5.3.3. Информатика курсын бағдарламалық қамсыздандыру Бағдарламалық қамсыздандыру (БҚ) информатиканы оқыту құралдары жүйесінің ажырамас бөлігі болып табылады, олардың минималды топтамасы информатика кабинетінің құрамдас бөлігі болуы тиіс (5.2-кесте).
Информатиканы оқытудың бағдарламалық қамсыздандырылуы мынаған бағытталуға тиіс:
курсты оқытуға (теориялық сұрақтарды оқыту, ЭЕМ-мен тілдесу ептіліктері мен дағдыларын қалыптастыру) қолдау көрсетуге;
оқу үрдісін басқаруды қамтамасыз етуге, оқу әрекетін бақылау үрдісін автоматтандыруға;
оқу әрекетінің мәдениетін арттыратын және оқушылардың жалпы дамуына ықпал ететін (мәтіндік редактормен, ақпараттық-іздеу жүйесімен, электронды оқыту кестесімен, алуан түрлі графикалық және әуенді редакторлармен жұмыс істей білу) арнаулы ептіліктер мен дағдыларды қалыптастыруға [27].
Педагогикалық бағдарламалық құралдар (ПБҚ) – бағдарламалық қамсыздандырудың ішінде ерекше орын алады. Олар білім беру үрдісінде кеңінен қолданылып, мына мүмкіндіктерді береді:
оқыту үрдісін саралауға, дербестеуге;
оқушының қателіктерін анықтай отырып, интерактивті бақылауға;
оқу әрекетінде өзін-өзі бақылауды және өзін-өзі түзетуді қамтамасыз етуге;
компьютермен жұмыс істеу уақытын қысқартуға;
оқу ақпаратын визуалды көрсетуге;
үрдістер мен құбылыстарды модельдеуге және
имитациялауға;
визуалды шындық жағдайында зертханалық жұмыстар,
эксперименттер мен тәжірибелер өткізуге;
оңтайлы шешімдер қабылдау дағдысын қалыптастыруға;
ойын элементтерін пайдаланып, оқу үрдісіне деген қызығушылықты арттыруға;
таным мәдениетіне үйретуге және ақпараттық мәдениет дағдысын қалыптастыруға.