Идеологиялық қатынастар адамның санасына байланысты болады. Оның ең маңыздылары – саяси, құқықтық, моральдық, ұлттық, діни т.б. қатынастар. Қоғамдық қатынастардың барлық жиынтығы – өзара заңды байланысқан реттелген бұлжымас бір ізді жүйе. Қоғамдық қатынастардың жиынтығынан белгілі бір ізділікті табу, оның ең бастысын, негізін анықтау. Қоғамдық қатынастардың өзара байланысын сипаттайтын заңдылықтарды ашу – ғылымның зор еңбегі. Қоғамдық өмірде қарым-қатынастар әртүрлі әлеуметтік топтар арасындағы қатынастар ретінде және сол ұжым ішіндегі қатынастар ретінде де өмір сүреді. Қоғамдык, қатынастардың жиынтығы адамдар ұжымдары үшін олардың өмір сүретін белгілі бір әлеуметтік ортасы болып табылады.
Қоғамдық қатынас антагонистік және антагонистік емес болып екіге бөлінеді. Антагонистік қоғамдық қатынастар жеке меншікке және адамды қанауға негізделген қоғамдық-экономикалық формацияда болады. Антагонистік емес қоғамдық қатынастар қанаушылық жоқ қоғамда болады. Мәселен, алғашқы қауымдық қоғам Марксизм болашақ коммунизм қоғамында да болуға тиіс деп түсіндіреді. Қоғамдық қатынастардағы кез келген түбірлі өзгеріс тек өндірістік қатынастардың өзгеруіне байланысты.
Қоғамдық қатынастардың басым көпшілігі әлеуметтік нормалар арқылы реттеліп, басқарылып жатады. Қоғамның мүдде-мақсаттары, саясат, мемлекеттік билік т.б. күрделі мәселелер құқықтық нормалар арқылы реттеліп, басқарылады. Өйткені бұл бағытта қоғамдық қатынастардың ең маңыздысы, ең күрделі түрлері топтасып, мемлекет пен құқықтың ең жауапты қызметіне айналады.
Қоғамдық қатынастар әртүрлі болады: саяси, моральдық, экономикалық, әлеуметтік, ұлттық, діни т.б. байланыстар. Бұл байланыс – қатынастар моральдық, әдет-ғүрып, діни, құқықтық нор-малармен реттеледі. Мысалы, отбасы қатынастардың көпшілігі дәстүр, діни нормалармен реттеліп жатады.
Қоғамдағы барлық қатынастар құқықтық нормалармен реттелмейді, тек әлеуметтік, қоғамдық мүдде-мақсаттарды қамтитын қатынастарды реттеп, басқарып отырады.