2.5.2. Сабақты жоспарлау Мұғалімнің сабаққа дайындығының соңғы кезеңі – сабақты жоспарлау, нәтижесі сабақ жоспары (немесе конспект) болып табылады.
Мұғалімдік қызметін жаңа бастаған ұстаз толық конспекті немесе жан-жақты ашылған сабақ жоспарын құрастырғаны дұрыс, ал тәжірибелі мұғалім қысқаша жоспар құрастыруына болады. Дегенмен, жоспар жұмыс құжаты ретінде кез келген мұғалімге қажет: ол ойдағыны рет-ретімен, толықтай іске асырып, уақытты ұтымды пайдалануына септігін тигізеді, мұндай жоспар бұдан кейінгі жұмыстардың тірегі бола алады [13].
Сабақ жоспары — оқушылардың сабақ материалымен жұмыс істеуін ұйымдастырудың әдістемелік нұсқасы. Мұнда сабақ тақырыбы мен мақсаты (білім алушылық, дамытушылық, тәрбиелік), уақытты кезеңмен үйлестіру (орындалған тапсырманы тексеру, жаңасын түсінідіру, жаттығулар және т.б.), сабақтың қысқаша мазмұны баяндалады. Соңғы бөлімде тексерілетін немесе жаңа материалдың негізгі элементтері, соған сәйкес әдістемелік тәсілдер, оқу әдістері – әңгімелесу (онда сұрақтар әзірленеді), жаттығулар (есептер алдын ала шығарылуы керек), баяндау әдістері, көрсету, иллюстрациялау, өздік жұмыстарының мазмұны мен формалары, үй тапсырмасы жазылады. Жоспарланған сабақтың іс жүзіндегі сабақпен үйлеспеуіне байланысты сабақ жоспарларының қосалқы нұсқасының болғаны пайдалы. Тапсырмаларды өзгелерден бұрын орындаған оқушыларға немесе көзделген уақыттан бұрын орындалған жағдайларға қосымша материалдың дайын болуы абзал. Информатика сабағында кейде компьютермен жұмыс жасауға мүмкіндік болмай қалуы ықтимал (бірқатар компьютерлердің істен шығуы, жергілікті желі немесе модемнің жұмыс істемеуі, электр қуатының өшіп қалуы және т.б.), осындай жағдайлар үшін басқа жұмыс формаларын, соның ішінде машинасыз нұсқалы тапсырмалар алдын ала дайын болғаны жөн.
Мұғалім күтілетін нәтижелерді болжауы керек: ұғымдар мен ісәрекеттерді меңгеру, түсініктерді қалыптастыру, тәжірибе алу және т.б. Нәтижеге жетуді қамтамасыз ететін құралдар мен оқушылардың материалды нақты игеру деңгейін анықтайтын критерийлер, тұлғаның жалпы даму деңгейі, тәрбиеленушілердің азаматтық және адами қасиеттерінің қалыптасуы жоспарда орын алуға тиіс.
Дегенмен, жоспар догмаға айналмауы керек, мұғалім мен оқушының ара-қатынасы қатаң сызбалармен шектеліп, барлығын «жоспар бойынша» орындауға ұмтылмауы тиіс. «Мұғалімнің шабыты, оның үйдегі дайындығынан оқушылардың әсер алуы сабаққа жан бітіреді. Сабақ жанданып, кейде басқа бағытқа ауысады. Осы іспетті ойдағыдай шыққан сабақтардан кейін ойдағы ұтымды сәттер ұмытылып кетпегенше қолға қалам алып, конспектілей бастайсың1».
Сабақ жоспарын (конспектісін) әзірлеу үшін мына ұсынымдарды ескерген жөн [12].
1. Сабаққа бастапқы дайындық:
тақырыбын нақты анықтап, оны тұжырымдау;
оқу курсында тақырыптың орнын анықтау;
бағдарламаларды, әдістемелік құралдарды, мектеп оқулығын танып білу;
сабаққа тірек болатын жетекші ұғымдарды, бұдан кейін пайдаланылатын оқу материалының бөлімін, пәнаралық байланыстырда анықтау;
әр оқушы түсініп, есінде сақтауы тиіс тірек материалды бөліп алу.
Өзі үшін және оқушылар үшін сабақтың мақсатты ұстанымын анықтап, оны нақты тұжырымдау: сабақтың оқытушылық, дамытушылық және тәрбиелік қызметтерін бөліп алу.
Оқу материалын жоспарлау, ол үшін:
тақырып бойынша әдебиеттер таңдап алу (оқулық, энциклопедиялық басылым, ғылыми-көпшілік әдебиет, периодика, Интернет ресурсы және т.б.), қолда бар материалдың ішінен қойылған міндеттерді шешетінін жинақтап алу;
жаңа материалды танып білу; жаңғырту; білімді жаңа бейтаныс жағдайда пайдалану; білімге шығармашылық көзқарас таныту сияқты оқыту тапсырмаларын жинап алу;
тапсырмаларды «қарапайымнан күрделіге ауысу» қағидасына сәйкес реттеу керек, тапсырмалардың үш түрін әзірлеген жөн: оқушының материалмен жұмыс жасауына ықпал ететін тапсырмалар; оқушының материалды ойдан өткізуіне септігін тигізетін тапсырмалар; оқушының материалды бекітуіне ықпал ететін тапсырмалар.
Сабақты қызықты өткізу амалдарын ойластыру – оқушылардың таңдануын, тамсануын, сүйсінуін тудыратын амалтәсілдер. Ол қызықты дерек, күтпеген зерттеу жұмысы, тамаша тәжірибе, белгілі мағлұматты ерекше ашу амалы болуы мүмкін.
Іріктелген оқу материалын топтастыру. Іріктелген материалмен жұмыстың жүйесін, оқушылардың қызмет түрін ауыстыруды ойластыру. Оқушылардың селқос қабылдауын емес, жоғары белсенділігін танытатын сабақ формаларын ойлап табу.
Оқушылардың сабақтағы өздік жұмыстарының формалары мен көлемін жоспарлау. Оқушылардың әрекетін бақылау: мазмұнын және бақылау формаларын, олардың нәтижелері қалайша қолданылатындығын бақылау. Қалыптасу деңгейлерін ескеріп, тиісті оқыту формалары мен әдістері арқылы тексерілетін оқушылардың тізімін даярлау қажет. Білімді, ептіліктер мен дағдыларды бағалау нормалары оқушыларға белгілі болуы тиіс.
Әртүрлі оқушыға жеке қарым-қатынас амалын ойластыру:
білім алуда кеткен олқылықтарын толтыру, қателіктерді алдын алу және т.б.
Сабақ жабдықтарын даярлау. Оқуға қажетті көрнекі құралдарды, аспаптарды және т.б. тізімін жасау керек. Барлық жаңа материал тірек конспекті ретінде тақтада қалу үшін сынып тақтасының түрін, сондай-ақ оқушылардың тақтада және дәптерде орындайтын жұмыстарын ойластыру.
Үй жұмысының мазмұнын, көлемін және формаларын анықтау. Оларды оқушыларға үйрету тәсілі мен орындау жөніндегі ұсыныстар.
Үй жұмысының мақсаттары әртүрлі болуы мүмкін: бұдан бұрын өткен материалды қайталау; проблемалы жағдай туғызу; жаңа материалмен танысу (жаңа материал үй жұмысын жалпылау кезінде пайда болады, жаңа материалды оқыту үй жұмысына тұрақты түрде назар аударту арқылы өтеді); жалпылап қайталау; сабақта оқытылған материалды бекіту.
Үй жұмысы ауызша және жазбаша; репродуктивті, конструктивті және шығармашылық; міндетті және қалауы бойынша; жалпы, жіктелген және жеке; орындау мерзімі бекітілген немесе бекітілмеген; құрамалы бола алады.
Сабақты қорытындылаудың формасын ойластыру. Қолданыстағы тәжірибеде үй жұмысы сабақтың соңында беріледі.
Бірақ мұндай жағдай ұдайы ұтымды бола бермейді. Сабақтың аяғында – оқушыларды жалпылаушы нәтижелермен және идеялармен таныстыру, «аяқталмаған әрекет» тәсілін қолданып; тарихи мәліметтерді пайдаланып ойын жаттығуларын орындау; информатика бойынша жұмбақтарды, сөзжұмбақтарды, анаграммаларды, ребустарды шешу; күтпеген қорытындымен, әзілмен және т.б. қорытынды шығарумен аяқтауға болады.