49-бап. Арнаулы, әскери немесе құрметтi атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградалардан айыру 1. Қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшiн соттаған кезде сот кінәлі адамның жеке басын ескере отырып, оны арнаулы, әскери, құрметтi немесе өзге де атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк сыныбынан айыра алады.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары, сол сияқты Қазақстан Республикасының Президентi берген арнаулы, әскери, құрметтi немесе өзге де атағы, сыныптық шенi, дипломатиялық дәрежесi немесе бiлiктiлiк сыныбы бар адамды қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшiн соттаған кезде сот үкiм шығарғанда сотталған адамды осы наградалардан, атақтардан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен немесе бiлiктiлiк сыныбынан айыру туралы ұсыныс енгізе алады, ал сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша Қазақстан Республикасының Президентiне ұсыныс енгiзеді.