Жауабы: Би — дәстүрлі қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік жүйесіндегі демократиялық биліктің иесі. Зерттеуші ғалымдардың, әсіресе, В.В. Бартольдтың пікірінше, “би” сөзі шамамен 14 — 15 ғасырларда ежелгі түркі тіліндегі “бек” атауының бір нұсқасы ретінде пайда болып, басқарушы, ел билеуші мағынасын білдірген.Ал қазақ халқының дәстүрлі түсінігінде бұл атау төрт түрлі мағынада:
ел билеушісі, иелік етуші;
сот, төреші;
батагөй, шешен;
бітістіруші дипломат, елші ретінде ұғынылған.
Бидің қоғамдағы рөлін жан-жақты түсіну үшін қазақ халқының тарихи-әлеуметтік даму кезеңдерінің ерекшелігін жете ескеру шарт. Өйткені, ежелгі дәуірлерден 19 ғасырдың басына дейін қазақ қоғамы саяси потестарлы билік жүйесінің негізінде дамығаны белгілі. Ең төменгі (бұқаралық) билікті ауыл-аймаққа, ру-тайпа ішіне сыйлы, өмірлік тәжірибесі мол ақсақалдар атқарса, орта буындағы, яки, потестарлы билік тізгінін ру-тайпа басылары — билер уысына ұстады. Ал мемлекеттік және мемлекетаралық деңгейдегі мәселелерді қамтитын жоғары билікті төре тұқымы —хандар мен сұлтандар иеленген. Міне, күллі қазақ қоғамының елдік тұтастығы осы соңғы екі билік жүйесінің өзара тепе-теңдігі мен бір-біріне қарама-қарсылығы принциптеріне негізделді. Әлеуметтік құрылымға арқау болған рулық-тайпалық жүйенің өзі айқын қандас туыстардың ұйымы емес, саяси-әскери және шаруашылық қауымдастық қызметін ғана атқарды. Сондықтан қоғам болмысындағы рулық негіз мемлекеттік институттардың нығайып, жеке-дара үстемдік құруына қай кезде де мүдделі болған емес. Халықтың қалың бұқарасына жақын әрі оның тікелей қолдауына арқа сүйеген потестарлы билік иелері, яки ру-тайпа басылары — билер мен батырлар хан-сұлтандардың билігін белгілі бір дәрежеде шектеп отырды. Сол арқылы олар өздерінің әлеуметтік-саяси статусын нығайтып, абырой-беделге кенелді. Әйтсе де, ерекше әлеуметтік жік ретінде билерді тарих сахнасына шығарған рулық құрылым өзіне субэтникалық-әлеуметтік топтарды тарта отырып, қоғамды ұйымдастырушылық, мемлекеттілік нышандарын нығайтушылық қызметін атқарды.
Біріншіден, би мемлекет басқару жүйесінде кейбір айрықша құқылар иеленді: “Жеті Жарғы” қағидаларына сай ол өзіне бағынышты ру-тайпа шегінде сот және әкімшілік билік (ханмен қатар) жүргізді. Сот төрелігін жүзеге асыратын болғандықтан, би халықтың әдет-ғұрпын, салт-рәсімін, жол-жосығын жатқа білуге, дауласқанға әділдікпен жөн сілтеп, адасқанға даналықпен жол көрсетуге, әсіресе, “тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ” деген құқықтық-гуманистік принциптен айнымауға тиіс еді.
Сонымен қатар би ру-тайпаның басшысы ретінде әкімшілік қызметті де қоса атқарып, өз қауымының тұрмыс-тіршілігін қадағалап, тәртіп-талабына жауапты болды. Осылайша олар билеуші хандардың халық арасындағы сенімді тіректеріне айналып, саяси бедел иеленді, сұлтандармен тең құқылы дәрежеде мемлекеттің мәселелерді талқылауға қатысты. Ел ішіне биліктілігімен, қара қылды қақ жаратын әділдігімен, тура жолдан таймайтын адалдығымен даңқы тараған Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, айыр тілді Әйтеке би, т.б. саңлақтар хан жанындағы билер кеңесінің құрамына енді. Олар нақты тарихи-әлеуметтік ахуалға қатысты жол-жоба белгілеп, заңи жосындар қабылдады, мәні ескіріп, маңызы кеміген қағидаларды елдік мүдде тұрғысынан қайта қарап, жаңасын қолданысқа енгізіп отырды. Тіпті, ханның ішкі және сыртқы саясатына, әскери доктринасына тікелей ықпал етіп, өзгерістер енгізе алған. Мәселен, 1695 ж. Қазақ Ордасында болған орыс елшілеріФ. Скибин мен М. Трошин “... Тәуке хан Қазақ Ордасының таңдаулы адамдарын өзіне шақырып алды да, біздің — Федка мен Матюшкенің — көзімізше, әлгілерден мына біздерді ұстап қала ма, әлде жібере ме, Русь қалалары мен слободкаларына соғыс ашып бара ма, әлде бейбіт тұра бере ме, соны сұрап алды” деп жазады.
Үшіншіден, ел тағдыры сынға түскен жаугершілік замандарда билер батыр-баһадүрлермен қатар атқа қонып, қарамағындағы тайпаластарынан жасақ құрып, мемлекет тұтастығын, ұрпақтар азаттығын қорғауға ұйытқы болған, қолбасшылық қызмет атқарған.
Төртіншіден, би — дипломат, елші. Ел бірлігіне, ұлт тұтастығына нұқсан келтірер ағайын араздығын басып, руаралық дау-жанжалдарды бітістірумен шектелмей, қазақ ұлысының көрші мемлекеттермен қарым-қатынас жасап, әр түрлі байланыс орнату ісінде де ханға көмекші әрі кеңесші қызмет атқарғаны белгілі. Мысалы, Абылай хан 1743 ж. жоңғар басқыншыларының қолына түскен кезде Қаз дауысты Қазыбек би Ресей үкіметі жолдаған секунд-майор Миллер экспедициясының құрамында елшілікке барған. Қалдан Серен қазақ еліне қадірі асқан бидің “біз, қазақ, мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз, басымыздан құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз, достықты сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз” деп тақпақтай сөйлеп, тайсалмай талап қойғанына разы болып, хан басына азаттық берген.
Бесіншіден, би атағы мұрагерлік заңымен берілетін лауазым емес. Көшпелілер мәдениетінің ерекше қыры — шешендік өнерді меңгермейінше, тек әдет жосындарын жетік біліп, әділет принципін ұстану арқылы ғана би атану, ел сенімін иелену мүмкін болмаған. Халық арасында бір ауыз сөзбен құн кешіп, жалғыз уәжбен дау шешкен ділмарлардың аты ардақталып, төрелік істері үлгі-өнеге тұтылған.