Бұлар әр түрлі жолмен көбейеді. Олардағы балдыр клеткалары жай екіге бөлінуі немесе қозғалмайтын автоспоралар түзу арқылы көбейеді. Қыналардан бөлініп алынған балдырлар бұрын ата тегінде бар, бірақ кейін жойылып кеткен зооспоралар құруға қабілеттілігі, кейде гаметалар арқылы жынысты көбеюді қайталайтындығы байқалады. Қыналар құрамындағы саңырауқұлақтар өздеріне сай спора құратын орган түзеді. Перитецийлер қына қабатына еніп жатады және оны қара нүкте түрінде томпиып жатуынан айырады. Апотецийі қына қабатының үстіңгі бетінде кішкене дөңгелек не төмпешік түрінде жатады. Апотецийлер лецидеиналы және леканориналы болып екіге бөлінеді. Бұл апотецийлердің аттары лецидея және леканора қыналары туыстасының атына байланысты қойылған. Лецидейналы апотеций саңырауқұлақ гифаларынан құралған бір ғана реңде болады. Леканориналы апотецийде балдырлардың болуы гимений қабатының қоректік заттармен жақсы қамтамасыз етілуіне әсерін тигізеді. Бұл – қыналардың эволюциялық дамуының бір белгісі. Біраз қыналарда қалталы спора түзуші орган пайда болудан бұрын жыныс процесі байқалады. Ол уақытта аскоген қынадан аздап шығып тұрған трихоген арқылы спермациямен ұрықтанады. Спермация – бір клеткалы спора, кейде оны пикноспора деп те атайды. Олар ерекше спорангиялардың немесе пикнидалардың ішінде жетіледі. Қыналардың көбінде нағыз жыныс процесі редукцияланған, бірақ дикарион ядролары және олардың қосылу процесі әр уақытта орын алады.Аскомицеттердегі сияқты қалталардан төгілген аскоспоралар қолайлы жағдайларда өсіп, мицелий түзейді, егер ол жерде саңырауқұлақ гифалары оны жан-жағынан орап, біртіндеп қынаның жаңа қабатына айналады. Қыналар қабаттардың үзіліп түсуі және соредий, изидий деп аталатын ерекше органы арқылы вегетативтік жолмен көбейеді. Соредий арқылы көбею жапырақты қыналарда және бұталы қыналарда жиі кездеседі. Соредий гонидиальды қабаттарда түзіледі. Балдырдың бірнеше клеткаларын саңырауқұлақ гифалары жан-жағынан шырмайды, одан соредий деп аталатын оқшауланған шумақтар құралады. Ол қабықтық қабаттың жыртылуы нәтижесінде сыртқа шығып, жел мен су арқылы таралады. Қолайлы жағдайға кез болса соредийлер өсіп, қынаның жаңа қабатына айналады. Изидий арқылы көбею, соредийге қарағанда сирек кездеседі. Мұнда қынаның жоғарғы қабаттарынан саңырауқұлақ гифалары мен балдыр клеткалары бар қоңыр түсті өсінділер пайда болады. Осы өсінділер үзіліп, жаңа қабатқа айналады. Соредий және изидий арқылы көбейетін қыналарда қалталы спора түзуші органы сирек кездеседі. Қыналардың соредий және изидий арқылы көбеюі эволюция процесінің нәтижесінде кейін пайда болған. Қына организмінде балдырлар мен саңырауқұлақтардың селбесіп тіршілік етуі ондағы балдырдың құрылысына аз әсер еткен. Сол себепті қынаның құрамындағы балдырлар өз беттерімен тіршілік етулеріне байланысты аз өзгерген. Ал саңырауқұлақтар бұл селбесуде басым болғанымен жаңа тіршілік
жағдайына бейімделгендігі сонша, табиғи жағдайда балдырсыз өз беттерінше дұрыс дами алмайды. Саңырауқұлақтар мен балдырлардың қыналардағы өзара қарым-қатынасын жиі мутуалистикалық селбесу деп атайды. Бұл қарым-қатынаста екі организм бір-бірімен бәсекелес болған жағдайда, мұндай үйлесімді қарым-қатынастың болуы өте күмәнді. Кейбір тәжірибелерге қарағанда, қарапайым құрылысты қыналарда саңырауқұлақ гифалары балдырлардың тіршілігіне зиян келтіретіні, яғни оның клеткасының ішіне қарай өтетін не жанасып жататын гаусториялар түзетіні байқалады. Сондықтан қыналардағы қарым-қатынасты жеңіл паразитизм немесе аллелопаразитизм деп атайды.
Қыналар суды жаңбыр жауғанда және ауадағы судың буын бүкіл денесіне сіңіреді. Ол су гифалардың арасындағы кеңістікте және олардың ісінетін қабықтарында сақталады. Көмір қышқыл газын ауадан алады. Ал басқа органикалық және органикалық емес қоректік заттарды су ерітінділерінен барлық денесімен қабылдайды. Қына ауадағы шаңмен де қоректенеді. Қоректену процесінде қабықты немесе қаспақты қынадан, жапырақты, одан бұталы қыналардан ауадағы шаңның маңызы арта түседі. Төсемік – қына үшін тек бекіну орны ғана болып есептеледі. Барлық қоректік затты қыналар ауадан, ондағы ылғал мен шаң-тозаңнан алады. Қыналар – күй талғамайтын өсімдік, ол өте баяу өседі, көпшілік жағдайларда олардың мөлшері бірнеше сантиметрден артпайды, тек кейбір түрлерінің ғана ұзындығы жарты метрге жетеді. Тіршілік ету ұзақтығы бірнеше ондаған жылдарға созылады. Олар жақсы өскен жылы 1-35 мм дейін өседі. Олай болса бұғылар жайлап кеткен жайылымдар 10-20 жыл дегенде барып қалпына келеді. Қыналарды төсемікке қатысына қарай эволюциялық үш топқа: топырақта, ағашта және жартастарда өсетін деп бөлуге болады. Олар ағаш қабығының оңтүстік жағына қарағанда солтүстік жағында көбірек, таудың етегіне қарағанда басында көп өседі. Қыналар толық кеуіп қалғанда да тіршілігін сақтауға қабілетті, олар алғашқы жаңбыр жауысымен ісініп, өсе бастайды. Қыналар таза ауада жақсы өседі, сондықтан ауасы онша таза болмайтын үлкен қаланың маңында өте сирек кездеседі. Қыналардың басты ерекшелігі – басқа ешбір жерде кездеспейтін қына қышқылын түзуінде. Оның дәмі ащы және қышқыл реакция береді. Қына қышқылы гифалардың жоғарғы бетінде дән, таяқша және кристалл түрінде, кейде оның ішінде жиналады, көпшілігінің түсі қыналардың түстеріндей. Қына қышқылы күйдіргіш сілтілермен және бензидинмен қызыл түсті реакция береді. Бұл қышқылдың қыналарда болу болмауына қарап, оларды белгілі систематикалық топқа жатқызуға болады. Қышқылдың биологиялық маңызы белгісіз. Олар қорғаныс қызметін атқару мүмкін. Қыналар тау жыныстарын мекендеп, олардың үгітілуіне себепші болады. Қыналардан шығатын қышқылдар тек ізбес қосындыларын ғана ерітіп қана қоймайды, кремнеземді де ерітеді, ал одан пайда болған бұдырлар мен жарықтарға шаң-тозаң жиналады. Мұндай жерлерде алғашында төменгі сатыдағы, одан кейін бара-бара жоғарға сатыдағы өсімдіктер өседі. Қыналардың систематикасы. Қыналардың классификациясының негізіне саңырауқұлақтың жемісті денесі алынады. Сонымен қатар кіші топтарға бөлгенде балдырлар талломының пішініне, сондай-ақ саңырауқұлақ спораларының ерекшеліктеріне химиялық құрамына негізделе жіктеледі. Құрамындағы саңырауқұлақтарға қарай қыналарды қалталы – Ascolichenes және базидиальды – Basidiolichenes деп екі класқа бөледі. Біріншісіне – қыналардың көпшілігі, екіншісіне – тропиктік жақтардағы 20 шақты түр жатады.