Қазақ және түрік тілдеріндегі фразеологизмдердің лингвомәдени және танымдық сипаты
Sümeyya Gökbudak, Nığde Üniversite öğrencisi,
Алдабергенова Ләззат, ҚазМемҚызПУ 3-курс студенті
Ғылыми жетекші: г.ғ.м., оқытушы Н.А.Жаңабаева
Тіл құпиясы адамзат құпиясымен байланысты болғандықтан, олардың сырын ашу, ғасырлар қойнауындағы жұмбақтар сырын ашуға жол ашады. Тіл – мифтердің сақталуының негізгі қайнар көзі болғандықтан, осы деректер тілдің бейнелі тіркестері, халық мәдениеті мен менталитетінің қайнар бұлағы болып табылатын аңыздар мен дәстүрлер уәждерінің фразеологизмдермен байланысын талдау өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Әрбір тілдік элементтер бір-бірімен тығыз байланыста, өзара қатынаста болып, тұтас жүйе құрайды. Тілде жекелеген сөздермен қатар ерекше лингвистикалық бірлік болып табылатын фразеологиялық бірліктер немесе тұрақты тіркестер деп аталатын күрделі оралымдар қолданылады.
Кез келген тілдік бірлікке коммуникативтік қызмет тән. Фразеологизмдердің бойында, олардың семантикалық құрылымында сан ғасырлар бойы халықтың өзімен бірге жасасып, екшеліп, ұрпақтан-ұрпаққа мұра ретінде жеткен қоғамдық тәжірибенің, халықтық, ұлттық рухтың және материалдық мәдениеттің көріністері сақталып, бейнеленген. Ұлттық мәдениеттегі символдық, бейнелік-метафоралық мәнге ие және мифтерде, аңыздарда, салт-дәстүрде, халықтық және діни шығармаларда, поэтикалық және прозалық мәтіндерде, фразеологизмдер мен метафораларда, символдар мен мақал-мәтелдерде сақталып қалған адамның архетиптік және прототиптік танымының нәтижелерін біріктіретін тіл бірліктері лингвомәдени бағыттағы зерттеулердің пәні болып табылады[1; 36].
«Тілдің фразеологиялық қоры – халықтың, ұлттың ділі мен мәдениетінің қайнар көзі, ұлттың өзіндік ерекшелігі мен рухы, қайталанбастай бейнеленетін кез келген ұлттық тілдің ұлттың ұлттығын сақтауда аса маңызды екендігін атап көрсетеді [2; 82].
Тілдерді салыстыра-салғастыра зерттеу әр тілдің өрнек бояуын, ұлттық ерекшелігін, қайталанбас қасиетін танып білуге мүмкіндік береді. Осындай зерттеулер халықтардың бір-бірімен түсінісу барысын жүзеге асыруға кеңінен атсалысады. Зерттеу жұмысын жүргізу барысында қазақ және түрік тілдеріндегі фразеологизмдерді салыстыра отырып, олардағы әр халықтың дүниетанымы мен өмірлік тәжірибеде қалыптасқан түсініктердің көріністерін ашып, ұлттық және мәденитанымдық сипатын ашуға талпыныс жасалды.
Екі тілдегі фразеологизмдерді салыстыру кезінде сөзбе-сөз қайталанатындарын, түрлі сөздермен берілсе де, мағыналары ұқсас болып келетіндерін екшеп, талдадық.
Сөзге қатысты тұрақты тіркестер екі тілдеде форма жағынан да, мағына жағынан да ұқсайды. Мысалы: Söz vermek [3] – сөз беру, уәде беру болса; Söz almak – сөз алу, ал sözünü gerı almak – сөзін қайтып алу. Бұл жерде түркі тектес халықтардың сөзге қалай мән беретіндігі, сөз қасиетін қастерлейтіні көрініп тұр.
Ал жүрекке қатысты фразеологизмдер yüregı acımac – жүрегі сыздады; (sızlamak) yüreğı ağzına gelıyor – жүрегі аузына тығылды деп келеді.
Екі тілде де көзге қатысты тіл оралымдары мол кездеседі. Göze batar gıbı – көзге шыққан сүйелдей; göze çarpmak – көзге ұрып тұр; şıpşak kaşla-goz arasında – қас пен көздің арасында, шапшаң деген сөзбен сәйкес келеді; göz boyamak – көз бояушылық. Бұл оралымдарды ешбір қиындықсыз-ақ түсіне беруге болады.
Араларынан кыл өтпестей тату деген қазақ тіліндегі тұрақты тіркес түрік тілінде aralarından su sızmamak деп қолданылады екен.
Қазақ халқы мен түркі жұртына ортақ тағы бір жайт жылқыға деген құмарлық. Оны ат әбзелдеріне байланысты тұрақты тіркестерінен байқауға болады. Мысалы , басшылыққа ебі бар адамға қатысты тізгінді қолынан бермеу тіркесі – түрікше де dızgınlerını elınde tatmak.
Жердің шалғайлығына қатысты Dünyanın öbür ucunda; Kaf dağının artıda – ит өлген жер, жердің түбі десе, жақын жерді - ıkı adımlık немесе yanı başında яғни, біздің тіліміздегі екі аттам жер тіркесімен ұқсас.
Асығу, алақ-жұлақ ету – affallamok, ışı başından asıyor – ісі басынан асу, көп жұмысқа тап болу екі тілде де дәл осы мағынада қолданылады.
Akılı başına gelmek – ақылға келу, basını alıp gıtmek; çekıp gıtmek – басын тауға да ұрды тасқа да ұрды, yüzünden kan damlıyor - жүзінде қан ойнады немесе жүзіне қан жүгірді .
Yenıden doğmus gıbı olmak – анадан жаңа туғандай болса; мәселенің мәнін түсінбей тұрған кезде айтылатын аспаннан түскендей немесе айдан түскендей деген тіркес aydan gelmıs gıbı деп қолданылады.
Екі тілдің фразеологизмдерін салыстыра талдау арқылы әлемнің тілдік бейнесінің әр халықтағы көріністері, олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтары көрсетілді. Осы зерттеуді жүргізу барысында фразеологизмдерді лингвомәдени аспектіде қарастыру арқылы олардың бойында көрініс табатын ұғым-түсініктерде халықтың танымдық білімдері жинақталғанын білеміз. Халықтың танымынан ақпарат беретін ең көне кодтар есебінде фразеологизмдерді тіл білімінің жаңа бағыттарының нысанында жан-жақты қарастыру арқылы сол халықтың ұлттық және мәденитанымдық әлемін танып-білуге көп мүмкіндіктерге жол ашылары сөзсіз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Г.Смағұлова. Фразеологизмдердің варианттылығы. – Алматы: Санат, 1996. – 8-10б.
Кунин А.В. Английская фразеология. М., 1970. – 13б.Маслова В.А. Лингвокультурология. Москва, 2001. 36-б.
Türkçe-Rusça değımler sözlugu. Istanbul. 2010
Ә.Қайдардың және тіл білімінің өзекті мәселелері
Сәния Кеңесова, ҚазМемҚызПУ, 4-курс студенті
Ғылыми жетекшісі: г.ғ.м., оқытушы Н.А.Жаңабаева
ХХ ғасырдың 60-жылдарынан бастап, «гүлденген социализмнің» көрінісін таныту үшін, жергілікті тілдердің грамматикасын жазып, тарихи дамуын анықтауға көңіл бөліне бастағаны аян. Осы қозғалыс тұсында Мәскеуде түркологиялық орталық құрылып, түркітанушы ғалымдар шоғырланды да, нәтижесінде көптеген түркі тілдерінің грамматикалары жазылып, тарихи зерттеулер көріне бастады. Негізгі түркітанушы зерттеушілер орыс тілді ғалымдар еді де, олардың түркі тілдерін меңгеруі аз болды. Дегенмен, түркітанудың теориялық тұрғыдан қалыптасуы мен өркендеуіне, грамматикалық құрылымының жүйеленуіне бұл орталықтың маңызы мен мәні ерекше болғанын айту парыз. Осы тұста түркітануға келген түркі тілін ана тілі деп есептейтін бір топ ғалымдар тілдің грамматикалық құрылымы мен лексикологиясын, тарихын зерттеуде біршама ғылыми тұрғыдан қалыптасып үлгерген, құрылымдық грамматиканың дәстүрлі сипаты жасалған, түркі тіл білімінің жүйеленген, белгілі қалыпқа түскен, әртүрлі ғылыми бағыт ала бастаған білім деңгейіне келді. Мұның өзі жас буын ғалымдардың теориялық жағынан өсуіне, түркі тілдерінің деректерін сезіне отырып, ана тілі ретіндегі оның тарихи-табиғи сипатын танытуға жаңа ғылыми негіз жасауына мүмкіндік ашып берді.
Қайдар Әбдуәли Туғанбайұлы – тіл ғылымының көрнекті өкілі. Бар ғұмырын тіл білімі саласын зерттеуге сарп еткізген тұлғалардың бірі. Ғалымның түркітану әлеміне қосқан үлесі зор. Ғалым ғылым жолына ХХ–ғасырдың 50-жылдарының аяғына таман келген, зерттеулерін қазақ-ұйғыр тілдерін,жалпы және салыстырмалы түркітану мәселелеріне арнаған. Оның жалпы түркітану ғылымына, оның ішінде, әсіресе, қазақ тіл білімі мен ұйғыртану саласына қосқан нақтылы үлесі мен сіңірген еңбегі жеке монография, оқулық, сөздік, жинақ,мақала түрінде 400-ден астам ғылыми зерттеулерде көрініс тапты. Әбдуәли Қайдардың алғашқы зерттеулері ұйғыр тілінің қос сөздерін талдаудан басталған. Осы зерттеуден кейін ұйғыр тілінің грамматикасын жазып,қазіргі уақыттағы ұйғыр тілінің әдеби тілі зерделеген. «Кейбір қос сөздердің этимологиясы» атты мақаласы қазақ тілінің этимологиялық сөздігінің тууына өзіндік үлесін тигізді. Ә.Т.Қайдардың қаламынан туындаған тіл тарихына қатысты зерттеулері осы кезде туындай бастады, түркі тілдеріндегі бір буынды түбірлердің тарихи сипатын анықтауда үлкен маңызға ие болды. Классикалық түркі тіл білімінде сөздердің әуелгі тұлғасы қандай болғанына алғаш рет көңіл бөлген ғалым В.В. Радлов еді. Кейін бұл тақырыпқа байланысты К.Гренбек, В.Банг, П.М.Мелиоранский, Н.А.Баскаков, И.А.Батманов, Г.Рамстедт, Б.М.Юнусалиев, А.Н.Кононов, Э.Р.Тенишев, Э.В.Севортян, А.М.Щербак сияқты түркітанудағы елеулі ғалымдар пікір айтып, өзіндік ой-тұжырымдарын айтқанын білеміз. Бұл ғалымдардың көпшілігінен Ә.Т.Қайдардың бір ерекшелігі мен артықшылығы бар деп білеміз.
Біздің пайымдауымызша, ол – ғалымның ұйғыр тілі мен қазақ тілін еркін меңгеруі; түркі тілдеріндегі тілдік материалдарды, сөз мағынасы мен мәнін сөздікке қарап түсінбей, оны терең түйсінуі, жүрекпен сезінуі. «Структура односложных корней и основ в казахском языке» деген еңбегі ғалымның өмірінде ерекше орын алады, 1986 жылы жарық көрген. Ғалымның өзі де бұл зерттеуін өзге еңбектерінен ерекше атап,аялауы орынға көтеруі жай дүние емес. Ғалым осы еңбегінде етістік-есім мағыналы синкретикалық түбірлерді екі топқа: әуелгі (первичные) және кейінгі (вторичные) деп бөліп қарайды да, өзге зерттеушілердің көзіне түсе қоймаған 100-ден астам әуелгі синкретикалық омоним түбірлерді таниды, табады, ғылымға жаңалық ретінде енгізеді. Алғашқы түбірлердің таңбалық сипаты туралы ғалым өзіндік ойлар айтып, түркітануда жаңа ізденістерге жол ашты. Ә.Т.Қайдаров монографиясында бір буынды түбірлердің мынадай үлгілері айқындалып, ондай сөздердің қанша және қандай екені нақты тілдік деректер арқылы негізделіп көрсетіледі: Г, СГ, ГС, ГСС, СГС, СГСС. Ғалымның ғылыми еңбегінің құндылығын мынадай сандық мөлшерді көрсету арқылы да анықтап беруге болар еді. Түркітанушы белгілі ғалым Н.А. Баскаков бір буынды түбірлердің 670-ін анықтаған; А.М.Щербак – 532 бір буынды түбірлердің болатынын көрсеткен, Ә.Т.Қайдар - 1352 ілкі түбірдің таңбалық және мағыналық құрылымын айқындап, олардың тізбесін берген. Осы түбірлерден тарайтын, жасалатын, туындайтын атаулар бүгінгі түркі тілдерінің негізгі сөздік қорын, сөздік құрамын құрайды. Академик Ә.Т.Қайдар анықтаған бір буынды түбірлердің табиғаты бүкіл түркі тілдеріндегі атаулардың таңбалық және мағыналық жүйесінің негізгі қайнар көзін танытады. Сөздердің бұдан кейінгі даму жолдары мен олардың дыбыстық, мағыналық, ұғымдық өзгерістерін зерделеу бүгінгі түркітанудың алдында тұрған өзекті мәселе. Түркі тілдеріндегі сөздік құрамның негізі саналатын бір буынды түбірлердің бар болмысын талдаған ғалым үшін енді атаулардың этимологиялық табиғатын таныту, халық дүниетанымының көрінісін бейнелейтін этнолингвистикалық жүйені бағамдау қажет болды. Бұл тұрғыдағы зерттеулері автордың «Қазақ тілінің өзекті мәселелері» деп аталатын еңбегінде шоғырланған. Ғалымның 1990 жылы жарияланған «Тюркская этимология: проблемы и задачи» атты көлемді мақаласы кезінде әлемдік түркологтардың назарын аударғаны белгілі. Бұл мақаланың негізгі мәні, біздің ойымызша, түркітанудағы этимологиялық зерттеулердің әдіс-тәсілін анықтап, дәйекті мәселелерін көрсетуі еді [1].
Ғалымның пайымдауынша, этимологиялық зерттеулер нағыз ғылыми нақтылыққа жету үшін мынадай критериилерді қоя білуі қажет: фонетикалық; морфологиялық; семантикалық.
Әбдуәли Туғанбайұлы ойын мынадай тұжырымдар арқылы нақтылайды: «Язык прежде всего связан с духовной и материальной культурой данного этнического коллектива, и поэтому постоянное внимание этимолога к этнокультурной перспективе иссследования, аппеляция к этнографическому фону и материальной основе языка и т.д. имеют важное значение для этимолога. Дело в том, что историческое модели словообразования и мотивы номинации национальных реалий так или иначе отражают в себе миропанимание этого народа, его многовековой опыт в оценке объективных явлений, его мировоззрение, мифологические, религиозные, идеологические, этические и эстетические и другие представления об окружающей действительности» [2, 260-261].
Ә.Т.Қайдардың бұл тұжырымы қазіргі қазақ ғалымдары үшін жаңа зерттеулердің негізгі бағыты секілді. Этимологиялық зерттеулер жүргізуде ғана емес, жалты тіл табиғатын тануда ондағы халықтық дүниетанымды негіз етіп алу қажеттігін көрсетеді.
Аталған мақаласында академик-ғалым қазақ этимологтарының алдында тұрған негізгі мәселелерді көрсетіп, ғылымның алдағы даму бағыттарын айқындаған болатын. Бір өкініштісі, қазіргі жас ғалымдар арасында ағалар ізін басып келе жатқан этимолог-ғалымдардың қарасы аз.
Ғалым-ағаның ерекше мән беріп, көп еңбек еткен, әрі негізін қалаған саласы – қазақ этнолингвистикасы екенін айту қажет. Ә.Т.Қайдар – қазақ тіліндегі этнолигвистика саласының негізін қалаушы. Бұл жай айтыла салған долбар емес, ғылыми шындық. Ғалым алғаш рет қазақ этнолинвистикасының ғылыми пән ретіндегі мәнін көрсетіп, оның зерттеу нысанын, мақсаты мен міндеттерін, этнолингвистиканың өзге пәндермен байланысын ашып, этнос болмысы мен тіл арасындағы байланысты айқындады. «Тіл әлемі дегеніміз – этнос болмысына қатысты мыңдаған, тіпті миллиондаған мағыналық бірліктердің жиынтығы, синтезі» деп жазды [3]. Ғалымның мынадай ойлары өзінің терең ғылымилығымен, ішкі мәндік шымырлығымен, сыртқы сұлулығымен таңдай қақтырары анық:
“Тіл тамыршысы” бола білу деген сөз – тіл байлығын өз білгенімен ғана өлшеп шектемеу. Өйткені ана тілімді бір қазақтай-ақ білемін! дейтіндердің де білетіні бір тоғыз, білмейтіні тоқсан тоғыз.
Қазақ этносының ұлттық бейнесін, өзіндік болмысын толық та түбегейлі түрде тек оның тіл байлығы – тіл әлемі арқылы ғана жан-жақты танып білуге болады.
Этнос жоқ жерде тіл болмайды, тілсіз этнос болмайды.
Қоғамдағы барша жанның қауымдаса өмір сүруіне қажетті қатынас құралы – тіл десек, сөз соның ең негізгі элементі.
Тіл әлемі дегеніміз – этнос болмысына қатысты мыңдаған, тіпті миллиондаған мағыналық бірліктердің жиынтығы, синтезі.
Ғалым бір мақаласында этнолингвистика саласын «індете зерттеу» тәсілін ұсынған екен. Айтпағымыз, түркі тілдерінің тарихи құрылымы мен құрамын індете зерттеген ғалым-аға бүгінде сексеннің сеңгіріне қырықтың қырқасына шыққандай сергек те сезімтал қалпында келіп отыр. Өзінің айтуына қарағанда, жоспарда әлі де жазылар оннан астам зерттеулері бар.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Тағылым. –Алматы, 2004.
Кайдаров А.Т. Структура односложных корней и основ в казахском языке. –Алматы, 1986.
Қайдар Ә.Т. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. –Алматы 1994.
Ғаламтор мәліметтері - wikipedia
Қазақ мақал-мәтелдеріндегі әке, ер жігіт концептісі
Ардабеқызы Айым, Алатау ауданы №156 ЖББМ
Ғылыми жетекшісі: Сайлау Гүлжамал
«Отан-отбасынан басталады»- дейді қазақ халқы. Ата-бабамыз осылайша атан түйенің белін қайыстырар алапат ойды бір ауыз сөзге сыйдыруға тырысқан екен. Сондықтан отбасы-адам үшін ең жақын әлеуметтік орта екені белгілі. Әр отбасы – жеке мемлекет. Бұл мемлекеттің іргетасын қалаушы, оны басқарушы, отағасы – әке екені белгілі. Отбасының рухани, материалдық жағынан құлдырамай, мықты болуы әкеге байланысты. Ұлы күш пен сабырлықтың иесі болып табылатын – әке. Әке өсиеті мен тәлім-тәрбиесінің маңызы ерекше. Қанша дегенмен, жүрегі жұмсақ аналарымыз кейде тым еркелетіп жібергенде, әкенің салмақты сөзі ауадай қажет болып жатады. Осы ғылыми жұмысты жазу барысында көптеген ізденіс жұмыстарын жүргіздім. « ҚР неке және отбасы туралы Заңына» , «Қазақ энциклопедиялық сөздігіне», тағы басқа ақын-жазушылар мен қазақтың мақал-мәтелдер жинағынан «әке» сөзінің мағынасы мен әкенің отбасындағы рөлін жете түсіну үшін көптеген материалдар оқып білдім. «ҚР неке және отбасы туралы Заңында» әр отбасы мүшелеріне анықтама беріліп, олардың отбасындағы рөлі туралы айтылып өткен екен. Мысалы, менің зерттеу тақырыбымдағы «әкеге» төмендегідей сипаттама беріліпті. «Әке-белгілі бір баланың еркек жынысындағы ата-анасы. Әке отбасында маңызды рөл ойнайды. Себебі, әке-отбасының тіреуі болып табылады. Кейбір елдерде әке «әке» деген атқа ие болуы үшін үйленуі тиіс.»,- деп жазылыпты. Әр бала үшін әкенің орны бөлек. «Әке» деген сөзді айтқанда өзіңе пана болар, қиындыққа қалдырмас, арманыңа қол созсаң ақ батасын беріп ақ жол тілейтін адамың екенін бала жүрегі сезеді. «Әкең барда орындалар арманың» дегендей, өмірдегі керегіңді алдымен бір Алла, екінші әкең берері анық. Бұл дүниеде алуан түрлі тағдыр бар. Сол тағдырдың басты себепкері- біз сияқты балалар. Бүгінгі қоғамда отбасында әкесіз өсіп, тек ана тәрбиесін көріп жатқан балалар да көп. Сондықтан өмірдің есігін көзін тырнап аша салысымен әкенің «Балам, ботам» деген еркелетер сөзін естімей жетім немесе тастанды бала болып дүниеге келіп жатқан сәбилер де бар екені баршаға мәлім. Сәби көңіл әкесі тіпті ол ойлағандай жақсы адам болмаса да, «Шіркін, менің әкем болса қандай жақсы болар еді!» деп армандайды ғой. Осындай балаларды көргенімде өзімнің анам да,әкем де бар екеніне өзімді бақытты санаймын. Сол бақытымды ешқашан айырмаса екен деймін. Тамағымның тоқтығы, киімімнің бүтіндігі, оқуымның сапасы, ұйқымыздың тыныштығы- осының бәрі де асқар таудай айбатты әкелердің арқасы. Ендеше бар баланың бақытына бір Алладан кейінгі панасы «Әкелер» аман болса екен деймін. Отбасында әкенің орны бөлек. Әке – сол шаңырақтың бар ауыртпалығын көтеретін, асырап-бағуға да, жақсы тәлім-тәрбие беруге де міндетті адам. Әке – бала үшін асқар тау. Әке қамқорлығы дегеніміз – отбасы мүшелерін әртүрлі пәле-жаладан қорғап отыратын қасиетті ұғым. Сондықтан әкені сыйлау, оған үлкен құрметпен, ілтипатпен қарау баланың басты парызы деп ойлаймын. Әке – ұрпақтың панасы, үйдің басшысы, әрі тәрбиешісі. Әке тек бір отбасының ғана емес, ауылдың, рудың қамқоршысы, ел ағасы болған. Өмірге келген баланың әрбір сәтті қадамы әке үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш болмақ. Сондықтан да әке ақылымен жүру, ешкімнің ала жібін аттамай, адал ғұмыр кешу баланы тек жақсы болашаққа ғана әкеледі. «Әкеге бағыну – аллаға бағыну»,- депті Мұхаммед пайғамбар-ымыз. Демек, әкені ренжітпей оның айтқан ақылын тыңдап, көңілінен шығып отыру әрбір перзенттің басты парызы деп түсінемін. Қазақ халқының отбасындағы тәлім-тәрбиесіне үңілсек, ақылы мен пайымы терең аналар балаларын үнемі әкесін сыйлап, құрметтеуге бейімдеп отырғанын көреміз. Аналарымыз «Әкең ренжіп қалар», «Әкең жіберсе, бара ғой», «Әкеңе барып сәлем бер», «Әкеңнің керегін дайында» деп әкеге құрмет, қызмет етуге баланы жасынан дайындап отырса, мұндай отбасында әрдайым тәртіп, ынтымақ пен бірлік болуы сөзсіз. Әке ұл-қызын намысшылдыққа, елі, руы, қала берді өз бауырлары үшін еңбек етіп, өмір сүруге баулып отырады. Әкенің мейірімі мен талап қойғыштығы-ның, еңбеккерлігінің бала тәрбиесіне ықпалы көп. «Әке – білек, саусағы – балалары, қан тамырмен жалғасқан аралары...», «Жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз. Жаманнан жақсы туады, адам айтса нанғысыз» ,-дейді халқымыз. Әр шаңырақта әкенің орны ерекше. Әке - отбасының асыраушысы, отбасы мүшелерінің тірегі, қамқоршысы. Әкенің мінез - құлқы, өзгелермен қарым - қатынасы, өнері мен білімі баланың көз алдындағы үлгі, өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. Отбасының пейіл - береке, ынтымағы үшін отағасының әділ, ұстамды болуы орасан маңызға ие. Оның тәрбиелік рөлі де зор. Ер бала әкесімен сырлас, жолдас, дос. Ол әрқашан бір әрекет жасау үшін әуелі әкесімен сырласады. Ер баланың өсіп, жетіліп, өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуына, қоғамдағы өз орнын дұрыс табуына әкенің атқарар еңбегі ерекше. Отбасының ұйытқысы, берекесі, мейір - шапағат көзі – әке. Әкенің бұл рөлі бала - шағаның әкеге, анаға деген сүйіспеншілігімен, қамқорлығымен, ана жанын қас - қабағынан жанарынан танығыштық-пен нығая биіктей береді. «Өмірге ұрпақ келтіріп, оны асырау арқылы әке өз міндетінің үштен бірін ғана орындайды. Ол адамзатқа адам, қоғамға қызметкер, мемлекетке азамат беруге міндетті. Осынау үш міндетті орындауға қабілетті бола тұра кімде - кім оны орындамаса айыпты» деген екен педагог Жан Жак Руссо.
Енді зерттеу жұмысыма қатысты мақал-мәтелдерге ойыссам. Дастан, хиссаларға қарағанда, мақал-мәтелдердің ерекше қасиеті- көлемінің шағындығы, мазмұнының кеңдігі, тілінің өткірлігі, мағынасының тереңдігі. Мақал-мәтелдерді дана бабаларымыздан қалған аталар сөзі десе де болады. Мақал-мәтелдер-халық даналығы, халық мұрасы бар. «Ұлт ұстазы» атанған Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиеттанытқыш» (1926) атты еңбегінде: «Мақал-тақпаққа жақын халықтың салт-санасына сәйкес айтылатын пікірлер. Ал, мәтел дегеніміз- кесегімен айтылатын белгілі-белгілі сөздер.Мәтел мақалға жақын келеді»,- дейді. Шынында да,мақал-мәтелдерде айтылатын ой, ақыл бір-екі сөзбен ғана ықшамда-лып, терең мағыналы сөздермен беріледі. Мақал-мәтелдердің тақырыптары әр алуан болады. Мақал-мәтелдердің үлкен бір саласы ер жігітке, әке тақырыбына байланысты. Халық ел қорғаны болған ер жігіттерді мадақтаған. Мақал-мәтелдерде ер мен ез, батыр мен қорқақ қатар айтылады. Сөйтіп, елден туған ерді үлгі-өнеге етеді, қоян жүрек қорқақ-ты сынайды. Жастарды ерлікке баулуды мақсат етеді. Әсіресе, мақал-мәтелдердің ел қорғанышы бола білген ер-азаматтарға арналған ерлік, батырлық туралы түрлері көп. Мақал-мәтелдерді заттық-тақырыптық белгілері бойынша топтастыруға болады.
Менің қарастыратыным- қазақтың мақал-мәтелдерінде әке, ер жігіт концептісі болғандықтан, қазақтың мақал-мәтелін зерттеген ғалымдардың еңбектеріне үңілдім. Мақал-мәтелдерді тақырыптық жағынан топтастырған қазақ ғалымдары: Ө. Тұрманжанов, Б. Адамбаев, Ә. Қайдар, М.Әуезов, Мәлік Ғабдуллин, Қ. Жұмалиев, Т. Кәкішев, С. Қасқабасов, М.Әлімбаев аталарымның кітаптарын қарап шықтым. Ал, Өтебай Тұрманжанов «Қазақ мақал-мәтелдері» атты еңбегінде (1977) мақал-мәтелдерді үлкен 7 тақырып аясында 24 тақырыпшаға бөлген. Автор оның 1 бөлімінде «Ерлік-батырлық» туралы және 7 бөлімінде «Ер турасында» жазған. Ал, 2003 жылғы Т. Смаилова құрастырған басылымында мақал-мәтелдерді 63 тақырыптық топқа бөлген. Онда 1) жігіт-күйеу, 2) бірлік- батырлық, 3) еркек пен әйел турасында, 4) ер турасында, 5) ұл турасында сияқты тақырыпшаларға бөлінген тағы басқа бөлімдері бар. Мұндағы «ер турасында», «ұл турасында» деген тақырыптарды біріктіріп, «ер турасында» деген бөлімге сыйыстырса ұтымды болар еді деген өз ойымды айта кетуді жөн санадым. Ал, «Халық даналығы» атты (2004) еңбектің авторы Ә. Қайдар өз еңбегінде мақал-мәтелдерді терең зерттеп, әрбір мақал-мәтелге сипаттама түсініктеме берген. Бұл еңбектен де жігіт турасында жазылған мақал-мәтелдерді көп кездестіреміз. Ақын-жазушылардың шығармаларында мақал-мәтел болып кеткен жолдарды да кездестіруге болады. Мысалы, Ы. Алтынсарин мен А.Құнанбайұлының көптеген өлең жолдары қанатты сөздерге айналып кеткен.Ал, қазақ кеңес әдебиетінің көрнекті өкілдері: Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабиден сияқты қазақтың ұлы жазушыларының шығармаларында да мақал-мәтел боп кеткен жолдар аз емес екенін айта кеткім келеді. «Әке – асқар тау, ана – қайнар бұлақ, бала жағасындағы құрақ» дегендей «Әке» деген сөз қандай жақын, қандай ыстық десеңші! Өмірде әкесін жақсы көрмейтін бала жоқ шығар, өйткені бала үшін әкенің орны бөлек. «Әке - бәйтерек» дейміз. Әке- әркімге қымбат. Әкені ардақтай білу керек. Өйткені ол отбасының ең басты мүшесі, яғни отағасы. «Әкеге қарап ұл өсер» дегендей әкенің балаға үйретері көп. «Әке көрген оқ жонар» бұл да әкеге байланысты ардақты айтылған сөз. Мен әкенің бойынан күш - жігерді, батырлықты, қайсарлықты, білімділікті, барлық қасиеттерді көруге болады деп ойлаймын. Қарап отырсақ әкенің түр - түрі болады. Бірі ақылды, білімді болса, бірі жігерлі, қайратты, енді бірі батыр да, батыл қайсар болып келеді. Ал енді бірінің бойынан осы айтылғандардың бәрін көруге болады. Халқымыз ер адамды ерекше дәріптеген. Осындай тәрбиелеу үлгісін біз мақал-мәтелдерден көреміз. Әкеге байланысты тіліміздегі мақал-мәтелдерді былайша топтастырдым:
а) әке мен ер жігіттің отбасындағы орнын сипаттайтын мақал-мәтелдер;
б)әкенің түр-сипаты, мінезі, қасиеттері туралы мақал-мәтелдер;
в) әке мен ұл бала арасындағы байланысты дәріптейтін мақал-мәтелдер;
а) әке мен ер жігіттің отбасындағы орнын сипаттайтын мақал-мәтелдер: Әке-асқар тау. Әке көрген оқ жонар, Шеше көрген тон пішер. Жақсы әкенің даналығы-балаға мың жылдық азық. Әке-шаңырақтың негізгі тірегі. Жаманнан жақсы туады, жақсыдан жаман туады-адам айтса нанғысыз. Әке-балаға сыншы. Бір бала бар –әкеге жете туады, бір бала бар – әкеден өте туады, бір бала бар- кері кете туады. Ана-сая болар бағың болса, Әке-асқар тауың. Әке-асқар тау, ана- қайнар бұлақ ,бала -жағасындағы құрақ. «Әке-бәйтерек,бала -жапырақ», «Әкешім- бәйтерегім» ,Әке – білек, саусағы – балалары, қан тамырмен жалғасқан аралары..». Ұл- әкеден үйренбей, сапар шекпес, қыз- шешеден үйренбей, өнеге алмас. (Қорқыт ата) , Жақсы әкенің даналығы - балаға мың жылдық азық. Ұлың өссе,ұлы жақсымен ауылдас бол, Әкенің бала алдында ұялғаны – өлгені,Баланың әке алдында ұялғаны – өскені. Ер-отбасының тірегі, әйел – жүрегі. Әке жолы – адамдық, Ана жолы – адалдық. Әкеден – ақыл, данадан – нақыл. Атадан – пейіл, Анадан – мейір, баладан – қайыр. Алты аға бірігіп әке болмас, Жеті жеңге бірігіп ана болмас, Әке балаға қарыз, Бала далаға қарыз. Әке балаға сыншы. Әкеден — ақыл, анадан — мейір. Әкеден безген ұл болмас, Анадан безген қыз болмас. Әке жүрегі таудан үлкен, Ана жүрегі теңізден терең. Әкелі бала жаужүрек, Әкесіз бала сұмжүрек (Бұқар жырау). Әкесіз жетім анық жетім, Шешелі жетім жарым жетім. Әкем аты шапқан сайын өрлейді. "Әкем бар" деп мақтанба топқа түсері жоқ болса. "Балам бар" деп мақтанба жаман туған боқ болса. "Ағайыным бар" деп мақтанба дос-дұшпаның келгенде қарасуы жоқ болса (Төле би). Әкем маған ат берді, "далақта да шап" деді. Әкемнің өлерін білсем өнерін сатпас па едім. Әкемнің шоты аса-аса тиеді. Әкенің жақындығы жездедей-ақ. Әкең бермегеңді базар береді. Әкең жақсы кісі еді жел жағыңа пана еді. Анаң жақсы кісі еді жетімдерге ана еді. Әкең мұрап болғанша отырған жерің ой болсын. Әкеңнің өлгенін жасырсаң, көмгеңде қайтпексің? Әкең өлседе әкенді көрген өлмесін. Әке сөзі — оқ, Шеше сөзі — боқ. Әкесі бардың арысы бар, Әкесіз жетім гүл жетім, Шешесіз жетім тұл жетім. Әкесі қой баға білмегеннің баласы қозы баға алмайды. Әкесі қоңыз атанғанның баласы доңыз атанады. Әкесі құрдастың баласы құрдас. Әкесінің баласы — адамның баласы, адамның баласы — бауырың. Әкесі оқ атпағанның баласы боқ атпайды.Әкесі өлгеңді де естіртеді. Әкесі сыйламаған кісіні баласы сыйламайді. Әке тұрып бала сөйлесе — ер жеткені, Шеше тұрып қыз сөйлесе — бой жеткені. Әке ұрған ұл оңар, Шеше ұрған қыз оңбас.Сайына қарай саласы, Әкесіне қарай баласы. Әкесіне тартып ұл тумас, Шешесіне қарап қыз тумас, Баласы атқа шапса, Әкесі ауылда тұрып Тақымын қысады.Әке балаға сыншы.Әке баласының, Ат меңіндей белгісі болады.Әкеңе не қылсаң, Алдыңа сол келер. Әке баласы, Азарыңда асық ойнайды. Әкең өлсе өлсін,Әкеңді көрген өлмесін. Әкеден бала туар, Әкесінің жолын қуар. Әкенің жақсылығы жездедей-ақ. Жаман да болса ұрпақ қалсын, Ошағыңда отың жансын. Әкеден жақсы ұл туса, Есіктегі басын төрге сүйрер.Әкеден жаман ұл туса, Төрдегі басын жерге сүйрер.Әке — бәйтерек, Бала – жапырақ.
Достарыңызбен бөлісу: |