Ұйқы бездің тамырлары мен нервтері. Қанмен қамтамасыздануы: асқазан – он екі елі ішек артериясынан кететін ұйқы без - он екі елі ішектік жоғарғы артериялар; Шажырқайлық жоғарғы артериядан кететін ұйқы без - он екі елі ішектік төменгі артерия; Көкбауыр артериясынан кететін ұйқы бездік тармақтар. Веналары: қақпа венасына, шажырқайлық жоғарғы венаға, көкбауыр венасына құйылады. Лимфа тамырлары: ұйқы бездік, құрсақтық, белдік лимфа түйіндеріне құйылады. Н е р в т е н у і: парасимпатикалық нервтенуі – кезбе нервтер, симпатикалық нервтенуі – құрсақ өрімінен келетін тармақтар.
5.02.22.
ІШАСТАР
Ішастардың құрылымын түсіну үшін, іш қуысы қабырғасының құрылымына тоқталу қажет. Іш қуысының, cavitas abdominis, алдыңғы қабырғасын - іштің тік бұлшықеті мен іштің қиғаш және көлденең бұлшықеттерінің апоневроздары; бүйір қабырғасын - іштің сыртқы және ішкі қиғаш бұлшықеттері, іштің көлденең бұлшықеті; артқы қабырғасын - омыртқа бағанасының белдік бөлігі, белдік шаршы бұлшықет пен белдік үлкен бұлшықеттер құрайды. Жоғарғы қабырғасын – көкет түзеді, үлкен жамбас қуысы - іш қуысының төменгі бөлігі болып табылады да, кіші жамбас қуысына жалғасады. Оның төменгі қабырғасын шат бұлшықеттері шектеп жатады. Іш қуысының қабырғасын ішкі жағынан - іштің ішкі шандыры, fascia endoabdominalis, (ішастарасты шандыры, fascia subperitonealis), жауып жатады. Бұл шандырдың бөліктері, жауып жатқан аймағына байланысты, сол аймақтың атымен аталады. Мысалы: көкет шандыры, fascia diafragmatica, көлденең шандыр, fascia transversalis, мықын шандыры, fascia iliaca және т.с.с. атаулар.
Ішастар, peritoneum, іш қуысы мен кіші жамбас қуысының қабырғаларын, және оларда орналасқан ағзаларды жауып жататын жалтыр, жұқа сірлі қабық. Оның астында іштің ішкі шандыры жатады. Ішастар, жұқа дәнекер тінді табақша мен бір қабатты жалпақ эпителийден, мезотелийден тұрады. Іш қуысының қабырғасын жауып жатқан ішастар - париеталды ішастар, peritoneum parietale, ал, ішкі ағзаларды жауып жатқан ішастар – висцералды ішастар, peritoneum viscerale, деп аталады. Олар бір – біріне үздіксіз жалғасып жатады. Висцералды ішастар, ағзалардың сірлі қабығын құрайды.Осы екі табақшаның арасында - жұқа кеңістік ішастар қуысы, cavitas peritonei, орналасады. Еркектерде бұл қуыс тұйық болады да, сыртқы ортамен қатынаспайды. Әйелдерде ішастар қуысы сыртқы ортамен - жатыр түтігі, жатыр және қынап арқылы байланыста болады. Әдетте, жатыр түтігінің қуысы қабысып тұрады және шырышты сұйықтықпен жабылып жатады. Ішастар қуысының ішінде аз мөлшерде ( 20-25 мл ) сірлі сұйықтық болады, ол бір – бірімен жанасып жатқан ағзалардың арасындағы үйкеліс күшін азайтады. Висцералды ішастар негізінен транссудациялық қызмет атқарып, сірлі сұйықтықты бөледі, ал, резорбциялық, кері сору қызметін негізінен париеталды ішастар атқарады. Сонымен қатар, ішастар ішкі ағзаларды бекітіп, ұстап тұрады. Ішастардың жалпы көлемі 1.7 м2 шамасында болады.
Висцералды ішастар ішкі ағзаларды әр түрлі жабады, осыған байланысты оның үш түрі ажыратылады. Интраперитонеалды орналасқан ағза - ішастармен барлық жағынан жабылған. Мезоперитонеалды орналасқан ағза - ішастармен үш жағынан жабылған. Экстраперитонеалды орналасқан ағза - ішастармен бір жағынан жабылған. Ағзалардың ішастармен жабылмаған бөлігінің дәнекертінді қабығы болады.
Ішастар іш қуысының барлық жерінде іштің ішкі шандырын тікелей жауып жатпайды. Кейбір жерде, ішастар мен іш қуысы қабырғасының ( іштің ішкі шандырының ) аралығында шелмай және кейбір ағзалар орналасады. Мысалы, көкет аймағында шелмай жоқ болса, іштің артқы қабырғасы аймағында шелмай жақсы дамыған. Бұл ішастарартындағы кеңістікте, spatium retroperitoneale, бүйрек,бүйрекүсті безі,он екі елі ішек, ұйқы без және т.б. ағзалар орналасады.
Іш қуысының алдыңғы қабырғасының ішастаралдындағы кеңістігі, spatium anteperitoneale, жалпы жұқа болады. Ал, қасаға аймағында, қуықалдындағы кеңістікте, spatium prevesicale,шелмайдың жақсы дамуы себепті қалыңдау болады, сондықтан, ішастар іштің қабырғасымен тығыз байланыста болмайды. Осыған орай, несеп қуық толған кезде, ішастарды көтеріп, іштің алдыңғы қабырғасымен тікелей жанасады.
Енді, ішастардың құрылымын толық сипаттау үшін, іш қуысының алдыңғы қабырғасының артқы бетінен бастап, жоғары қарай жүрейік
Іш қуысының алдыңғы қабырғасының артқы бетінің төменгі жағында, париеталды ішастар вертикалды бағытта бес қатпар түзеді ( 255 – сурет ).
|