаудың ферменттердің белсенділігіне әсерін зерттеу» зертханалық жұмысы
Иммобилизденген фермент дегеніміз – арнайы әдіспен оқшауланып, сақталған фермент.
Ферментті оқшаулап жинап алу үшін альгинат, желатин, поликарбамид сияқты жасанды полимерлер қолданылады. Мысалы, альгинат пен ферментті қосқанда, ол ферменттер альгинатқа жабысып қалады. Ал субстрат пайда болған кезде ол альгинаттан ажырап, белсендендіріледі. Бұл полимермен қоршалған ферментті ұзақ сақтауға болады.
Иммобилизденген ферменттер өнеркәсіпте кеңінен қолданылуда.
Медицина: ферменттер бірқатар аурулар мен жүктілікті анықтауда қолданылады.
Биотехнология: ферменттер гендердің сплайсингісі сияқты көптеген процестерде қолданылады.
Биоотын: ферменттер этанолға негізделген отын өндіру үшін көмірсуларды ыдыратуда қолданылады.
Тағам өнімдерін өндіру: ферменттер сүт өнімдері мен сыра өндіруде кеңінен қолданылады.
Тоқыма өнеркәсібі: ферменттер мата өндіруге қажетті талшықтарды өңдеуде маңызды.
Қағаз: ферменттер ағаш сүректерінен қағаз өндіруде пайдаланылады.
Зертханалық жұмыс: «Иммобилизациялаудың ферменттердің белсенділігіне әсерін зерттеу» Лактаза ферментін оқшаулау әдісін қарастырып көрейік. Бұл – сүтқоректілердің балаларында ағзаға ана сүтімен келген лактозаны ыдырататын фермент. Аш ішекте лактозаны галактоза мен глюкозаға айналдырады.
Кейбір ересек адамдарда лактазаның түзілуі баяулайды. Сондықтан сүт өнімдерін қабылдай алмаушылық туындайды. Қорытылмаған лактоза тоқ ішекке түсіп, ондағы микрофлора арқылы ыдырай бастайды. Бактериялық ыдыраудың нәтижесінде газ бөлініп, адам іштің кебуі, түйілуі, бұлшықеттің құрысуы, диарея, метеоризмге душар болады. Осыған байланысты лактаза ферментін оқшаулап, оны сүтке қосып қолдану үшін өндіреді. Коммерциялық мақсатта оқшауланған лактазаны картон қорапшалардағы сүтке қосып өндіреді. Ондай сүттер лактазамен байытылған болып келеді.
Бұл зертханалық жұмыстың мақсаты лактозаны натрий альгинатынан жасалған түйіршіктерінде оқшаулап алып, оның сүттегі лактозаға әсерін зерттеу.