Ауру тарихы (anamnesis morbi)
Сұрастыру кезінде осы аурудың пайда болуына алып келген себептерін, уақытын, симптомдарының дамуын анықтау керек. Науқасқа бұрын қан анализі тағайындалды ма, оның нәтижесін, ем жүргізілді ма, оның нәтижесін сұрау қажет.
Өмір тарихы (anamnesis vitae)
Науқастың өмір тарихын сұрастырғанда бұрын ауырған ауруларын (ісіктер, АІЖ жара аурулары, өкпенің туберкулезін, бронхоэктаздарды, асқазанның кілегей қабатының атрофиясымен жүретін гастриттерді, бауыр, бүйректің және т.б. созылмалы ауруларды) анықтайды. Науқастың тамақтану сипатын сұрастыру қажет, өйткені дұрыс тамақтанбау гиповитаминоз және анемияға алып келуі мүмкін.
Сонымен қатар жедел және созылмалы интоксикациялар (сынап, қорғасын, фосфор және т.б.), сәуленің әсері, ұзақ мерзім ретсіз дәрі-дәрмектер қабылдау (бутадион, сульфаниламидтер, цитостатиктер және т.б), қан түзу жүйесінің зақымдануына алып келетін басқа да себептерді анықтайды.
Ең бастысы науқастың тұқымында қан ауруларымен ауырғандар барма, соны анықтау керек.
ЖАЛПЫ ҚАРАУ
Қан түзу жүйесінің аурулары бар науқастардың жалпы жағдайы аурудың сипатына және симптомдарының айқындығына байланысты. Мысалы: жеңіл дәрежелі қаназдықта (анемияда) науқастың жағдайы қанағаттанарлық, ал жедел лейкоздарда ауыр болады.
Тері және кілегей қабаттарын қарағанда терісінің түсіне мән береді.
Тері жамылғысы бозарады кейде сарғыш реңді болып, лейкоз ауруында топырақ сияқты сұр түсті, эритремияда- шиенің түсі секілді қызарады.
Көптеген ауруларда тері жамылғысында геморрагиялық түзілістер тәрізді петехиялар, экхимоздар, пурпуралар мен гематомалар болуы мүмкін.
Көп жағдайда тері жамылғысының қоректенуі бұзылады.
Көбінесе темір жетіспеушілік анемияда терісі құрғақ, қабыршақтанады, шаштары сынғыш және көп түседі. Сонымен қатар тырнақтары да сынғыш келеді.
Ауыз бұрыштары жарылған. Жедел лейкозбен ауыратын науқастардың ауыз қуысын қарағанда жаралы некротикалық стоматит және ангинаны, тіл бүрлерінің атрофиясын «лактелген тілді» анықтайды. Лимфолейкоз бен лимфогранулематозда лимфа түйіндердің үлкейгендігін, ішті қарағанда іштің ассиметриясын, мысалы созылмалы миелолейкозда көкбауырдың үлкеюін анықтайды.
ПАЛЬПАЦИЯ
Қан түзу жүйесінің аурулары бар науқастарда лимфа түйіндерін, көк бауырды және бауырды пальпациялау маңызды роль атқарады. Қалыпты жағдайда лимфа түйіндерінің өлшемдері – 2-3 мм болғандықтан пальпацияда анықталмайды. Бірақ тәжірибеде науқастардың бұрын ауырған инфекциялық ауруларының белгілері ретінде бірен-саран жақ асты, мойын және шап аралық лимфа түйіндерін пальпацияда анықтауға болады. Алдымен жақ асты лимфа түйіндерін пальпациялайды. Жақ асты лимфа түйіндерін пальпациялау үшін науқас басын алға сәл еңкейтеді, екі қолдың үш саусағымен жақ асты аймаққа қарай терең енгізеді. Үлкейген лимфа түйіндері қолға майда түйіршік және грек жаңғағы секілді сезіледі. Содан соң тіласты, құлақ арты, құлақ алды, шүйде, мойын алды, мойын артқы, бұғана үсті, бұғана асты, қолтық асты, шынтақ, шап аралық, тізе асты лимфа түйіндерін пальпациялайды.
Құрсақ қуысындағы мезентериалды лимфа түйіндерінде пальпациялауға болады. Пальпацияда лимфа түйіндерінің көлемін, формасын, консистенциясын, ауырсынуды, қозғалғыштығын, оның бетіндегі – терінің жағдайын анықтайды. Созылмалы лимфолейкозда лимфа түйіндері генерализацияланған үлкейген болады. Пальпацияда консистенциясы қамыр тәрізді, өлшемі 3-4см, кішкене ауырсынады. Миелолейкозда лимфа түйіндері кішкене ғана үлкейеді, миелоидты тіннің метастаз беруіне байланысты.
Лимфагранулематозда да тек сол аймақтың лимфа түйіндерінің үлкеюі тән. Олар тығыз, кейде бұдыр конгломерат тәрізді бір – біріне жабысып қалады.
Достарыңызбен бөлісу: |