Исаев оқулары (ғылыми мақалалар жинағы) Алматы, 2016 ббк пікір жазғандар


Түсіну – әлем, планета, Отан, туған жер, адамзат, мекен, орын, пана, қорек көзі. Сезіну



бет4/28
Дата09.04.2018
өлшемі5,26 Mb.
#40093
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28

Түсіну – әлем, планета, Отан, туған жер, адамзат, мекен, орын, пана, қорек көзі.

  • Сезіну– құрғақ, ылғал, көктің иісі, гүл иісі, жер иісі, көктем иісі.

  • Қабылдап, түйсіну – қатты, жұмсақ, жағымды, ыстық, дөңгелек, қара, жақсы, жаман, жаңа өңделген, тоңазыған, тыныштық, сенімділік, балшық, лас

  • Көзге елестету– жазық дала, құт, орман, туған үй, табиғат, өмір, космостан көрініс, шар. Жинақтай келе, мынадай кестемен беруге болады:

    Концептінің перифериялық немесе интерпретациялық кеңістігі паремиядан, қанатты сөздерден, фразеологиялық тұрақты тіркестерден, ұлттық санада ментальді-тілдік мәдениетпен қалыптасқан ой-жүйеден көрініс табады. Қазақ танымында жер концептісінің интерпретациялық кеңістігін мысал арқылы байқап көрейік.



    Жер-мекен. «Ес біліп, етек жиған жер (мекен) – Ақыл кіріп, оңды-солды білген мекен. Тайсойған-Орал еді туған жерім. Ес біліп, етек жиып жүрген жерім. Айғырды қаңтарда бел бүгілдіріп, Құйрығын әсемдікке түйген жерім (М.Мөңкеұлы)[2.216].

    Жер-әлем, жаһан. «Бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Жер жиһанды түгел шарлады, кезбеген жері жоқ» [2.116]. «Жер жүзін шайқады, әлемді билеп-төстеді. Бағынбаған жауым бар, Алынбаған арым бар, Жержүзін шайқар жайым бар (Б.Күлеев)» [2.260].

    Жер-шартарап. «Дабылы жер жарды, даңқы шартарапқа жайылды. Сол орманның ішінде Малхуан сұлудың мекені бар. Малхуан білімді, көрікті деп дабылы жер жарып жатыр» (Қазақ ертегі) [2.179].

    Жер-ана. Жер - ана, мал – бала (мақал). Мысалы: 2014 жылдың қазан айында Маңғыстау облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрында ұлы қаламгер Ш.Айтматовтың сонау елу бір жыл бұрын жазылған «Құс жолы» повесті бойынша сахналанған «Ана-Жер ана» қойылымының премьерасы ХІІ-ші маусым шымылдығын ашты. Ана-Жер ана» қойылымы арқылы режиссер халықтың адами құндылықтарының жойылып бара жатқанын меңзеген.(Алтай Т.).

    Мұнда жер ана сөзіне балама ретінде жұмсалып, асыраушы, өмір беруші мәнінде қолданылған.



    Туған жер. Қазақ үшін жердің төресі – туған жер концепті кіші отан, өмірге келген туған шаңырақ мәнімен қатар үлкен отан – ел мәнінде қолданылғанына мақал-мәтелдер дәлел. Мысалы, Туған жерге туың тік, туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас. Туған жердің ауасы да шипа. Басқа жердің отынан туған жердің түтіні артық. Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың.

    Жер - белгісіздік. « Баз бір жерде, кей жерде. Баз бір жерде жүгіріп, Баз бір жерде кідіріп, жүгіре басып барады-ай («Алпамыс батыр»)» [2.110].

    Жер - пана. «Басын қоярға жер таппады, әбден қиналды, пана болар жай таппады, не істерін білмеді, әуреге түсті. Адам көп. Адамнан шыбын көп. Кішігірім бармақтай қара шыбандар ызыңдап келіп тобымен жабылғанда, басыңды қоярға жер таппайсың (Ғ.Мұстафин) [2.130].

    Жер - алыс-жақын, қашықтық. «Арасы жер мен көктей, арасы жер мен аспандай - өте қашық, өлшеусіз алыс. Мысалы, Мырқал аға, уыс сіздікі, жолдас біздікі. Бірақ азғындық пен Нұрланның арасы жер мен көктей емес пе еді, әзірше сабыр етіп байқасақ болмас па еді?- деді (Ә.Әбішев) [2.57] деген мысалға қарасақ, жер мен көк ұғымын оппозициялық бағытта пайдаланып отыр. «Ат жетпес, атан жетпес жер, ат аяғы жетер жер» [2.73], «Жер аяғы қиянда, жер түбі, ит өлген жер, ит арқасы қиян» деген сынды тұрақты тіркестер «Ат тұяғы жеткізбес алыс шет. Астында киік танау Тышқансұр ат, Долданып шапқан сайын құтырынад. Қоймаймын жер түбіне кетсеңдер де Айқас деп, жігіт болсаң айқай салад (И. Байзақов); Қиыр жайлаудан, ит арқасы қияннан, күн-түн қатып тұрып алмай, қалаға келсем, ол болса, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, - деді Манас (М. Әуезов) [2.258] жазушылар шығармаларынан орын алған.

    Оқ атым жер, оқ бойы жер, тай шаптырым жер халықтық өлшемде өте жақын, тым жаяу, оқ жетер қашықтық, садақ, мылтық, оғының тік ұшып барар шамасы сынды тіркестер мысалдардан көрініс тапқан: оқ бойы жерге келіп сәлем берді, Қосшыға атын тастап қарсы жүрді (И.Байзақов), оқ жететін жерге жақындамады (Ә. Нұрпейісов), Жері жоқ ине шаншар адам тұрған, Жаяулап тайшаптырым жерге келді (І. Жансүгіров) [2.548].



    Жер-қоныс. Халық арасында жер ауды тіркесі кеңінен пайдаланылады. Мысалы: Еріксіз қоныс өзгертті, басқа жерге көшті. Тоқа деген кісі жер ауып жүріп шығарған екен бұл күйді. (С. Мұқанов)

    Жер – жазық. Байтақ дала, кең байтақ жер. Кең жазық, үлкен өлке. Жатыр шалқып байтақ дала, кеңпейіл, құшақ жая, шық дегендей төріме (А. Хангелдин) [2.111].

    Жер – көк. «Жер» мен «Көк» бір-біріне ұқсамайтын антонимді құрағанымен, олардың арасындағы үзілмес байланыс бар. Яғни жерсіз көк, көксіз жерді елестету мүмкін емес. «Тілдің фразеологиялық қорындағы кейбір оралымдарда «жер» (адам көңілінің жағымсыз эмоцияларының) және «көк, аспан» (жағымды эмоциялардың) оппозициясы байқалады.» [3.345]. Салыстырып қарасақ, адам жағымсыз, қиын, жаман жағдайларға тап болғанда «жер болады», «жерге кіріп кете жаздайды», «көзімен жер шұқиды», «жер жұтып кетсеші», «жер ғып кетті», «жер соқты», «жер тепсінді», «жер сабады», «жерден алып, жерге салды», «жерге отырғызып кетті» деген секілді тіркестерді кездестіреміз. Ал қатты қуанғанда адамға «қанат біткендей болады», «құстай ұшады», «төбесі көкке екі елі жетпей қалады».

    «Жер» мен «Көк» концептілері тіл білімінде «өлім», «Құдай», «адам», «кеңістік», «уақыт» сынды сөздермен тығыз байланысты. Оны «жер-көкке сыйғызбады», «жер-көкте жоқ», «жер-көкті басына көтерді», «жер-көкті шарлады» деген секілді тұрақты тіркестерден аңғаруға болады.



    Жер – топырақ. «Топырағыңды жерден бұйыртсын», «Топырағы торқа болсын», «Топырақ бұйырды» деген фразеологизмдердің жердің номинативті атау екендігін аша түсетін көрсететін мысалдар бар: «Уа, Қозыбай, дәм-тұзыңды елден жазсын, Топырағыңды жеріңнен жазсын!; Тыңда мұны құлақ сап, Артық туған үздік-ақ, Топырағы торқа боп, Жарылқасын жалғыз хақ (Шешендік сөздер); Көктемей жатып қиылды, жат жерден топырақ бұйырды (М.Әлімбаев) [2.684].

    Жер-қойны. «Қара жердің таласы», Мысалы: Жержүзін жұтса да тоймады, қара жердің талысы (Шешендік сөздер) [2.418].

    Жер-өлке. «Байтақ дала, кең байтақ жер»- мысалы: кең жазық, үлкен өлке. Жатыр шалқып байтақ дала, кеңпейіл, құшақ жая, шық дегендей төріме (А. Хангелдин) [2, 111 бет].

    Жер-жәннат. Ел аузында кең тараған жер шырайы жәннат тіркесі кеңінен пайдаланылады. Жер жәннатты кейде құнарлы жер деп синоним атау ретінде пайдалануды да кездестіреміз. Мысалы: Қоныс қыпсың орнығып, Алатаудың бауырын, Егіндікке жыртыпсың Жердің шырай тәуірін (Халық әндері) немесе Жер жәннаты Жетісу, Тамаша ғой айналам (Қазақ әндері) [2.262]. Келтірілген деректер, жер сөзінің номинативтік өрісінің кеңдігін, сан алуан мағынада жұмсалатынын көрсетеді.

    Пайдаланылған әдебиеттер:

    1. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі/ Жалпы редакциясын басқарған Т.Жанұзақов.-Алматы: Дайк-Пресс, 2008. - 968 б.

    2. Фразеологиялық сөздік. –Алматы: «Арыс» баспасы, 2007. 800б.

    3. Сүйерқұл Б. «Хорезмидің «Мухаббатнамесіндегі» (ХІҮ ғ) лингвосемиотикалық кеңістік. Алматы, 2011.



    М.Шаханов дискурсындағы афоризмдер

    ҚазМемҚызПУ 4-курс студенті Қамырхан Айжан

    Ғылыми жетекші: Қанабекова М.Қ.

    Қазіргі тілтанымдағы антропоөзектік бағытқа сәйкес тілдің жалпы заңдылықтары мен ұлттық мәдени құндылықтарды қаншалықты меңгергенін анықтау үшін жеке тұлғаның, яғни тіл қолданушысының дискурсын зерттеу қажеттілігі туындайды. Бұл зерттеу бағыты тұрғысынан көрнекті ақын М.Шахановтың шығармашылық әлемін оның тілдік тұлғасын анықтау арқылы тануға жол ашады. Демек, М. Шахановтың сөз құдыретін, көркемдік әлемін тану үшін оның шығармашылық тілін қазіргі лингвистикада белсенді дамып келе жатқан лингвомәдениеттану, когнитивті лингвистика, прагмалингвистика бағыттарымен байланыста қарастыру – көкейкесті мәселе.

    Қазақ тілінің даму, баю тарихындағы ірі тұлғалардың құнды мұралары қазақ мәдениеті, тілі мен әдебиетінің тұтастығын сипаттайды, сол себептен де осы сабақтастықтағы М.Шахановтың орны мен рөлін  тану маңызды болып табылады. Бұл маңыздылық әсіресе зерттеу нысаны ретінде шығармашылық мұрасы өзіндік қайталанбас өрнегімен оқшауланып тұратын, тіл мен мәдениет дамуына елеулі үлес қосқан тілдік тұлға алынған кезде арта түседі.

    М.Шаханов шығармаларының идеялық-мазмұндық мәні мен тақырыптық, жанрлық ерекшеліктері және тілінің лингвостилистикалық сипаты негізінен тілші, әдебиеттанушы ғалымдар тарапынан мүлде зерттелмеген.

    Сөз өнерін, тiл құнарын терең игерiп қана қоймай, көркем сөз үлгілерін тамаша түрлендiре де бiлетiн сөз зергерiнiң ойшылдық та суреткерлік қабілеті айрықша. Ойшыл қаламгердің сөз сұлулығы мен ой тереңдiгi екi түрлi категория емес, автордың тұтастай бар болмысын, тұлғалық бейнесін айқындай түседі.

    Бұл мақалада ақын тұлғасын танудың тілдік қырларының бірі – оның дискурсындағы терең ой мазмұнына құрылған афоризмдерін жеке сөз етуді мақсат еттік.

    Ақынның афоризмдері оның ой ұшқырлығы мен көркемдік шеберлігін бір арнаға тоғыстырған дүниетаным тереңдігінен туған сөз үлгілері болып табылады. Зерделеу барысында ақын М. Шаханов поэзиясында афоризмдердің жиі қолданылғанын байқадық. Афоризмдер мазмұнында ықшамдалған ой-түйіндер жымдаса бірігіп, жүйелі де тұтас ойдың бір сілеміндей болып, автор идеясы мен мәтін құрылымын айқындауда белсенді сипат иеленеді.

    Кез келгеннің қолы жетпес,

    Кез келгеннің жолы жетпес,

    Айналайын ұлы достық, ұлы достық, атыңнан.

    Достықтың ұлы сезім екенін бағамдай келіп, оны махаббаттан да жоғары қойған ақынның ой-түйіні – достыққа адал болу. Дос бақытын өз бақытындай көру – ақын ойының түйіні.

    «Афоризмдер – терең ойға құрылған, жан-жақты байыптау барысында алынған, барынша қысқа да ықшам, көркем келісіммен келген, нақты бір автордың қаламынан туған тиянақты ой жүйесі. Афоризм – қазақ менталитетіне аса жақын жанр. Афоризм – өзінің құнарлы ойларын «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйіп» үйренген қазақ халқына тән сөз өнері» [1]. Көлдің көркі – орман.

    Туған елдің гүлі –

    Тағдырының нұры. Бұл жерде туған жерге деген сүйіспеншілік, туған жер табиғатын аялау, т.б. ақын поэзиясында афоризмнің пайда болуына әсер еткен экстралингвистикалық құбылыстар. Үш өлшем бар –

    Биіктік пен тереңдік,

    Бұл үшеуін бағаламау – көзсіздік һәм кереңдік.

    Автордың үш өлшемге жатқызған тереңдік пен биіктік – күллі әлемді таң қалдырған білімділік пен ақылдылық болса, оны көрмеу – пенделік, осы өлшемді ұсынған ақынның көрегенділік қасиеті.

    «Прозаик, ақын, иә, сыншы болсын қай-қайсы да жалпы халықтық тілді пайдаланатыны баршаға мәлім. Солай бола тұра, жеке таланттың тілі деген ұғымды қолданатынымыз да белгілі. Сол шарттылықтың өзінде шындық барын тағы ескермесе болмайды, өйткені көпшілікке етене таныс сөздерді жаңа қырымен, соны бояуымен өзгеше өңмен жұмсай білушілік – жазушы талантын танытатын құбылыс. Әр қаламгердің сөйлем құрау даралығы да осыны дәлелдейді» [2]. Мысалы, ұлы Абайдың «Білімсіздік – хайуандық», «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» т.б. афоризмдерінің халық санасында берік орын алғандығы белгілі, бүгінгі күні ол даналық сөздер тілдік қолданыста мақал-мәтел ретінде жиі жұмсалады. Мақал-мәтел мен афоризмдер тіліміздің мәйегі болып табылады. Екеуінің айырмашылығы мақал-мәтел – халық даналығы, ал афоризмдер – белгілі қаламгердің төл туындысы.

    Талантты ақын қолданған айшықтау құралдары, өзіндік метафоралары, соны теңеулері мен тың эпитеттері т.б. сөз қолданыстары сөздік қорымызға қосылған үлкен байлық деп білеміз. Сонымен қатар ұлы қаламгер қазақтың поэтикалық тіл өрнегінің бұрынғы дәстүрлі нормаларын жетілдіру, түрлендіру, кеңейту жолында көп еңбек етті. Поэтикалық көріктеудің жаңа амалдарын, соны құралдарын ұсынды. М.Шахановтың поэтикалық тілінде көзге түсетін ең үлкен құбылыстың бірі – фразеология саласына тұрақты тіркестерді әкелуі, афоризмдерінің молдығы. Авторлық фразеологизмдердің уақыт өте келе афоризмдерге айналуы айқын байқалады. Тұрақты тіркестер тек көріктеу құралы ғана емес, жазушының көзқарасын, идеясын, суреттеп отырған кейіпкерінің ішкі жан дүниесін, болмысын таныту мақсатында да қолданылады. Сол себепті де көрнекті ғалым Р.Сыздық: «Көркем туындының тілін лингвистикалық стилистика тұрғысынан талдау дегеніміз – тілдің жеке бөліктерін (единицаларын) түгендеу емес, сол бөліктердің, айталық, сөздердің, тіркестердің, сөйлемдердің қолданысын, қолданыстағы көрінісін зерттеу болмақ. Нақтылай айтсақ, сол бөліктерді теріп алып, жалаң көрсете салу – көркем тілді зерттеушінің шаруасы емес, сол сөздердің қолданысы қандай мақсатты өтеп тұр, солар арқылы жазушы нені, қалай суреттеп тұр – осыларды тану керек» – дейді [3, 5 б.].

    Қанатты сөздер – тарихи тұлғалар мен көрнекті қоғам қайраткерлерінің, ойшылдар мен көркем сөз шеберлерінің, ғалымдардың шығармаларында немесе фольклорлық, публицистикалық туындыларында кездесетін, қолдануға тұрақты, бейнелі, терең мағыналы нақыл сөздер, афоризмдер [4,198 б.]. Қанатты сөздер де айтайын деген ойды бейнелі, мәнерлі етіп жеткізу мақсатында стилистикалық тәсіл ретінде жиі жұмсалады.

    М. Шаханов туындыларында қанатты сөздер, яғни афоризмдер молынан және ой қисындылығымен ұшырасады. Мұндай сөз өрнектерін ақынның шығармаларының қай-қайсысынан да кездестіруге болады.



    Ән туады мұраттан,

    Ой туады сұрақтан,

    Небір үлкен өзендер басталады бұлақтан.

    Мұндай нақылдан көркем сөзбен жеткізілген автордың философиялық ой-түйіні байқалады. Ақын барлық нәрсенің алғашқы көзі болатындығын түйіндей білген.



    Өмір кейде тым қатал, өмір кейде тұйықтау,

    Кей өзеннің жолына бөгет болар биік тау.

    Келтірілген мына үзіндіден күнделікті тұрмыста түрлі кедергілердің болатынын айтқан бейнелі ой-тұжырымы анық аңғарылады.

    Ақынның кейбір қанатты сөздері адам мінезін, қылығын, болмысын тануға байланысты болып келеді.

    Достық деген ізгіліктің алаңы

    немесе


    Отанын да сатып кете алады,

    Қиын шақта досын сатқан адамдар.

    Афоризмдер адам санасына өзінің айрықша ой тереңдігімен әсер етеді. Әрі оның негізгі мағынасы бейнелі ойлау нәтижесінде ғана аңғарылады.

    Ақын-жазушылардың айшықты сөз үлгілері нақыл сөзге айналу үшін терең мағыналы болумен бірге мақал-мәтелдер сияқты құрылысы жағынан ықшам әрі көркем, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетіндей» болуы қажет.

    Мағыналы терең ойды қысқаша бейнелейтін мақал-мәтелге ұқсас, айтуға оңай көркем сөз тіркесі нақыл сөз деп танылады. Яғни нақыл сөздерге сан алуан құбылыстарды, әлденеше рет бақылаудан туған қысқа әрі ойлы, образды, үзілді-кесілді айтылған, авторы белгілі, баламалық қасиеті мол, тұжырымды ереже-қағидалар жатады. Қанатты сөз айтайын деген ойды қысқа, әрі бейнелі көркем түрде білдіретін өзіндік әуен, ырғағы бар, ел аузында жатқа айтылып кеткен, ұтымды сөздер тізбегі болып табылады: Тасын ала берсең, тау да таусылады (Халық сөзі). Ал өсиет-дидактикалық сөздер тобына қысқа сөзбен көп ойды білдіретін, ашық мағыналы, үгіт-насихаттық қызмет атқаратын аталы даналық қағидалар жатады.

    Көркем сөздің басқа түрлерімен салыстырғанда ол өмір шындығынан жеке сезім мен ерекше жайларды ғана алмай, жалпы және типтік құбылыстарды алып, ой қорытады, соған орай бейнелілікке емес, ойға арқа сүйейді. Дегенмен әлі де қанатты сөз бен нақыл сөздің, мақал-мәтел мен өсиет сөздің ара жігін ажырату көпшілікке қиындық туғызып келе жатқаны сөзсіз. Осы орайда «ойды қысқа, бейнелі жеткізу» деген шарттардың өзі афоризмдер табиғатын тануға бірден-бір өлшем бола алмайды деп ойлаймыз. Өйткені айтылған ой үнемі ықшамдылығымен, бейнелігімен көңілде жаттала бермейді, ондай қасиеттер варваризм мен вульгаризмде де болады. Сөз арқылы сыртқы шыққан ойдың көпшілік көңіліне қонып, жатталып қалуы көбіне айтар ойдың қисындылығы мен тереңдігіне, сөз саптаудың шеберлігіне тікелей байланысты. Осы тұрғыдан келгенде, М.Шаханов – қазақ поэзиясының көш басында тұрған ірі тұлғалардың бірі десек, артық айтқандық емес. Ақын шығармаларының көпшілігінде ой тереңдігі басым жатады. Ол кейіпкердің ішкі тебіренісін шебер суреттей отырып, өзі де ой қосады, кейіпкерлеріне де терең мағыналы тұжырымдар жасатады. Осылай терең ой мен тегеурінді сөздердің ұштасып келуі оның шығармаларында «афоризм» деп толық тануға болатын сөз түйдектерін туғызады. Олар құрамына қарай кейде ықшам, кейде күрделі болғанымен, ой жинақылығы мен тұжырым тереңдігі, сөз әсерлілігіне орай оқырман көңіліне тез қонып, жатталып қалуға бейім тұрады.

    Ақын поэзиясында «афоризм» деп бағалауға лайық көркем де ойлы тұжырымдардың мол болуы автордың ой түюінің қуаттылығын, халықтың тіл қазынасын еркін меңгергендігін аңғартады, шығармаларының көркемдік шеберлігін, экспрессивті-эмоционалды бояуын арттыра түскенін байқаймыз.

    М.Шаханов тілдік тұлғасындағы афоризмдердің пайда болуына негіз болған уәжді түрткіжайттар:

    - ауыз әдебиетінің ықпалы;

    - ел тағдырын ойлауы;

    - қоғамдағы жайттар.

    Автордың сөйлеу әрекеті барысында оның жекелік уәжіне негізделген, түрлі экстралингвистикалық факторларға байланысты пайда болған осындай тілдік құбылыстар М.Шаханов тілдік тұлғасының негізгі прагматикалық деңгейін сипаттауға негіз болады. Басқаша айтқанда, автордың объективті әрекетінің басты талабы оның тілдік тұлғасында өз көрінісін береді. Ақын дискурсындағы өрнекті сөз үлгілерінен үзінділер келтірелік:

    ... Киеліге қол көтерген жолығады бөгетке;

    Бір қасиет бар әлемде, қаққан жұмбақ қанатын,

    Артық кетсең қатал қолмен тәубаңды еске салатын;

    Есің кетсе естіге кіріптарсың;

    ...Жақын барып үңілместен жауыңа,

    Шығам деме ұлы жеңіс тауына;

    Таяз су да ерке өзенмен жарысқан,

    тым жарқырап көрінеді алыстан;

    ...Ал махаббат ажалы қызбалықтан;

    Адам азса, ғашықтықтың жоқтығынан азады;

    Жолықтырғыш мінезге бай жол деген;

    Дос көңілін ұсынғанның бәрінен,

    Достық шыға бермейтінін ұмытпа.

    М.Шаханов дискурсында поэтикалық афоризмдердің жиі кездесуі жалпы поэзия талабынан, мәнерлілігі мен көркемдік табиғатынан ғана туындамайды, оның толық уәжі – ақынның тілдік тұлғасының әдебиет өнері мен сөз қуатын, «сөз – қару» ретінде жұмсаған прагматикалық әлеуетіне де тікелей байланысты деп түсінеміз.



    1. Кейде тіпті биік болу қайғы екен,

    Биігіне тұрса ешкім шыға алмай.

    2. Ғашық адам сүйгені үшін бола алмайды жазалы

    Адам азса ғашықтықтың жоқтығынан азады...

    3. Мүгедектер тән саулығын аңсаған:

    Біреуге аяқ, ал біреуге қол қайғы.

    Өз борышын сезінуден қалса адам.

    Бұдан асқан мүгедектік болмайды...

    4. Кейде қызық. Тұлпар жүрген жолменен,

    Есектер де кетіп бара жатады...

    5. Намыстанам, бүркіт ұшқан қияда,

    Жапалақтың ұясы бар дегенге...

    6. Өз күшіне сенгендер күндемейді өзгені...

    Келтірілген шумақтар ақынның шешендік тұлғасын, ерекше дарындылығы мен алғырлығын айшықтай түседі. Оның шығармаларында көркемдік-бейнелеу құралдарының небір соны үлгілері де жиі ұшырайды. М.Шаханов жалпы нені жырласа да, тереңнен ой тартып, философиялық ойға құрылған тұжырымдар мен тың байламдар жасайды.

    Қорыта келгенде, ақын М. Шаханов шығармашылығының көркем-поэтикалық жүйесіндегі халықтық айшықты сөз үлгілерін түрлентіп қолданудағы мақсаты мен афоризмдерді жасаудағы уәжін анықтау, ұлттық болмыстан ақпарат беретін лингвомәдени бірліктердің дискурстық табиғатын ашып көрсету өзекті де өміршең мәселелердің бірі болмақ, талай ғылыми ізденістерге арқау болары анық.

    Пайдаланылған әдебиеттер:

    1.Мұратова А. Абайдың тілдік тұлғасы. Филол. ғыл. докт. дисс. –Алматы, 2009. –339 б.

    2.Серғалиев М. Сөз сарасы. –Алматы, 1989. –198 бет.

    3.Сыздық Р. Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы. –Алматы, 1970.

    4. Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. –А., 1977. –590 б.
    Медициналық терминдердің жасалуы

    Аділбаева Аружан

    Республикалық медицина колледжінің 1 курс студенті

    Ғылыми жетекшісі: М.К.Наурызалиева

    Кез-келген тілдің лексикасын байырғы халық тілі, әдеби және ауызекі сөздер, кірме сөздер, қоғамдағы шаруашылық, мәдени және технологиялық үрдістерге байланысты пайда болатын неологизмдер мен термин сөздер құрайды. Соның ішінде терминдердің пайда болуы ғылым мен техниканың дамуымен байланысты.

    Қазақ тілінің заманауи ғылыми терминологиясы – бұл ғылым тілінің тарихи дамуының ұзақ процесінің нәтижесі болып табылады. Тіл білімі саласында «медициналық лингвистика» ғылымы болмағанымен, медицина тілі оның тарихын зерттеуші ғалымдар мен тіл мамандарын ерекше қызықтырады.

    Классикалық ғалымдар көне заманғы медицина жазбаларының мазмұны мен тілін егжей-тегжейлі зерттеді. Қазақ тілі медицина терминологиясының дамуына қазақ ағартушылары Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов зор үлес қосты. Кейбір деректерге жүгінсек, қазақ медицина лексикасы қолданыс аясының басталу кезеңін бұдан бес ғасыр бұрын шипагер Өтебойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбегіндегі медицина туралы тәжірибесі дәлелдейді.

    Қазақ медицина лексикасының пайда болуы және дамуы кезеңі туралы К.Аяпбергенова «Қазақ тілі сабағында медицина лексикасын мамандыққа сәйкес оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» тақырыбындағы авторефератында 3 кезеңге бөледі: революцияға дейінгі,1926-1950ж.ж. және 1950ж. бастап қазіргі заманғы кезеңдерге бөледі.

    Соңғы ғылыми жаңалықтармен байланысты терминдердің қосылуы өте қарқынды жүріп жатыр. Жыл сайын медициналық сөз қорына жүздеген жаңа атаулар қосылады. Олардың ішінде өзге тілдерден, әсіресе ағылшын тілінен енген сөздер көп. Дүниежүзінде басылып шығатын медициналық ғылыми еңбектердің 60 пайыздан астамы ағылшын тілінде жазылады.

    Барлық ғылымдар саласы сияқты медицина ғылымын да қазақ тілінде дамыту – бүгінгі күнгі өзекті мәселелердің бірі. Өйткені ғылымының әр саласында кеңінен қолданылғанда ғана мемелекеттік тіл өз қызметін толық атқара алады. Қоғамның барлық саласында қолданылуымен қатар ғылымның әр саласында толыққанды қызмет атқаруы – мемлекеттік тілдің өркендеуінің бірден-бір кепілі. Қазақ тілі ғылым тілі болуы үшін ең алдымен оның қалыптасқан терминдері болуы тиіс. Термин қалыптастырудың тәсілдері көп.

    Термин қалыптастыруда кең тараған тәсілдердің бірі – ғылым, білімі дамыған алдыңғы қатарлы елдердің терминдерін тілдің дыбысталу заңдылығына икемдеп алу. Өзіміз жақсы білетін орыс тіліндегі терминдердің 70-80%-ы латын, грек, ағылшын т.б. тілдерден енген сөздер. Бірақ олар орыс тілінің дыбысталу заңдылығына бағынып енгендіктен, олардың жат сөздер екенін көп адам аңғара бермеуі де мүмкін. «Интернационалдық терминдер» деп аталып жүрген мұндай терминдердің ағылшын тілінде ағылшын тілінің, неміс тілінде неміс тілінің т.б. заңдылықтарымен дыбысталатынын, яғни қазақ тілінде де қазақ тілінің заңдылығымен дыбысталуы қажет екендігі соңғы кездері көп айтылып жүр.

    Академик Ө.Айтбайұлы тілдің дамуы ондағы интернационалдық сөздердің көптігіне байланысты емес, оларды сол жат қалпында қабылдай беретін болсақ, онда интертерминдер шапқыншылығына тап боламыз, онсыз да дендеп бара жатқан шетел сөздері қаптай беретін болса, ана тілімізге қатер төнді дей беріңіз дей келе, интертерминдерге тәуелді болмай-ақ, өз тілінің байлығын қолданып отырған жапон, қытай тілдерін мысалға келтіреді. «Интертерминдерге тиюге болмайды дейтін түсінік бұларды шынында да құран сөзіндей етіп жіберді. Содан барып бұлар да баста белгілі бір тіл ішінде туындап, терминдік мәнді жүре келе жүктеген қарапайым сөздер екенін елемейтін болдық. «Тиіспе», «аударма» деуден бұрын бұл сөздер нені білдіріп тұр, қандай мағынаны арқалап тұр дегенге зер салу керек қой. Міне қазір интернациональдық терминдерге осылайша қарау ағымы пайда болды. Бұл тіл дамуының өзіндік даму табиғатына тән құбылыс»,–  деп, интерминдерді де мүмкіндік болса аударуға болатынын сөз етеді.

    Медицина ғылымы саласына орыс тілінен, орыс тілі арқылы басқа тілдерден енген терминдері аудару туралы сөз қозғайық. Мысалы, орыс тіліндегі «нерв» сөзі латынның «nervus» деген сөзінің орыс тілінің заңдылығымен дыбыстық өзгеріске түскен сөзі екені белгілі. Бұл, әрине, орыс тілінде осы ұғымды беретін сөз болмағандықтан қолданылған сөз. «Нерв» сөзінің қазақша баламасы – «жүйке».

    Бұл сөздің қазақ тілінде ежелден бар екеніне XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында өмір сүрген композитор Балуан Шолақтың: «Айдың көзін жылт етіп бұлт алсын, бүйте берсең жүйкемді құрытарсың»,– деген өлеңі айғақ болса керек.

    Қазір медициналық оқулықтар мен оқу құралдарында, медициналық мәтіндерде жүйке аурулары, жүйке жүйесі, жүйке түйіндері, жүйке жасушалары, жүйке талшықтары сияқты терминдер кеңінен қолданылып жүр.

    Медициналық термин сөздерді аударып алуда да қазақ тілінің өзіндік ерекшелігін ескерген жөн. Мысалы, орыс тіліндегі «смертность», «заболеваемость», «рождаемость» сөздері орысша-қазақша медициналық сөздіктерде «өлімшілдік», «аурушылдық», «туушылдық» деп аударылып жүр. Қазақ тілінде зат есімге сын есім тудырушы жұрнақтар үстемелеп жалғанбайды. Бұл сөздерді «өлім-жітім», «ауру-сырқау», «өсіп-өну» деп қос сөздер арқылы беруге болар еді.

    Қазақ ғылыми медицина тілінің қалыптасуына көп уақыт бола қойған жоқ. Әрине, Кеңес Өкіметі кезінде де мерзімді басылымдарда қазақ тілінде медициналық тақырыптарда мақалалар жарияланып тұрды, ғылыми-танымдық оқу құралдары жарық көрді, мектептерде медициналық мәтіндер болды. Мәселен, қазақ мектептерінде «Адам анатомиясы, физиологиясы, гигенасы» деген пән оқытылды. Дегенмен жоғары оқу орындарында медициналық білім қазақ тілінде берілмегендіктен, қазақ тілінің медицина саласында дамуы кенжелеп қалды. Ал еліміз Тәуелсіздік алып, медицина ғылымы қазақ тілінде оқытыла бастағаннан бері, орыс тіліндегі медициналық оқулықтар мен оқу құралдарын қазақ тіліне аудару бойынша біраз жұмыстар атқарылды, қазақ тілінде оқулықтар мен оқу құралдары жазылды.

    Медицина ғылымын қазақ тілінде дамытуда терминжасамның хас шебері болған І.Жарылғаповтың ұстанымын басшылыққа алған жөн деп есептейміз. Академик Ө.Айтбайұлы І.Жарылғаповтың ана тілінің сөздік қорын сарқа пайдаланғанын, көнерген сөздерге үстеме мағына бергенін, ұлттың өзіне тән сөйлеу үлгілерін сақтағанын, басқа тілдің сөйлеу үлгілерін ана тілінің заңына бағындырғанын, қажет болған жерде ұлттық тілдің үлгісімен жаңа сөздер (неологизмдер) жасағанын, тілдің өз мүмкінідігі болмаған жағдай       да басқа тілден алынған сөздерді жаттығын білдірмей, төл сөзге айналдырғанын баса көрсетеді.

    Ал енді термин жасауда қазақ тілінің сөздік қорын молынан пайдалану мәселесіне тоқталайық. Мысалы  орыс тілінде «пальцы» сөзі аяққа да, қолға да қатыста айтылса, қазақ тілінде қолдағылары «саусақ», аяқтағылары «башпай» деп айтылады. Бұл – қазақ тілінің сөздік қоры орыс тілінікінен артық болмаса, кем емес екенін көрсетеді. Бірақ тіліміздің осы артықшылығын білмегендіктен болар, кейде медициналық мәтіндерден «қолдың саусақтары», «аяқтың саусақтары» сияқты сөз тіркестерін кездестіріп қаламыз.

    Медициналық терминдер жасауда бұл тәсілді сәтті пайдаланып жүргендер де бар. Бұған мысал ретінде стоматология саласында қолданылып жүрген «кіреуке» («эмаль»), «тіссауыт» («коронка») сөздерін келтіруге болады.

    Дыбыстық өзгеріске түсіп еніп кеткен кірме сөздерді де медициналық термин ретінде қолдануға болады. Мысалы, қазір медицина ғылымында кеңінен қолданылып жүрген жүрген ағза сөзінің түп-төркіні мүшелер (дененің, ұйымның) дегенді білдіретін араб сөзі. Сондай-ақ қазақ тіліндегі жарақат (рана, язва) сөзіне келетін болсақ, ол «жарахатун» деген араб сөзінің дыбыстық өзгеріске ұшыраған түрі..

    Мысалы, 30-жылдары «врач» сөзі «дәрігер» болып аударылды да сол бойы сіңісіп кетті. Қазір медицина ғылымы дамып «фармацевт» деген сөз пайда болған кезде оған енді балама таба алмай жүрміз. Шындығында, фармацевт – дәрігер, врач – емші болуы керек еді. Енді қолданысқа әбден еніп кеткен бұл сөзді өзгерту мүмкін емес.

    Бірігу арқылы жасалған терминдерге «бұлшық ет» (мышца), «көкет» (диафрагма), «көкбауыр» (селезенка) сияқты сөздерді жатқызуға болады. Қазақ тілінің орфографиялық және медициналық сөздіктерінде «бұлшық ет», «күре тамыр», «көк желке» сөздері бөлек, ал «көкет», «көкбауыр» сөздері бірге жазылып жүр. Міне бұл мәселелердің де шешімін тапқан жөн.



    Достарыңызбен бөлісу:
  • 1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28




    ©engime.org 2024
    әкімшілігінің қараңыз

        Басты бет