Пайдаланған әдебиеттер:
1. Исаев С.М. Қазақ тілі. Оқу құралы. –Алматы: Өнер, 2007. 208-б
2. Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы. –Алматы: Ана тілі, 1992. – 448 б.
3. Худайберген Жубанов и казахское советское языкознание. –Алма – ата: Ғылым, 1990. – 368 б.
4. Қордабаев Т. Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер синтаксисі. Алматы: Санат, 1995. – 176 б.
5. Есенов Қ. Құрмалас сөйлем синтаксисі. Алматы: Білім, 1995. – 136 б.
6. Ермекова Т. Қазіргі қазақ тілінің құрмалас сөйлемі. Астана: Фолиант, 2011. – 224 б.
Қазақ тілі дыбыстары құрамының зерттелу жайы
С. Е. Сүгірова
ҚазМемҚызПУ 2-курс магистранты
Ғылыми жетекшісі:ф.ғ.к., доцент Г.К.Қайдарова
Қазақ тіліндегі дыбыстарының жасалымын қарастыру үшін, алдымен қазақ тілі дыбыстарының құрамын анықтап алу керек болады. Өйткені қазіргі кезге дейін қазақ тілінің дыбыс құрамына деген көзқарас бір арнаға түскен жоқ. Оқулықтар мен оқу-бағдарламасында болсын, ғылыми монографияларда мен мақалалар болсын дыбыс саны әртүрлі аталып келеді. Қазақ тілінің дыбыс құрамы дұрыс анықталмаса, онда дыбыс түрленімінің жүйесі бұзылады.
Қазақ тілінің дыбыс түрленіміне келгенде зерттеушілердің тек жуан-жіңішкелікке ғана мән беріп отырғанын көреміз. Жуан-жіңішкелікті алғаш аңғарғандардың бірі Н.И.Ильминский болған: «Подобно гласным согласные бывают толстые и тонкие» [1] деп жазады. Қазақ сөздерінің құрамындағы үндесім белгілердің алғаш аталып отырғанын байқаймыз. Кезінде В.В.Радлов түркі тілдеріндегі л дауыссызының екі түрлі жуан-жіңішке болып дыбысталатынына мән беріп, жазуда екі түрлі таңбалап отырған [2]. Өзге дауыссыздардың жуан-жіңішкелік белгілерін жеке-жеке таңбаламаған. Дауыссыздардың үйлесім түрленіміне де мән берілмеген болатын.
В.В.Радлов нұсқасы (ХІХ ғ.): а, ә, е, о, ө, ы, і, ұ, ү; к, қ, х, ғ, г, ж, дж, з, й, л, ł, м, н, ң, р, с, т, б, у(w), п, ш, д
А.Байтұрсынұлы қазақ тілінің дыбыс құрамын анықтағанда да дыбыстардың үндесім варианттарына баса көңіл бөліп отырған. Ғалым қазақ тілінің негізгі әліпби үлгілерін түгендей келіп, «өзге 19 дыбыстардың һәр қайсысы бірде жуан, бірде жіңішке айтылады» [3]. Сонда қазақ тілінде бас-аяғы 43 дауысты-дауыссыз дыбыс бар деген қорытынды жасайды. А.Байтұрсынұлы жуан-жіңішкелік дауысты мен дауыссызға бірдей тән деп қарап, қазақ тілінде 5 дауысты бар деген қорытындыға келеді.
Бұл жерде де қазақ тілінің дыбыс құрамы үндесім тұрғысынан және де тілдің көлденең қалпына байланысты бірде жуан, бірде жіңішке айтылатын дыбыс белгілері ескеріліп отыр. А.Байтұрсынұлы пікірінің ең басты құндылығы деп үндесім әуезінің қазақ тіліндегі барлық дыбыстарға бірдей тән деп отырғандығын айтамыз. Бұл өзіне дейінгі зерттеушілер мән бермеген тілдік (фонетикалық) құбылыстың қазақ тілі үшін маңызын ашып берген нәтиже болды.
А.Байтұрсынұлы нұсқасы (ХХ ғ. басы): а, ә, ы, і, о, ө, ұ, ү; б, д, ғ, г, ж, з, қ, к, п, т, с, ш, м, н, ң, л, р, й, у, х, һ
Қазақ сөзінің үндесім айтылуына сол тұстағы қазақ зерттеушілердің бәрі көңіл аударған. Х. Досмұхамедұлы «Бір сөздің жуан, я жіңішке болып екі түрлі айтылуы қазақ-қырғыз тіліндегі әр дыбыстың біресе жуан, біресе жіңішке болып қос айтылуынан» [4] деп түйіндейді. Х.Досмұхамедұлы жуан және жіңішке атылымның артикуляциялық себебін де түсіндіріп өткен: «Дыбыс жуан айтылғанда тілдің түбімен айтылып, тамақтан (көмейден) шыққандай болып сезіледі; сол дыбыс жіңішке айтылғанда тілдің ұшымен сөйлегендей болып, ауыздың алдыңғы жағынан шыққандай болып сезіледі» [4]. Әрине ол кезде қазіргідей қалыптасқан артикуляциялық ғылыми аппарат болған жоқ, сондықтан да анықтама қарапайым тілмен түсіндіріліп отыр. Ғалым «сол дыбыс» деп әңгіме тек бір дыбыстың екі үндесім варианты жайлы айтып отырғандығын баса көрсетеді. Оны қазіргі фонетикалық тілмен айтсақ, дыбыстың «үндесім аллофоны немесе варианты» болып шығады.
Қ.Кемеңгерұлының қазақ тілінің дыбыс құрамын талдағанда «фонема» атауын негізгі фонетикалық бірлік ретінде пайдаланғанын көреміз. Сонымен қатар қажет деген жерінде кейбір дыбыстардың артикуляциясының сипаттамасын берген.
Өткен ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ тілінің дыбыс құрамына деген көзқарас сингармонизм фонологиясы деңгейінде шешіліп үлгергенін көреміз.
Қазақ тіліндегі үйлесім түрленім сықылды күрделі дыбыс түрленімі болса бұл кезде де зерттеу нысанына айналмағанын көреміз.
Өткен ғасырдың екінші жартысында қазақ фонетикасы жаңа деңгейге көтерілді, оның басты белгісі ретінде қазақ тілі дыбыстарының әрқайсысына өз алдына артикуляциялық сипаттама беріле бастағаны болатын.
Қазақ тілі дыбыстарының түрленім (вариант) құрамы негізінен қ-к, ғ-г дауыссыздарының артикуляциясына байланысты болды. І.Кеңесбаев «Қ мен к бір фонеманың екі түрлі айтылуы (немесе жуанды, жіңішкелі варианты) деп қарау дұрыс емес» [5] деп, олардың арасындағы артикуляциялық айырмашылықты сөз мағынасын ажыратудың тәсілі ретінде қарастырады, ал қалған «дауыссыздардың әрқайсысының жуан-жіңішкелі болып келуінің фонематикалық мағынаға әсері жоқ» [5] деген қорытындыға келеді. Сол кездегі фонетикалық теория осы қағиданы берік ұстап отырды. Ғылыми еңбектер мен оқулықтарда олар жеке фонема ретінде берілді.
І.Кеңесбаев және С.Мырзабеков нұсқасы (ХХ ғ. екінші жартысы): а, ә, е, э, ы, і, о, ө, ұ, ү, и, у, я, ю, ё; б, д, ғ, г, ж, з, п, т, қ, к, с,ш, м, н, ң, л, й, р, у, в, ф, х, ц, ч, щ, һ
Сингармонизм теориясының дамуына байланысты қазақ тілінің дыбыс құрамы үндесім тұрғысынан қайта қарастырыла бастады. Сингармонизм теориясы қазақ тілі дыбыстарының құрамын тек «әліпби дыбыстармен» («әліпби дыбыстар» деп Ә.Жүнісбек қазіргі әліпби тізіміне еніп отырған отырған дыбыстарды атайды) шектеуге болмайтынын көрсетті. А.Байтұрсынұлының ғылыми мұрасын жан-жақты зерттей келіп, М.Жүсіпұлы [6] қазақ тілі дыбыстарының айтылым құрамы күрделі екенін көрсетті. Қазақ жазуының негізінде сингармонизм жатқанын және алдағы уақытта да емле-ережеге сингармонизмнің тікелей қатысы болу керектігін дәлелдеп, ұсыныстар жасаған. Сингармонизмен арнайы шұғылданған Ә.Жүнісбек [7] оның екпін, тон тәрізді сөзқұрауыштық қызметінің табиғатын ашып берді. Үнді-европа тілдерінде екпіннің, буын тілдерде тонның тілдегі дыбыстардың басын құрап, сөз етіп біріктіретін қызметі түркі (оның ішінде қазақ тілі) тілдерінде сингармонизмге тән екен. Соған орай қазақ тілінің дыбыс құрамының әуез жіктелімін ұсынды. Сингармонизм тұрғысынан қазақ тілі дыбыстарының үндесім түрленімін Ж.Нәзбиев «...метод сингармонической сегментации казахской речи... позволяет выявить и описать все проиносительные единицы в казахском языке и провести их сингармоническую интерпретацию» [8] талдап шықты.
Фонетиканың әр түрлі саласындағы мамандар үшін зерттеу нысаны ортақ, ол - қазақ тілінің дыбыс құрамы, бірақ әркім өз тұрғысынан, басқаша айтқанда қай тілдік деңгейде немесе қандай құбылыс ретінде талдайды, зерттеудің мақсаты мен міндеті соған байланысты болады.
Ә.Жүнісбек нұсқасы:
а ә п б м
ы і т д н
е қ(к) ғ(г) ң
ұ ү с з р
о ө ш ж л
й
у(w)
Ә.Жүнісбек ұсынған қазақ тілінің дыбыс құрамының өзіндік ерекшеліктері бар. Ең алдымен қазақ тілі дыбыстарын тізбектеп емес, негізгі белгілеріне қарай топтап береді. Дауысты/дауыссыздар өзара екі топқа жіктеледі. Дауыстылар жуан/жіңішке болып және бөлінеді. Ал дауыссыздар болса, дауыс қатысына қарай үшке бір топталса, жасалу тәсіліне қарай тоғысыңқы/жуысыңқы болып тағы жіктеледі. Қазақ тілі дыбыстарының осылай топталу тәсілі олардың жіктелім көрнекілігін арттырады.
Қазақ тілі дыбыстарының жасалымына ерін қатысы екі түрлі болады. Егер дыбыстардың үндесім (сингармонизм) түрленімін ескеретін болсақ, онда езулік [а, ә, ы, і, е] (А1-3 көрсеткіштері) және еріндік [ұ, ү, о, ө] (А4,5) деп екіге жіктей саламыз, ал егер дыбыстардың үйлесім (ассимилятив) түрленімін ескеретін болсақ, онда езуліктің өзін ашық езулік [а, ә] А1, қысаң езулік [ы, і] (А2) және емеурін езулік [е] (А3) деп үшке, еріндіктің өзін доғал еріндік [ұ, ү] (А4) және сүйір еріндік [о, ө] (А5) деп екіге жіктейміз. Сонда қазақ тілі дыбыстарының жасалымына ерін қатысының өзі бес түрлі болады. Мұның өзі қазақ тілі дыбыстарының жасалымында ерін қатысының маңызы үлкен екенін көрсетеді.
Қазақ тілі дыбыстарының жасалу орны ерін, тіл ұшы, тіл ортасы, тіл арты және тілшік болып табылады. Оның ішінде тіл ортасы [ә, і, ү, е, ө] (Е3) мен тіл арты [а, ы, ұ, о] (Е4) дауысты дыбыстарға қатысты болса, ерін [п, б, м, у(w)] (Е1), тіл ұшы [т, д, н, с, з, р, ш, ж, л] (Е2), тіл ортасы [к, г, й, ң] (Е3) және тілшік [қ, ғ, й, ң] (Е4) дауыссыз дыбыстарға қатысты.
Қазақ тілінің төл дыбыс құрамындағы у таңбасымен белгіленіп жүрген ерін-ерінді, жуысыңқы, тербелімді (үнді) дауыссыз дыбысын орыс тілінің у дауысты дыбысымен шатастыру жиі кездесіп жүргендіктен, оның халықаралық таңбасын жақша ішіне алып, арнайы көрсетіп отырмыз.
Оң жақтағы тік қанат дыбыстардың жасалу тәсілін (Б топтамасы) көрсетеді.
Сөйлеу мүшелерінің қазақ тілі дыбыстарының жасалу тәсіліне қатысы да күрделі болып шықты. Тілдің арқалығы (үсті) мен таңдайдың ара қашықтығына қарай ашық [а, ә] (Б1) және қысаң [ы, і, ұ, ү] (Б2) болып жіктеледі. Сонда дауыстылардың ашық/қысаң белгісін дыбыстардың жасалу тәсіліне жатқызып отырмыз. Қазақ тілінің жасалым негізінің фонетикалық заңдылығын сақтайтын болсақ, солай болуы керек. Сөйлеу мүшелерінің екеу ара қалпына қарай жуысыңқы [ш, ж, с, з, л, р, й, ғ(г) у(w)] (Б3-6) және тоғысыңқы [п, б, м, т, д, н, қ(к), ң] (Б7) болып жіктеледі. Жуысыңқының өзі жайылыңқы [ш, ж, ғ, й] (Б4), жиылыңқы (жинақы) [с, з, й, г, у(w)] (Б3), жанама [л] (Б5) және діріл [р] жуысыңқы (Б6) болып тағы төртке бөлінеді. Тоғысыңқы сол бір қалпында қалады.
Қазақ тіліндегі дыбыстардың жасалым түрленімін талдау тілдің дыбыс құрамына тікелей байланысты. Олай болса, қазақ тіліндегі фонетикалық құбылыстарды, оның ішінде дыбыстардың түрленімін, қарастыру үшін, алдымен қазақ тілі дыбыстарының құрамын анықтап алу керек болады. Өйткені оқулықтар мен оқу-бағдарламасында болсын, ғылыми монографиялар мен мақалаларда болсын дыбыс саны әртүрлі аталып келе жатқандығы көрінді. Өйткені қазақ тілінің дыбыс құрамы дұрыс анықталмаса, онда дыбыс түрленімінің жүйесі бұзылады.
Алғашқы дәуір (ХІХ ғ) зерттеушілері қазақ тілінде отызға жуық дыбысты атап өтеді. Оның себебі қазақ тіліне кейбір кірме дыбыстар мен дыбыстардың аллофон үлгілерін (аффрикат дж, кейбір дауыссыздардың жуан/жіңішке варианттарын) жеке дыбыстардың қатарына жатқызып отырды. Сол кездегі түркі тілдерін зерттеген ғалымдардың бәріне тән пікір болған. Дыбыстардың шеп түрленімі жайлы мәлімет табылмады.
Келесі дәуір (ХХ ғ. басы) зерттеушілері қазақ тілінің дыбыс құрамын анықтағанда да дыбыстардың үндесім варианттарына баса көңіл бөліп отырған. Үндесім әуезін қазақ тіліндегі барлық дыбыстарға бірдей тән деген. Қазақ тілі дыбыстарының шеп түрленімі жайлы арнайы сөз болмағанымен, дыбыс түрленіміне байланысты мәліметтер бар. Араб-парсы сөздерінің кітаби үлгісіне байланысты бірлі-жарым кірме дыбыстар қазақ дыбыстарының құрамына ене бастаған сәт болды.
Қазақ тілі дыбыстарының құрамының бірден өзгерген дәуірі ХХ ғ. екінші жартысы болды. Бұл кезде араб-парсы тілінен енген дыбыстар емле-ереже арқылы заңдастырылды және орыс тілі арқылы енген дыбыстардың сесебінен қазақ тілі дыбыстарының құрамы қырық шақты болды.Қазіргі кезде ғана кірме дыбыстар қазақ тілі дыбыстарының құрамынан шығарылып, төл дыбыстардың құрамы ықшамдалды.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Ильминский Н.И. Материалы к изучению киргизского наречия. - Казань, 1860. -123 с.
2. Радлов В.В. Опыт словаря тюркских наречий. В 4-х томах (8-и книгах). Санкт-Петербург, 1888-1911.
3. Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992. -446 б. 4.Досмұхамедұлы Х. Аламан. – Алматы: Ана тілі, 1991. – Б. 81-99.
5. Кеңесбаев І., Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. - Алматы: Ғылым,1975. - 304 б.
6. Жүсіпұлы М. Ахмет Байтұрсынов және қазіргі қазақ тілі фонологиясы. - Алматы: Ғылым, 1998. – 215 б.
7. Джунисбеков А. Сингармонизм в казахском языке. - Алма Ата: Наука, 1980. – 78 с.
8. Нәзбиев Ж. Сингармоническое описание произносительных единиц в казахском языке. – Алматы: Ғылым, - 1998. 166 с.
Функционалды грамматиканың негізгі ұғымдары
Н.А.Ешмагамбетова
ҚазМемҚызПУ-дың 2-курс магистранты
Соңғы кезде тіл білімінде грамматика жеке деңгей ретінде морфология мен синтаксисті ғана қарастырумен шектелмей, тілдің лексика, сөзжасам салалаларын да қамтитын, кең ауқымды функционалды-семантикалық категорияларды зерттей бастады.
Тіл білімінде функционалды зерттеулер бірнеше бағытта жүргізіледі. Олар: А.Б.Бондарконың «функционалды-семантикалық өріс» теориясы бойынша зерттеу, Г.А.Золотованың коммуникативтік синтаксистік зерттеу бағыты, сонымен қатар тілдік бірліктердің қолданыстағы мағыналарын зерттейтін «тұлғадан мағынаға қарайғы» функционалды бағыт т.б.
Бұл зерттеу бағыттарының ішінде дәстүрлі грамматикада құрылымдық бағытпен бірге зерттеліп келе жатқаны – «тұлғадан мағынаға қарайғы» семасиологиялық бағыттағы функционалдық зерттеулер. Бұл бағыттағы зерттеулер қазақ тіл білімінде көбінесе белгілі грамматист-ғалым Р.С.Әмірдің жетекшілігімен жазылған болатын. Бірақ бұл бағыттағы зерттеулердің де ғылыми әдістемесі, зерттеу тәсілі, жүйесі толық жасалмаған. Ал жоғарыда аталған функционалды бағыттардан Г.А.Золотованың зерттеу бағыты да қазіргі кезде жүйелі функционалды бағыт ретінде қалыптаспаған. Нәтижесінде бұл бағыт бойынша зерттелген ғылыми зерттеулер де аз.
А.В.Бондарконың (Ленинград мектебі) зерттеу бағыты аталған функционалды зерттеулердің ішіндегі әдіс-тәсілдері қалыптасқан, жүйелі құрылымға салынған бағыт болып табылады. Грамматикалық ономасиологияның зерттелу тарихын жазған ғалым В.П.Даниленко А.В.Бондарко негізін қалаған функционалды грамматиканы «деңгейаралық ономасиологиялық грамматика» деп атап, оның жүйелілігі туралы былай деп жазады: «Межуровневая ономасиологическая грамматика имеет дисциплинарную структуру, во-первых, потому, что языковые средства служащие для выражения определенной содержательной категории, маркируются с точки зрения их принадлежности к тому или иному уровню языковой структуры, а во-вторых, эти средства упорядочиваются в соответствии с определенным принципом. У А.В.Бондарко это принцип центра и периферии функционально-семантического поля» [1, с. 12]. Осындай артықшылығының арқасында А.Б.Бондарко негізін салған функционалды бағыттағы зерттеулер орыс тіл білімінде, түркі тілдері бойынша, сонымен қатар қазақ тіл білімінде де бір жүйемен жазылып келеді.
Біздің (қазіргі зерттеліп жатқан функционалды бағыттағы зерттеулердің көпшілігі дерлік осы А.Б.Бондарконың зерттеу бағытын, функционалды-семантикалық өріс теориясын ұстанады) қазіргі кезде семантикалық зерттеу еңбектерінде сүйеніп отырған теориялық бағытымыз – А.В.Бондарко (ленинград мектебі) негізін қалаған функционалды грамматиканың негізгі ұғымдары.
Орыс тіл білімінде функционалды грамматика теориясын А.В.Бондарко жоғарғы дәрежеге көтерді. Ол өз шәкірттерімен бірге аспектуалдылық (қимылдың өту сипаты), темпоралдылық (шақ), таксис, персоналдылық (жақ), модальдылық, субъектілік, объектілік, сандық, сапалық, белгілілік, белгісіздік категорияларын зерттеп, функционалды грамматика теориясын жасады [2]. Ғалымның «Теория функциональной грамматики» деп аталатын еңбегі 1987 жылдан бастап жарық көріп, басқа өрістер бойынша 1990, 1991, 1992, 1996 жылдары қайталап шығып отырды. Оларда жоғарыда аталған функционалды-семантикалық өрістердің тілдік табиғаты ономасиологиялық бағдар бойынша кеңінен қарастырылады.
Орыс және шетел тіл білімінде функционалды грамматика мәселесі ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап зерттеліп келе жатқан болса, қазақ тіл білімінде бұл мәселе көбінесе салғастырмалы тұрғыдан көбірек зерттеліп, ал таза қазақ тілінде бірлі жарым еңбектерді атамағанда, енді ғана зерттеу нысанына айналып жатыр деуімізге болады.
Қазақ тіл білімінде функционалды грамматика мәселелері ғылыми тұрғыдан белгілі ғалым З.Қ.Ахметжанова еңбектерінен бастау алады. Осы бағыттағы функционалды грамматиканың негізгі теориялық мәселелері ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталып, орыс және қазақ тілінің материалдары бойынша З.А.Ахметжанова (аспектуалдылық, тәуелділік, компаративтік) [3], [4] еңбектерінде зерттелді.
Әсіресе, орыс, ағылшын, қазақ т.б. шет тілдерімен салғастырмалы тұрғыдан көбірек қарастырылған.
Қазақ тіл білімінде функционалдық бағытта темпоралдылық категориясының көркем мәтіндегі тілдік сипатын профессор С.С.Құнанбаева , Қ.Рысалды сын категориясын, болжалдық категориясын Г.А.Медетова , бұйрық рай категориясының функционалды семантикалық қырларын Л.Дүйсембекова , модалдылық (мүмкіндік) категориясын С.Құлманов , бұйрықтық модальділігі бойынша [5, 24-29 б.] таксис категориясын Г.К.Шайрахметова , М.Б.Нұртазина ,А.Тураева белгілілік, белгісіздік категориясын, зерттеді. Бұл жұмыстар қазақ тілінің функционалды бағытта жазылған еңбектердің алдыңғы қатарында тұрады.
Қазақ тілінің функционалды грамматикасы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында іргелі зерттеу тақырыптарының бірі болды. Осы бағытта институттың жас ғалымдары Б.Қапалбеков таксис категориясын М.Жолшаева аспектуалдылық категориясын [6, 147-149 б.], О.Жұбаева персоналдылық категориясын А.Жаңабекова темпоралдылық категориясын Ә.Солтанбекова шақтық локальдылық категориясын зерттеп, аталған функционалды-семантикалық категориялардың жеке мәселелеріне байланысты ғылыми мақалалар жариялады.
Қазақ тілінің функционалды грамматикасының негізгі мәселелері мен жекелеген семантикалық категориялар бойынша соңғы жылдары біраз мақалалар жарияланды. «Қазақ грамматикасының өзекті мәселелері» (2007) деген тақырыпта ғылыми жинақ ретінде ұсынылды. Жинақта темпоралдылық, персоналдылық, аспектуалдылық, модалдылық, шақтық локалдылық категориялары бойынша қысқаша мәлімет берілген.
Грамматикалық категориялар болсын, семантикалық категориялар болсын өз бастауын логикадан алады. Грамматикалық категориялар өз бастауын логикадан алғанмен, Ф.Соссюрдің «тілдік таңба» теориясы бойынша абстракцияландырылып, тілдік жүйеге түсірілген, о баста логикадан, ұғымнан барып тілдік құрылымға түсірілген жүйе әбден тұрақталғаны сонша, тілде формальдылық (структурализм) құбылысының берік орнығып, қалыптасуына әкелген. Нәтижесінде ұғымның тілдік көрінісін сипаттайтын бастапқы бағыт тоқырай бастаған.
Ал функционалды-семантикалық категориялардың негізінде ұғымдық категориялар (понятийные категории) жатыр. Ұғымдық категория терминін алғаш ғылыми айналымға түсірген – О.Есперсен.
Ұғымдық категориялар адам ойының, санасының дүние-болмысты танып, меңгеруі нәтижесінде түйсініліп, тілдік формада қалыптасады [7, 119 б.]. Ұғымдық категориялар логикалық және психологиялық категорияларға негізделіп, сол категориялардан тілдік құралдарға қарай бағытталады. Қ.Рысалды функционалды-семантикалық категорияларды ұғымдық категориялардың тілдік формалары деп атайды . А.В.Бондарко бұл термин тілдік категория ретінде қабылдану үшін басқаша атауды ұсынады: «Ұғымдық категория деген термин көбінесе логикамен байланысты қаралады. Осыдан қашу үшін әзірше «функционалды-семантикалық категория» деген терминді қолдануды жөн көріп отырмыз» - дейді.
Адамдардың ақиқат дүние туралы танымы ұқсас болғандықтан, ұғымдық категориялар да адамдардың барлығына ортақ. Ол тілден тыс өмір сүреді, тілге тәуелді болмайды. Тіл ғылымында мұндай табиғи универсалийлер ұғымдық категория терминімен аталып, логикалық және тілдік категорияның арақатынасы, байланысы тұрғысынан қаралады.
Грамматикада ішкі және сыртқы құрылымынан зерттеу тәсіліне қарай мынадай екі бағыт қалыптасқан: бірінші бағыт: формадан мағынаға қарайғы (Ф → М); екінші бағыт: мағынадан формаға қарайғы (М → Ф).
Тілді осы тұрғыдан зерттеу тіл жүйесін, оның бірліктері мен категорияларын семасиологиялық және ономасиологиялық бағдарлар бойынша зерттеумен байланысты.
Семасиологиялық бағдар тілді таңбалар жүйесі тұрғысынан алып, тілдік бірліктердің мағыналық, семантикалық сипаттарын қарастырса, ономасиологиялық бағдар, керісінше, мазмұнның тілдегі көрінісін қарастырады. Семасиологиялық бағдар үшін тұлға біріші орында тұрса, ономасиологиялық бағдар үшін мазмұн маңызды болып табылады.
Функционалды грамматиканы зерттеу кезінде А.В.Бондарконың функционалдық бағыты бойынша «мағынадан тұлғаға» және «тұлғадан мағынаға қарайғы» екі бағыт та қатар ұстанылады. Функционалды грамматикада аталған зерттеу бағыттарының бірі негізгі бағыт саналғанмен, екінші бағыт та (тұлғадан мағынаға қарайғы) оның зерттеу әдісінен тыс қалмайды. Функционалды грамматика мағынадан формаға қарайғы зерттеу бағытын ұстанғанмен, тіл фактілерін айқындау барысында формадан мағынаға қарайғы зерттеу бағытын да қолданып отырады.
Бұл туралы А.В.Бондарко былай деп жазады: «Функционалды грамматикада «мағынадан формаға қарайғы» бағыт белгілі бір семантикалық категорияның тілдік құралдарын анықтап алғанға дейін ғана ұстанылады. Бұдан кейін тілді зерттеу автоматты түрде кері бағытқа қарай ауысады. Әсіресе, семантикалық категориялардың ішкі бөлінісі, яғни субкатегориялану, семантикалық варианттар туралы мәселеге келгенде нақты тілдік құралдардың мағыналары мен мағыналық реңктеріне назар аудару қажет болады. Ал бұл мағыналар мен мағыналық реңктерді нақты тілдік бірліктердің қызметіне талдау жасау нәтижесінде ғана анықтауға болады» [8, 14 б.].
Өріс құрамындағы тілдік құралдардың тілдік құзыретін айқындау кезінде аталған формадан мағынаға қарайғы зерттеу бағыты ұстанылады.
Сөйлеудің тілден әрқашан үлкен болуымен байланысты «мағынадан формаға қарайғы» бағыт «формадан мағынаға» қарайғы бағытты ұстанатын тілдік жүйеден күрделі. Дәстүрлі грамматика тілді жүйе тұрғысынан сипаттауды мақсат етсе, функционалды грамматика сол тілдік жүйедегі тіл бірліктерінің сөйлеу кезіндегі жұмсалымын қарастырады, яғни тілдің өзін емес, «сөйлеуді зерттеу нысаны етіп алады да, оны адамның ойлау әрекетімен бір ғылыми кең астастықта қарастырады... Осы жағынан келгенде грамматикалық жүйені ғана сипаттайтын дәстүрлі грамматикаға қарағанда, жүйені ғана емес, оның жұмсалу ортасын қоса алып қарастыратын жұмсалымды грамматиканың ауқымы әлдеқайда кең деуге әбден болады» [9, 79 б.].
«Тұлғадан мағынаға қарайғы» зерттеу бағыты тұлғалық грамматикадаға жалғыз зерттеу әдісі болса, мағынадан бастап зерттейтін функционалды грамматикада тұлғадан мағынаға қарайғы дәстүрлі зерттеу бағыты міндетті түрде қатар жүріп отырады. Бірінші бағыт өз алдына жеке зерттеу бағыты ретінде ұстанылып, екінші бағытқа тәуелсіз қолданыла алса, екінші бағыт бірінші бағыттың қатысынсыз функционалды грамматиканың мәселелерін өз бетінше шешіп бере алмайды.
Пайдаланылған әдебиеттер
1 Даниленко В.П. Ономосиологическое направление в грамматике. – М.: Издательство ЛКИ, 2007. – 344 с.
2 Бондарко А.В. Теория функциональной грамматики: Введение. Аспектуальность. Временная локализованность. Таксис. – Л., 1987. – 352 с.
3 Ахметжанова З.К. Принципы сопоставительного функционального исследования казахского и русского языков: автореф. … докт. филол. наук. – Алматы, 1989. – 46 с.
4 Ахметжанова З.К. Функционально-семантические поля русского и казахского языков. – Алма-Ата: Наука, 1989. – 108 б.
5 Құлманов С. Бұйрықтық модалдігінің семантикалық құрылымы // ҚР ҰҒА Хабарлары. Тіл, әдебиет сериясы. – 2007. – № 1 (161). – Б. 32-37.
6 Жолшаева М. Функционалды-семантикалық өріс ұғымы //Академик Р.Сыздықтың 80 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференция материалдары. – Алматы, 2004. – Б. 147-149.
7 Рысалды Қ. Тілді функционалдық тұрғыдан зерттеудің қазіргі ұстанымдары // Қазақ грамматикасының өзекті мәселелері. – Алматы: Кие, 2007. – Б. 98-126.
8 Бондарко А.В. Функциональная грамматика. – Л.: Наука, 1984. – 135 с.
9 Қапалбеков Б.Тұлғалық және функционалдық бағыттың ерекшеліктері // Қазақ грамматикасының өзекті мәселелері. – Алматы: Кие, 2007. – Б. 74-98.
Достарыңызбен бөлісу: |