Қыз бала бойынадарыту керек қасиеттер «Қызға қырық үйден тыйым» дейді қазақ. Бүгінгі күн қазақ қызының бейнесін, болмысын ұмытып бара жатқан сияқтымыз. Жалпы, қазақ қызы қандай болуы керек? Ол жайлы ойлай бермейміз де. Күнделікті болмасын, ең құрығанда, әредікте өзімізге «Мен «Қазақ қызы» деген үлкен атқа лайықпын ба?» деген сауал қоймаймыз да. Бәлкім, бұл үлкен атауға бәріміз дерлік сай шығармыз. Өнегелі, тәрбиелі қыз бала қандай болуы керек? Қыз- өмірдің қызғалдағы, қыздар болашақ ана, бақыт- байлық ошағы, адамзаттың өсіп-өркендеп, тәлім-тәрбие алатын қасиетті ұясы. «Тәлімді ана - тәрбиелі келін» атанады. Адамның сыртқы бейнесі оның ішкі жан дүниесімен тығыз байланысты. Ендеше, ішкі жан-дүние – мінез-құлық. Дауыс көтеріп, дөрекі сөйлесең, сыртқы бейнең қанша сұлу болып, әдемі киініп тұрсаң да жарасым таппайды. Адаммен қарым қатынасы сөз ғой, міне, сондықтан да айналаңнан күнделікті өмірде жақсы, жанға жағымды сөзбен даусыңды, сөйлеу мәнеріңді түзетіп, жақсылықты бойыңа жинау керек. Рухани байлығың білім мен тәрбие.
Халық «Өнерсіз қыздан без, өнегесіз ұлдан без» деген. Ұлы Абай атамыз «Ары бар, ақылы бар, ұяты бар ата-ананың қызынан қапы қалма» деген екен. Қазақ халқы бойжеткен қыздың киім киісіне де ерекше көңіл бөлген. Мысалы: «Адам көркі – шүберек, ағаш көркі - жапырақ» деп қыз балаларға қынама қамзол, дүрия бешпет, кәмшат бөрік, қос етек көйлек кигізген. Халқымыз қыз баланың көркіне оның ақыл – ойы мен мінез – құлқы сай болуын қалаған. «Қызым үйде, қылығы түзде», «Қыз ақылы шешеден» т.б. мақал – мәтелдер соған арналған.
Халқымыз бойжеткен қыздың алдына келешектегі өмірлік міндеттерін қойып, орындап отыруды қыздық абыройы деп санаған. Олар: ізетті болу, әсем киіну, әкені күту, шешені сыйлау, дөрекі сөйлемеу, қабаң шытпай жүру, үлкендердің алдынан кесіп өтпеу, ұқыпты болу, өсек айтпау, ұрпақ тәрбиесінен хабардар болу, ұлт дәстүрлерін құрметтеу, ана тілін ардақтау, орынсыз сөз айтпау, арқан, жіп есе білу, сиыр сауа білу, кілем тоқып, кесте тіге білу, т.б. секілді мінез-құлықтық қасиеттер мен дағды икемділіктері. Қыздың намыс мен ары, адамгершілігі оның оқуға, қоғамдық пайдалы істерге, отбасына, құрбы-құрдастары мен ұжымға қарым-қатынасына байланысты. Әрбір қыз балаға ата-анасын, ұстазын сыйлап, қадірлей білуді үйретсе, болашақта одан елін, жерін, халқын сүйетін,өз шаңырағын ардақтайтын, балаларын жанындай көретін қамқор ана, қайратты жан, нәзік ару шығары сөзсіз.
ХХІ ғасыр табалдырығын еркін аттаған азат ұрпаққа тәлім-
тәрбие мен білім беруді жетілдірудің басым бағыттары айқындап педагогика ғылымында ұлттық сананы қалыптастыру көкейтесті мәселелердің бірі болып отырғаны анық. Сондықтан келешек ұрпақты ұлттық, халықтық тұрғыдан тәрбиелеу қажет. Жас ұрпаққа ұлттық тәрбие берудің негізгі бағдарлы идеялары елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан -2030» халыққа жолдауында былай деп жазылған: «Толық өркениетті ел болу үшін алдымен өз мәдениетімізді, өз тарихымызды бойымызға сіңіріп, содан кейін өзге дүниені игеруге ұмтылғанымыз жөн.» Олай болса, басты мақсат-жас ұрпақты ұлттық игіліктер мен адамзаттық құндылықтар, рухани-мәдени мұралар сабақтастығын сқтай отырып тәрбиелеу.
Ұлттық құндылықтарымызды әлемдік деңгейге шығаруға қабілетті тұлға тәрбиелеу үшін:
-оқушылардың ұлттық сана-сезімін қалыптастыру;
-жас ұрпақ санасына туған халқына деген құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш сезімдерін ұялату, ұлттық рухын дамыту;
-ана тілі мен дінін оның тарихын мәдениетін өнерін салт-дәстүрін рухани-мәдени мұраларын қастерлеу;
-жас ұрпақ бойында жанашырлық, сенімділік, намысшылдық тәрізді ұлттық мінездерін қалыптастыру сияқты міндеттерді орындағанда ғана басты мақсатқа жетеміз.
Қазақ отбасында балаға тілі шығып, анық сөйлей бастаған кезден-ақ ағайын-туысты, нағашы жұртын, ата-тегін, руын ел жұртын білдіруге ерекше көңіл бөлген. «Жеті атасын білу» заң болған. Ата-бабаларымыздың өз тегінің шығу тарихын білуді әр азаматқа парыз деп ұққан. «Жеті атасын білмеген ер жетім», «Жеті атасын білген ұл, жеті ұрпақтың қамын жер» деген аталы сөз содан қалса керек. Баланың өзі шыққан тегін білуі оның азаматтық елжандылық отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастырады деп есептеген. Отбасы мүшелері балаға тек жеті атасына дейінгі бабаларының атын жаттатып қана қоймаған. Олардың қандай адам болғанын, өнегелерін үлгі етіп отырған. Әрі сол арқылы отбасы шежіресін жалғастыруға баулуды мақсат еткен. Қазіргі медицина ғылымы дәлелдегендей, жеті атаға дейін қыз алыспай қанның тазалығын, яғни ұлттың таза болуына әкеледі екен, екіншіден қазақ ұрпағы жеті атасына дейін араласып ынтымағы бір болсын дегеннен болса керек. Мектеп қабырғасында тәрбиеленіп жатқан жас ұрпақтарға осы ұлттық тәрбиені сіңіріп, оның ерекшелігін терең білуге, құрметтеуге тиіспіз.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аласың» демекші, ата дәстүріміздің қалыптаса беруіне отбасы тәрбиесінің ықпалы зор. Әйтседе, күнделікті тірлікте ортақ тәрбие құралы –бұқаралық ақпарат құралдарын баса пайдаланып келеміз.
Қазақтың айтулы қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай былай деген:
«Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды».
Елдің туын көтеріп, тәуелсіздік талаптарын орындау ісіне батыл бетбұрыс жасаған бүгінгі таңда азаматтық игіліктерін, халқымыздың ғасырлар бойы армандаған мәдени-рухани мұрағаттары мен ұлттық тәлім-тәрбие саласындағы білім жүйесіндегі ізденістерін көрсету басты міндетіміз болып қала бермек.
Әр ұлттың өзіндік ерекшеліктері болатыны белгілі. Біздің тәрбиеміз ананың ақ сүтінен, ана әлдиінен, атаның қасиетті сөздерінен бастау алады. Біздің халқымыздың тәрбие тәсілдері мен тәжірибелері өте көп. Халқымыздың әдет-ғұрпын, дәстүрін , тарихын білу, оны қастерлеу әрқайсысымыздың борышымыз.