Пайғамбарлық келіп, дағуат жүргізуі және хауарилері Алла тағала Мәриямұлы Исаға отыз жасында киелі төрт кітаптың бірі Інжілді түсіріп, оны Исрайыл ұрпақтарына ақырғы пайғамбар етіп жіберді. Иса пайғамбар үш жыл бойы: «Уа, Исрайыл ұрпақтары! Менің де Раббым, сендердің де Раббыларың болған бір Аллаға құлшылық етіңдер! Кімде-кім Аллаға серік қосса, шүбәсіз Алла оған жұмақты харам қылады және оның ақыр соңында барып паналайтын жері тозақ болады» («Мәида» сүресі, 72-аят), – деп, қауымын тынбай тура жолға, бір Аллаға ғана табынуға үндеді.
Бір деректе хазреті Исаға (ғ.с.) бар-жоғы он екі-ақ адамның ергені айтылады. Құранда олар «хауари» деп аталған. Хауари сөзі «ақ», «ізгі» және «адал дос» деген мағыналарға саяды. Иса пайғамбардың хауарилері оған шын берілген аса сенімді һәм иманы берік жандар еді. Хақ пайғамбар оларды жан-жаққа жіберіп халықты хақ дінге шақырып отырған. Құранда баяндалғандай, бірде хауарилер хазреті Исадан: «Уа, Мәриямұлы Иса! Раббың бізге көктен (тағамға толы) дастархан түсіре алады ма?», – деп мұғжиза көрсетуін сұрайды. Сонда Иса оларға: «Егер шынымен мүмін болсаңдар, Алладан қорқыңдар, (әдептілік сақтаңдар һәм Алланың құдіретіне шәк келтіруші болмаңдар)», – деп ескертеді. Хауарилер: «Біз бар болғаны сол берекелі дастарханнан дәм татуды, сол арқылы (иманымыздың күшейіп) жүрегіміздің жай табуын және сенің бізге рас айтқаныңды біліп, соған куә болуды қалаймыз», – дейді. Сонда Мәриямұлы Иса қолын жайып: «Уа, Раббымыз! Бізге көктен дастархан түсіргейсің! Осы күн біз үшін һәм бізден кейінгілер үшін мейрам һәм Өзіңнен келген бір белгі, ғаламат мұғжиза болсын. Бізге сол арқылы ризық-несібе бере гөр! Расында Сен – ризық берушілердің ең қайырлысысың», – деп жалбарынады. Сол кезде Алла тағала пайғамбардың дұғасын қабыл алып: «Мен оны сендерге сөзсіз түсіремін. Алайда содан кейін араларыңнан кімде-кім күпірлік қылатын болса, шүбәсіз, Мен оны ғаламда жан баласына көрсетпейтін азаппен азаптаймын» («Мәида» сүресі, 112-115-аяттар), – деп ескертеді. Бір деректе дастарқанның түскен күні жексенбі күні еді делінген. Кейіннен христиандар осы күнді мереке күні етіп жариялайды. Иса пайғамбардан кейін оның дінін әу баста осы хауарилер уағыздады. Алайда уақыт өте келе бұл діннің негізгі қағидалары кейінгі ұрпақтың қолымен барынша бұрмаланып, қатты өзгеріске ұшырады.