Тақырыбы: Суару мелиорациясының биологиялық және агротехникалық негіздері
Дәрістің мақсаты: Өсімдіктердің өніп-өсуіне керекті факторларымен танысу, олардың атқаратын қызметтерін анықтау және реттеу жолдары. Топырақтың су тепе-теңдігі, реттеу жолдарын талқылау. Сулардың топырақ-тағы микробиологиялық үрдістерге, микроклиматқа және өсімдіктің өнімділігі мен сапасына әсерлерімен таныстыру.
Түйінді сөздер: факторлар, су тепе-теңдігі, микробиологиялық үрдістер, микроклимат.
Дәріс жоспары:
1. Өсімдіктердің өніп-өсуіне керекті негізгі факторлар
2. Топырақтың су режимі және оны реттеу жолдары
3. Суарудың қоршаған ортаға, өсімдіктерге әсері
1. Өсімдіктің тіршілігі мен өнімділігін қамтамасыз ету үшін бес негізгі фактор керек.
Олар: Жарық, жылу, су, ауа және қоректік заттар.
Жарық пен жылу космостық факторлар, ал қалған үшеуі – су, қоректі заттар және ауа, топырақтан (жерден) алынатын факторлар қатарына жатады. Осыған байланысты агрономдардың алдына қойылатын негізгі мақсат – ауыл шаруашылығы дақылдарының аталған факторларға қажеттілігін жан-жақты зерттеу нәтижесінде олармен жеткілікті түрде өсімдіктерді қамтамасыз етудің тиімді жолдарын анықтау болып табылады.
Жарық. Өсімдіктердің биомассасын құрайтын органикалық заттардың 90-95 пайызы фотосинтез процесінің нәтижесінде пайда болады, ал минералды элементтермен қоректендірудің салдарынан өнімнің құрғақ массасының тек 5-10 пайызы ғана түзіледі. Сондықтан өнімді тұрақты түрде арттыру дегеніміз – топырақтан алынатын факторларды реттеп отырумен қатар фотосинтез процесін керекті бағытта жүргізуді мұқият іске асырып отыру.
Егістікте дақылдардың жарық жүргісін реттеу оптималды тұқым себу мөлшерін, себу тәсілін қолдану арқылы өсімдіктердің кеңістікте дұрыс, біркелкі орналастыру нәтижесінде жүзеге асады. Сонымен қатар себу бағытын дұрыс таңдап алу.
Жылу. Өсімдіктердің өсіп-дамуына белгілі мөлшерде жылу керек. Маңызды физиологиялық үрдістер – фотосинтез, тыныс алу, транспирация-ның қарқынды жүруі өсімдік пен қоршаған ауаның температурасына байланысты. Температураның белгілі мөлшерге дейін жоғарылауы аталған процестердің жүру пәрменділігін арттырады, бірақ одан әрі көбейгенде өсімдіктің әдеттегі тіршілігі бұзылады.
Су (ылғал). Өсімдік тіршілігі факторларының арасында тұтыну мөл-шеріне байланысты су бірінші орынды алады.
Өсімдікке су бірінші күндерінде-ақ қажет болады. Тұқым өну үрдісі сусыз жүрмейді, ол үшін тұқым белгілі бір мөлшерде суды өзіне сіңіруі керек. Өсімдік тіршілігіндегі маңызды үрдістер клетканың өсуі мен бөлінуі, фотосинтез, тыныс алу белгілі бір тургорлық жағдайда, яғни клеткада жеткілікті мөлшерде су болғанда ғана қалыпты түрде жүзеге асады.
Өсімдіктерге қажетті судың басым көпшілігі (95 пайыз артығы) олардың жапырақтары арқылы буланып, ұшып кетеді (транспирация).
Ылғал топырақтың әртүрлі қасиеттерін, ауа, жылу және қоректік заттарды өзгертуге көп әсерін тигізеді.
Топырақ ылғалдылығы көптеген агротехникалық шараларға (жер жырту, себу ж.б.) байланысты және дақылдың өнімділігі мен сапасына тікелей әсерін тигізеді. Сондықтан бұл жұмыстарға топырақ физикалық пісіп-жетілгенде ғана кіріскен жөн.
Қазақстанның құрғақшылық жағдайында өсімдік тіршілігіне керекті факторлардың ең маңызыдысы ылғал болып келеді. Онымен дер кезінде және жеткілікті мөлшерде егісті қамтамасыз ету, егіншіліктің кезек күттірмейтін міндеттерінің бірі болып саналады.
Ауа. Топырақ ауасы өсімдік тіршілігіне керекті факторлардың қатарына жатады. Ол белгілі төрт газдың қосындысынан құралады, олар: азот, оттегі, аргон және көмірқышқыл газы.
Топырақ ауасын құрайтын төрт газдың үшеуінің маңызы өте зор. Оттегі топырақта өсімдік тамырының, микроорганизмдердің дем алуына және химиялық процестердің жүруіне бірден-бір керекті элемент. Оттегі жетіспегенде, топырақта қалпына келтіру процестері күшейіп, өсімдікте зиянды шала тотыққан қоспалар көбейеді (мысалы, NH3, H2S).
Топырақтағы көмірқышқыл газының мөлшері жердің және атмосфераның жылу тепе-теңдігіне әсер ететінін айту керек. Бұл газдың қатысуымен фотосинтез процесі жүретінін білеміз.
Азот өсімдік өмірінде зор міндет атқарады, ол протоплазма құру үшін өте қажет. Дегенмен өсімдіктер азотты тікелей сіңіре алмайтынын білеміз, тек бұршақ тұқымдас өсімдіктер түйнекті бактериялардың көмегімен ауадағы біраз азотты органикалық түріне дейін жеткізе алады.
Достарыңызбен бөлісу: |