Терминжасамның ішкі көздері – терминологиялық жүйенің негізі



Дата08.09.2017
өлшемі83,3 Kb.
#31880
Терминжасамның ішкі көздері – терминологиялық жүйенің негізі
ҚазҰУ-дың аға оқытушысы

А.К.Шыныбекова


Алуан түрлі ғылым слалары өзіндік ерекшеліктеріне қарай жүйелі ұғымдардан тұрады. Ұғымдарға ғылыми түсінік беріп, олардың тұлғасын зерттеу – терминологияның ісі. Ұғымдардың атауға ие болуы, белгілі бір термин ретінде қалыптасуы терминдену үрдісі арқылы жүзеге асырылды. Түрлі лексикалардың семантикалық өрісте қолданылуы сияқты терминдер де терминологиялық өрісте пайда болып, оның ішкі заңдылықтарына бағынады. Осы арада терминологияның басты талаптарынсыз терминдердің жасалуы мүмкін емес.

Терминология – арнайы ғылым салаларының жүйелі ұғымдарын зерттейтін күрделі сала. Ғылым салаларындағы ұғымдар термин ретінде қалыптасу үшін терминдену үрдісінен өтеді. Олар терминденуге тән ерекшеліктермен қағидаттарға сүйенеді. Терминнің терминологиялық өрісте қолданылуы терминдену тәсілімен тығыз байланысты. Терминологиялық өрістегі терминдер терминдену барысында жалпытілдік қордан негізсіз алынбайды. Ғылым салаларындағы қалыптасқан термин мен оның жалпытілдік қолданыстағы сөздерінің ұғымдық белгілерінің арасындағы ұқсастық болады. Сол ұқсастықтың негізінде жалпытілдік қолданыстағы сөз терминге айналады. Терминология жүйесіне тән осындай ерекшеліктерді анықтау үшін жекелеген терминология салаларының терминдері мен терминдік элементтеріне семантикалық талдау жасап, әрбір термин және терминдік элементтерінің мағынасының ұғымдық белгілерін ашып көрсету керек. Терминдерге семантикалық талдау жасау тәсілі арқылы терминнің жасалуын, терминдену әдісін, өзіндік ерекшеліктерін, табиғатын барынша жан-жақты тануға болады. Терминдерді семантикалық тұрғыдан зерттеуде салалық терминдердің ролі айрықша. Терминологиядағы өзекті мәселенің бірі – терминдердің мағыналарын анықтап, оларға семантикалық талдау жасау және сол арқылы терминдердің терминологиялық жүйедегі орнын анықтау. Бұл ретте қолданбалы зерттеу әдістерінсіз терминдердің жүйелілігін белгілеу мүмкін емес. Қолданбалы әдістер арқылы «жүйелеу» ұғымының табиғатын ашуға болады.

Терминнің сөзден айырмашылығы – терминологиялық жүйедегі орнымен айқындалады. Барлық сөздер бірдей терминологиялық өрісте қолданылып, термин ретінде қалыптасуы мүмкін емес. Термин мағыналық белгілері мен терминологиялық жүйедегі орны бойынша бір-бірімен тығыз байланысты. Кез келген жүйе ұғымдары мен атаулары бір-бірімен қарапайымнан күрделіге қарай сатылық байланыста болады. Мұны парадигмалық, синтагмалық қатынастар деп қолданбалы зерттеу әдісінің түрлеріне жатқызуға болады. Терминдердің кез келген ғылыми құрылымның ең кіші единицасы екендігін орыс терминологы А.А.Реформатский атап көрсеткен болатын [1, 165 б.].

Терминология – синхронды ғылым саласы болғандықтан, кез келген уақытта терминдерді жүйелеп отыру қажет. Терминдерді жүйелеп, бірізге түсіру үшін қолданылатын тәсілдердің бастысы – тезаурус сөздіктерін жасау. Тезаурус сөздіктерде терминдердің семантикалық қатынастары қарастырылады. Тезаурус сөзінің беретін мағынасы – сөздіктердегі термин сөздердің жүйесі. Тезаурус терминнің семантикалық, мағыналық, ұғымдық белгілерінен мәлімет береді. Жинақтай келе, тезаурус – ғылым тіліндегі сөздің жалпы суреттемесі болады. Синонимдік қатар құру арқылы ассоциациялық белгілердің берілуі тезаурустың басты міндеттерінің бірі. Синонимия – жалпытілдік лексикадағы сияқты терминологияға да тән семантикалық құбылыс.

Сөз мағынасы қандай жағдайда өзгеріп барып терминге айналады – бұл бірыңғай семантикалық талдауды, яғни терминделген сөздің денотаттық мағынасы мен коннотациялық мағынасының ауысу-өзгеру деңгейін анықтауды қажет ететін аспектілерінің бірі. Жаңа атаулар мен ұғымдардың жасалуына денотаттық макрокомпонентпен бірге коннотациялық макрокомпоненттің қатысатынын тілдік материалдардан көптеп көруге болады. Коннотациялық мағынаның бір ғана түрі бағалау компонентінің жаңа атаулар жасауда доминанттық деңгейге көтерілуі, экспрессивті-эмоциялық бояулы сөздердің терминденуі – заңды құбылыс. Мұндай сөздер жалпы қолданыстан терминдер жүйесіне өтеді. Қолданысқа енген мұндай атаулар өзге терминдермен тұрақты байланысқа түсіп, арнайы ұғым ретінде тұрақтанады: мысалы, жалған (фальшивый) – жалған хабар (дезинформация), жалған ақша (фальшивая монета), жалған құжат (поддельный документ), жалған мәміле (мнимая сделка), жалған мәлімет (ложное сведение), жалған неке (фиктивный брак), жалған айғақ (ложное показание) т.б. Жалған сөзінің коннотациялық мағынасы қарастырылмай, денотаттық мағынасы игерілген. Жалған сөзінің терминдік тіркестерде жалпы қолданыстағы (жалған өмір, жалған дүние, жалған сезім, жалған күлкі, жалған сөз) эмоциялық реңкімен ажырап, объектіні нақтылау сипатына ие болғандығын байқаймыз.

Терминология мәселесіндегі өзектіліктің бірі – төл тілдік лексикалық бірліктердің терминдерге айналуының ішкі және сыртқы себептерін нақтылау. Мәселенің сыртқы себептерін тіл саясатына, мемлекеттік тіл мәселесінің терминжасам үшін төл тілдің әлеуетін мейлінше мол пайдалану бағытына байланысты екендігі белгілі. Ана тіліміздің төл тілдік единицаларының терминденуінің ішкі себептеріне терминдендіру немесе терминдену атауы жатады. Жалпы қолданыстағы лексиканың, жергілікті тіл ерекшеліктерінің, көтерген сөздермен кәсіби лексиканың терминденуін ішкі себептерге қосуға болады.

Жалпы қолданыстағы лексиканың, кітаби сөздердің тұтастай алғандығы терминдену үрдісі бірдей емес, ол терминделетін сөздің жалпы тұтас мағынасына немесе мағыналық құрамынан шығатын әлеуеттік мүмкіндігіне негізделеді. Терминдердің ішінде тіліміздің төл лексикалық бірліктерінің терминденуге қабілетті ішкі әлеуетін дәлелдеу сөз мағынасына материалдық-заттық, мерзімдік, кеңестікке байланысты, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-мәдени аспектілерді талдай келе көруге болады [2, 51 б.]. Бұдан ең алдымен ресми құжаттар тіліндегі терминдерді саралай қарау барысында мынадай төмендегідей жайттарды атап өтуге тура келеді: ең алдымен, ресми құжаттар тілінде интернационалдық терминдер қазақша баламасы болмаған жағдайда іріктеліп қолданылады. Екінші, ғылым тіліне қарағанда ресми-іскери құжаттар тілінде өзге тілден тікелей сөз қабылдау ісінде атап көрсететіндей қарқындылық байқалмайды. Бұған дейінгі көптеген заңнамалық, нормативтік актілер тілінде өзге тілдік терминдер үшін бір реттік қолданыстарда, семантикалық сәйкестік қағидаларына үйлесе бермейтін қазақша баламаларды пайдалану, байқап көру үрдісі болса, қазіргі кезеңде ресми мәтіндерде саралаушылық бағыт басымдылыққа ие, яғни ресми құжаттағы белгілі бір интерноционал терминнің баламасын дайындап, ұсынушылар саналы тұрғыдан қарайды. Үшіншіден, Мемтерминком бекіткен терминдер құжаттарда жүйелі түрде жұмсалады, олардың қолданысы бекітілген атаусөздердің әдеби тілде қалыптасып қалуына, орнығуына жол ашады. Төртіншіден, нормативтік құжаттардың аударылуы кезінде көптеген жаңа терминдер жасалады. Көп ретте әдеби тілден бөлек және эмоционалды-экспрессивті лексикалық бірліктер де терминденіп жатады, мысалы, қарашын – лохранитель; жосық – наметка; қисын – логика; жаһан – вселенная; жаһандану – глобализация; көзқамандық – нигилизм; лаңкестік – терроризм; сондай-ақ қимыл есім тұлғаларының терминденуі (кенттену – урбанизация; абаттандыру – благоустройство; оңтайландыру – оптимизация; жаңғырту – рекконструкция; жандандыру – оживление); сөз біріктіру арқылы жасалған терминденуі (жөнсілтер – путеводитель, түпнұсқа – подлинник, оригинал; түбіртек – квитанция; төлқұжат – паспорт; мөртаңба – печать; мөртабан – штамп; бағакөрсеткіш – прейскурант; төрайым – председатель); сөздерді тіркестіру арқылы жасалған терминдер (тең төраға – сопредседатель; жөнелтпе құжат – накладная; жиынтық есеп – сводный отчет); сөз тудырушы қосымшалар арқылы жасалған терминдер (қуыным – иск; талапкер – истец; әзірлеме – разработка; әкелім – ввоз; жетілім – вывоз; шегерім – скидка; үлгерім – успеваемость; көрсетілім – показ; қаржыгер – финансист) сияқты сөз қолданыстарынан аударманың терминдерді жүйелеудегі орны нақты көрінеді.

Аударма үрдісінің терминжасамға қосар үлесімен аудармаға лингвистикалық талдау жасауда Қ.Жұбанов, І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Р.Сыздықова, Б.Әбділқасымов, С.Исаев, Ө.Айтбайұлының еңбектерінде мәтіннің ерекше орын алатынын, әсіресе сөздердің өзара байланысында логиканың ролі туралы айтылады. Термин сөздер өз қолданылу аясының шектеулі болуынан дәлдік, екі ұдай мағына тудырмауы керек дей келе ой жүйесін, логикалық жүйелілікті сақтауы тиістігін баса назарда ұстаған жөн деген пікірді негізге алатындығын көруге болады. Ғ.Мұсабаев пен І.Кеңесбаев өз еңбектерінде «ғылыми терминология элементтері Октябрь революциясына дейін болғаны сөзсіз ...» дей келе орыс тілінен енген сөздердің көпшілігінің қазақ ағартушылары тарапынан ұғымдық-терминдік сипатқа ие болғандығын көрсетеді [3, 95 б.]. Бір ғана ақын Абай -лық жұрнағынан масқаралық, арлылық, жеңсікқойлық, қорғауықтық, естілік сөздерін қолдануы жаңа атауларды тұлға ретіндегі мағынасынан терминдік сипатқа әкелгендігін көрсетеді.

Терминнің сөзден басты айырмашылығы – терминологиялық жүйедегі орнымен ерекшеленуінде. Терминнің басты қасиеттерінің бірі – атау мәнде тұруы десек, бұл жөнінде терминнің әдетте зат есім болатынына көз жеткіздік. Зат есімді терминдерге логикалық ойды тиянақтаушы етістік тұлғалар қосу арқылы терминді сөз тіркесін жасауға болады: заң күшіне енеді, тінту жүргізіледі; заңнамамен реттеу, қылмысқа жатқызылады; айыптау үкімін жүзеге асыру; жемқорлықпен күресті ұйымдастыру; шара қолдану; қаржы ұйымдарын басқару мен қадағалау және т.б. Логикалық ойды тиянақтаушы етістік тұлғалардан басқа да парадигмалық қатынастар (септік, жалғаулықтар) да терминнің қолданылуында белгілі бір жүйе құрайды.

Семантикалық қатынастар арқылы терминдерді жүйелеуге болатындығы туралы айта келе тезаурус сөздіктер жасау мәселесі жөнінде Е.Әбдірәсілов былай дейді: «Тезаурустың мақсаты – терминологиялық жүйедегі өзіндік орнымен атқаратын қызметіне орай терминдерді ішкі топтарға жинақтап беру» [4, 22 б.]. Заттық ұғым мен процестік ұғымды ұштастыра термин жасауда етістіктерге жұрнағын қосу арқылы тек ғана зат есім емес, етістіктерден де терминдер алуға болатынын көруге болады. Үдету, ауыстыру, бейімдеу, алмастыру, айырбастау, растау, көгалдандыру, абаттандыру, жекешелендіру, жаңарту, арттыру, енгізу және т.б. етістіктерінен осыны байқауға болады. Бұл арада А.Байтұрсынұлы жасаған терминдерде етістіктердің молынан ұшырасуын лептеу, амалдау, шеңдестіру, жалғау, үстеу, шылау, мезгеу, меңзеу, әсірелеу сөздерінен көреміз. Ш.Құрманбайұлы А.Байтұрсынұлының терминжасам тәсілдері туралы айта келе: «А.Байтұрсынұлы жасаған терминдердің түгелге жуық сәтті шығуының сыры – оның нағыз терминолог ретінде терминге лексикология тұрғысынан да, концептология тұрғысынан да қарай білуінде жатса керек», – дейді [5, 141 б.].

Қазақ тіліндегі жасалып жатқан терминді жүйелеу туралы айтқанда экстралингвистикалық факторлардың әсері мол екенін көруге болады. Қоғам өмірінің барлық саласында қолданылатын терминдер жасауда ішкі көздерге жалпы қолданыстағы сөздер, диалектілер кәсіби сөздер, көнерген сөздер, кірме сөздер жатады. Терминжасамның ішкі көздерін пайдалану арқылы терминологиялық лексиканы қалыптастыру терминологиялық жүйенің негізгі қағидасы. Жаңа атаулар мен ұғымдардың, түсініктердің ғылыми тұлғасын түсіндіруде және ғылыми техникалық жеткізуде шет сөздерге көп жол бергенше, төл тіліміздің мүмкіндіктерін молынан қолдана білуіміз қажет. Термин сөздердің жасалу тәжірибесінде терминжасамның ішкі көздерін қолдану арқылы терминдер жүйелілігін жөнге келтірудің өзектілігін шешудің бір жолы деп білгеніміз жөн.

Тіліміздегі терминдерді зерттеуші ғалым, ұстаз Б.Қалиевтің «Егер тілдегі термин мәдениетті болса, тіліміз де мәдениетті» деген пікіріне сүйенсек, терминнің табиғаты тіл мәдениетінің талаптарына сай болуы тиіс. Сәйкессіздік, тұрақсыздық, жүйесіздік сияқты терминге кері әсерін тигізетін шарттар термин жасауда жүйелілік ұғымын ескеруді қажет етеді.


Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Реформатский А.А. Термин как член лексической системы языка // Проблемы структурной терминологии. – М.: Наука, 1968. – 165 с.

2. Стернин И. Лексическое значение слова в речи. – Воронеж: Воронежский университет, 1985. – 179 с.

3. Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. – Алматы, 1993. – 295 б.

4. Әбдірәсілов Е.Қ. Лингвистикалық терминдердің семантикалық қатынастары: филол. ғыл. канд. дисс. автореф. – Алматы, 1999. – 30 б.

5. Құрманбайұлы Ш. Қазақ лексикасының терминденуі. – Алматы, 1998. – 205 б.

Summary

The problems of the branch terminology in the Kazakh language are described in the present article.



РЕЗЮМЕ

В данной статье рассматриваются проблемы отраслевой терминологии в казахском языке. Также рассматриваются проблемы системы и системности казахской терминологии.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет