Пайдаланылған әдебиеттер
Насилов В.М. Грамматика уйгурского языка. М., 1940. 31
Томанов М. Қазақ тарихи тілінің грамматикасы. Алматы, 1981. 114-119 бб.
Сауранбаев Н., Аманжолов С. Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі. –Алматы, 1939. – 220 б.
Аманжолов С.А. Қазақ тілі ғылыми синтаксисінің қысқаша қурсы. –Алматы, 1994. – 320 б.
Аблақов Ә. Меңгеріле байланысқан етістікті сөз тіркестері. – Алматы: Ана тілі, 1996. 205 б.
Әнуар Әлімжанов. Махамбеттің жебесі // www.ikitap.kz/
Қырымның қырық батыры» жырындағы туыстық атаулардың лингвокультуремалық сипаты
Манап Сымбат. ҚазМемҚызПУ студенті
Ғылыми жетекші: ф.ғ.д., Т.Н.Ермекова
Таңды-таңға атырған, тыңдаған қауымға берер тәлім-тәрбиесі мол батырлар жырының қазақ ауыз әдебиетінде алар орны ерекше. Мысалы, Қобыланды батыр, Алпамыс батыр, Қанбар батыр жырлары. Ата-бабамыз ұрпақ тәрбиесіне, ұлт болашағына атүсті қарамай, шыр етіп дүниеге келген сәби анасының бесік жырын тыңдап өскен. Тәрбиенің бастауы тал бесіктен басталып, ел ішінде айтылған жыр-дастандарды естіп өскен ұрпақтың арман-тілегі елдің мұратымен үндесіп жатты. Туған еліне шексіз махаббат дұшпанның бетін қайтарар алпауыт күшке айналды. Батырлар жыры ат үстінде күнелткен кездің, қаншама батырлардың жан берісіп, жан алысқан кездің куәсі. Фольклорды, қазақ эпосын зерттеуге елеулі үлес қосқан Ә.Қоңыратбаев «қазақ эпосы да елдің тілдік, халықтық тұтастығы орныққан дәуірлерде туған, оның басы ноғайлы дәуірі (XV-XVI аяғы)», - дейді. «Ноғайлы жырлары» деп аталатын «Қырымның қырық батыры» жырының қағаз бетіне түсуі Қазақстанның батыс өңірінің тумасы Мұрын жырау Сеңгірбекұлының есімімен байланысты. Мұрын жырауды Алматы қаласына шақырту, оған ат салысқан ұлт жанашырлары, жырдың қағаз бетіне түсуі оңайшылықпен атқарылған жұмыс емес. Тыңбай еңбек етудің нәтежиесінде құнды да, көлемді асыл мұрамызға қол жеткіздік. «Қырымның батыр» жыры өткен ғасырда қолға алынып, қазіргі таңда зерттелу үстінде. «Қырымның қырық батыры» жыры сан мыңдаған жылдар бойында қалыптасқан. Халқымыздың өзіндік ұлттық ерекшеліктері салт-дәстүріміз, мәдениетіміз, әдет-ғұрпымыз және өмір сүру салтымен сабақтасып жатыр. «Лингвомәдениетттану» деген атаудың құрамында тіл мен мәдениеттің байланысы айқын көрініс табады. Осы тұрғыдан алғанда, батырлар жырын тіл мен мәдениет аясында қарастыру, әр сөздің түп тамырын зерттеу ауқымы кең мәселе. «Этнолингвистика» деген тіл білімінің жаңа саласын Ә.Т.Қайдаровтың, Е.Н. Жанпейісов және М.М.Копыленко еңбектерінде жан-жақты қарастылылған. Ә.Т.Қайдаровтың тұжырымдамасы бойынша: «этнолингвистика – этнос болмысын оның тілі арқылы танып білу мақсатынан туындаған лингвистиканың ( тіл білімінің) жаңа да дербес саласы» [ 1, 53б.]
«Адам ұрпағымен мың жасайды» - дегендей, ұлтымыздың болашағы ұрпақ жалғастығымен тығыз байланысты. Халқымыздың тектілік мәселесіне, қан тазалығына атүсті қарамағаны айдан анық. Жеті атадан қыз алысып, қыз беріспеу мәселесі тектіліктің бірден-бір көрінісі. Осы тұрғыдан алғанда туыстық атаулардың түп тамырына үніліп, әр сөздің байыбына жету маңызды. «Туыстық атауда қалыптасқан мыңдаған тұрақты тіркестер, мақал- мәтелдер мен басқа да сөз қолданыстар бар» [2, 308б.]
Батырлар жыры тек жаугершілікке ғана қатысты сөздермен шектелмей, туыстық атаулардың да орны ерекше. Әмет батыр жырындағы туыстық атаулары:
Жүр деп еді, жүрмеді,
Кемпірге теңдік бермеді,
Алпамсадай кемпірді
Арқалап ала жөнелді...
«Алпамсадай кемпірді» деп зор денелелі, еңгезердей жасы ұлғайған қарт әйел. «Кемпір десең, кеміп қал» - деп жасы келіп кәрілік жеңген қартайған адамның көңілін табу, әрі үлкенге құрмет ету ежелден қазіргі күнге дейін келе жатқан әдептілік.
Айдама менің малымды,
Шулатпа кемпір-шалымды. ( Ер Қосай, 1, 157б.)
Ер-әйел, жас жұбайлар, қыз-бозбала деген секілді «кемпір-шал» сөзінің қосарланып келуі егде тартқан, жасы ұлғайған, әрі қартайған ер мен әйелдің жас шамасы қатарлас екенін білдіреді. Халқының тұрмысының көзі, байлығы мен қазынасы барлық қажеттіліктерді өтейтің мал өсіру, төрт түлігімен дәулеті арта түскен. Сол секілді үлкендерді әрқашан құрметтеу, олардың айтқан ақылдары мен көрсеткен үлгі-өнегесі, қария қарттарымыз еліміздің қазынасы болған. «Айдама менің малымды, шулатпа кемпір-шалымды» - деген сөздің қатар жұмсалуының мәнісі осы болса керек. Тағы бір айта кететін жайт: «Қазақта «пірсіздің пірі шайтан, әйелдің пірі күйеуі» деген мақал бар. Кемпір пірі кем әйел дегенді білдіреді. Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қорлатпаған халық. Күйеуі қайтыс болған келіншекті жесір деп атаған. Бірақ, күйеуінің бір жылдық асын бергеннен кейін. Ел ақсақалдары жиылып жесірді қайнысына, не қайнағасына атастырған. Ал, егде жасқа әйелдің, балалары ер жетіп, қыздары бой жеткен кезде күйеуі қайтыс болса кемпір деп атаған.» (Болатбек Мейірбекұлының тұжырымдамасы бойынша)
Бойынан айтқан бұл сөзі
Бәйбішені қысады.
(Ер Қосай, 1, 123б.)
Бәйбіше 1. көп әйел алған адамның алғашқы, бірінші әйелі. 2. Егде тартқан жұрт сыйлайтын, қадірлі әйелі. 3. Кемпір жасы ұлғайған, қартайған әйел. [ҚТТС , 82б.] Бәйбіше жас жағынан тоқалдан үлкен де, кіші де болуы мүмкін, бірақ бәйбіше болу үшін өзінен кейін тоқал болуы міндетті; Күйеуі қыздай алған қатынның үстіне жесір жеңгесін не келінің алса, олар да тоқал саналған...Бәйбіше қаза болған жағдайда не ажырасып некесі бұзылғанда одон кейінгі әйел бәйбішелік дәрежеге ие болған.
Асықпай тұр сен, тоқал,
Ертен Қосай келгенде,
Басына тиер тал-таяқ.
(Ер Қосай)
Қазіргі таңда бәйбіше деп – жасы ұлғайған әйел адамды айтады. Бұрында бірнеше алған еркектің бірінші әйелін бәйбіше деп атаса, бәйбішеден кейінгі әйелдерді тоқал деп атаған. Көбіне тоқалдың жас шамасы кіші болғандықтан, үнемі қылықтарын дұрыстауға, үй шаруасындағы қызметіндегі жетпей жатқан тұстарын айтуға бейім болған. Дегенімен, бәйбіше мен тоқал арсындағы әдептілік, әсіресе ер азаматтардың алдында қырғи қабақ шытпауға көп көңіл бөлген. Қайын атаға баласының бірінші алған келіні де, кейінгілері де келін. Келіннің сәлем беруі, қайын атасын атымен атамау секілді әдептілік берік сақталған. Тіпті, жас жұбайлардың отауы бөлек тігілген. Ол отауға жастардың жора-жолдастары кірген. Ене келінің шақырғанда сырттан шақырған.
Асылы артық данамыз,
Ақылы асқан бабамыз,
Ақжанас жетіп келгенде,
Қарлығаштай аруың,
Иіліп сәлем береді.
(1, 246, Ақжанасұлы Ер Кеңес)
Баба балалардың әкесінің атасы немесе арғы атасының соңғы буын ұрпақтарға туыстық қатысы. Ару 1. Әйел, қыз деген сөзден бұрын тұрып, «сұлу, сүйкімді», «абзал, ардақты» дегенді білдіреді немесе жеке тұрып «сұлу қыз, сүйікті әйел» дегенді білдіреді. XX-XVIII нұсқалардан ару ат, ару ұл, ару батыр тіркестері ұшырасады. Көне түркі тілінде «ару қыздар» «сұлу қыздар» емес, «күнәсіз пәк қыздар» деген ұғым. Қазіргі таңда ауырсыну, арулы сөздерінен өзге «ару» түбірінен шыққан сөздер жоқ. Белгілі бір тіркестері сақталған. Ол – арулап етістігі. «Ақ жуып, арулап қою» соңғы сапарға жіберген адамға байланысты. Арулап – тазалап жуу. Ар амандысу мақсатында татар, қырғыз тілдерінде қолданылады. [3, 46-50б.]
Қолымда кенже баламсың...
(Әмет батыр, 1, 113б.)
Кенже - баланың ең кішісі. [ҚТТС] Салт бойынша кенже бала қартайған әке-шешесіне қамқор болуы керек. Жырда ақ жаулықты ананың сөзі осыны меңзеп тұр.
Қартайған кетті анамыз,
Іні мен кетті аға да (Әмет батыр, 1, 114б.)
Бала 1. Дүниеге келген перзенттің ата-анасына туыстық қатысы; 2. Буыны бекіп, бұғанасы қатпаған, әлі ысыла қоймаған жас жеткіншек. [4, 319б.] Қазақ салт-дәстүрінде аға мен інінің арасындағы қарым-қатынас ағаның мейірімі, інінің пейілімен өлшенген. «Аға өлсе жеңге мұра, Іні өлсе келін мұра» - дегендей, әмеңгерлік ағайындылар арасындағы, салт-дәстүріміздегі ауқымы кең мәселе. «Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді» - дегендей, қандас, туыстас арасындағы жесір қалған әйелдің ағайындылардың біреуіне некелесуі әмеңгерлік болып табылады. Ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүріміз сақталып келеді, бірақ жаңа ұрпақтың салт-дәстүріміздің кейбір тұстарына көзқарасы өзіміз көріп жүргендей өзгеруде. Мысалы, әменгерлікті ежелде сондай салт болған деп ғана қоямыз.
...Сан дәуренді серпіп татап саналы ой,
«Аға өлсе, іні мұра» - даналы ой.
Болашақтың тегін ойлап, тереңдеп,
Әмеңгерлік ойлап тапқан данагөй
-деп қазіргі таңның жас ақыны Алмахан М. «Донор және тек» поэмасында әмеңгерлік мәселесін бірауыздан мақұлдайды.
Аға мен іні арасындағы бауырмалдық ежелден келе жатқан туыстық. Ел бірлігін нығайта түсу бір үйдегі балалардың бауырмал болуымен, әрі бір елдің балалары бірін-бірі бауырындай көрсе қауіп төндірген жауға тойтарыс бере аламыз. [3, 319]
Бір кірлі аяқ алады
Балаға құйып береді.
(126, Ер Қосай)
Ай жан балам, жан балам,
Айырдан туған нар балам.
...Қияметтік досыңмен
Жауға бірге барасың
(Тегіс, Көгіс батырлар, 1, 194)
«Балам – бауыр етім» - дегендей, ата-ана үшін баладан артық ешкім жоқ. «Қырымның қырық батыры» жырында Тегіс, Көгіс батырлардың әкелері де ешбір жаудан тайсалмайтын батыр болады. Көптеген жорықтарға бірге шығып, бір жорықта Тегістің әкесі қаза табады. Артындағы тұяғы Тегіс ер жетіп, атаға тартқан ұл болады. Тегіс пен Көгіс тонның ішкі бауындай, бірге жұптары айырылмастай дос болады. Көгіс досының жабырқап жүргенін көріп, оның мәнісін әкесінен сұрағанда, әкесінің кегін ала-алмай жүргендігін айтады. «Қияметтік досыңмын» - деп Көгістің тіл қатуы сондықтан.
«Нар балам, жан балам» тіркестері әке мен бала арасындағы байланыстың белгісі, әрі ұл баланы ұрпақ жалғастырушым деп жанындай жақсы көрген. «Жан дасым» деген жастары шамалас, құрдас, я болмаса бірінің жасы үлкен, екіншісі кіші болса да, туыстық қатысы болмаса да, достардың бауырмашылдығы, бір анадан туған балалардай болған. Дегенімен, кейбір тұстарда бала басқаларға жай ған бала есебінде, көп балалардың бірі деп, көп көңіл аудара бермеген. «Бір кірлі аяқ алады, балаға құйып береді» - деген мысалда жетім бала есіркеп берген, кірлі аяққа құйған сусыны баланың намысына тиіп кетеді.
- Айналайын, жан балам,
Қалаңа жау келіпті.
(Мұса хан, 1, 184)
«Жан балам» деген тіркес бұл тұста әкенің балаға деген сенімі, қолқанаты, кешегі асық ойнаған ойын баласы емес, қолына найза алып, сырттан төнген жауға тойтарыс беруші, «Айырдан туған нар балам» - дегендей, әкесі баласын нарға теңеуі тегін емес.
Шабайын деп келемін
Мен ноғайдың баласын (Манашұлы Тұяқбай, 1, 374)
Келтірілген үзіндіде «ноғайдың баласы» деп бір үйдің баласы емес, бір елдің баласы екендігін жеткізіліп тұр.
Үш жасар қалды қыз-бала
Алған жарым бұл қалды (Манашұлы Тұяқбай, 1, 367)
Әбдуали Қайдардың этнолингвистикалық сөздігінде баланың түрлерін және оған қатысты ұғымдарға анықтама берген. «Бесіктегі бала, емшектегі бала, жас бала, жас қыз» деген баланың түрлерімен қатар «қызылшақа, қызылиек» сөздері жаңадан туған сәбиді атайды. «Қызылшақа – жаңа туған баланың көзін аша алмай жатқан кезі; қызылшек – жаңадан қырқынан шыққан бала, сондай-ақ әлі тісі шықпаған сарыауыз баланы айтады; шарана – жаңа туылған жас сәби». Қазақта «Баланың шаранасына былған» деген сөз үйінде бала көп болсын,сүрінсен баланың ойыншығына сүрін деген мағынады айтылған. «Қыз-бала» деген қосарлану арқылы жасалып үш жасар қыздың әлі бала екендігін меңзеп тұр. Сондай-ақ, қыз-бозбала деп – бозбала мен бойжеткеннің жас мөлшері 15-17 жастағы, қыздың бай жетіп, баланың ер жете бастаған кездері болып табылады. [4, 286-287 Қоғам]
Перзент 1. Бала, сәби, ұрпақ 2. Ауысп. Тұңғыш іс, бастама. [5, 674, ҚТТС] Ана 1. Балалы болған әйел, туған шеше. 2. Ауысп. Тәрбиелеп өсірген орта, ел жұрт 3. Ауысп. Шыққан ұя, тұрақты мекен. [5, 46, ҚТТС] Аға 1. Ағайынды адамдардың жас жағынан үлкені. 2. Жасы үлкен ер адам. 3. Жетекші, ақылшы, басшы. 4. Қызмет дәрежесі жоғары адам. [5, 13]
Қазақ халқының дәстүрлі жүйесі бойынша өсіп-өнетің ұрпақты әкеден таратады. Перзент ұрпақ жалғастығы, үзіндіде «перзент» сөзі ұл бала ұғымында алынып тұр. Себебі, салт бойынша еркек бала қартайған әке-шешесінің қасында болуы перззенттік парызы. Іні – бірге туған не ағайынды кісілерден таралған ер адамдардың жас жағынан кішілерінің жасы үлкен ағаларына туыстық қатысы. [1, 337]
Және де аман келді ме
Қасындағы құрбы-құрдасың?(1, 15)
Құрбы бір заманда, бір дәуірде бір қауымда бірге жасап, қатар өскен, жас жағынан құрдас болмаса да, шамалас адамдар. Құрбы –құрдас замандас, әрі құрдас, әрі жас шамалас, бір-бірін сыйлап өскен қатарлас адамдар және олардың өзара жақындық қатысы. Құрдас бір жылы, не бір жылдың ішіндегі бір ай, бір күндерде дүниеге келген ерлер мен әйелдердің өзара жақындық қатысы. Бұл туыстар арасында да, жеке адамдар арасында да бола беретін қатыс. Құрдастың құны – бір, жолдастың жолы – бір. Қазақ қауымында қалыптасқан салт-сана бойынша құрдас адамдар бір-бірімен терезе тең, дәреже-деңгейі бірдей адамдар ретінде қарым-қатынас жасайды, бір-бірін қағыта сөйлеп, уақытта айтыла беретін былапыт сөздерді қолданып, әзілдесе береді. Әкесі құрдастың балалары да құрдас бір жылы, не бір жылдың ішіндегі бір ай, бір күндерде дүниеге келген балалардың әкесі де жасы бір-бірімен шамалас. [4, 327 б.]
Жолдас о баста сапарға, ұзақ жолға бірге шығып, бір-біріне серік, ес болған, бірін-бірі жол бойы қолдап-қуаттай білген екі немесе одан да көп адамдардың арасында қалыптасқан өзара қатынас; 2. Өмірде бірге өсіп, бірге ержеткен жасы шамалас, бір-бірін сыйлап өткен адамдар арасындағы қатынас. 3. Қоғамдық ортасы бір, қарым-қатынасы, көңілі жағынан бір-біріне жақын, сыйлас, дос-жар адам; 4. Ауысп. Құрсақтағы нәрестенің өзімен бірге болып, мерзімі келгендеөзімен бірге түсетін «қосымша серігі»; бірімен-бірі шынайы сыйластықпен қалтқысыз қары-қатынаста болатын, біріне-бірі ынта-шынтасымен берілген дос-жар адамдардың арасындағы жақындық қатыс. [5, 341б.]
Қорытындылай келе, «Қырымның қырық батыры» жыры қысқа мерзімде емес, ұзақ жылдар бойы қалыптасты. Жырдың өн бойында халқымыздың салт-дәстүрі, мәдениеті және ұлттық ерекшеліктері көрініс табады. Жырды тереңірек зерттеудің нәтежиесінде халқымдың ұлттық құндылықтарын білеміз. Тарихи деректерге сүйенер болсақ, ноғайлы ордасында қазақшылық дәстүрі күшті сақталғаның айтады. Қазақ ақын жыраулары ежелден ноғай-қазақ елдерінің туыстығын жыр жолдарына қосады.
«Түбінде ноғай, қазақ түбіміз бір
Алтай, Ертіс, Оралды қылған дүбір,...» –
Демек, Ноғайлы жырлары деген «Қырымның қырық батыры» жыры – көненің көзіндей ата-бабамыздан қалған асыл мұрамыз.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Қабиболла Сыдиықұлы. Қырымның қырық батыры. -Алматы, 2005
2. Рабиға Сыздықова. Абайдың сөз өрнегі . –Алматы, 2004
3. Е.Қ. Жұбанов «Толғауы тоқсан қызыл тіл». –Ақтөбе, 2010
4. Әбдуәли Қайдар «Қазақтар ана тілі әлемінде» (этнолингвистикалық сөздік) I том. Адам 328 бет]
5. Қазақ тілінің түсіндірмелі сөздігі. 2008
Қазақ тіліндегі модаль сөзді сөз-сөйлемдердің қолданылуы
ОҚО Бәйдібек ауданы
Жамбыл атындағы жалпы орта мектептің
11-сынып оқушысы Тоқтасын Ұлжалғас
Жетекшісі:Утенова Масат
Тілімізде соңғы кезге дейін мектеп оқулықтарында модаль сөздер туралы айтылмай келеді, соның салдарынан бар, жоқ, мүмкін, шамасы, әрине, әлбетте, бәлкім, басе, керек, қажет, тиіс, сөзсіз, зәру, көп, аз, керек болса, негізінде, тегі, жарайды, жолым болып, дәм бұйырса т.б сөздерді талдағанда қандай сөздерге жатқызарымызды білмей қиналып жатамыз.
Бұл сөздер басқа топтарға қарағанда сан жағынан аз болғанымен, мағынасы мен қызметі жағынан тіпті ерекше деп айтуға болады. Осы ерекшеліктеріне қарай негізгі сөздер мен көмекші сөздердің аралығында тұратын сөздер модаль сөздер деп аталады. Модаль сөздер адамның өзі айтпақшы болып отырған ойына қалай қарайтынын, көзқарасын, қандай пікірі барлығын білдіреді. Мысалы: /терезені ашу керек, терезені ашу қажет/ деген сөйлемдердегі /керек, қажет/ сөздері арқылы сөйлеген адам терезені ашудың керек, қажет екендігін айтып, өзінше пікір түйеді, бірақ не ашылады деп хабарламайды, не аш деп бұйырмайды.
Қазақ тілі біліміндегі модальділік туралы айтқанда, оның біз зерттеп отырған сөз-сөйлемге қатысы жайлы тоқталу орынды. Біздіңше, кез-кезген белгілі бір ойды білдіретін сөйлемнің ақиқат шындыққа тікелей қатысы болуы не дүдәмал болуы мүмкін. Немесе сол ойды айтушының көзқарасының тұрақты не тұрақсыз болуы, сол ойға сенері не сенбесі дегендей арақатынасы болары анық.
«Қазақ грамматикасында» «Модаль сөздер әдетте модальділікті білдіретін фонологиялық (интонациялық), морфологиялық, синтаксистік (әр түрлі сөйлем типтері) сияқты барлық амал-тәсілдермен тығыз байланыста жұмсалады» - делінеді [1]. Бұл жерде бізге қатысы интонациялық және әр түрлі сөйлем типтері деген ойдың болуы. Яғни сөз-сөйлем жеке бір сөзден (жоғары, орта, баяу) интонация арқылы айтылады. Сөйлем типінде сөз-сөйлем жай сөйлем ауқымына енеді. Олай болса модаль сөздерден сөз-сөйлем болуға негіз бар. Және былай деген ой бар: Модаль сөздер сондай-ақ, заттық мәнін жоғалтқан және диалогта предикаттық функциясын жоғалтқан бағыныңқы сөйлемнің баяндауышынан да пайда болады», - дейді. Яғни диалогта кездесетіндігін анық айтып тұр. Сондай-ақ: «Модаль сөздердің айрықша бір синтаксистік ерекшелігі – олар диалогта келгенде жеке лексема күйінің өзінде сырт формасы және айтылу интонациясы жағынан өз алдына тұтас бір тиянақты сөйлем қызметін атқарып тұрады» - дей келіп, олар сөйлем мүшелерімен байланысқа түспейтіндігін, сөз тіркесін жасауға қатынаспайтындығын және диалогтық сөйленісте сөйлем түрінде сөз рөлінде қолданылатынын көрсетеді.
Міне, бізге ең қажеттісі - осы ойлар. Яғни «Сөйлем түріндегі сөз» - деген пікір сөз-сөйлем мәселесіне өте жақын келіп, сөз-сөйлем деген атауы айтылмаса да, мағыналық жағын анық көрсетіп отыр.
Қазақта Әуезов біреу ғана емес пе?
Әрине!
Неге шақырдыңыз, осы сізге аса қажет пе еді?
Қажет.
Таңертең ертелетіп шығайық, жол алыс.
Мақұл.
Әрине-сенім мағынасын, қажет –міндеттілік мағынасын, мақұл -қостау мағынасын білдіріп, өз алдына сөз-сөйлем болып, тиянақты ойды білдіріп тұр.
Осылайша модаль сөздерден сөз-сөйлем жасалу жайлы талдағанымызда модаль сөздердің жалпы саны 80-ге тарта екенін, жеке тұрып сөз-сөйлем болатын түрлерінің 14 екенін анықтадық.
Тіліміздегі модаль сөздердің өздеріне ғана тән семантикалық ерекшеліктері бар. Біріншіден, модаль сөз жеке сөйлем мүшесіне емес, бүкіл сөйлемге қатысты қолданылады. Мысалы: Ол мектепке келетін шығар. Бұл сөйлемдегі „шығар" модаль сөзі тек баяндауыштың өзімен ғана емес, бастауыш пен баяндауыштың арасындағы предикативтік қатынаспен, олай болса, бүкіл сөйлеммен байланысты болып тұр. Екіншіден, бір ғана модаль сөз арқылы бүкіл сөйлемге қойылған сұрауға жауап беруге болады. Мысалы:
—Сен, бүгін үйге қайтасың ба?
- Жоқ.
Модаль сөздің өзіне сұрақ қою мүмкін емес.
Үшіншіден, модаль сөздер үш түрлі позицияда кездеседі:
а) Көбінесе ол сөйлем құрамында сөз тәртібін бұзбай, сөйлем мүшелері сияқты орналасады. Мысалы, Бағанадан бері Асан ләм деп аузын ашқан жоқ.
ә) Кейбір жағдайда олар оқшауланып, сөйлемнен бөлектеніп, үтір арқылы бөлініп тұрады: Мысалы:
- Рас, мен қателесіппін.
- Иә, бұл ақылың дұрыс екен.
б) Модаль сөз жоғарыда айтып өткендей, жеке өзі ғана сөйлем құрап тұра алады. Бүл, әдетте, сөйлемге қойылған сұрауға жауап ретінде кездесетін құбылыс. Мысалы:
-Сенің осы жерге келуің керек пе еді?
-Керек
Аталған ерекшеліктердің бәрі бірдей әрбір модаль сөзге тән бола бермейді. Мысалы, шамасы, тәрізді, сияқты, т.б. модаль сөздер сөйлемге қойылған сұрауға жауап ретінде жеке тұрып сөйлем құрай алмайды
Модаль сөздердің мағыналары да әркелкі болып келеді. Осыған орай олар топқа бөлінеді:
1) Шындықты, ақиқатты білдіретін модаль сөздер: рас, екен, әрине, әлбетте, т.б.
-Рас, Менің нөкерлерім безбүйрек! /М.Шаханов/
2) Неғайбылдық, сенімсіздік, күмәнділікті білдіретін модаль сөздер: шамасы, мүмкін, бәлки, шығар, т.б.
- Сол сөзіңді, сірә, қайтып аласың-ау, шамасы. /М.Шаханов/
2) Сөйлеушінің айтылған ойға қатысты көңіл-хошын білдіретін модаль сөздер: шындығында, расында, анығында, әрине, т.б
- Алыстап кеттік, расында. /М.Шаханов/
4.Айтылған ойды құптап немесе теріске шығару үшін қолданылатын модаль сөздер: иә, жоқ, т.б.
- Жоқ, мен келісе алмаймын.
3) Айтылған хабар жөнінде болжамын білдіретін модаль сөздер:
тәрізді, зады, тегі, т.б.
Қиястықтан пайда жоқ деп ақыл үйреткен тәрізді. /М.Жұмабаев/
Жалпы алғанда, қолдану ерекшелігіне қарай модаль сөздерді сөйлемде тек синтаксистік қыстырма мүше ретінде қолданылатын және үнемі тек баяндауыштың шылауында көмекші мүше қызметінде жұмсалатын модаль сөздер деп те жіктеуге болады.
Синтаксистік қыстырма мүше ретінде қолданылатын модаль сөздер: әлпеті, шамасы, тәрізі, зады, расы, кім біледі, шынында, әлбетте, бәлки, бәлкім, турасы, т.б.
Баяндауыштың құрамында көмекші мүше ретінде қолданылатын модаль сөздер: керек, қажет, кәдік, тиіс, лазым, ықтимал, білем, шығар, деймін, көрінеді, түрі бар, тәрізі бар, сыңайы бар, сияқты, сиқатты, т.б.
Тілдік қолданыста «Бар», «Жоқ» модаль сөздері жиі кездеседі. Енді осы сөздердің қолданылу ерекшеліктеріне тоқталайық.
«Бар», «Жоқ» модаль сөздері диалогты сөйлемде жиі кездесіп, сөз-сөйлем түрінде қолданылады.
Мұғалім сынып журналын ашып, оқушыларды түгелдей бастады.
Ахметов?
Бар
Асылханов?
Жоқ
Мұндығы «Бар» - мен осындамын, «жоқ» - келген жоқ деген жауап сөздің қысқаша түрі.
«Бар» «Жоқ» модаль сөздері сөйлемнің құрамына еніп, сөйлем мүшелерінің қызметін де атқарады.
Мыс: Ойлан, ойлан!
Ойланатын түгі жоқ! (М.Ш. (бастауыш)
Ханға сену секілденіп төл ісім,
Ештеңені ойлағам жоқ өмірде (М.Ш.) –баяндауыш.
Қорықпаймын түсінігі жоқтардан,(толықтауыш)
Жүрегі жоқ адамдардан қорқамын (М.Ш.) (анықтауыш)
Бұйрықпен бір сыйыспайды дос көңіл,
Және қылыш жүрген жерде зорлық бар(баяндауыш)
Қорыта айтқанда, қазақ тіліндегі модаль сөздер басқа сөз таптарына қарағанда табиғаты күрделі, лексикалық және грамматикалық мағыналары мол әрі сан қилы қызмет атқара алады.
Ғалымдар арасында модаль сөздерді жеке сөз табы ретінде қарастыру жөнінде де пікірлер айтылғанмен, мектеп оқулықтарына енгізілмей келеді. Сондықтан біз өз жұмысымызда қазақ тілінде қолданылатын модаль сөздердің қолданылу ерекшеліктеріне, семантикалық ерекшеліктеріне және өз алдына сөз-сөйлем болу қабілеттеріне тоқтала отырып, модаль сөздерді жеке сөз табы ретінде мектеп оқулықтарына енгізсе, сөздерді грамматикалық талдау кезінде қиналмас едік деп ойлаймын.
Пайдаланылған әдебиет:
1.Қазақ тілі грамматикасы. І бөлім.Алматы, «Ғылым», 1967 ж
Бейнелі сөздер прагматикасы
Зарқымова Ф.М.ҚазМемҚызПУ, 2 -курс магистранты
Ғылыми жетекшісі: Сұлтанова Б.М.- ф.ғ.к., қауым. проф. м.а.
Түп төркіні бейнеден, суреттен шыққан әр сөз өзара қатар түзе, тіркес құрағанда, біртүрлі бір қиял жетпес көркем дүниеге айналады. Образдылық осылай пайда болған. Тіл, сөз жайын тексеретін ғылым үш түрлі: тіл білімі, стилистика, көркем сөз теориясы. Безендіруші стилистика сөз образына айналады. «Образдылық», «бейнелілік», «көркемдік» – өте күрделі стилистикалық категория. «Образ» терминінің астарында семантикалық ерекшелік пен прагматикалық мақсат, стилистикалық әсер қатар үйлесіп айтылады. Стилистика ғылымында «образ» деген сөз әр түрлі мағынада қолданылады. Образдылық – эстетикалық идеалдың шындық тұрғысынан қабылданған формасы, сөз – образ оның жеке қолданысы. Сөздің образдылыққа енуі өзінің тура мағынасынан ауыспалы мағыналарға ойысуы, сөздің образды мағынаға ие болуы өзінің алғашқы номинативті мағынасының қызметін жоғалтып, ерекше бояуға енуі болып табылады. Ал экспрессивтілік бояу стилистикалық әсер береді, автордың сөзі прагматикалық мақсатын айқын танытып отырады. Сөздің образға енуі оның мағыналық өзгеріске түсуін бағалау функционалдық стильдегі эстетикалық қызметін көрсету болса, екіншіден, бір стильден екінші стильдің сөз образдарының да үлес салмағын танып білуіне тікелей қатысын анықтап береді.
Бейнелеп айтуға сұлу сурет жасауға бейімділік – өлең тіліне ең бір тән қасиет. Алайда суреттеу, баяндаудың көрнекілігі, дәлдігі, нақтылығы көркем образ жасау мақсатына сәйкес келіп, суреттеп отырған құбылыстың типтік ерекшеліктерін де айқын, анық қамтуға тиіс. Өлең тілінің, өлеңдегі сөздің бейнелілігі, суреттілігі туралы айтқанда мына бір жайды ескеруіміз керек. Өлең тілі, әрине, бірыңғай бейнелі, кестелі сөздерден құралмайды. Өлеңде айтарлықтай бейнелілік сипаты жоқ және ауыспалы мағына туғызбайтын өзінің тура мағынасында ғана қолданылатын сөздер де аз кездеспейді.
Бейнелі сөздердің басым көпшілігі – теңеу, метафора, метонимия, аллегория, символ, эпитеттің ауыспалы мағынасы бар мол тобы – екі нәрсені, екі құбылысты бірімен-бірін салыстыруға, бірінің сипатын біріне алмастыруға негізделеді.
Мысалы,
Көңілдің тот торлаған кілті жүрмей,
түндерде дөңбекшіген, кірпік ілмей;
күй көрмей қыр арқасы жыртық үйдей
жүйріктің шала жансар бүлкіліндей ( Кенен тойындағы толғаныс, 352-б.)
немесе,
Өрлері де қыраттай,
Көлдері де сынаптай,
Шыңдары да шаншылып,
Өзеніне құлапты ай.
Селеуі де құрақтай,
Құлындары құр аттай,
наба нандай Күні де
күйдіреді шыдатпай (Мынау біздің даланы-ай,348-б.)
Ақын осы келтірілген мысалдарда қолданған теңеулері, метафоралары оқырманға ерекше әсерлі.
Біз зерттеу жұмысымызда троптарды, яғни бейнелі сөздердің прагматикасын қарастыруды мақсат еттік. Бейнелі сөздердің ішінде әдебиетімізде ең белсенді қолданылатыны теңеулер, метафоралар, эпитеттер.
Теңеу – ерекше стилистикалық тәсіл, мәтінде көрнекті орын алатын әсерлі сөз. Бір затты екінші затқа салыстырудың нәтижесінде жасалады. Олардың жасалуы синтетикалық және аналитикалық тәсілдер арқылы жүзеге асады. Теңеу –екі нәрсені, құбылысты салыстырудың ең көп тараған тәсілі. Сонымен қатар, бір нәрсені басқа нәрсемен қимыл-қозғалысындағы ұқсастықты тірек етіп салыстыру жолымен жасалған теңеулер де жиі кездеседі. Мысалы, ақынның «Жаным пәк, аппақ едім» атты өлеңінде адам баласының ерекше қасиеттерін жырға қосып жырлаған. Яғни адам бойындағы қасиеттерді табиғат құбылысына теңеу арқылы көрсетіп тұр.
Жаным пәк, аппақ едім
балауыз балапандай,
күлімкөз мақпал ерін,
күлкімнен таң атардай.
Көңілім жас баланың
кіршіксіз жанарындай.
Нұр шашып қас-қабағым
кеудемнен ән арылмай(«Жаным пәк, аппақ едім», 27- б.).
Сондай-ақ, Ф.Оңғарсынова поэзиясында жиі кездесетін көркем образ бейнесі ол – метафора. Метафора тілдің «өрнекті» рөлін барлық стиль түрінде толық қамти алатын әмбебап стильдік сөз ретінде бағаланады. Сондықтан да біз өз жұмысымызда метафораларға арнайы тоқталуды жөн көрдік. Метафора тілді безендіруші таңба ретінде номалардан ауытқу тудырады, соған қарамастан эстетикалық мәнерлі әрі экспрессивтілігі өте жоғары стильдік құрал. Метафора ауыспалы мағынада жұмсалады. Соның өзінде кемінде екі мағына болуы мүмкін. Бірі белгілі бір затқа, құбылысқа, адамға сипаттама беру болса, екіншісі сол заттың, құбылыстың немесе адамның алдын алу.
Қазақстан –
Бақытты өлке, өрлеген, шарықтаған.
толастамай көгінде қалықтар ән.
Қазақстан – мекені қайсарлардың,
Қазақстан – Алатау, алып далам!
Қазақстан – жеңісті жаңа күндер,
Қазақстан толқынды дала, гүлдер.
Қазақстан – әлемді елеңдетіп,
Байқоңырдан зулаған корабльдер.
Қазақстан – сал Біржан, саңлақ Сара,
Шоқан, Абай, Бауыржан, Махамбеттер.
Қазақстан – көк орман, ашық аспан,
Асқақ жыр мен жүйрік ой ғасыр асқан («Гимн», 100- б.).
–деп ақын өзінің кезекті өлеңінде Қазақстанның кең байтақ даласын, батырларын, еңбек ерлерін ерекше жоғары пафоспен суреттеген. Қазақстан атауын түрлі тіркестермен ауыстырып, бұл даланың жаумен шайқастағы батырлығын, тар кезеңде деп бейнелеп көрсеткен. Немесе, сыналған ерлердің мекені екенін айтады.
Жапырақ – жүрек, жас қайың!
Жанымды айырбастайын… деп ақын суретті образ жасайды.
Тағы бір көркемдік құрал – эпитет туралы белгілі ғалым жазушы З.Қабдолов: «Айқындау, яғни эпитет – заттың, құбылыстың айрықша сипатын, сапасын анықтайтын суретті сөз. Эпитетсіз тіпті айтарыңды анықтау, суреттеп отырған нәрсеңді нақтылау қиын» -дейді. Эпитет ұғымға, нәрсеге бейнелілік, нақтылық сипат береді. Осындай түрлі құбылысты айрықша етіп көрсету ақиық ақынның да өлеңдерінде жиі кездеседі. Мысалы,
Атыңдар, ақ таңдарым, арайларым,
Арайдан үміт тұнған тарайды ағын.
(«Атыңдар, ақ таңдарым, арайларым», 243- б.)
Қатқақ күз. Дала құнысып,
Жүзінде қалмай жаз рай.
Кимеген адам бұғы ішік
Бүрсеңдер арық тазыдай («Күз»141- б.)
Жігіттер,
Маған да жетті сұр жебе.
Еңсені көтер, жүнжіме –
бастарыңда ойнақ салсам деп,
өлкеңді жайлап алсам деп
дұшпаның жатыр іргеде. («Нені аңсаймын»,97-б.)
Әрбір өлең жолдарында кездесетін эпитет әр шумаққа өзінше тың ажар беріп тұрғандай. Яғни, «Қатқақ күз», «ақ таңдарым», «сұр жебе», «арық тазыдай», «тал теректер», «жақұт гүлдер» т.б. эпитетті тіркестер ойдың ықпалын күшейтіп, айтар ойын әрі жинақы, әрі ұтымды етіп жеткізеді.
Міне, осындай түрлі бейнелі сөз образдарына толық ақын поэзиясы тілге жеңіл, жүрекке ерекше әсер қалдыратын лирика болып табылады. Ақынның қай тақырыпта жазылған шығармасын алып қарамасаң да әр бір сөзі, тіркесі қазақтың төл тарихымен, астарлы бейнелі сөз образдарымен тікелей байланысып жатады. Осы тұрғыдан келгенде Ф.Оңғарсынова поэзиясы прагматика шарттарына толық сай келетін, оқырманды түрлі ақыл ой таразысына салатын, сезімдік, эмоциялық күйге түсіретін интелектуалды әрі сезімдік поэзия. Сндықтан да ақын өлеңдерінің прагматикалық сипатын ғана емес, когнитивтілігіне де назар аудару уақыт талабы.
Достарыңызбен бөлісу: |