В.В. Козина,
Қарағанды мемлекеттік
техникалық университетінің
Қазақстан тарихы
кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д.
е-mail: Lera2019@rambler.ru
ХIX ҒАСЫРДЫҢ ЖАРТЫСЫ МЕН ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ ОРТАЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН
ХIХ ғасырдың екінші жартысында Орталық Қазақстан территориясы сирек елді, негізінде көп ұлтты аймақ болып табылды. Ең ірі ру арғын руы болды, олардың негізгі бөлігі былайша орналасты: Қарқаралыда – 87 381, Ақмолада – шамамен 100 000, Атбасарда - 32 207 шаруашылық. Наймандар негізінде Атбасарда болды - 38 375 шаруашылық; қыпшақтар оңтүстікте Сырдарияның орта және төменгі ағыстарынан солтүстікте Тобыл өзеніне дейінгі территорияда орналасты, олардың саны шамамен 130-150 мың адамды құрады [1, 16-17-б.].
XIX ғасырдың басында аймақтың шығыс бөлігінде басталған әскери-казак отарлау келесі кезеңдерде жалғасын тапты. Қарқаралы казак станицасына (1827 ж.) 1850-жылдардың басында кішіресейлік казактар көшіп келді. 1869 жылдан бастап Қарқаралы (1824 ж.) енді уездік орталық болады. 1883 жылы ондағы тұрғындар саны 1548 адам болып, олардың 181 адамы немесе 11,6 %-ы қазақтар болды [2, 4-б.].
Шаруалардың көшіп келу процесі, Қазақстанның басқа аймақтарымен салыстырғанда, әлдеқайда баяу болды, өйткені Орталық Қазақстанның табиғи-климаттық жағдайы мал шаруашылығы үшін анағұрлым жарамды болды. Тіпті Қазақстан Ресейге қосылғанмен, көшіп келушілер үшін қолайлы жағдай туындаған уақытта, қазіргі Қарағанды облысының территориясына бұқаралық шаруашылық көшіп келу болған жоқ. Аймақ территориясында Нұра өзенінің жанында, қазіргі Қарағанды ауданында – Үлкен Михайловка, Дубовка, Черниговка, Волынское және басқа да жерлерде бірнеше орыс-украин қоныстары ғана болды [3, 20-б.].
ХІХ ғасырда Орталық Қазақстан өнеркәсіптік игеруде, аймақтың табиғи байлығын, бірінші кезекте, пайдалы қазбаларды пайдаланудағы перспективті аймақ ретінде басты назарда болды. Бұл оның дамып келе жатқан ресейлік капиталистік өнеркәсіп үшін шикізат жеткізушісіне айналуының бастамасы болды. Ресейлік капитализмнің дамуы, қазақ даласына капиталистік қатынастардың кеңінен енуі сауда орталықтары мен қоныстардың пайда болуымен, жер қойнауындағы байлықпен танысумен, содан кейін рудниктер мен шахталардың, зауыттар мен фабрикалардың, темір жолдардың салынуымен бірге жүрді.
Ресей кәсіпкерлері жергілікті байлардан тас көмір, мыс, сирек металл кен орындарына бай жерлерді тым арзанға жалдап та, сатып алып та жатты. Осылайша, мыс рудасына бай Нілді шатқалы Байзақов деген байдан 86 рубль күміске сатып алынды. 1859 жылы Н. Ушаков Қарағанды-басы шатқалындағы тас көмір кен орнын И. Өтепов деген байдан 255 рубль күміске, сонымен бірге Сарань кен орнын 114 рубльге сатып алды. 100 кв. км ауданды Қарағанды пайдалы қазбаларды қазу жөніндегі компанияның жеке меншігіне өтті де, жергілікті тұрғындар ежелден қолданып келе жатқан жайлауынан айрылып қалды [4, 12-б.].
Ресей империясының 1897 жылғы Тұңғыш Жалпыға ортақ халық санағы аймақ тұрғындарының немен айналысқандығы туралы мәлімет береді. Табиғи-климаттық жағдай аймақта мал шаруашылығының дамуына себепші болды, ол көшпенді қазақтардың негізгі кәсібі және басты тіршілік әрекеті болды. Онымен тұрғындардың 98,0 %-ы айналысты. Егіншілікпен тұрғындардың тек 1,2 %-ы айналысты.
Рудниктер мен тас көмір шахталарында 1897 жылғы санақ кезінде 362 адам (олардың 64,3 %-ы – ер адамдар және 35,7 %-ы әйелдер) – негізінен қазақтар жұмыс істеді. Салыстыру үшін айта кететін жайт, он жыл бұрын 1886 жылы 715 адам (594 қазақ және 121 орыс) жұмыс істеді [6, 25-б.].
Қарқаралы уезінің орыс халқы омарташылықпен, жүкшілікпен, жергілікті кәсіппен, шайыр қайнатумен және аңшылықпен айналысты. Алайда бұл кәсіптер айтарлықтай пайда берген жоқ. Осылайша, 1886 жылы ауладағы пайда көлемі 3 рубльді, ал Қарқаралы уезіндегі жалпы пайда көлемі 1705 рубльді құрады [6, 62-б.].
Қолөнерші қазақ ер адамының жұмысы тапсырыспен анықталып отырды. Сатуға арналған заттарды беретін майдагерлік өндіріс әйелдер қауымымен орындалды. Әйелдер киіз, жүннен тоқылған қаптар мен кілемдер жасады, қыл және жүн жіп (арқан) тоқыды.
Балқаш көліне жақын орналасқан қазақтар балықты жазда, қыста да аулап, оны Қарқаралы қаласына жіберіп тұрды. Алайда көшпенді қазақ арасында бұл әрекет түрі айтарлықтай маңызға ие болған жоқ.
Халық санағы материалдарында патшалық әкімшілік өкілдері де көрсетілген – бұл әкімшілік, сот және полиция және әскери қауым өкілдіктерінің шенеуніктері (101 адам Қарқаралы қаласында). Уезде интеллигенция өкілдері де болды – бұл мұғалімдер, тәрбиешілер (151 адам) және дәрігерлер, фельдшерлер (9 адам). Сол уақытта қазақ интернаттары да бой көтере бастады, ал Қарақаралы қаласында бір әйелдер интернаты да болды.
ХХ ғасырдың басында Орталық Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы Ресей империясының оқиғалар арнасында болды және өткен кезеңдегі сипатқа ие болды: аймаққа ресейлік және шетелдік капиталдың енуі, егіншілікке қолайлы жерлерге қоныстану, қазақтарды жерлерінен ығыстыру және олардың дәстүрлі шаруашылығын ыдырату жалғасты. Империалистік соғыс, буржуазиялық-демократиялық революция, Қазан революциясы және одан кейін болған Азамат соғысы, құлдырау, құрғақшылық пен жұт, жаңа экономикалық саясат та әлеуметтік-экономикалық дамуына да әсерін тигізбей қоймады.
Аймақтағы көптеген өнеркәсіп кәсіпорындары шетелдік капиталистер құзырына көшті. Осылайша, 1904 жылы Ушаков пен Рязанцевтің ұрпақтарына тиесілі кәсіпорындарды Жан Карно сатып алды; 1907 жылы Сарань және Қарағанды көмір шахталары, Өспен және Спасско-Воскресенский мыс рудниктері және Сарысу көліндегі байыту фабрикасы «Спасск мыс рудалары» ағылшын акционерлік қоғамының жеке меншігіне өтеді. Қоғам акцияларын, ағылшын және француз капиталистерінен басқа, АҚШ, Германия, Ресей, Швеция, Австрия және т.б. мемлекет капиталистері иемденді.
Ақмола кен округі бойынша кен өндірісінің негізгі салаларында 1901 жылы 2615 жұмыскер; 1902 жылы - 2066 жұмыскер, 1903 жылы – 2130 жұмыскер, 1904 жылы – 2164 жұмыскер жұмыс істеді [9, 54-57 беттер]. Жұмыскерлердің жағдайы өте қиын болды. Жұмыс күнінің орташа алғандағы ұзақтығы 14-16 сағат болғандағы өнеркәсіп кәсіпорындарындағы еңбекақы мөлшері 20-дан 50 тиынға дейін болды. Қарағанды тас көмір шахталарындағы азапты жұмыс үшін шахтерлер айына орташа алғанда 10 мен 20 рубль аралығындағы еңбекақы алған және бұл уақытында берілмей отырды. Кеншілер өз қожайындарынан азық-түлікті амалсыз қарызға сатып алуға мәжбүр болды. Адамдар аш болды, киімі мен аяқ киімі бүтін болмады. Кейде жұмыскерлерді жарғыш құралдарды, жарық лампаларын, қолғаптар және т.б. өз ақшаларына алуға мәжбүр етті.
Азапты еңбек, ауыр материалдық жағдай, адам төзгіссіз тұрмыстық жағдай кеншілердің жаппай ауыруына әкелді. Осылайша, 1904 жылдың соңында Өспен руднигіндегі жер үйлерде тұратын қазақ жұмыскерлері мен олардың балаларының арасында шешек ауруы пайда болды. Шешек індеті казармаларда тұратын жұмыскерлер арасына да кеңінен тарады. Аймақтық инженер індеттің әрі қарай таралуын тоқтату үшін жедел шаралар қолдану шешіміне келді.
Бұл кезеңде Ресейде өнеркәсіптік дағдарыс нәтижесінде (1900-1903 жж.) 3 мыңға дейін ірі және шағын кәсіпорындар жабылды. 100 мыңнан астам жұмыскер жұмыстан шығарылды. Олардың көбі жұмыс іздеп Орталық Қазақстанға келеді.
1903 жылдың тамызында Қарағанды шахталарында 67 адам жұмысқа кірісуден бас тартты. Бұл оларды жалдау кезінде уәделескен ақшаны алмауынан пайда болды. Олар экономикалық талаптар қойды: тәулігіне 8 сағат жұмыс істеу; кесімді жалақы алу; дүкендегі азық-түлік пен тауар бағасын төмендету және т.б. Әкімшіліктің бұл ұсыныстарды қабылдамауына жауап ретінде жұмыскерлер кеңсе бөлмелерін қиратты, дүкендерді бұзды және шахтадан рұқсатсыз кетті. Кен жұмыскерлерінің революциялық қимылдары 20 желтоқсаннан 24 желтоқсанға дейін жалғасты.
1903-1905 жж. Спасск мыс балқыту зауыты мен Өспен руднигінде ереуілдер болды. 1905 жылғы Өспен руднигінің жұмыскерлерінің ереуілі Қазақстанның революциялық қозғалыс тарихындағы ең ірі оқиға болып табылды, осында жұмыскерлердің «Орыс-қырғыз одағы» құрылды. Рудникте ереуіл басталғанға дейін 334 адам, олардың ішінде – 269 қазақ, және 65 орыс жұмыс істеді [10, 166-б.]. 1907 жылы Спасск акционерлік қоғамының негізгі үш кәсіпорнында: Спасск зауытында, Қарағанды тас көмір шахтасында және Өспен руднигінде ереуілдер болды. Ереуілге шығушылар тұрмыстық жағдайларды жақсартуды және әкімшіліктің жұмыскерлермен жасасқан шартты ұстануын талап етті.
Аймақтағы бұқаралық ереуілдер жұмыскерлердің материалдық жағдайының біршама жақсаруына әкелді. Сонымен бірге, 1907 жылы «Спасск зауыты – Қарағанды шахталары» темір жол жүйесі іске қосылды, оның ұзындығы 40 шақырым болды, бұл еңбек өнімділігін арттырды, яғни капиталистер пайдасын да арттырды деген сөз. Бұл жұмыскерлердің материалдық жағдайын да біршама жақсартқан болар. Осылайша, 1907 жылы Қарағанды шахталарында, Спасск зауыты мен Өспен руднигінде шахталардағы бір күндік жалақы мөлшері 80 тиыннан 1 рубльге дейін болды. Қыста 20 тиын, ал жазда 65 тиыннан 1 рубль 10 тиынға дейін болды [7, 84-б.].
Территорияның Ресейлік өнеркәсіп орталықтарынан алыс орналасуы, сұрапыл климаттық жағдайлар, көлік пен білікті жұмыс күшінің жоқтығы аймақтағы өнеркәсіп дамуына кедергі келтірді.
Бұл кезеңдегі кен жұмыскерлерін негізгі екі топқа бөлуге болады: білікті және біліксіз. Бірінші топта Ресей, Орал, Сібір және Алтай орталық губернияларынан жіберілген орыс жұмыскерлері болды. Ал екінші топта қазақтар көп болды. Кен жұмыскерлерінің ұлттық құрамы әр түрлі болды. Мұнда қазақтар, орыстар, татарлар, башқұрттар және т.б. болды, сонымен бірге олардың шамамен70 % -ын қазақ жұмыскерлері құрады.
1919 жылдың соңына қарай Орталық Қазақстан территориясы, Қарағанды өнеркәсіп ауданын қоса алғанда, ақ гвардияшылар мен капиталисттерден толық босады. 1920 жылғы Тұңғыш кеңестік халық санағының, ауыл шаруашылық санағының, өнеркәсіп кәсіпорындары мен түрлі құжаттардың материалдарын талдау сол кезеңде Қазақстан даласы мен оның аймақтарында әлеуметтік-экономикалық және саяси дағдарыстың көрінісін береді.
Шетелдік әскери интервенция мен азаматтық соғыс аяқталғаннан кейін жаңа билік Қазақстанның ауыл шаруашылығы экономикасына кері әсерін тигізді. Сонымен қатар 1920 жыл өнімсіз болып, кейбір территорияларды жұт басты. Мал басының күрт төмендеуінен, көшпенді шаруашылық пен шаруашылық қоны аударулардың көбі салықты төлей алмай қалды. Келесі 1921 жылы Қазақстан территориясының көп бөлігіне құрғақшылық тарады. Бұл көшпенді аймақ болып табылатын Орталық Қазақстанға өте әсер етті. Құрғақшылықтан шөп болмады, малға жем болмай қалды.
Көшпенділердің малынан айырылуы оларды отырықшылыққа әкелді. Олар шаруашылық жүргізуге арналған артельдерге бірікті. Отыз үш шағын дербес ауыл мен қыстақтарды тұрғындар саны 2283 адам болып, олар орыс-қазақты құрады. Қазақтар 43,6 %, ал орыстар 49,3 % болды. Басқа ұлттар үлесі айтарлықтай болған жоқ (татарлар – 2 %; украиндер – 2,8 %; немістер мен басқа да еуропалықтар –1 %) [13, 36-65 беттер].
Мұндай апаттар салдарынан Орталық Қазақстан халқы ашаршылыққа душар болды. Өлім мен кедей аудандардан көшу көптеп кездесті. Аймақтың экономикасы құрыды. 20-жылдардағы Қазақстан халқының шығыны туралы мәселелер ғылыми әдебиетте жиі көтеріле бастады.
Х1Х ғасырдың екінші жартысында орыс және шетел кәсіпкерлері бастаған Орталық Қазақстанды өнеркәсіптік игеру және кен-алу өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесі үзіліп қалды.
1918 жылдың 11 мамырында СНК РСФСР «Спасск мыс балқыту зауытын ұлттандыру туралы» декрет қабылдайды. 1920 жылы Қарағанды шахталарында 125 жұмыскер болды. 1913 жылмен салыстырғанда көмір өндіру 94,6 %-ға төмендеп, 8 280 тоннаны құрап, көбінесе ішкі қажеттіліктер үшін қолданылды [14, 102-103 беттер]. Сол жылы Өспен руднигі мен Сарысу фабрикасы да тоқтатылды. Орталық Қазақстанда бірде-бір өнеркәсіп кәсіпорны әрекет еткен жоқ.
Осылайша, аймақ экономикасы бір жола құлдырады. Халық наразылығын білдіріп жатты, кеңес билігіне қарсылық бүкіл Қазақстан бойынша тарап кетті. Жаппай тәртіпсіздікпен мазасызданған кеңес үкіметі 1921 жылдың 14 маусымындағы «Табиғи ет салығы туралы» декретімен көшпенді және жартылай көшпенді қазақ шаруашылықтарын ет салығынан босатады. Сондықтан 20-жылдардың басындағы Қазақстанның аграрлық секторының біршама жақсаруы осы жаңа экономикалық саясатпен байланысты болды [16, б. 16]..
Салықты ұзарту, көптеген салық түрлерін ортақ, табиғи салықпен алмастыру алғашқы жылдары ауыл шаруашылығын қалыпқа келтіруде маңызды роль атқарды. 1921 жылғы құрғақшылық пен жұт, одан кейін ілесе кеткен ашаршылық соғыс салдарынан енді ғана бой көтеріп келе жатқан ауыл шаруашылығы үшін ауыр соққы болды. Егер 1920 жылдың соңында Х1Х ғасыр соңындағы деңгейде болса, 1923 жылы тағы да 20-30 жыл артқа тасталды [11, 179, 185 беттер]. Қалыпқа келтіру процесі негізінде тек 1923 жылы басталды да, алғашқы уақытта баяу қарқынмен жүріп отырды. Ауыл шаруашылығын қалыпқа келтірудің жалпы коэффициенті 1913 жылға қарағанда 65 %-ды ғана құрап, бүкіл КСРО бойынша төмен көрсеткіш болды [11, 187-б.].
Астан-кестен өзгерістер мен соғыстар болмағанда, мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы аймақтың ішкі қажеттіліктерін толығымен қанағаттандырар еді. 20-жылдардың ортасында экономикалық даму жақсара бастады.
Әдебиететр тізімі
1.Абдишев Б. Системный прорыв в будущее //Индустриальная Караганда.- 2014.- 18 февраля.
2. Казахи. Историко-этнографическое исследование. - Алматы, 1995.
3. Обзор Семипалатиской области за 1883 год.
4. Караганда. Карагандинская область: Энциклопедия. - Алма-Ата, 1986.- 606 с.
5. Караганда. - Алма-Ата: Наука. 1989.- 191 с.
6. Обзор Семипалатинской области за 1884 год. Каркаралинский уезд. - с. 11.
7. Обзор Семипалатинской области за 1884 год. Каркаралинский уезд. - с. 11.
8. Переселение в Степной край в 1907 г. - с. 84
9. ЦГА РК. Ф.698. Оп.14. Д. 2.
10. Дильмухамедов Е.Д., Маликов Ф. Очерки истории рабочего класса дореволюционного Казахстана. Вторая половина Х1Х - начало ХХ вв. Алма-Ата: Из-во АН КазССР, 1963. - 270 с.
11. ЦГА РК. Ф.14. Оп.1. Д. 167.
12. Дахшлейгер Г.Ф., Нурпеисов К.Н. История крестьянства
советского Казахстана. - Алма-Ата, 1985.
13. ЦГА РФ. Ф.1318. Оп. 1. Д.1 93.
14. ЦГА РК. Ф.698. Оп. 14. Д. 2.
15. Социалистическое строителсьтво Каз АССР. Экономико-статистический справочник за 1920-1935 гг. - М, 1936.
16. Социалистическое строительство в Казахстане в
восстановительный период (1921-1925 гг.). Сб. документов и материалов. - Алма-Ата, 1962.
Достарыңызбен бөлісу: |